Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 12:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Қарияда өсиет болмаса, ұрпақта қасиет болмас

08.12.2021

2109 0

Баяғыда даналарымыз айтқан еткен: «Көп өмір сүргеннен емес, көпті көргеннен сұра» деп. Қашанда ел арасында көкірегі ояу, есте сақтау қабілеті өте жоғары, елгезек жандар бары анық. Ондай адамдар ауызша айтқан шешендік сөздерді, дастан мен қиссаларды үш-төрт тыңдағаннан-ақ жадына сақтап алады. Олар естіген даналық сөздерін жазып жеткізгеннен гөрі, ауызбен айтып жеткізгенді жақсы көреді. Біздің әдебиетіміздегі ертегі әңгімелер мен дастандар, толғаулар осылай ауыз-екі арқылы халыққа жеткені шындық. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Бұндай жандар бүгінде ел ішінде көп болмаса да табылады. Жақында облыс орталығында мектеп оқушылары арасында өткен «Ер Едіге» жырын жаттау  байқауы осы сөзіміздің дәлелеліндей десек болады. Міне, бұл рухтық тәрбиенің нағыз қайнар көзі. Жастар санасын патриоттыққа тәрбиелеп, елін, жерін, топырағын, ауасын, суын, табиғатын, Отанын сүюге баулып, рухани дем беру осы емес пе? Бұл шара енді тоқтап қалмай, ай-сайын әр сынып арасында қолға алып, мектепішілік сайыстар ұйымдастырып, табиғаты­нан талант­ты оқушыларды молдап тартып, басқа да қиссаларды айт­қызып, оларды қызықтыра түсіп, таланттарын аша түсу қажет деп ойлаймыз.

Бір өкініштісі, беріліп жатқан ас пен тойда бүгінгі қарттар аузынан осы жастарға үлгі болатындай баба­лардың өсиеттері естіле бермейді. Зәулім сарайларда өтіп жүрген асқа бара қалсаңыз, өлген жанды еске алуы кілең көпірме мақтаудан тұрады. Ал ол кісінің ерекшелігі, даналығы, парасаттығы, көрегендігі, азаматтығы, қайырым­дылық қасие­ті, адамдарға деген адалдығы, ұрпаққа қалдырған өсиеті, істегі тапқырлығы, тура айтқан сөздері, өмірде көрген қиындығы көп жағдайда айтылмайды. Мақтаған дұрыс, алайда жөнімен, орнымен болса еш сөкеттігі жоқ. Адам негізі адал ісімен, жұртқа жасаған жақсы­лығымен ел есінде қалады.

Қалада мейрамхананың бірінде әулетіне сыйлы адамға ас беріліп жатты. Сол өтіп жатқан аста бала­лық кезінде бірге өсіп, бірге оқы­ған ақсақалға сөз берілді. Сөз алған ағамыз жұртқа қарап: «Біз Құлтекеңмен бірге оқыдық. Ол елдің азаматы атанды, қатар оқыған­дардың алды болды. Амал не, бүгін оның жылдық асына жиналып отыр­мыз. Дана Абай: «Дүние – үлкен көл, заман – соққан жел, алдыңғы толқын – ағалар, артқы толқын – інілер, кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер» деген екен. Байқасам, шынымен дүние орнында тұр. Ол бұрынғыдай көрінетін секілді, бірақ олай емес екен. Құлтан құрдас кең дүниеден өтті, мәңгілік мекенге жетті. Ажал желі соқты, інілерге аға боп кетті. Өтер пенде осылай мезетпенен, дүние кезек деген. Баяғыда бір жігіт әкесіне көрген түсін айтыпты. «Түнде түсімде таудың етегінде ұшып жүр екем. Қарасам, етектегі жасыл желекте отырған адамдардың бәрі аппақ киімді. Олардың бірі жылап, бірі күліп отыр екен. Оданда биікке қарай өрлей көтерілсем, ондағы адамдардың бәрі мәз-мәйрам, қазан асылып көгалдың үстінде билеп жатыр. Одан әрі көтерілсем тау басынан төмен қарай ағылып келе жатқан бірі атты, бірі жаяу  жұртты көрдім» депті әкесіне қарап.

Сонда әкесі тұрып: «Е, балам, түсіңде о дүниелік жандарды көріпсің. Өте жақсы түс көріпсің. Бибі Фатима ананың жорыған түсі дейін. Тірлігіңде елге би болады екенсің, балам. Әумин! Балам мынаны ұмытпа: «Ақымақ бала – өзім болдым, өзім толдым дер, ақымақ келін – өзім келдім, өзім қайын-жұртты жеңдім дер» осы­ны есіңде сақта! Таудың етегінде бірінші көрген ақ киімді жандар өлі аруақтар еді. Олардың бірі жылап, бірі күліп отырғандары бейшенбі күні үйлеріне келіп құран дәметкендер. Жылағандардың ұрпақтары «ертең оқытармын» деп ұмытып ісбасты болып кеткендер, немесе артында құран бағыштар жанның болмағаны. Ал күліп отырғандар ұрпақтарынан дұғаны қабыл алып риза болғандар. Одан кейінгі көргенің олардың бәріне бата бағышталғандар. Олар артында қалған ұрпақтарына салауат айтып, билеп жатыр. Үшінші көргенің, олар бейшенбілік садақаның ішінде болу мақсатында оқылар дұғадан енді дәметіп келе жатқан жаңа қайтыс болған жандар» деген екен. Білсеңіздер, біздерден аруақтарға қашанда дұға керек. «Өлі риза бол­май, тірінің ісі оңбайды» деген дана­гөйлеріміз.

Ендеше «Тірлікте де, өлгенде де ата-анаға лайықты дәрежеде құрмет көрсетпеу – Аллаға қарсы шығумен бірдей» делінген құранда. Сендер осы өсиетті жоғары ұстап, әкелеріңнің мерейін өсіріп, рухын ардақтап, құр­меттеп ас беріп жатсыңдар, ай­налайындар! Бақыттың абатында, қайы­рымды істің қабатында, әр­дайым жақсының санатында болыңдар! – деді ақсақал сөз соңында. Асқа келушілер тым-тырыс. Әшейінде стол басы айтылатын пыш-пыш әңгімелер сап тиылған. Шынында, бір сарынды қайталау жауыр сөз­дерден мына өсиетті сөз керемет болды. «Мына кісі көпті көрген жан екен. Кезінде қызмет атқарған-ау» деп қал­ды стол басында отырған ағайынның бірі.

– Бұл кісі ұзақ жыл шопыр болған, Зейнел ағамыз. Зейнетке шығар алдында ғана денсаулығына байланысты 4-5 жылдай шаруашы­лықта бригада механигі болды. Содан зейнетке шықты. Қазір жасы сексеннен асты. Өте зерек адам. Бұ­рын қысаларды ауызекі жатқа айтатын, бір қызығы домбыра шертпейді. Енді қазір үлкейіп қалды ғой. Кезінде баян аспабының сүйемелдеуімен ән айтқан. Бүкілодақтық байқауларға қатысып лауреат атанған» деді жанымызда отырған жігіт ағасы. «Ол кісі көсем сөздерді көп біледі. Ауылда құдайы-тойда дастархан басында даналардың шешендік сөздерін үне­мі жастарға айтып отырады» дей бергенде әлгі жігітті шақырып алып кетті.

Қашанда ас пен тойда жастарға айтылатын тілектер мен еске алу сөздердің өсиеті мол болу керек. Өйткені нақылды сөзді бас қосқан жастар естеріне сақтап қалса, ал өлгендердің тірлікте істеген жақсы­лықтары мен өсиет сөздері ай­тылса,  пейіште нұрға бөленеді деген. Сол үшін бүгінгі қариялар жас­тар­ға бабадан қалған даналық, шешенік сөздерін насихаттап айтып отырса, оны тыңдаған бүгінгі жас­тар да иманды, ибалы болуға бет бұра бастары анық. Жасыратыны жоқ, кейбір оқыған сыйлы деген қариялардың көбі орысша қосып боқтап сөйлейді. Сол ғана бәрін білетін секілді. Ондай үлкен кісілер­ден не үлгі, не парасат күтесіз?

Ертеректе Сарыарқа өңірінде Қайып деген кісі өмір сүріпті. Өзі ақын, өзі батыр екен. Бір күні орыстың бір старшыны оны орысшалап боқтаса керек. Орысшадан біршама хабары бар Қайып оны дырау қамшысымен тартып жіберіп: «Орысшаны жалғыз сен бе білетін, Патша ағзамның итісің ғой үретін, Кім екенін білмейсің ғой қазақтың, Бұдан былай жайыңа жүретін бол» депті де алға шауып кетіпті. Міне, қазақтың мінезін, өрлігін, қай­ратын таныта білген Қайыпты Арқа жұрты қатты сыйлаған деседі. Өзге ұлт үшін ол сабақ болғаны анық. Тәрбиенің өзі дұрыс сөйлеуден, дұрыс айтудан бастау, дұрыс жүруден бастау алады. Бүгінгі үлкен кісілердің көңілі қазіргі жастарға тола бермейді. Бұл – бұрыннан қалыптасқан. Біздің алдымызда өтіп кет­кен аталарымыздың өзі бүгінгі көке­лерімізге көңілі толмаған. Бірақ олар ұрпақ тәрбиесіне қатты қараған. Ұрып-соғып емес, аталы сөзбен, баталы сөзбен тәрбиелеген.

Бұрындары үлкен кісілерге қос қолдап амандаса қалсаң: «Айна­лайын, бақытты бол!» дейтін. Со­сын барып оң қолын маңдайына көлеңкелей қойып: «Кімнің баласы­сың?» деп сұрайтын. Кімнің баласы екеніңді білсе, сәлем бергеніңе мәз болып «батасын» беретін. Қазіргі қарияларға амандаса қалсаң, үн жоқ, қолын береді де қоя салады. Сонда сәлем берген жанға деген ризалық қайда? Шариғаттың өзінде де сәлемшіге «Сағанда Алланың нұры жаусын» деген ризалық жауап бар ғой. Бұны бүгінгінің қарттары білсе де, білгенін айтуға ерінетін сияқты. Сәлемге ризалық жауап қайтару да парыз. Әлде көзі қарақты көкелерде көкіректік басым ба? Сәлем беру де, оған жауап қату да тәрбиенің бір тіні екенін ұмытпаған жөн. «Жақсы сөз – жанға азық» деген. Бүгінгі үлкендеріміз үлгілі жол­­дан жаңылмаса екен дейміз. Сол үлкендікті алып жүре білу де үлкен сын. Сондықтан бүгінгі жас­тар санасына бабаларымыздың қал­дыр­ған шешендік, даналық әңгі­мелерін айтып жеткізе алмасақ, айтар өсиеті жоқ қарттықтан не пайда? Сонда болашақ ұрпақтан қандай жақсы қасиет күтеміз? Ахмед Йүгінеки «Ойлы сөз көпті ұтар, ойсыз сөз ұлтты жұтар» деген екен. Ендеше қариялар сөзі ұлықты болса, ұрпағымыз кішікті боларына сенім мол.

Кенжалы ЕРІМБЕТОВ,

ардагер-журналист

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: