Дүйсенбі, 25 қараша, 03:38

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Абай 10 тамызда туған ба?

12.08.2023

605 0

Қазақтың маңдайалды ақынының бірі – Абай Құнанбайұлы.

Алаш баласында бұл кісінің есімін білмейтін адам жоқ. Дала даналығын бойына жиып, елге ақыл-парасатымен танылған қазақтың ғұлама ұлы жайында талай туынды жазылды. Хакім Абай хақында қалам тербегендердің қатарында Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов сынды ұлттық әдебиетіміздің көшбасында тұрған тұлғалар да бар. Бірақ неге екені белгісіз, әйтеуір Абай ақынның туған күніне келгенде екіұшты пікір айтылады. Тіпті ғалымдардың өзі әлі күнге дейін бір байламға келе алмады.

Абай – үлкен тақырып. Оның философиялық әлемі, өлеңдегі табиғаты, лирикасы, әндері тағысын-тағы таусылмайтын қыры мен сыры көп. Абайдың қара сөздерін оқыған, шығармашылығына үңілген жан пәлсапалық тереңдікпен

кездесетіні анық.

Сөз басында хакім Абайдың туған күніне байланысты дау көп екенін жаздық. Университет қабырғасында жүр­генде осы тақырып қозғалғанда ға­лым-ұстаздарымыздың да пікірі екіге жа­рылғанын талай көргенбіз. Бірі 10 та­мыз десе, енді бірі 23 тамыз дегенді алға тартады. Шілдеде өмірге келген дейтіндер де табылады. Басқасын айтпа­ғанның өзінде Абай әлемін жақсы білетін ғалым Тұрсын Жұртбай мен ақын Несіпбек Айтұлының да ұлы тұлғаның туған күніне байланысты екі түрлі күнді атағанын да естідік. Соған қарағанда Абай Құнанбайұлы нақты осы күні өмірге келген деп кесіп-пішіп айта алмайтын секілдіміз. Дегенмен, деректерге көз жүгіртейік.

Осы күні 10 тамызды хакім Абайдың туған күні деп жүрміз. Бұл дерек қайдан шықты? Мәліметті Абайдың туысы Кәкітайдың баласы Әрхам Ысқақов айт­қан. «Абайдың өмір жолы» атты еңбегінде хакімнің дүниеге келген күнін айтады. Онда:  «Құнанбай ауылы Қасқабұлаққа келіп қонғаннан кейін, 1845 жылы ескіше 10 август күні Құнанбайдың екінші әйелі Ұлжан толғатып, бір ұл дүниеге келеді… Құнанбайдың бұдан бұрын ер жетіп қалған екі ұлы болатын. Өзінің алғашқы бәйбішесі – Күңкеден туған баласының атын Тәңірберді қойған. Мынау үшінші ұлының атын Ибраһим деп арапшалап қояды», – дейді.

Ахмет Байтұрсынов «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласында: «Абай 1845 жылы туған. Жылы жылан екен», деген деректі келтіреді. Нақты күнін көрсетпеген. Абайтанушы Алмахан Мұхаметқалиқызының 2012 жылғы 9 тамызда Аbai.kz-те жарық көрген «Абайдың туған күні неге әртүрлі аталып жүр?» атты мақаласындағы де­рекке сүйенсек, «Абай жолын» жазған Мұхтар Әуезов те мақалары мен басқа да шығармаларында Абай Құнанбайұлының нақты туған күнін атап көрсетпеген.

Ғалым Қайым Мұхамедханов: «Әрхам өзі де жас шағынан Абайды көріп, ақынның немере баласындай болып өскен. Абай дүниеден қайтқанда 19 жастағы жігіт болатын», деп жазады. Ол кісі Абайдың туған күніне байланысты да зерттеу жұмыстарын жүргізген. «Әрхамның айтуы бойынша, Абайдың ескіше туған күні 10 август, жаңаша 22 август болады. Қазақ Совет энциклопедиясында Абайдың туған уақыты 10 август 1845 жыл. Өлген уақыты 6 июль (?) 1904 ж. деп берілген. Қайдан алғаны белгісіз. 1975,1976,1985 жылдардың қазақ календарында Абайдың туған күнін 8 август деп көрсеткен» деп нақты дерек келтіреді.

Абай Құнанбайұлын 22 тамызда өмірге келген дейтіндер Қайым ағаның  «жаңаша 22 август» деген пікіріне сүйенетін секілді. Неге екі түрлі күнді атап отыр. Ескіше, жаңаша деп бөлуде нендей сыр жатыр?

Тарихи деректерге жүгінсек, 1918 жылдың 26 қаңтарында В.Лениннің бас­тамасымен әлеммен бірдей болуы үшін жаңа күнтізбе енгізілген. Онда 31 қаң­тардан кейін 1 ақпан болмай, 14 ақпан болады деп жазылған. Демек күнтізбе 13 күнге жылжытылды. Осы мәліметтерді алға тартқан журналист Маржан Әбіш осы жылдың 9 тамызында «Егемен Қазақстан» газетіне жазған «Абайдың туған күні қашан?» атты мақаласында: «Яғни Абайдың туған күні ескіше 10 тамыз болғанда – жаңа күнтізбеде 23 тамыз­ға сай келеді», – дейді.

Қазақ кеңес энциклопедиясында да, Қазақстан ұлттық энциклопедиясында да Абайдың туған күні ескіше – 29 шілде, жаңаша 10 тамыз делінген. Шілдеде туған дейтіндер осы дерекке сүйенетін сияқты.

Абайтанушылар Мұхтар Әуезовтің 1940 жылы Алматыда Абайға құлпытас жасатқанын жақсы біледі. Құлпытасқа «Абай 10 тамыз күні дүниеге келді» деп жаздырған. Бұл құлпытасты Абайдың басына қойдырған. Саналы ғұмырын Абайтануға арнаған Мұхтар Әуезовтің құлпытасқа жаздырған жазуы хакімнің туған күніне байланысты даудың нүктесі болуы тиіс деп есептейміз.

Енді аз-кем ұлы ақынның өмір жолына тоқталайық. Хәкім Абай Ғабитхан молдадан сауат ашып, 10 жасын­да Семей қаласындағы Ахмет Риза медре­сесіне оқуға барған. Ол жерде араб, парсы тілдерін үйренді. Сонымен қатар Низами, Науаи, Сағди, Хафиз, Физули секілді басқа да шығыс классиктерінің шы­ғармаларымен танысады. Мұнан кейін Семейдегі «Приходьская школаға» тү­сіп, А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Л.Н.Толстой, И.А.Крылов, Ф.М.Дос­тоевский шығармаларын оқып, Гете,  Байрон мұраларына ден қойды.

 Абай Құнанбайұлының өмір жолымен таныс адам оның 13 жасында әкімшілік билікке араласқанын жақсы біледі. Ел ішінде жүріп, отаршыл Ресейдің қол астындағы халқының ауыр тағдырын көріп өсті. Сол себепті қайтсе де елмен бірге болуды жөн санады. Ол 1875 жылы Қоңыркөкшеде өткен сайлауда жеңіске жетіп, 1878 жылға дейін болыс болды.

«Жасымда ғылым бар деп ескерме­дім» деген Абай уақыт өте келе алаңсыз шығармашылықпен айналысуға бел буа­ды. Ол – «Жаз», «Күз», «Қыс», «Жаз­ғытұры» сынды өлеңдер жазып, табиғаттың төрт мезгіліне бірдей қалам тартқан алғашқы қазақ ақыны. Оның «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр», «Сегіз аяқ» секілді өлеңдерінен сол кездегі әлеуметтік жағдайды көруге болады.

Абай Шығыс елдерінің әдебиетін терең меңгереді.  Соның нәтижесінде Шығыстың екі хикаясының желісімен «Масғұт» және «Ескендір» деген поэмалар жазды. Орыс классиктерін оқып, оларды қазақ тілінде сөйлетеді. Абай Крыловтың мысалдарын, Пушкиннен «Евгений Онегиннің» үзінділерін және Лермонтов, Буниннің шығармаларын аударған. Абай­дың ән шығармашылығы қазақтың халық музыкасында ерекше орын алады. «Сегіз аяқ», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы» сияқты әндерін халық жақсы біледі.

Хәкім Абай өмірінің соңғы жыл­дарында «…кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі…» деп қара сөз жазуды қолға алды. Оның қара сөздері алғаш рет 1918 жылы Семейде шыққан «Абай» журналында жарияланды. Соны­мен қатар орыс, қытай, француз сын­ды көптеген әлем елдері тілдеріне аударылды.

Қазақ әдебиетінде бүтін бір дәуірдің басында тұратын ақын 1904 жылы туған жерінде қайтыс болды. Сүйегі Жидебайға қойылды. Оның есімі дүниежүзі халық­тары әдебиетінде Шекспир, Пушкин, Гётелермен қатар тұрады. Себебі оның әдеби мұрасы бүкіл адамзаттың рухани қазынасына айналды.  

Ә.ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: