Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қазалы ауданына жұмыс сапары кезінде Абай ауылын газдандыру және ауданның автокөлік жолдарын салу жұмыстарымен танысты.
Абай күнінде ұлы ақын атындағы ауылға арнайы барған аймақ басшысы тұрғындарды атаулы күнмен құттықтады. Бұл ауыл жақын күндері табиғи газға қосылады.
Биыл Абай ауылындағы газ құбыры құрылысын бастауға аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысымен «Ремстрой» ЖШС жеңімпаз атанды. Жалпы ұзындығы 15,090 шақырымды құрайтын газ құбыры арқылы 193 тұрғын үй және 8 әлеуметтік нысан «көгілдір отынға» қосылмақ.
Мұнан бөлек, Ғ.Мұратбаев ауылынан жаңадан ашылған кварталда салынатын тұрғын үйлерді инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету (ауыз сумен, газбен және электрмен жабдықтау) жобасы жүзеге асуда. Құрылыс жұмыстары сәуір айында басталып, 6 ай бойы жалғасады. Тұрғындар 15,3 шақырым ауыз су, 7 шақырым газ, 8,7 шақырым электр желілерімен, бәрін қоса алғанда 270 жер учаскесі инженерлік желілермен қамтылады.
Аймақ басшысы сапар барысында «Әйтеке би-Қазалы» аудандық маңызы бар автокөлік жолындағы қайта жаңғырту жұмыстарын көрді. Бас мердігер – «Стандарт Ойл КЗО» ЖШС жолды 4 жолақ етіп кеңейтіп, 2 темірбетон көпір мен 2 су өткізгіш құбырды қайта жаңартады. Мұнан бөлек, жол бойына жарықшамдар мен аялдамалар орнатады. Бұл жұмыстар 2020 жылдың тамыз айында басталып, өткен жылы аяқталуы тиіс болатын. Уақытында бітпеуіне байланысты сот шешімі шығып, қазір мердігер мекемеге мәжбүрлеп орындау міндеттелді. Нұрлыбек Машбекұлы жұмыс сапасын қадағалауды, тез арада аяқтауды тапсырды.
Айта кетейік, биыл Қазалыдағы аудандық маңызы бар 4 автокөлік жолын орташа жөндеуге және 1 жолды қайта жаңғыртуға бюджеттен 1,2 млрд. теңге қаржы қаралған. Әйтеке би мен Қазалы қаласы аралығындағы қайта жаңғырту жұмыстары биыл аяқталады деп жоспарлануда. Әйтеке би кентіндегі Жанқожа батыр және Әйтеке би көшелерін қайта жаңғыртуды бастауға мемлекеттік сатып алу конкурстары өткізіліп, мердігер мекемемен келісім-шарт жасалды. Мұнан бөлек, Әйтеке би кентінің 14 көшесі, Қазалы қаласының 15 көшесі, Ү.Түктібаев елді мекенінің 6 көшесі және Ғ.Мұратбаев ауылының 1 көшесін жөндеу жұмыстарына қаражат бөлінді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!