Сенбі, 28 желтоқсан, 00:00

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

«Алтын күз – 2024»: Еңбек озаттары – марапат төрінде

11.10.2024

142 0

Бүгін Өнер орталығында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен дала еңбеккерлерінің дәстүрлі «Алтын күз – 2024» мерекесі өтті.

Биылғы диқандар тойы аймақтың орман шаруашылығы саласының 90 жылдығымен және Қала күнімен тұспа-тұс келіп, молшылық маусымындағы дүбірлі мерекеге ұласты.

Салтанатты іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, Парламент Сенаты Кеңесінің мүшелері Қуаныш Сұлтанов, Өмірзақ Озғанбаев, Рашид Әкімов, Бірғаным Әйтімова, Динара Нөкетаева арнайы қатысты. Сонымен қатар, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, басқарма басшылары, қала, аудан әкімдері, сала ардагерлері, еңбек озаттары және шаруашылық өкілдері де келді.

Аймақ басшысы адал еңбегімен көпке үлгі болған, ерте көктемнен егін даласында тер төгіп, жетістікке жеткен диқандарды құттықтап, марапат табыс етті.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа Жолдауында «Ел мүддесі – бәрінен биік. Әділетті Қазақстанда еңбек адамына ерекше құрмет көрсетілуге тиіс. Еңбек адамдары – еліміз бен мемлекетіміздің тірегі» деген болатын. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатын ұрпақ санасына кеңінен сіңіру, насихаттау, қарапайым еңбек адамдарын дәріптеу – басты мақсатымыздың бірі! Алаштың анасы атанған Сыр елі еңбегімен елге сыйлы, өмір жолы жас ұрпаққа өнеге болған абзал да адал жандарға кенде емес. Аймақ диқандары қамбаны астыққа толтырып, құрмет төріне шығуда. Еңбек озаттары, ауыл шаруашылығы саласының үздіктері жоғары марапат тұғырынан көрінді. Қамбамыз дәнге, қорамыз малға толып, халқымыздың құт-берекесі арта бергей. Егемен еліміз еңселі, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!», – деді Н.Нәлібаев.

Мерекеде сала үздіктері мен ардагерлеріне Қазақстан Республикасы Премьер- министрінің Алғыс хаты, Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі, Қызылорда облысының Құрмет грамотасы, облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.

Сонымен қатар орман шаруашылығы қызметкерлері де құрмет төрінен көрінді. Атап айтсақ, «Еңбек сіңірген орман өсіруші» құрметті атағы, І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Қазақстан орманын қорғаудағы мінсіз қызметі үшін» төсбелгісі, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Құрмет грамотасы табысталды.

Жыл қорытындысымен өңірдің агроөнеркәсіп кешені саласында үздік жетістіктерге жеткен еңбек озаттары да марапатқа ие болды. Атап айтсақ, «Озат бақташы», «Озат шопан», «Озат жылқышы», «Озат түйекеш», «Озат ветеринар», «Озат асылтұқымды мал өсіретін үздік репродуктор-шаруашылық», «Озат бидай өсіруші», «Озат жоңышқа өсіруші», «Озат көкөніс өсіруші», «Озат мақсары өсіруші», «Озат агроном», «Озат картоп өсіруші», «Озат бақша өсіруші», «Озат гидротехник», «Озат күріш өсіруші», «Озат жатка машинисі», «Озат комбайншы», «Озат бригадир», «Озат өңдеу кәсіпорны», «Озат тұқым шаруашылығы», «Озат егін шаруашылығы», «Озат телеарна тілшісі», «Озат газет тілшісі» номинациялары берілді.
«Ауыл шаруашылығы саласында үздік жетістіктерге жеткен озат аудан» номинациясы бойынша аудандар марапатталды. «Балық шаруашылығы саласы бойынша озат аудан» болып Арал ауданы, «Су үнемдеу технологиясын қолдану бойынша озат аудан» болып Шиелі ауданы, «Ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту бойынша озат аудан» болып Сырдария ауданы, «Мал шаруашылығы саласы бойынша озат аудан» болып Жаңақорған ауданы, «Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласы бойынша озат аудан» болып Қазалы ауданы, «Егін шаруашылығы саласы бойынша озат аудан» болып Қармақшы ауданы танылды.

«Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда биылғы жылы ең жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізген үздік аудан» номинациясы Жалағаш ауданына берілді. Өндіріс озаттарына «Абзал и К» ТС 5, «ТАҢ ЛТД» ЖШС 3, «Абай Дәулет» ЖШС 3, «Ақжар» шаруа қожалығы 2 автокөлік табыстады.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: