Биыл төл өнерді дәріптеп, ұлттық өнерді өрістетіп жүрген өнер ұжымы «Ақмешіт» фольклорлық ансамблінің құрылғанына 15 жыл. Ансамбльдің мерейтойы қарсаңында өнер ұжымы шығармашылық концертін беріп, көрерменге керемет кеш сыйлады. Құрылғалы бері қоржынына ұлт музыкасының қазыналарын жиып, Сыр сазын әлем сахналарында әуелеткен шығармашылық ұжымның көркемдік жетекшісі – Нұрғиса Нұрбай.
Ұлттық өнерді өрістетіп жүрген өнер ұжымының шығармашылық концертіне Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Қазбекова, руханият жанашырлары, сырбойылық дәстүрлі музыка өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. Рухани кеште сөз алған Мира Жомартқызы өнер ұжымының тарихын тереңнен қозғап, өмірі өнермен өрілген ансамбль мүшелеріне алғыс білдірді.
Рухани кеш барысында Дархан Жаңабаев пен Гүлнар Құлахметованың ансамбльдің өткені мен бүгінін, шығармашылық еңбек жолын қағаз бетіне түсірген «Ақмешіт» кітабының тұсаукесері өтті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, профессор Ботабаев Кеулімжай Шалтақбайұлы және «Ақмешіт» фольклорлық ансамблінің негізін қалаушы, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Жүсіпов Берік Мырзалыұлы зор құрметпен оқырманға жол тартқан мазмұнды кітаптың тұсауын кесіп, туынды авторларына шығармашылық табыс тіледі. Кеш соңында барша өнер иелеріне аймақ басшысының ықылас гүлі табысталды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!