Бейсенбі, 28 қараша, 01:27

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№94-2104
26.11.2024
PDF мұрағаты

Бөтелке беріп, бейімін шектемеңіз

07.09.2021

820 0

Логопед қызметіне жүгінген ата-ата аналар балаларының белгілі әріпке тілі келмейтінін немесе өз қатарластарынан тілі кеш шыққанын айтып жатады. Алайда осы мәселенің шығу себебін зерттемейді. Маман есебінде осының барлығы қарапайым тұрмыстық деңгейде жіберген қателіктеріміз деп атағым келеді. Мәселен, ана сүтін еміп өскен бала мен қарапайым бөтелкемен тамақтанған баланың тілдік дамуында көп айырмашылық бар. Ана сүтіне жарыған бала ему барысында тілдік гимнастикамен айналысады. Ему үшін ауызқуыстарымен қозғалыс жасайды. Ал бөтелке емген балада тілдің беткі бұлшық еттері қозғалыссыз қалады. Яғни бөтелкеден сүт тамшылары еш қиындықсыз тамып тұрады. Міне, екі жағдайда өскен баланың тіл бұлшық еттерінің дамуында осы факторлардың әсерінен айырмашылық болады.

Баланы өмірге әкелуді жүйелі түрде жоспарлау керек. «Болашақ ананың денсаулығы, психоэмоционалды жағдайы қалыпты ма?» деген сауалдарды толық қанағаттандыратындығына көзжеткізу шарт. Бұлардың барлығы баланың дамуына әсер етеді, соның ішінде тілдік дамуына ерекше қатысты. Одан кейін баланы немесе нәрестені «кішкентай» деп көп дүниені елеусіз қалдыруға болмайды. Олардың да өз психо әлемі, психологиясы болады. Сондықтан балаңыздан артық не кем оғаш қылықтар байқасаңыз, дереу маман көмегіне жүгінгеніңіз абзал. Мәселен, логопед пен дефектолог деген бір саланың егіз қозысындай мамандықтар бар. Ара-жігі алыс болғанымен, екеуінің де негізгі зерттеу жұмысы – баланың тілі. Логопед – баланың айта алмайтын дыбыстарын түрлі жаттығу, массаждар арқылы қалпына келтірсе, дефектолог болса балалар арасынан психофизикалық даму ерекшеліктері бар балаларды анықтап, әлеуметтік ортаға бейімдей отырып, оқытып-үйрететін, сөйлеу машығын қалыптастыратын қызметі неғұрлым ауқымды маман. Бұл дегеніңіз дефектолог маман денсаулығында қандай да болсын кінәрат анықталған балалармен жұмыс істейді деген сөз. Арнайы білім беретін балалар осы қос мамандықпен тығыз жұмыс жасайды.

Біз өз балаларымызға көп шектеу қоямыз. Мәселен, күнделікті үйде теледидар немесе гаджет ойнаған баланың денсаулығына зиян деп оны шектейміз. Сөз жоқ, ондағы бейнелердің лездігі, түр-түстілігі, жылдам ауысатындығы бала психологиясына, оның ішінде ерекше ақпараттар қабылдауына әсер етеді. Алайда шектеу қойылған дүниенің орнына оны ауыстырушы зат табу керек. Мәселен, теледидардан шектесеңіз, оның орнына далада бірге қыдырып келіңіз. Яғни шектеу деген баланы бос, қараусыз қалдыру деген сөз болмауы керек. Оны дым түсінбейді деген түсініктен аулақ болу керек. Баланың ғұмырлық түсінігі бейсаналық шағында қалыптасады. Сондықтан онымен көп сөйлесіп, көп қозғалту керек. Баланың бар қажеттілігі қиындықсыз орындалып тұрғанда онда даму тежеледі. Мәселен, ол, «су ішемін», «тамақ жеймін» деген секілді ишарамен болсын белгі бермесе, онда даму болмайды. Қалғанын айтқызбай орындасаңыз, қиналып қайтсін. Сондықтан баламен көп сөйлесіп, оған таңдау қалдырып, кері байланыс жасағанын күтіңіз. «Шырын ішесің бе, әлде су ма?» дегенде бала таңдау жасап, өз қалауын сізге жеткізу керек. Осы секілді қарапайым амалдар арқылы баланың тілдік дамуын ілгерілетуге болады. Сондықтан баланы «жалқау зат» ретінде қарастырып, онымен көп сөйлесуге шақырамын. Бұл дүниелердің барлығы арнайы білім беруді қажет ететін балаларға да қолданылады. Бала өзіне қажет екенін сезгенде оған тырысады және оны орындайды.

ҚҰРТ ЖЕП, СҮЙЕК МҮЖІГЕН ЛӘЗІМ

Арнайы білім беруді қажет ететін балаларды отбасында тәрбиелеуді де үй жағдайында ұйымдастыруға болады. Жоғарыда айтылған қателіктерді түзеп көріңіз. Тіпті логопед маман ретінде баланың кішкентайынан құрт сорып, сүйек мүжігенін қолдаймын. Бұл тіл бұлшық еттерінің қозғалысына әкеледі. Шыныққан қозғалыста тұратын тіл сөйлеуге бейім келеді. Көбіміз «Баяғыда баланың тілі ерте шығатын еді» деп жатамыз. Ол – рас. Себебі ертеректе балалар құрт сорып, сүйек мүжитін. Оның не үшін керек екендігін жоғарыда айттым. Қазіргі қолданыстағы тамақтың да бала дамуына кері әсер ететіндігін түсінуіміз керек. Бүгінде балалар тек жұмсақ тамақтарды жейді. Кішкентай балаларға тәтті иогурттар, банан секілді жұмсақ жемістерді көптеп береміз. Бұл тіс пен қызылеттің бекімеуіне алып келеді. Бұл да тілдің дұрыс шықпауына себепкер болатын факторлардың бірі. Құрт жеп, сүйек мүжіп жүрген ауыл балаларының арасында арнайы білім беруді қажет ететіндері жоқ деседе болады. Оған тағы бір себеп ауылда мысық, ит, қой, жылқы, сиыр секілді үй жануарлары көп. Оның өзі бір терапия деп айтқым келеді. Сондықтан балаларды жануарлар әлемімен етене еткенде де пайда бар.

ТЕНТЕК БАЛАЛАР

Өткен уақыт пен қазіргі шақты салыстырып көрейік. Бұрындары асыр салып ойнайтын балалар уақыт өте келе заман талабына сәйкес үйге қамалды. Доп теуіп, жүгіріп, талдан талға секіретін балалардың әрі кеткенде смартфондарда саусақтары ғана қозғалатын болды. Алайда қазіргі балалардың ішінде гиперактивті балалар болады. Олардың ішкі энергиясын шығаруымыз қажет. Яғни баяғы «тентек балалардың» шаршап келіп, ұйықтай кететіндігін әкелуіміз керек. Көбіне үйде де, балабақшаларда да баланың тыныш отыруын талап етеміз. Қажет уақытта бала ішкі энергиясын шығармағандықтан оның дамуында кедергілер пайда болады. Оның ішінде тілдік дамуы тежеледі. Үй жағдайында аулада асыр салып ойнаған бала мен

қалада төрт қабырғада қамалып өскен балаланың тілдік дамуында айрмашылық бар. Рас, ауылдық жерлерде арнайы білім беруді қажет ететін балалар сирек кездеседі. Ол да баланың ішкі энергиясын шығарып, ойнағанынан болса керек.

ЕРТЕГІНІҢ ЕМІ

Балаларға арнап шытырман оқиғалы ертегі жазатын ертегіші Гейман Нил 2007 жылы Қытайға барған сапарында ерекше дүниеге көз жеткізеді. Бұрындары балалар жанрын қолдай қоймаған мемлекет неге аяқастынан ертегіге көңіл бөле қойды деген сауал туындап, қытайлықтардан сұрайды. Өздеріңіз білетін қытай халқы өндіруге бейім. Алайда оны өздері ойлап таппайды, тіпті дамытпайды. Озық жобаларды қаз-қалпында көшіріп өндіре береді. Бұл амалдарын әлем экономикасында көпке бармайтынын білген олар әлемдік алпауыттардың құрылтайшыларының тәжірибесін білмекке АҚШ-қа Appl, Microsoft, Google секілді тіршілігін тәуірінен қалыптастырған мықтыларға делегация жібереді. Аса өзгешелік таппаған олар соңғы күні атаулы алпауыттарды құрған адамдардың кішкентай кезінен ертегі оқығанын, өсе келе қиял-ғажайып жанрда кітап көп оқығанын анықтайды. Сонымен не керек, келе сала ел көлемінде ертегі жазуды, оны шығаруды және оқуды қолға алады. Арнайы білім беруді қажет ететін балаларға үй жағдайында көптеп ертегі оқу арқылы бейімдеу, тәрбиелеу керек дегім келеді. Ол оның ойлау қабілетін дамытады. Ондай балалар сөйлеуге, тануға ұмтылады.

Міне, арнайы білім беруді қажет ететін балаларды отбасында тәрбиелеуді осындай секілді қарапайым дүниелерді ескерсек, балалардың дамуында ешқандай кедергі болмайды. Тіпті аталған кеңестерді орындасақ өз қатарластарынан, шектік жастан бұрын тіл шығу деректері де жұмыс жоспарымда кездескен.

Таңшолпан ҰЛЫҚБЕКҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: