Кез келген ата-ана баласына ойыншық алады. Себебі бала ойынмен өседі, ақыл-ойын ойынмен дамытады. Сондықтан ойыншықтың түр-түрін алып жатамыз. Тіпті кейбір үйлерде балалар бөлмесінің іші ойыншыққа толып тұрады. Кірсең шыққысыз етіп жасап қойғаны соншалық, отыра қалып өзіңнің де ойнағың келеді. Бірақ сол ойыншықтарды аларда сапасына қаншалықты мән беріп жатырмыз?
Ойыншық таңдағанда неге мән берген дұрыс?
Мамандар ойыншықтың сапасына барынша мән беру керек дейді. Әсіресе, оның түсіне, исіне, баланың жас ерекшелігіне назар аударған жөн. Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова бала ойнайтын ойыншықтың өзі арнайы техникалық регламентке сәйкес келуі керек деген пікірді алға тартады. Оның айтуынша, кеден одағының №008/2011 «Ойыншық өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентінде ойыншықтар қауіпсіздігіне қойылатын талаптар көрсетілген. Ойыншықтарды қолдану кезіндегі тәуекел балалардың жас айырмашылықтарына байланысты болуы керек. Үш жасқа дейінгі балаларға арналған ойыншықтарға табиғи тері, шыны, фарфор, түкті резеңке, өлшемі ылғалды ортада 5% аса ұлғаятын сылдырмаққа ұқсас ойыншық толтырмаларын қолдануға жол берілмейді. Сонымен қатар ойыншықтарды бұрын қолданыста болған материалдарды қайта өңдей отырып, қайталама шикізатты пайдалануға жол берілмейді. Ойыншықтар дайындалатын материалдар таза (ластанбаған), инфекцияланбаған болуы және техникалық регламент талаптарында көрсетілген стандартқа сәйкес болуға тиіс.
– Ойыншықтардың қорғаныш-сәндік жабыны ылғалды өңдеуге, тер мен сілекейге төзімді болуы қажет. Ойыншық және оның құрамдас бөліктері, бекіту бөлшектері механикалық жүктемелерді көтеруге тиіс. Оларды мақсаты бойынша пайдалану кезінде үгітілмеуі және өзінің тұтыну қасиеттерін сақтауы керек, – дейді маман.
Шынтуайтына келгенде, ойыншық балаға зиян болмауы қажет. Олардың қолжетімді жиектері, ұштары, қатты бөлшектері, серіппелері, бекітуші бөлшектері, саңылаулары, бұрыштары, шығыңқы жерлері, баулары, арқандары, қозғалатын құрамдас бөліктері баланың ойнауына, ұстауына ыңғайлы болғаны дұрыс. Олай болмаған жағдайда балалардың жарақат алуы әбден мүмкін.
– Үш жасқа дейінгі балаларға арналған ойыншықтардың алмалы-салмалы бөлшектерінің, сондай-ақ ойыншықтарға тікелей бекітілген бөлшектерінің өлшемдері балалардың жоғарғы тыныс алу жолдары түсіп және олардың тұншығуын болдырмайтындай етіп жасалуы керек. Жұмсақ ойыншықтарда қатты немесе өткір бөгде заттардың болуына жол берілмейді, жұмсақ ойыншықтардың жіктер мен тігістері берік болуы тиіс. Электр энергиясы көзімен жанасатын немесе жанасуы мүмкін ойыншықтардың бөлшектері, сондай-ақ кабельдер, сымдар электр тоғымен зақымдануды болдырмау мақсатында механикалық қорғалған және оқшауланған болуы керек, – дейді Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары.
Бағасына мән бересіз бе, сапасына мән бересіз бе?
Несін жасырамыз, кейбір кісілер қаржының тапшылығынан арзан ойыншық алса, енді біреулері ақшаның бетіне қарамай қымбатына ұрынып жатады. Арзан болса да, қымбат болса да сапасына ден қоятындар табылады. Біз өз кезегінде тұрғындарды әңгімеге тартқан едік.
– Негізі балаларыма қымбат, жақсы ойыншықтар әпергенді жақсы көремін. Үйдегі ойыншығының бәрі тек қымбат бағаға алынған. Қымбат ойыншықтың сапасы да жақсы болады ғой, – дейді Сәбира Тұрсынбайқызы есімді тұрғын.
Кәмшат Сұлтанова есімді қала тұрғыны бағасына да, сапасына да мән беретінін жеткізді.
– Арзаны жақсы бола ма, қымбаты жақсы бола ма, оны айыру қиын. Ең бастысы, сапаға, ойыншық өндірушіге, ойыншық қорабының сыртындағы ақпаратқа мән берген дұрыс деп есептеймін. Өзімнің 4 балам бар. Қайсысына ойыншық алсам да алдымен сапасына көңіл аударамын, – дейді ол.
Мамандар нарыққа шығар алдында алдымен Кеден одағы техникалық регламентінің қауіпсіздік талаптарына сәйкестікті растау рәсімінен өтуі шарт дейді. Ойыншықтардың сәйкестігін растау сертификаттау түрінде жүзеге асырылады.
– Қазіргі нарықта жағымсыз иісті, шеттері тым үшкір немесе өңделмеген, ұсақ бөлшектерден тұратын ойыншықтар да кездеседі. Өкінішке қарай, мұндай ойыншықтар баланың қолына түссе өте қауіпті, өйткені қолына ұстап, ойнаған кезде жарақаттанып немесе ұсақ бөлшектерді жұтып қоюы әбден мүмкін. Әрбір тұтынушы мен ата-ана балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында ойыншықтарды сатып алған кезде олардың сәйкестігін растау сертификаттарын талап етуі керек, сондай-ақ ойыншықтардың тағайындалуы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды белгілейтін кеден одағының техникалық регламенті бар екенін ескеріп, хабардар болғаны абзал. Егер тұтынушы сатушыдан бұл талаптардың орындалуын талап етсе, ал сатушы өз кезегінде талаптарға сай өнімді әкелсе, нарықта сапасыз тауарлардың саны азаяр еді, – дейді Әлия Әбдіқайымова.
Ал біз өз кезегінде оқырманға маман кеңесіне назар аударыңыз, ойыншықты да ойланып алыңыз дегенді айтқымыз келеді. Себебі ол ойыншықпен сіздің балаңыз ойнайды.
А.БЕК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!