Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінде ынтымақтастық байланыстар аясында ү.ж. 23-25 тамыз аралығында Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі қорындағы бұйымдардан «Жаңғырған жәдігерлер» атты этнографиялық көрме ұйымдастырылды.
Музейдің ғылыми қызметкерлерінің бастамасымен, музей директоры Сапар КӨЗЕЙБАЕВТЫҢ қолдауымен қайта жаңғырған қазақ халқының тарихында болған, тұрмыс-тіршілігінде пайдаланылған, қазіргі таңда сирек кездесіп, ұмыт болып бара жатқан жәдігерлер Шымкент тұрғындары мен қонақтары назарына ұсынылды.
Көрмені ҚР Қарулы күштері ардагерлері кеңесінің Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серікбай ОҢБАЕВ ақ тілегімен ашса, Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі директоры Баян АЙТЫМБЕТ жаңғырту жұмыстарына байланысты озық тәжірибеге оң баға беріп, көрме жұмыстарына сәттілік тіледі. Шымкент қаласындағы Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы директоры Бахтияр СПАНОВ жаңғырған жәдігерлердің маңыздылығын, ұрпаққа берер мол тәрбиесін айтып, жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар, көрменің ашылу салтанатында Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония әншілерінің орындауында дәстүрлі әндер орындалды.
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейімен ұмыт қалған жәдігерлерді қайта жаңғырту тәжірибесімен бөлісті. 30-ға жуық жаңғыртпа жәдігерлердің қолдану ерекшелігі, Сыр өңіріне қатысты тарихы мен семантикасы Шымкент халқына түсіндіріліп, Сыр этнографиясы насихатталды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!