Бүгінде электронды сауда қарқынды дамып келеді. Халықаралық сарапшылардың болжамына сенсек, 2023 жылға қарай электронды коммерцияның әлемдік нарығы 2,8 трлн долларға дейін жетуі мүмкін екен. Бұл дегеніңіз, еларалық тауар айналымының жаңа бағытқа ауысқанын білдіретіндей. Айтар болсақ, қазірдің өзінде басқа елдерге қарағанда Еуропа мен Қытай, АҚШ пен Оңтүстік Корея секілді мемлекеттерде бұл сауданың үлесі әлдеқайда басым. Ал Қазақстандағы ахуал қай деңгейде?
Онлайн сауданың отандық экономикаға әсері қандай? Осы сауалдарға жауап алу үшін алдымен «онлайн сауда» деген ұғымның аражігін ажыратып, даму қалпын бағамдаған жөн секілді.
Жалпы өткен ғасырдың соңында мұндай сауданың түрі әлемде кең таралмағанын жақсы білеміз. Адам өзіне керегін дүкенге немесе ашық базарлардан барып сатып алатын. Қазір өзіңізге қажет дүниені үйден шықпай-ақ жарты сағатта тапсырыс беріп, есігіңізге дейін алдыртуға мүмкіндік жасалған. Міне, бүгінгі онлайн сауда негізгі қызметі мен принципі де осыған саяды. Мұны нарықтың шексіз мүмкіндігі, тұрмысты жеңілдетуге жасаған ғаламтордың ең үлкен ықпалы десек, артық емес. Себебі дәстүрлі сауда жолының интернет-дүкенге ауысуы – бүгінгі уақыт пен қоғам талабы. Қазақстан да аталған сауда ағымына ілесіп, интернет сауданың дамуына жол ашты. Мысалы, өткен жылы еліміздегі электронды сауда нарығының көлемі 596 млрд теңгеге жеткен.
Қақпанға түсу – қапелімде
Жоғарыда айтқанымыздай, интернет-дүкендер дәстүрлі емес сауда жүйесіне жатады. Бір ерекшелігі, интернет-дүкендегі тауарды көзбен көргенмен, қолмен ұстай алмайсыз. Тиімсіз тұсы да осында. Алар киім-кешектің нақты өлшемі көрсетілгендей болмауы, ал зат сапасының уәде етілген деңгейде болмауы ықтимал. Яғни алатын тауардың сапасына толықтай көз жеткізе алмайсыз деген сөз. Ол аз болғандай, сатушыны көрмей тұрып, онлайн түрде бір мәмілеге келу де біраз сенімсіздік тудырады. Міне, осы да, өзге қиындықтар интернет-дүкенді қолжетімді сауда жолы ғана емес, алаяқтың арбауына түсер алаңға айналдырып отыр.
Жалпы онлайн сауданың негізгі бөлігін киімкешек, ойыншық, тұрмыстық заттар құрайтыны мәлім. Әлгіндегідей, тапсырыс берген заттың сапасы нашар болып келуі, киімнің нақты өлшемі, не түсі интернетте көргеніңіздей бір-біріне сәйкес келмесе, даулауға дайын болуыңыз қажет. Кейбір сауда дүкендерінде сатылған тауарды қайтарып алу функциясы қарастырылмайтыны тағы бар. Негізінде «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» заңда тауарды 15 күннің ішінде кері қайтаруға болатыны көрсетілген. Алайда интернетдүкендерде бұл заң көбіне сақтала бермейді. Сақталса да, ұзақ дауласу мен уақыт шығындап қана жеңіске жетуге болады. Олқылық та осыдан шығады.
шығады. Келесі дүние, онлайн сауда да алаяқтық жиі орын алады. Мәселен, алдын ала төлем жасауыңызды сұрап, ақшаны аударған соң, әлгінде тапсырыс берген затыңыз сол күйі келмей қоюы ғажап емес. Қазір ел ішінде осындай алаяқтарға алданып, сан соғып қалғандардың қарасы қалың. Оның себебі халық арзан болған соң шығу тегі белгісіз интернет-дүкенге жүгініп, тапсырыс беріп жатады. Бірақ оның жалған сайт еместігіне, ресми жұмыс істейтініне көз жеткізбеген адамдар ақыр соңында алданып, ақшасын ауаға шашуда.
Аталған келеңсіздікті ҚР Сауда және Интеграция министрі Бақыт Сұлтанов та мәлімдеген болатын. Ол соңғы жылдары интернет-дүкен алаяқтары көбейгенін жасырмады. Тіпті өткен жылы тұтынушылардың құқығын қорғау комитетіне интернетдүкендердің қызметі туралы 689 шағым түскенін, ал биылғы 3 айда шағым көлемі 104-ке жеткенін мәлімдеген.
– Электронды сауда саласындағы шағымдардың көбі мемлекеттік кірістер органдарында тіркелуден жалтаратын ұйымдарға қатысты болды. Әлеуметтік желілерде ғана тіркелген интернет-дүкендер, «olx», «satu», «market» сияқты сауда алаңдарынан алған тауарды айырбастау немесе қайтару мүмкін болмағанын айтып шағымданушылар көп болған. Жеткізілген тауардың сапасы жарнамасындағыдай болмай шығатын жайттар да тіркелген. Өйткені көп жағдайда тұтынушылардың тауар сапасын құнын төлемей тұрып тексеруге мүмкіндігі жоқ. Тауарды сатып алу фактісін растайтын құжатсыз жіберілуі, сатушы тараптың мекен жайы мен байланыс нөмірлерін көрсетпеуі, тауар сапасын растайтын құжаттарды талап ету мүмкіндігінің болмауы, жеткізу мерзімінің бұзылуы, алаяқтық, 100 процент алдын ала төлемді талап ете отырып, төлем жасағаннан кейін хабарсыз кету сияқты келеңсіз оқиғалар тіркелді, – деген министр.
Тұтынушыға тиімді
Интернет-дүкеннің тиімді тұсы да аз емес. Ең әуелі біздің бұдан ұтатынымыз, қазіргі заманға ыңғайлығы. Әсіресе, бұл қоғамдық орындарда адамдардың көп жиналуына тыйым салған пандемияның кезінде көп көмегін тигізді. Қажет затты үйіңе әкеліп беретін қауіпсіз қызмет түріне айналып, уақытты үнемдеді. Сондай-ақ базарға барып, аралаудың өзін машақат көретін егде жастағы тұтынушыларға таптырмас амал. Оған сауда нүктесіне бару-қайту жол шығынын қосыңыз. Ал онлайн сауда жасасаңыз жер кезіп, шаршап-шалдықпауға болады емес пе! Тек жарты сағат уақытыңызды бөліп, тапсырыс берсеңіз жеткілікті. Сондықтан тиімді тұсын да назарға ұстаған жөн.
Айнұр Сәрсенбаева, тұтынушы: – Өзіме қажет затты көбіне интернет-дүкен арқылы тапсырыс беріп, шетелден не алысжақын облыстардан алдырамын. Алған затыңа бірде көңіл толмай, бірде ойлағаныңнан да жақсы болады. Жеткізу уақытынан кеш келетін кездер де болады. Кейбіреулер алаяқтарға алданып жатқанын естиміз. Дегенмен онлайн сауданың пайдалы тұсы көп. Себебі уақытты үнемдеуге болады, мұнда. Өйткені олар тәулік бойы және демалыссыз жұмыс істей береді. Онлайн тапсырыс бере саласыз. Кассада кезек күтіп әуре болмайсыз. Интернет дүкенде тапсырыс жылдам да жеңіл түрде іске асады.
Оған қоса тауар жайында анық ақпарат алуға мүмкіндік бар. Қарапайым дүкенде тауар жөніндегі кеңесшілерге жүгінесіз, алайда олар кейде толық ақпарат білмейді. Ал интернетдүкендерде өзіміз сияқты тұтынушылардың тауарға берген бағасын және пікірлерін оқып, танысып алуға ыңғайлы жағдай жасалған, – деді. Бұл жүйе тұтынушыдан бөлек, кәсіпкерге де пайдалы. Мәселен, онлайн сауда желісінің егесі болсаңыз, сізге сатушы қажет емес. Тек интернет арқылы жарнама жасап, сайт жұмысын қадағалап, одан әрі жұмысын жандандырып отыратын SMM маман болса жеткілікті. Тағы бір артықшылық, бір дүкенге ары кетсе тек он шақты тауар түрін қоюға болар, ал интернет-дүкенде шексіз тауар түрін ұсына беруге болады.
Былтыр «Shonbay Online University»-ден 14 курс сатып алдым. Ішінде смм, таргетинг, копирайтинг, мобилография, онлайн сауда, клиент психологиясы, сайт жасау технологиясы сияқты т.б. қазір трендте саналатын мамандықтар бар.
Сату курсында бізге тапсырма берілген. Кез келген тауарды алып, оны онлайн түрде сату практикасы. Мен өзіме ұнайтын, қызықты сала киім бизнесін таңдадым. Сөйтіп, көршілес Қытайдан тауарға онлайн тапсырыс беріп, сатып көрдім. Нәтиже жаман емес. Кеңсе не дүкен ғимаратын жалдамай, үйде отырып-ақ саттым. Дегенмен оған тапсырыс берушілерге жеткізу қызметі деген бар. Оны де есептен шығармау қажет. Әрине, бұл менің шығарған өнімім емес, алыпсатарлық кәсіп. Десе де сату, тұтынушымен онлайн жұмыс істеу әдістерін іс жүзінде пайдаланып көруге жақсы мүмкіндік болды. Меніңше, егер сататын тауарың ақпараттық өнім болса, сауданы онлайн жасау тиімді. Ал заттай тауар сату үшін бәрібір, дүкен немесе бутик алған пайдалырақ. Себебі экранның арғы бетіндегі тұтынушыға алатын затын суреттен көргенге қарағанда өзі келіп, қолмен ұстап, киіп, өлшеп көрген дұрыс. Сонда оның сатып алуға деген қызығушылығы арта түседі.
Ал тауарға көп мөлшерде тапсырыс берсеңіз, оның сапасына сенімді болсаңыз онлайн тиімді. Ал жекелей алатын болсаңыз, базарға тіке тартқан дұрыс, – деді кәсіпкер Жазира Қойшыбекова. Интернет-дүкен – ауқымды кеңістік Әлемдік сауданың көбісі электронды форматқа көшті. Расымен, интернет дәуірі басталғалы көптеген алыс-беріс, сауданың біршама бөлігі онлайн-режимде. Қазіргі таңда онлайн саудаға арналған түрлі платформа құрып, миллионер атанғандар аз емес. Тіпті кей деректерде онлайн саудамен табысқа кенелгендердің саны 10 мыңнан асып жығылады. Олардың қатары жыл санап толығуда.
Мәселен, АҚШ-тағы «Amazon» корпорациясының негізін қалаушы Джефф Безос, Билл Гейтс секілді байлар осы сауда жүйесімен байлыққа кенелгендер қатарында. «Alibaba Group» компаниясының негізін қалаушы әрі басшысы Джек Ма да әлемде үлкен беделге ие кәсіпкер. Аталған азаматтардың барлығы онлайн сауданы жаңа сатыға көтерумен аты шықты. Мәселен, Джек Ма компаниясының ресми сайтында жыл сайын 400 миллион адам сауда жасайды екен. Сондай-ақ Қытай мемлекеті де өзінің саудасының басым денін интернет-дүкен арқылы жүргізіп келеді. Мұның барлығы заманауи технологиялардың жетілген тұсында интернет-дүкеннің одан әрі дамуына әкелді.
Мінеки, алдыңғы қатарлы дамыған елдер сауданы онлайн түрде жүргізуге әлем назарын аудартып, қазір интернет-дүкендердің функциясы, интерфейстері дамып келеді.
Онлайн сауданың әлемге қосқан тағы бір үлесі – қолжетімділік. Мәселен, бүгін Қазақстанда шыққан өнім араға ай салмай, ғаламның төрт бұрышына жетеді. Басқаша айтсақ, кез келген елдің өркениеттік, технологиялық, тұрмыстық жаңалығы тез арада ортақ қолданысқа енеді. Оның себебі сауда айналымы бір-бірімен тығыз байланысты. Мәселен, қазір бұрынғыдай Қытай, Ресей, АҚШ-тың сауда нарығы деген түсінік жоқ. Оның орнын бір ғана әлемдік сауда нарығы деген ұғым алмастырды. Ол – интернет-дүкен.
Мысалы, бұрын Америкадан тауар әкелу біршама қиындық тудыратын еді. Оның үстіне шығыны да аз емес. Ал қазір ше? Бүгінде сол елдердегі компаниялар пошта қызметі арқылы тауарын жер-жерге жеткізіп отыр емес пе?! Тіпті кей жағдайда мұхиттың арғы бетінен келетін тауарлар бағасы отандық балама тауарлардан біршама арзанға түсіп жататын кездері де бар.
P.S. Қазір интернет-дүкенді дамыту нарықтағы ең басты қажеттілікке айналды. Адамзаттық дамудан қалыс қалмай, кәсіпкерлікті өрістетуді қалаған әрбір ел онлайн саудаға мүмкіндік тудыруға күш салады. Себебі де белгілі, кәсіп дамыса, экономика да нығаяды. Қазақстанның да бұл сауда түріне маңыз беріп, дамытудың өзіндік жолын қалыптастыратын кезі жеткен секілді. Тек талап пен тәртіп қадағаланса болғаны.
Ақтілек БІТІМБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!