Сейсенбі, 19 наурыз, 13:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№23(2033)
19.03.2024
PDF мұрағаты

БАҚ-тың «бағы» еселене ме?

24.05.2022

988 0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл басындағы Қазақстан халқына Жолдауы көптің көңілінен шықты. Елдегі саяси реформаларға арналған бұл Жолдау Мемлекет басшысы бірқатар саяси өзгерістер енгізуді жоспарлағанын ашып айтты. Бұл Жолдауда ұзақ уақыт назардан тыс қалған журналистер қауымы көптен күткен жаңалықты қуана қабылдап, «БАҚ-тың «бағы» еселенеді» деген үміт артқаны анық. Президент өз сөзінде бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңды қайта қарау керектігін алға тартты.

«Отандық БАҚ-тың ел өңірлерінде және әлем болып жатқан үдерістер туралы өз көзқарасы болуға тиіс. Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі, тіпті идеологиялық дербестігі осыған тікелей байланысты. Мемлекет ашық ақпарат кеңістігін қалыптастыруға ерекше көңіл бөледі. БАҚ өзекті мәселелерді көтере алады және көтеруі керек, бірақ мұны үлкен азаматтық жауапкершілікпен жасау керек. Сырттан тапсырыс бойынша емес, көлеңкелі төлемақы үшін немесе саяси топтар үшін жұмыс істемеуі керек. БАҚ өкілдері өз елі мен оның азаматтары үшін шын жүректен алаңдауы керек», − деді Мемлекет басшысы.

Президент  БАҚ-тың төртінші билік екенін де еске салды.

«Осы орайда тілшілер қауымына арнайы жүгінемін. Одан арғы демократиялық өзге­рістер тәуелсіз және жауапты бұқаралық ақ­парат құралдарынсыз мүмкін емес деп са­наймын. Сондықтан мемлекеттің мүддесі мен қоғамның сұраныстарын және медиа саланың даму тенденцияларын ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау қажет», − деді ол.

Шынтуайтында, қоғамдағы мәселелерді ашып жазуға, өзекті мәселелерді көтеруге кейде журналистер қауымының тісі бата бермейтіні жасырын емес. Қамшының екі ұшы бар демекші, жазылар дүние қызметіне әсер ете ме деген ой болатыны рас. Кейде қолындағы билікті асыра сілтейтін басшылар да журналистерге шындықты жазуға кедергі келтіреді. Одан бөлек таныс-тамырдың өтініші де қоғамдағы өзекті, проблемалық мәселелерді қаузауға кедергі келтіретіні анық. Әлеуметтік желі атты теңізде кемесінің желкенін «тік» ұстап жүрген блогерлер де қаламгерер қауымын аттап өткісі келетін жайттар аз емес. БАҚ-тан гөрі блогерлермен жұмыс істейтін басшыларды да жоққа шығара алмаймыз. Міне, осы секілді кейбір кемшіліктер Президент бастамасынан кейін өзгереді деп сенеді БАҚ өкілдері.

Мәселен, Қазақстанның Құрметті жур­налисі Айткүл Шалғынбаева заң жүйесінде бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігін, еркіндігін қамтамасыз ететін заң нормасын қабылдау керек деп есептейді.

«Президент Тоқаев биылғы Жолдауында көрсеткендей, БАҚ-тың бәсекеге қабілет­тілігін, еркіндігін қамтамасыз ететін заң нормасын қабылдауы керек. Әйтпесе, бәрі бекер. Жаңа Қазақстанды құрамыз десек,  Қазақстанның БАҚ саласы да бұрынғыдай болмауы керек. Еркіндік болмай, бәсекеге қабілетті болуы мүмкен емес.

Біздегі бұқаралық ақпарат құралдары мемлекеттік тапсырысқа байланған. Тіпті тәуелсіз басылымдардың өзі сол қаржыны алуға мүдделі. Неге бізде  Джозеф Пулицерлер жоқ? Жұмыссыз жүрген Пулицер  газет ашып, қалай медиамагнатқа айналды? Әрине, газет беттерінде қалың көпшілік оқитын тартымды да қызықты мақалалардан бөлек, Пулицер жемқорларды әшкереледі, мемлекет қаржысына қол сұққандарға күйрете соққы берді. Бізде де ондай шындықты айтатын газеттер бар. Бірақ олар  сыртқы күштермен қаржыландырылатын басылымдар. Сонда да олардың таралымы миллиондап өскенін көрмедік. Ол қазақы менталитетке де бай­ланысты болуы мүмкін. Демек Пулицердің тағы бір «фишкасы» болды. Талантты бас­қарушы өз газеттеріне оқырмандарды шытыр­ман оқиғалы комикс  суреттер сериясын үзбей жариялау арқылы да тартты. Демек газеттерге  шындық пен оқиғалы шығарма, динамикалық ақпараттар қажет», − дейді ақпарат саласының үздігі.

Сонымен қатар Айткүл Жетібайқызы мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істеу­де де БАҚ-тың мүддесін қорғайтын заң қажет дейді.

«Қазақстан басылымдары оқырман­дарын мекемелерге мәжбүрлеп жазды­румен жинап, бос жерді мемтап­сы­рыспен жабуды үрдіске айнал­дырған. Иә, «мемтапсырыс» қажет әрі оған билік те мүдделі. Демек басы­лым­дардың еркіндігін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік тапсырыс беруші мен БАҚ арасындағы келісім шартта БАҚ-тың мүддесін қорғайтын бір заң қарастырылуы керек. Мысалы, «Ол тапсырысты орындай отырып, кемшілікті де көрсетуге, жөнімен сынауға және зерттеу жүргізуге құқы бар» деген сынды жолдар. Сонда ғана мемлекеттік тапсырысты орындау­да – журналистер мемтапсырысқа бай­­лан­­ған құлдық психологиядан ары­­­лар еді. Сондай-ақ оқылмайтын газет­­тердің басшылығы мекемелерді жаға­лағанды қойса. Менеджментпен айналыссын. Медиа нарыққа не қажет, не қажет емес, нені ескеру керек, тақырып таңдау, ақпараттарды қоз­ға­лысқа түсіріп зерттеу, талдау, са­раптамалық журналистиканы жолға қою − басты бағыт, басты міндет болуы тиіс. Күнделікті ақпараттар мен жаңалықтар өзінің жылдамдығымен, динамикасымен ерекшеленсе ұтылмасы анық. Оқырманды тартатын Пулицердің де әдісін қолданып, әдеби, комикстік шығармаларға орын берсе, газетті кәдімгідей  оң өзгерістерге бастар еді. Басқа да қызықты жанрларды жандан­дырса, экономикалық ахуалы күрт өсіп, жақсарар ма еді деген ой бар. Барлық газет стандарт деп айтуға болмайды. Тарихи, әдеби, танымдық материалдар­ға басымдық берген баспасөзде іркіліс жоқ. Азды кем жазылым сол танымдық-әдеби, тарихи тақырыптардың арқасы. Ең басты проблема − тапсырыс алып, оны орындауда билікті мақтау мен мадақ, салалары кемшіліксіз, жаппай супер басшылар − бұл шындыққа қиянат жасау. Сынның жоқтығы, талдау мен зерттеу журналистикасының кен­желеуіне әкел­ді. Әлеуметтік желіде «шындықты» бір жақты айқайлатып, ұпай жинаған блогерлер журналистердің алтын ба­сын төмендетті. Ал жоғарыда ай­тылғандай, тапсырысты орындай отырып, сынауға, зерттеуге, рейтинг шығаруға, әкімдердің қызметін тал­дауға, жемқорлықты әшкерелеуге, жетістігі мен кемшілігін шынайы саралауға еркіндік берілсе, ол заңмен, не келісім шартпен бекітілсе, БАҚ -тың бағы ашылар еді», − дейді ол.

Ал журналист-публицист, республи­калық «Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы Төлен Тілеубай журналиске мәртебе беру керек дейді. Ол Қазақстанда журналистер құқығы бұзылатынын айтып, бұл олқылықтардың алдын алу үшін не істеу керек деген сұраққа өз пікірін білдірді.

«Біздің қоғамда да журналистерге әртүрлі қоқан-лоқы, қысым көрсету, соққыға жығу секілді жағдайлардың болатынын баспасөз бетінде жазып жүрміз. Бұл Қазақстанда журналистерді заң жүзінде қорғау механизмінің жоқ­тығын көрсетеді. Менің ойымша, жаңадан жазылатын «БАҚ туралы» заңға «журналистердің өзінің, отбасы мүшелерінің өмірі заңмен қорға­лады» деген бап енгізуіміз керек. Өйт­кені журналистер де төтенше жағдай саласы  қыз­­меткерлерімен бірдей шеру, жер сіл­кінісі мен өрт секілді қауіпті жерлерде жүріп, басын қатерге тігеді. Бұл жерде адамның жүйкесіне, жүрегіне үлкен салмақ түседі. Кешегі пандемия кезінде өз өмірлеріне төнген қауіпке қарамай, қоғамдық орындардан ақпарат таратқан кім? Әрине, журналистер қауымы. Бірақ олардың міндеттемелері көп, ал құқықтары жоқ! Сондықтан құқықтық, қауіпсіздік, әлеуметтік жағынан кепілдік берілуі тиіс. Бұл үшін журналистерге мәртебе керек, − дейді «Астана ақшамы» республикалық қоғамдық-саяси газетінің шеф-редакторы Төлен Тілеубай.

Журналист өз сөзінде журналистер­дің  мәртебесі мен кепілдігі жоқ екенін алға тартып, елде БАҚ туралы жаңа заң қабылдау керектігінің нақты себептерін ашып айтты. «БАҚ туралы» заңда да, еңбек кодексінде де ешқандай бап жоқ екенін, заңда тек міндеті ғана жазылғанын сөз етті.

«Заң қабылдау дегеніміз – мін­деттеу. Әрине, міндеттеу үшін себеп керек. Бізде БАҚ туралы жаңа заң қабылдауға бірнеше себеп бар. Біріншісі – еліміздегі «БАҚ туралы» заңда және Еңбек ко­дексінде журналистердің мәртебесі мен кепілдіктері туралы ешқандай бап жоқ. Анығырақ айтсақ, «БАҚ туралы» заңның 20-бабындағы 10 құқығы мен 21-бабындағы 5 міндеті ғана жазылған. Еңбек кодексінде мәртебе жөнінде бірауыз сөз жоқ.

Екінші себеп – Қазақстанда жур­налистердің конституциялық құқық­тары жиі бұзылады. Мысалы, бірнеше оппозициялық БАҚ-та жұмыс істеген әріптестерімізді мемлекеттік БАҚ жұмысқа қабылдамайды. Бір өкініштісі, сол жұмыссыз жүрген журналистер газет редакциясына берген өтінішінің екінші данасын сотқа апаруды білмейді. Ал Еңбек кодексінде «Журналистердің еңбек ету құқықтары» деген бөлім жоқ. Тіпті өзінің ұстанымы мен көзқарасы тұрғысынан жұмысынан қуылған журналисті ешқандай заң қорғамайды. Бұл − нонсенс.

Үшіншіден, шетелдегідей қазақстан­дық журналистердің де жеке өмірі мен жақындарының өміріне қауіп төнеді. Ондай кезде журналисті қорғайтын заңдық негіз тағы жоқ. Сондықтан қабылданатын заңда журналистің этика­лық-құқықтық нормаларымен қатар оның жеке басын, отбасы мүшелерін қорғайтын арнайы бап болуы тиіс. Ата заңымыздағы «Адамның өмірі бәрі­нен қымбат. Ол заңмен қорғалады» деген сөйлемді «БАҚ туралы» заңға да енгізіп, «Журналистердің өмірі заңмен қорғалады» деген баппен толықтыру қажет. Яғни міндеттемесі көп, құқығы мен кепілдіктері жоқ журналиске мәртебе беру керек!» − дейді әлеуметтік ғылымдар магистрі Т.Төлеубай.

Мәселен, көпшілік АҚШ-тағы БАҚ саласын ең еркін және шындықты ашып жазады деп есептейді. Бір қызығы АҚШ-тың бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы қатынастарды реттеудің заңнамалық бекітілген жүйе­сі жоқ. Мысалы, көптеген елде бар «БАҚ туралы заң» Америкада жоқ. Тек бірнеше федералды актілер мен бөлек штат заңдары баспасөздің әртүрлі аспектілеріне әсер етеді.

АҚШ-тың бұқаралық ақпарат құ­рал­дары монополияланудың жоғары деңгейімен ерекшеленеді. Кей басылым­ды қоспағанда, АҚШ-тағы барлық газеттер жекеменшік немесе ондаған, тіпті жүздеген газеттерге иелік ететін «Gannett» немесе «McClatchy» секілді ірі команияларына тиесілі.

Ал БАҚ-тағы цензура конституция деңгейінде тыйым салынған деуге де болады. Тек кей жағдайда ғана цензураға жол беріледі, алайда ол басылымға материал жарыққа шыққаннан кейін. Егер мақала немесе сюжет қандай да бір қауіп төндірсе, ұлтараздық тудыратын немесе көпшіліктің ашуын келтіретін, елге қауіпсіздік төндіретін мақала болса, сотқа жүгіну арқылы ғана цензуралай алады. Одан бөлек Еуроодаққа мүше елдердің көбі ашық саясатты ұстанады. Мұнда биліктегі көп ақпарат қолжетімді, басылым еркін түрде мемлекеттік және қоғамдық мекемелердің қызметін, олқылықтарын жариялауына мүмкіндік бар.

АҚШ-тағы БАҚ қоғамды ақпарат­тандырушы, халықтың билік қызметін бақылау мен баға беру құралы ретінде қалыптасқан. Осының кесірінен биліктің БАҚ-ты басқаруын шектейді.

Соңғы жылдары әлемде БАҚ-тың «бағын» арттыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Оның ішін­де «төртінші билік» өкілдерінің материалдық-тех­никалық базасын жақсарту, заманауи форматтарды пайдалануына ықпал ету, жаңалықты сапалы және жылдам таратуға жағдай жасалуда. Әсіресе мұндай үдеріс батыс елдерінде көп байқалады. Тіпті Австрия үкіметі кең ауқымды саяси пікірді қалыптастыру және басылымдардың кенде қалмауы мақсатында күнделікті басылымдарға арнайы субсидия бөледі. Ал Швеция­да таралымы жағынан екінші дең­гейлі газеттер қаржыландырылса, солтүстік-еуропалық елдерде билік діни, саяси және қоғамдық пікірді қалыптастыру мақсатында жұмыс істейтін басы­лымдарға қаражат бөледі.

Одан бөлек Францияда белгілі бір бұқаралық ақпарат құралдарын не­месе оның акцияларын сатып алуға кей заңнамалық шектеулер орнат­қан. Бұқаралық ақпарат құралдарын мемлекеттік монополиялау да демокра­тиялық «елдерде сөз бостандығының конституциялық құқығын бұзу» ретінде қарастырылып, заңмен қудаланады.

P.S. Қазақстандағы БАҚ туралы заң қай жағынан қараса да өзгертуді талап ететіні анық. Қоғамдық пікірді қалыптастыру, БАҚ-қа деген қызығушылықты арттыру, Президент көздеген «Ашық саясатты» жүзеге асыру үшін журналистер қауымының қызметін оңтайландыру керек. Қаламгерлер қауымы, төртінші билік өкілдері Президент бастамасының жүзеге асуын асыға күтіп жүргені рас. Себебі БАҚ-тың «бағын» еселеу «Жаңа Қазақстанға» қажет-ақ.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: