Қазір төрткүл дүниеге қазақ жұртының қадірін арттырып отырған атаулыларымыздың бірі емес, бірегейі – Байқоңыр ғарыш айлағы. Әлем назары ауған қалаға қызылордалық оқушылар саяхат жасады. Олар арнайы ұйымдастырылған эксурсия барысында «Союз МС-24» ғарыш кемесінің ұшу сәттін тамашалап қайтты. П.Д.Осипенко атындағы №8 орта мектептің оқушысы Қорғанбек Ербұланның арманы ғарышкер болу. Ол мұнда ғарыш саласының қыр-сырын білу үшін арнайы келгенін айтты. Қазақ ғарышкерлері – Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетов еңбек еткен жерде болу оқушыларға зор қуаныш сыйлапты.
– Мен көрген сәт есімнен ешқашан кетпейді. Себебі ғылым саласында да, жаратылыста да ең қызықты тақырып – ғарыш. Ғарышкер боламын, ғарышты зерттеймін деген талапты жасқа елімізде мүмкіндік мол. Қазір Қазақстанда космонавтика қарқынды дамып келе жатыр. Сондықтан жастарға ғарыш саласында, Байқоңырда жұмыс істеуге мүмкіндік көп. Ең өзекті салалардың бірі деп ойлаймын, сондықтан ғарышкер болса немесе осы тақырыптарда зерттеу жұмыстарын жүргізсе жақсы болады, – дейді Еркебұлан.
Мұнан соң оқушылар Космонавтика мұражайы, Байқоңыр қаласының көрікті орындары және қаланың белсенді жастарымен кездесті.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!