Осы аптада облыс әкімдігінде ана тіліміздің бүгіні мен ертеңіне арналған, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын саралаған, «қайтсек қазақ тілін дамытамыз?» деген сұраққа жауап іздеген жиын өтті. Тіл жанашырларын дөңгелек үстелге жинаған отырысқа халықаралық «Қазақ тілі»
қоғамының президенті
Рауан Кенжеханұлы қатысты.
Жиынды облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов ашып, жүргізіп отырды. Ол шілде айында өткізілген халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының кезектен тыс құрылтайында қоғам президенті болып сайланған Рауан Кенжеханұлын жаңа қызметімен құттықтап, жұмысына сәттілік тіледі. Аппарат басшысы өз сөзінде өңір тұрғындары үшін қазақ тілін оқып-үйренуге барлық жағдайдың жасалғанын, аймақтағы балабақшалардың 93,5 %-ы, мектептердің 90%-ы мемлекеттік тілде жұмыс істейтінін айтып өтті.
Келелі кеңесте Рауан Кенжеханұлы отыз жылдық тарихы бар «Қазақ тілі» қоғамының елімізде 135 өкілдігі барын атап өтті.
– Мемлекеттік тіл – тәуелсіздікпен тең ұғым. 90-жылдары жанданған тіл қоғамының жұмысы соңғы он жыл көлемінде әлсіреп қалғандай әсер етеді. Қазір жасыратыны жоқ, гаджетке сүйеніп кеткен жастар қазақша еркін сөйлеп, сауатты жаза алмайтын хәлге жетті. Мұны әрине, білім беру саласына қатысты сөз десек те, ол тіл мәселесіне келіп тіреледі. Халықаралық ұйымдардың сараптауынша, бүгінде адамдардың 64%-ы өз тілінде оқып, түсініп, сол мазмұнды қайта айтып бере алмайды екен. Мұның басты себептерінің бірі балалармен бетпе-бет келетін ақпараттық орта үлкен өзгеріске ұшыраған. Осы қиындықтардан қалай шығуға болады? – деген халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті бала көретін мультфильмнен бастап, ақпарат та, кино да, өзара байланыс та смартфонға сыйып тұрғанын сөз етті. Оның сөзінше, ұялы телефондағы қызмет қосымшалары түгел қазақшалануы тиіс.
– Бірақ осымен мәселе шешіле ме? Біз қандай мәселелерді қолға алуымыз керек? «Қазақтың тілі – қазақтың жаны. Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз», – деген болатын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Осы орайда қоғам ретінде мемлекет саясатына қандай игі ықпал жасай аламыз? Бүгін сіздермен осындай мәселелер төңірегінде пікірлесуге келдім, – деген Р.Кенжеханұлы сапарының мақсатын да мәлім етті.
Жиында облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов тіл саясатына байланысты аймақта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға биыл облыстық бюджеттен 19 млн теңге бөлініп, бүгінгі таңда үш әлеуметтік жоба іске асырылуда. Атап айтқанда, «Аймақта мемлекеттік тіл саясатын іске асыру», «Қоғамдық тамақтану орындарындағы ас мәзірінің лингвистикалық базасын қалыптастыру» және кәсіпкерлік нысандардың көрнекі ақпараттарында «Тіл туралы» Заңның және тілдік нормалардың сақталуын қамтамасыз ету бағытында «Korneki» әлеуметтік жобалары іске асырылуда, – деді басқарма басшысы.
А.Есмахановтың сөзіне сүйенсек, ас мәзірлерінің мемлекеттік тілдегі атауларының жинағын әзірлеу үшін Қорқыт ата университетінің ғалымдары Қызылорда қаласындағы қоғамдық тамақтану орындарында, Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада, Алматы қаласындағы Төрегелді Шарманов атындағы Тағам мәселелері институтында болып, тағам атауларына ғылыми зерттеу жүргізген. Бүгінде зерттеу жұмыстарының қорытындысымен ет, сүт, теңіз өнімдерінен, ұн, дәнді дақыл, тағы басқаларынан дайындалатын тағам атауларының анықтамалығы әзірленіп, жинақталып жатқан көрінеді.
Өз кезегінде сөз алған «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы Сәдуақас Аңсат атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Қорқыт ата университетінің профессоры Қазыбай Құдайбергенов тілдің даму динамикасының – отбасы, балабақша, білім беру мекемесі екенін мысалдап, жеке бала бақшалардың жұмысына бақылау жасалуы керектігін айтса, университет оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Алдажар Әбілов «Қазақ тілі» қоғамы терминкоммен тығыз байланыста жұмыс жасауы керектігін назарға салды. Сонымен бірге филология ғылымдарының кандидаты Болат Боранбай, ардагер ұстаз Ж.Егізбаев, қаламгер Ұзақ Бегімбаев, еңбек ардагері Айтбай Көшербаев пікір айтып, ұсыныстарын білдірді.
А.АҚЫЛБЕК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!