Қыркүйек – күздің алғашқы айы. Қазіргі ұстанып жүрген күнтізбеміздің 9-шы айы. Күз түсіп, аздап күн салқындататын кез.
Қыркүйек атауы қайдан шыққан?
Атаудың шығуы туралы пікір әртүрлі. Көбіне бұл атау мал шаруашылығына байланысты шыққан деседі. Қой мен ешкінің төлдеу мерзімін реттеу, атап айтқанда, оны жылдың жылы айларына келтіру және малдың қоңын толтыру мақсатымен қазақ шаруалары жаздың басында (көбіне маусым айының аяғында немесе шілденің басында, жердің географиялық жағдайына байланысты) қошқарлар мен текелерге күйек байлаған. Байланған күйек 90 күннен кейін алынып, аталық малдар еркін, бос жіберілетін болған.
Күйек – киізден істелген күректей бір зат.
Қыр қазақтарының күйек ағытатын айы «қыркүйек» деп аталған. Қой мен қошқар осы айда «қосылып», мал көктемге таяу төлдейді. Егер одан ерте қосылса, онда қой қыста төлдеп, суықтан қозы қырылып қалуы мүмкін.
Бұл кезде ұсақ мал қырдағы жазық жерге әкелінеді. Қошқарлардың күйегі алынады. Саулықтың да күйлейтін шағы. Малды жазыққа әкелетіні – жазы жер саулықтардың қашуына ыңғайлы. Мал күйлі, ауа райы қолайлы мезгіл. Сондықтан осы шақты күйек кезі немесе қыркүйек дейді.
Үш ай тоқсан болғанда
Құтылар қошқар күйектен, – делінеді.
Нысанбай жырауда:
Ай үш тоқсан күні еді,
Шаруа шешкен күйегін, – дейтін жолдар бар.
Сол сияқты:
Ел күйекті шешіпті,
Есепші айтты десіпті. (І. Жансүгіров. «Күз» өлеңі)
Атаудың шығуына «қырғи» атауы себеп болуы мүмкін деседі. Қырғи деген құс осы айда балапандарын қанаттандыратын көрінеді. Мұндай табиғи құбылыс та атауға себеп болуы мүмкін.
Табиғи құбылыстар
Қыркүйекте болатын ірі табиғи құбылыстардың бірі – Сүмбіле жұлдызының тууы. Сүмбіле жазда көк аспаннан жоғалып кетеді де, қыркүйек айының ортасына таман туып, көзге көрінетіндей келбетте болады. Мұны «Сүмбіленің тууы» дейді.
Халқымыз үшін Сүмбіленің тууы – зор белгі. Бұл уақытта күн аздап суыта бастайды. «Сүмбіле туса, су суыр» дейді. Яғни, су салқындайды. Сүмбіле туған сәттен бастап түн де суытады. Сондықтан бұл мезетте сыртқа, далада жатпаған, ұйықтамаған дұрыс.
Осы кезден бастап, жауын-шашын көбейеді. Осыны күз келді дейді. Күндіз күн шуақты болғанымен, түнде суытып кетеді. Содан шөптің басында шық пайда болады.
Қыркүйекте болатын тағы бір табиғи құбылыстың бірі – күн мен түннің теңесуі. Ол қыркүйек айының 22 немесе 23 жұлдызына сәйкес. Бұл дата жыл сайын өзгеріп отырады. Кібісе жылда (366 күн толық келетін жыл) бір күн артық болғандықтан күн мен түннің теңесетін уақытында аздаған айырмашылық бар. Бұл – күзгі теңелу. Оңтүстік жарты шарда, керісінше, наурыздағы күн мен түннің теңелуі күзгі, ал, күн мен түннің қыркүйекте теңелуі көктемгі болып саналады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!