Рамазан оразасы исламның бес парызының бірі. Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Ислам бес нәрсеге негiзделген: «Аллаһ Тағаладан басқа тәңiр жоқ, Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оның құлы, әрi елшiсi», – деп куәлiк ету, намаз оқу, зекет беру, қажылыққа бару және Рамазан айында ораза ұстау» – деген.
Рамазан айы кіргенде ораза тұту барлық мұсылмандар үшін парыз амал. Себебі Алла Тағала «Уа, мүминдер! Бұрынғыларға парыз етілгендей сендерге де ораза парыз етілді» – деп бақара сүресінің 183 аятында анық бұйырған. Ораза – таң атқаннан кеш батқанға дейін ас пен судан, яғни ішіп-жеуден және жұбайымен жақындасудан Алла разылығы үшін тыйылу. Оразада тек ішіп-жеуден ғана тиылу жеткіліксіз, сонымен қатар дене-мүшелеріміз бен жүректерімізге ораза ұстау керек екендігін айтқан ғалымдар бар. Ислам ғұламасы имам Әл-Ғазали ораза мен ораза ұстаушылардың сатысы болатынын айтып, оларды үш топқа бөлген.
Қарапайым ораза. Бұл – көпшілік мұсылман орындайтын ораза түрі. Бұл топтағылар оразаның мәні ішіпжеу мен жыныстық байланысты тоқтату деп қана біледі. Алайда оразаның мақсаты адам бойына тақуалық пен адамгершілікті орнату екенін ұмытпаған жөн. Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «күндіз ораза ұстап, түнін намазбен өткізетін, бірақ көршісіне тілімен зиян келтіретін әйел туралы хабар жеткенде, Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ол әйел тозақ» – деп жауап берген. Бұл хадис ораза тек ішіп-жеу мен шәһуатты тежеуден ғана тұрмайтынын дәлелдейді.
Ерекше ораза. Қарапайым оразамен бірге тіл, қол, көз, құлақ сынды дене мүшелерімен де ораза тұту. Тілі және дене мүшелерін күнәдан сақтаған мұсылманның сауабы қарапайым ораза ұстаушының сауабынан артық болады. Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Нағыз мұсылман өзгеге тілімен де қолымен де зиян бермеген мұсылман» – деген. Осы хадисті жете түсінген момын мұсылман оразаның екінші сатысына өтіп, сауабы жойылып, босқа кеткен ораза ұстаушылардан болмайды.
Бірегей ораза Қарапайым және ерекше оразамен қоса жүрек оразасын ұстау. Жүрек оразасы деген көреалмаушылық, екіжүзділік, тәкаппарлық т.с.с жүрек ауруларынан арылып, бар жантәнімен, ойымен Алламен бірге болу. Әр мұсылман өзіне есеп беріп, оразаны қалай өткізіп жатқанына баса назар аудару керек. Оразаның жоғарғы сатысына ұмтылу арқылы мол сауапқа жету әрбір мұсылманның мақсаты болуы тиіс. Ораза тұту адам баласын екі өмірде де бақытқа бөлейтін ұлы құлшылық.
Рамазан оразасының артықшылығына тоқталар болсақ:
1. Ораза тозақ отынан қалқан Жабир (р.а) жеткізген хадисте Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Ораза қалқан, онымен адам тозақ отынан қорғанады» – деген.
2.Ораза жәннатқа апарар жол Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Жәннатта «Раййан» атты қақпа бар. Қиямет күні ол қақпадан ораза ұстағандардан өзге ешкiм кiрмейдi. Қиямет күнi: «Ораза ұстағандар қайда?», – деп жар салынады. Сонда ораза ұстағандар тұрып сол қақпадан кiредi. Олар кiрiп болған соң, қақпа жабылып, одан басқа ешкiм кiрмейдi» – деп ораза арқылы жәннатқа кірер жол табатынымызды айтқан.
3. Оразаның сауабы есепсіз Алла тағала пенденің істеген құлшылықтарының ішінде тек оразаға қатысты: «Пенденің бұл құлшылығы Мен үшін», – деді. Бұл оразаның ерекше құрметке лайық құлшылық түрі екенін көрсетеді. Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір сөзінде: «Адам (ғ.с.) баласының барлық амалының сауабы оннан жеті жүз есеге дейін еселеніп беріледі», – десе («Сахиху Муслим»), екінші бір хадисінде: «Хақ тағала айтады: «Адам (ғ.с.) баласының барлық амалы өзі үшін. Тек ораза Мен үшін. Оразаның қарымын мен беремін» – деген.
4. Ораза екі өмірде қуанышқа бөлейді Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Ораза ұстаушыға екі шаттық бар: Бірі – ауыз ашқанда қуанады. Екіншісі – Қияметте Раббысымен жүздескенде ораза ұстағанына қуанады», – деген.
5. Ораза нәпсі тәрбиесі Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Ей жігіттер, сендердің қайсыларың үйленуге шамасы жетсе, үйленсін! Себебі үйлену көзді және әуретті сақтауға себеп болады. Енді кім үйленуге шамасы жетпесе, онда ораза ұстасын, ол оған қорған болады» – деп үйленуге шамасы келмеген жастарға ораза ұстау арқылы күнәдан алыс болып, нәпсісін тежеуді өсиет еткен.
6. Ораза қияметте шапағатшы Қияметте ораза ұстаған адамға оразасы шапағат етеді, яғни ауыр халде тұрған болса жағдайының жеңілдеуіне себеп болады. Имам Ахмад Абдулла ибн Амр ибн Астан риуаят етіп Алла елшісінің «Қиямет күні ораза мен Құран пендеге шапағат етіп, ораза: «Я, Раббым! Мен оны күндіз ішіп-жеуден тыйдым. Менің шапағатымды қабыл ет», – десе, Құран: «Я, Раббым! Мен оны түнде ұйқысынан айырдым. Менің шапағатымды қабыл ет», – дейді. Кейін олардың шапағаты қабыл етіледі» – дегенін жеткізген.
7. Ораза күнәларды жояды Адам баласы қателесуші сол қателескендердің ең жақсысы Алладан кешірім тілегендер. Алла адам баласының күнәларын түрлі себептермен кешіреді, соның бірі рамазан айының оразасы. Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Рамазан айында шын иман келтіріп және сауабынан үміттеніп ораза ұстаған адамның бұрын iстеген күнәлары кешiрiледi» – деген. Барша әлемдердің жаратушысы Алла Тағала тұтқан оразаларымызды қабыл етсін! Еліміз аман, халқымыз тыныш болсын!
Берік СҮЛЕЙМЕНОВ,
Қызылорда қалалық орталық «Нұр» мешітінің бас имамы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!