Жұма, 27 желтоқсан, 12:21

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Сессия: Ел игілігіне қызмет ететін жобалар жүзеге асуда

19.08.2023

575 0

Апта басында қалалық мәслихаттың кезектен тыс

VI сессиясы өтті. Сессияға дейінгі тұрақты комиссияда күн тәртібіндегі мәселелер талқыланды.

Комиссияда қала бюджетіне енгізілетін өзгерістер жайын қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Гүлнар Баймаханова хабарлады. Хабарламашы қала бюджетіндегі кірістер мен шығыстар жайын баяндап, қай салаға қаржы қаралғанын тізбектеп айтты. Хабарламада айтылғандай, халық игілігіне қызмет ететін жобалар жүзеге асып, нәтижесін беруі үшін тиісті көлемде қаржы қаралуда. Оның ішінде қаланың инфрақұрылымы, ауылдарды газдандыру, қала көшелерін абаттандыру жұмыстарына қаржы қаралуда. Хабарламашы қала бюджетінің жайын баяндағанда елең еткізер жаңалықтарды да айтты. Мәселен, көптен бері айтылып жүрген көпбалалы аналардың қоғамдық көлікте тегін жүруі шешімін таппақ. Атап айтқанда, «Алтын алқа», «Күміс алқа» ордендерімен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар және бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдардың 1 қыр­күйектен бастап тегін жүруіне қаржы бөлінуде.

Хабарламашы атап айтқандай, қалада атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны артқан. Қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Гүлнар Баймаханова қалада тоқсан сайын кедейшілік шегі өсіп, әлеуметтік көмек алушылар саны мен төлем көлемінің өсуіне байланысты қосымша қаржы қажеттігін атап өтті. Халық қалаулылары қаржы бөлуді қолдағанымен, көмекке мұқ­таж­дардың санының артуы ой­лантарлық жағдай. Сондай-ақ мүгедектігі бар адам санының артуы да өзекті мәселенің бірі. Қаражаттың қайда бағытталатынын баяндаған экономистің ақпаратынан қала тіршілігіндегі өзекті мәселелерді аңғаруға болады. Соның бірі –  «Қызылорда автобус паркінің» қала бюджетіне салмақ салуы. Хабарламашы атап айтқандай, «Қызылорда Автобус паркі» ЖШС «Еуропалық қайта құру және даму» банкінің несиелік қарызын өтеуге 1 266 700 мың теңге қажеттігін айтты. Бұл мәселеге келгенде халық қалаулылары үндемей қалмады. Депутат Мейрамбек Есжанов автобус паркі құрылғалы бері жергілікті бюджеттен қаржы құйылып келе жатқаны, тіпті тарифі де көтерілгенін айта келіп, «қоғамдық көлік қызметі өзін-өзі неге ақтамайды?» деген мәселені көтерді. Қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Гүлнар Бұрханқызы автобус паркінің несиесі келісімшартқа сәйкес 2017 жылдан бері төленіп келе жатқанын, несие төлеу мерзімі 2024 жылы аяқталатынын жеткізді. Сондай-ақ, ертеңгі күні лизингке алынатын автобустардың қаржысын төлеуге автобус паркінің шамасы келер ме екен деген күмәнді сұрақтар да болмай қалған жоқ.

Тұрақты комиссия отырысында қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Жеңіс Файзуллаев қалаға қыста жылы, жауын-шашыннан қорған болар аялдама қажет деген ұсынысын жеткізді. Бөлім басшысының айтуынша, бір аялдама құны 9 млн теңгеден аса қаржы құрайды екен. Бұл ұсынысқа депутат Дінмұхаммед Абызов «қалаға жылы аялдамадан гөрі, ыстықта сая болар аялдама қажет екенін айтты. «Біздің өңірде қыс ұзақ болмайтыны белгілі, сондықтан керісінше ыстықта салқын, жайлы болатын аялдамалар орнату керек. Сондай-ақ автобустардың жүру ұзақтығын бір жүйеге түсіру керек» деген ұсынысын білдірді. Аялдама жайын біраз талқылаған депутаттар бұл үшін арнайы есеп-қисабы жазылса деген ұсыныс айтты. Тұрақты комиссияда қаржы жайынан бөлек, депутат Айгүл Мұсабаева қаңғыбас иттердің көбейіп кеткеніне алаңдайтынын жеткізді. Балалар мектепке баратын күн де алыс емес екенін, олардың қауіпсіздігі үшін қаңғыбас иттерді азайту жайын бір ретке келтірсе деген ұсынысы да көкейкесті мәселенің бірі екені белгілі.

Тұрақты комиссия отырысынан кейін кезектен тыс сессия өтіп, оған қала әкімі Асылбек Шәменов қатысты. Сессияға дейін күн тәртібіндегі мәселелер әбден талқыланған соң, сессия жұмысы ұзаққа созылмады. Сессияда сөз алған қала әкімі Асылбек Шәменов қаламызда ірі жобалар жүзеге асып жатқанын, күзде Қызылорда облысының құрылғанына 85 жыл, Қызылорда қаласының 205 жылдығы кең көлемде аталып өтілетіндігін, мерекелік шаралар орталық алаңнан бастау алып, мазмұнды шаралармен жалғасатынын жеткізді. Бүгінде қалалықтардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында ел игілігіне қызмет ететін жобалардың сапалы жүзеге асып жатқанын атап айтты.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: