Жаңа жылдың сәнін кіргізіп, әрін әспеттейтін жасыл шырша екені әмбеге аян. Шырша көне замандарда өмір сүрген халықтарда қасиетті ағаш саналған. Ал кейбір елдерде шыршаға арнап құрбандық шалатын болған. Ал тағы бір елдерде шыршаға мінәжат етіп, оған балауыз шам жағатын болған. Шырша – қарағай тұқымдасына жататын қылқан жапырақты ағаш. Табиғат жаратылысының ерекше қасиетіне малынған өсімдік 6-12 жыл аралығында өздігінен жаңарып отыратын көрінеді. Еліміз бойынша жасыл түсті шыршалар Алатау баурайында өсіп тұр. Олар қала көркін келтіріп, көрген жанның көз қуанышын еселеп тұрады. Шыршаның шығу тарихы туралы түрлі аңыз-әңгімелер бар. Сонау ескі дәуірлерде адамдар ағашқа табынып, оларға әртүрлі дүниелер іліп құрмет көрсеткен. Одан соң орманға барып мәңгі жасыл болып тұратын шыршаға табынатын болған. Кейін келе шыршаны отбасыларына әкеліп, оған төрден орын берген. Содан бері күні бүгінге дейін шыршаны айнала ән айтып жаңа жылды күтіп алу адамзат баласының өмір тіршілігінде ажырамас бір бөлігіне айналып отыр. Көрші Ресей мемлекетінде бұл үрдіс сонау І Петр заманынан жалғасып келеді.
Жазушы Мұрат Әжі «Қыпшақтар» атты еңбегінде шыршаны айнала ән салу көшпенділер дәуірінен келе жатқаны жайлы жазады. Шығармада бұл мереке жер шарының тура кіндігінде тіршілік ететін жер-судың құрметіне арналған. Ежелгі алтайлықтар шырша мерекесін желтоқсан айының аяғында күннің ұзарғанын тойлап атап өтетін болған. Содан тілеген тілектер қабыл боларына сенім білдіріп, оған түрлі-түсті шүберектер байлап айнала би билеген. Ендеше, шырша айналу мерекесін тұңғыш түркілер тойлаған болса Еуропа еліне бұл кейіннен келген болып отырғаны хақ. Бір анығы, жасыл шыршаның қалыптасу тарихы қай ғасырда пайда болса да күні бүгінге дейін ұрпақ санасында жаңғырып келе жатыр. Бұл қазақы салт санамызға да сіңісіп келеді. Дегенмен алаш баласының айрықша атап өтетін Наурыз мерекесінің орны біз үшін бағалы да басым бола бермек.
Тұрар ШАЙДУЛЛА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!