Жексенбі, 22 желтоқсан, 16:09

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Сүрбойдақ: материалдық құндылық маңызды ма?

03.10.2023

461 0

Жасы келсе де отбасын құрмаған, тұрмыс­қа шықпаған қыз-жігіттер қаншама. Сананы тұрмыс билеген уақытта көбінің қызмет қуып, алдымен материалдық жағдайға баса мән беретіні бар. Әл-ауқатын арттырып, тұрмысын түзеген соң шаңырақ көтергенді қалайды. Бұған артық бірдеңе деудің өзі де дұрыс емес шығар. Расымен, қоғамның санасы, көзқарасы өзгерген тұста тұрмыс жағдайды алдыңғы орынға қою заңдылық. Басында баспанасы, астында көлігі, тұрақты жұмысы болса отбасы қажеттілігін өтей алатын болар. Бұл күнде есепсіз үйленіп, бала-шағамен пәтер жалдап, көшіп-қонып жүргендер қаншама. Соған қарап мұндай көзқарастың қалыптасуы қалыпты сияқты.

Халқымыз «Он үште отау иесі» дегенді санаға ертең жастан сіңірген. Иә, ұрпағымен мың жасауды қалайтын бабаларымыз отбасын құрып, ізін жалғар ұлының, өрісін кеңейтер қызының болғанын қалаған. Алайда бүгінгі күні сүрбойдақтар жайы күн тәртібіндегі мәселеге айналған.

Өмірде қолыңды мезгілінен кеш сермеп, өкініп қалатын кездер болады. Өмір болған соң төрт құбылаңды тең ете алмайтының тағы бар. Бүгін материалдық жайыңды күйттеп жүріп, ертең өзекті өртер күйге түспесіңе кім кепіл?

Қазір кеш үйлену қоғамда өзекті мәселеге айналған. Елімізде 27 жастан асқан азаматтар сүрбойдақ деп танылса, қыздардың шекті жасы 25 екен. Осы орайда психолог маманның пікірін білгенді жөн көрген едік.

– Әрбір азаматтың үйленуіне жасы маңызды дей алмаймын. Ол оның бойындағы ересектік қасиетінің дамуына байланысты. Бірі өзін әлі жас көруі мүмкін. Екіншісі ерте есейіп, отбасын құруды қалайды. Бұл біржақты қарайтын мәселе емес. Бұған ата-атаның баланың санасын қалыптастыруы, араласатын адамдарының ықпалы әсер етуі мүмкін. Мәселен кейбір ата-аналар баласын шектен тыс өбектеп, қамқорлық танытады. Мұндай тәрбиені сіңірген баланың сол қалыптан шыққысы келмеуі мүмкін. Сол сияқты кейбірі отбасы бала тәрбиесінде материалдық жағдайының жетіспеушілігіне басымдық беруі мүмкін. Сол себепті тұрмыс жағдайымды түземей үйленбеймін деген пікірді ұстанады. Сондықтан отбасы құрудың маңызын оның өзіндік ауыртпалығы барын, соны жеңе білгенде босағаңның берік болатынын жастайынан ұғындыру керек. Жауапкершіліктен қашпайтын, материалдық жағдайдың маңызды еместігін жіті түсінетін болғаны абзал, дейді, – психолог Жазира Ізтай.

Еліміздің демографиялық ахуалын арттыруды көздеген қазіргі кезеңде сүрбойдақтардың көбеюі алаңдайтын жағдай. Ғалымдар олардың демографияға кері әсер ететінін алға тартады. Расымен, жас ұлғайған сайын адамның ұрпақ сүю мүмкіндігі азаяды. Мұны дәрігерлер адам ағзасының жыл өткен сайын өзгеріске ұшырайтынымен түсіндіреді. Әсіресе қыз баласында жасы келген сайын бұл мүмкіндік  шектеледі. Сондықтан оларға 30 жасқа дейін балалы болуға кеңес береді. Одан кейінгі уақытта бала мен ана өміріне төнер қауіп басым болатынын айтады. Зерттеушілердің сөзіне сенсек, жасы ұлғайған жігіт пен қыздан дүниеге келген сәбилері аурушаң, түрлі кемшіліктерге бейім келеді екен.

Кеңес дәуірі кезінде сүрбойдақтарға салынатын арнайы салық түрі болған деседі. Еліміз егемендік алған тұста бұл жойылған екен. Кейінірек бұл мәселе қайта қозғалып, сүрбойдақтар салығын енгізу ұсынылған. Дегенмен көпшілік тарапынан қарсы пікірлер айтылып, тақырып жабулы күйінде қалды.

Жоғарыда кеш үйленудің негізі себебін әлеуметтік жағдай деп көрсеткен едік. Алайда оның одан да өзге себебі жетерлік. Мәселен, өзіне лайықты жанды жолықтырмауы. Өмірде жар таңдауда қателеспеу керек деген қағиданы ұстанатындар бұған аса мән береді. Мұндайда халқымыз «Таңдаған тазға жолығады» дейді. Сонымен қатар кейбір азаматтардың жайлы өмірден бас тартқысы келмей, жауап­кершілік алғысы келмейтін эгоистік қасиеті де сүр­бойдақтыққа себеп болуда. Бұдан бөлек толық отбасынан шықпаған жандар да үйленуге асықпайтын көрінеді.

Кейбір дерекке сенсек, елімізде қыздардың 30 пайызы, ал жігіттердің 40 пайызы бойдақтар қатарында екен. Өкініштісі сол, бойдақ өмірге еті үйреніп, отбасын құруға асықпайтындар саны соңғы жылда екі есеге артыпты.

Айдана СЕЙІЛ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: