Сейсенбі, 26 қараша, 03:01

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

«Үйден кетемін». Өтпелі кезеңдегі жасөспіріммен қалай сөйлесу керек?

31.12.2022

999 0

Жасөспіріммен қалай сөйлесу керегі көпшілік ата-ананы мазалайды. Себебі олар енді бала да, ересек те емес. Олармен қалайша ортақ тіл табуға болады және олардлың жеке тұлға болып өсуіне қалай көмектесе аламыз?

13 жастан бастап кәмелетке толғанға дейінгі балаларды жасөспірімдер деп атайды. Оларды тинейджерлер деп те айтады. Ол ағылшын тіліндегі «teen» тіркесімен аяқталатын сандар: 13 – thirteen, 14 – fourteen, 15 – fifteen және т.б. Бірақ қазір көпшілік мамандар мен ата-аналардан заманауи балаларда өтпелі кезең ерте басталып келе жатқанын жиі естуге болады. Мысалы, қазір өтпелі кезең кей балаларда 9-10 жаста басталады.

Өтпелі жастағы баланың белгілері:

  • Бала үшін ата-ана емес, құрдастарының беделі жоғары болады;
  • Бала жеке шекара қоя бастайды. Мысалы, есікті қақпай кірмеуін, оның бөлмесін жинамауын сұрайды;
  • Бұрын бәрін тыңдайтын балаңыз өтінішіңізге құлақ аспайды немесе бұртиып шыға келеді;
  • Шашын түрлі түсті етіп бояғысы келеді, татуировка жасатқысы келеді немесе сабаққа үлгерімі нашарлайды;
  • Бала ашуланшақ, жылауық немесе ренжігіш болып кетеді;
  • Қызығушылықтары өзгеріп кетуі мүмкін. Әрдайым өз-өзін іздеумен болады. Бүгін гитара сұраса, ертең үйренгісі келмейтінін айтады.

Бірақ бала мұның бәрін сізге қырсығып, әдейі істемейді. Не болып жүргенін оның өзі де түсінбейді. Өз сезімдерін түсінгісі келеді. Оған қазір сабақтағы үлгеріміне қарағанда түрі және ұжымдағы орны маңыздырақ.

Ата-ана өтпелі кезеңнен өтіп жатқан жасөспіріммен қалай сөйлесуі керек?

Бұл кезеңдегі ата-ананың басты мақсаты – сабырлы болу. Бұл айтқанға оңай, бірақ іс жүзінде қиын. Себебі өтпелі кезеңдегі жасөсіпірім есікті тарс жауып, «мен сені жек көремін» деп айқайлап, «үйден кетемін» деп қорқытқан кезде ашуланбасқа амал жоқ.

Мұндай жасөспірімдермен сөйлесудің бірнеше ережесін ұсынамыз:

Баланы кінәламаңыз. Ата-ана кінәлауға көшпей, өз сезімдерін айтып үйренуі керек. Мысалы, «Саған не болған? Үйде де ештеңе істемейсің. Болды, енді ешқайда шықпайсың!» деудің орнына «Мен ренжідім. Уайымдап жүрмін, маған қатты тиді» деп айтыңыз.

Шынайы қызығушылық білдіріңіз. Балаңыздың тоқтамастан сөйлей беретін және армандарын, ойларын айтатын кезі есіңізде ма? Жасөспірімде бұл функция өшіріледі. Ал енді кез келген сұрағыңызға «жақсы» деген бір сөзден басқа еш жауап алмайсыз. Жағдайды сіздің шынайы қызығушылығыңыз өзгерте алады. Ұялы телефонға немесе ноутбукқа қарап отырып, бірдеңе сұрауды қойыңыз.

Ақыл айтпаңыз. Жасөспіріммен айтқан әр әңгімеңізді ақыл айтумен бастасаңыз немесе аяқтасаңыз, оның сізбен сөйлескісі келмейтін болады. «Мен сен сияқты болғанда…», «Айттым ғой» деген сөздерді жиі айтсаңыз, жасөспірім сізбен проблемаларын бөліспейді. Ол сіздің не айтатыныңызды алдын ла біліп тұрады. Ақыл айтар алдында одан сұраңыз: «Менің көмегім қажет пе?», «Ал мен бұл туралы не ойлайтынымды білгің келе ме?».

Өз жаңалықтарыңызбен бөлісіңіз. Балаңыздың есейіп келе жатқанын түсініңіз. Өз жоспарларыңызбен, жұмыстағы проблемалараыңызбен бөлісіңіз және қажет кезде оның да пікірін сұраңыз. Бұрын балаңызға ертегі оқитын едіңіз. Енді олардың орнын шынайы оқиғалар басады. Шын оқиғалар арқылы оған ненің «жақсы» және ненің «жаман» екенін түсіндіре аласыз.

Сабырлылық сақтаңыз. Бұл жанжалдан жеңімпаз болып шығудың ең тиімді жолы. Балаға айқайлап, жындану арқылы сіз керісінше әлсіздігіңізді көрсетесіз. Бұл кезде жасөспірім сіздің көңіл күйіңізді және эмоцияңызды басқара алатынын сезеді. Терең тыныс алыңыз. Егер ашуланайын деп тұрғаныңызды сезсеңіз, үзіліс алыңыз. Балаға бұл тақырыпқа ертең оралатыныңызды айтыңыз. «Мен солай айттым, болды» дегенді қойыңыз. Кейін жақсылап ойланып, жағдайға сырттай басқаша көзбен қарап көріңіз.

Оның сезімдерін жоққа шығармаңыз. Балаңыздың да өз сезімдері бар. Оны тыңдаңыз, бағалаңыз және қолдаңыз. «Сен осы не істеп шаршадың» деп оның сезімін жоққа шығармаңыз. Бірақ әрине, қатты еркелетіп жіберудің де қажеті жоқ. Оның орнына «Сенің шаршағаныңды түсініп тұрмын. Мен де шаршадым. Екеуміз бірге жасасақ, тез аяқтаймыз» деп көріңіз.

Құшақтаңыз. Кейде жай сөйлесу жеткіліксіз болатын жағдайлар болады. Ендеше, балаңызды құшақтаңыз. Бұл әмбебап дәрі. Ол нашар көңіл күйді көтеруге және жан-дүниесінің тынышталуына көмектеседі. Сондай-ақ баланы күлдіруге болады немесе бірге сүйікті іспен айналысыңыз.

massaget.kz

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: