«Youtubе» – алып платформа. Қаралымы жағынан әлемде екінші орын алатын бұл платформа күн жүйесіндегі бөлек планетамен пара-пар. Дегенмен оның танымал платформа екені ешкімге жаңалық емес. Десе де біз осы мақалада видеоның ең көлемді қоймасы «Youtubе» туралы сіз бен біз білмейтін ақпаратты жазуды жөн көрдік. Мақаладан сіз қанша адам «Youtubе»-ты қолданатынын, оның бағасы мен ең бай ютуб-блогерлер туралы біле аласыз.
Мәселен, «Youtubе» платформасын ай сайын тіркелген 2 млрд адам қолданады екен. Бұл білмесеңіз, жердегі адам санының төрттен бір бөлігі. Оның ішінде 62 проценті ерлер болса, 38 проценті әйелдер. Одан бөлек, әр минут сайын «Youtubе»-қа 500 минуттық контент жүктеледі. Яғни, ютубқа жүктелген бір күндік контентті көру үшін 82 жыл уақыт қажет.
«Youtubе» 2005 жылы РауРаl қызметкерлері Джавед Карим, Чед Херли мен Стив Ченнің бастауымен ашылды. Оған сол жылы 14 ақпанда «Youtubе» атауы беріліп, 23 сәуірде алғашқы видео жүктелді. Ал 2016 жылы танымалдылығына байланысты «Google» компаниясы 1,65 млрд долларға сатып алды.
Шамамен күн сайын адамдар «Youtubе»-та бес миллиард видео көрсе, айына 150 млрд видео көреді-мыс. Алайда бұл платформаның 2019 жылы жариялаған көрсеткіші. Қазіргі таңда бұл статистика едәуір өскені анық.
Америкалық «Forbes» журналы 2021 жылғы ютубтағы ең табысты адамдардың тізімін жариялады. Ең бірінші орында Mr.Beast каналының иесі Джимми Дональдсон тұр. Ол 2021 жылы «Youtubе» арқылы шамамен 54 млн доллар тапқан. Оның аудиториясы өткен жылы видеоларын 10 млрд рет көріп, нәтижесінде 2 жыл бойы бірінші орынды бермеген 10 жастағы Райан Кадзиды басып озды.
Тағы бір айта кетерлігі, қолданушы орта есеппен бір рет қолданғанда «Youtubе»-та 40 минут уақытын өткізеді екен. Расымен, мұндағы контент, әр тіркелушіге қарай жұмыс істейтін «интернет инстинкт» біраз уақытқа өзіне байлап қоятыны жасырын емес.
«Youtubе» платформасының күллі әлемге танымал екені жасырын емес. Дегенмен оның бұл танымалдығын сақтап қалу үшін ол 80 түрлі әлем тілінде жұмыс жасауы арқылы интернет қолданушылардың 95 процентіне қолжетімді. Сондай-ақ «Youtubе»-тың әлемнің 90 елінде қолданушылары бар.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!