Уақыт пен сәттің маңызын жете түсінбеу – адамның бақытты уысынан сырғытар тұсы. Сондықтан заман мен буын ауысқан сәтте бұл ұғымдар жаңарып, түрлі байлам арқылы адамзатқа тың сауалды жолдайды. Осы орайда Нобель сыйлығының иегері Ольга Токарчуктың шығармашылығы ғасыр басында уақыт пен сәтті өзгеше тәпсірлеген болмысқа айналды. Автордың ерекше маңызға ие «Желаяқтар» кітабының бір ұстыны да осы уақыт тақырыбына арналған. Жазушының бұрын кезікпеген ой-сүрлеуі таным тереңіне қайта үңілуге қозғау салар деген ниетпен аталған кітаптың тамшыдай бөлігін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Сапарға аттансам, ғайыпқа айналам. Қайда екенімді тірі жан білмейді. Сапарға аттанған жердемін бе, әлде көздеген меже маңындамын ба, белгісіз?
«Аралық» деген бар ма екен өзі? Шығысқа ұшқанда жоғалтқан күн шығармын, әлде батысқа ұшқанда тапқан түн болармын? Маған квант физикасының мақтанына айналған заң әсер ете ме? Бөлшек бір мезгілде қос мекенде өмір сүре ала ма? Немесе басқаша, бізге әлі беймәлім, дәлелсіз: егіздердің бір жерде өмір сүре алмауы мүмкін бе?
Ойымша, біз сияқтылар көп. Жоғалғандар, ғайыпқа сіңгендер. Аяқастынан әуежейдың кіреберісінде шекарашы төлқұжатқа мөр басқанда немесе кішіпейіл швейцар бөлменің кілтін табыстағанда бастаушылар мен ғайыпқа сіңгендер қайта өмір сүре бастайтындай. Мүмкін, бұл адамдар өздерінің табансыздығын, мекенге, жыл мезгіліне, тілге, болмаса өз микроклиматы бар қалаға тәуелді болғандарын сезген болар. Тұрақсыздық, ұтқырлық, сағым – міне, өркениетті адам болудың сиқы. Жабайылар ғана саяхаттамайды, олар тек мақсатқа қарсы жүреді немесе шапқыншылық жасайды.
Мені термостағы шөпті шаймен тойдырған әйел осындай көзқарасты ұстанады екен: екеуміз бізді вокзалдан әуежайға апаратын автобусты күтіп отырмыз; оның саусақтарына қынамен сурет салынған – күн өткен сайын сайын түрлене беретін ғажайып өрнектер. Жол бойы ол маған уақыт туралы дәріс оқыды. Айтуынша, отырықшы, егіншілікпен айналысатын ұлттар әр оқиға өз бастауына оралған сәтте немесе ұрық ұйығанда, жетілу мен өлім процесінде циклды уақытқа жүгінген екен. Алайда көшпенділер мен саудагерлер сапарға аттанарда саяхатқа ығайлы болу үшін өзгеше уақыт ойлап табуға мәжбүр болған көрінеді. Бұл сызықты уақыт мақсатқа жетудің өлшемі болғандықтан, анағұрлым тиімді. Мұнда әрбір сәт бір-бірінен өзгеше және қайталанбайды, сәйкесінше тәуекелге барып, өмір ырғағынан қалыспауға мүмкіндік береді. Шын мәнінде бұл жаңалық ескі дәуір өкілдеріне жақсылық әкелмеді. Себебі жыл мезгілдерін елемеу мүмкін емес, салдарынан жоғалу мен қаралы сәттер жиіледі. Сондықтан олардың аузынан «бекершілік», «сарқылу» деген сөз естілмеуі де заңдылық шығар.
– Бекер тыраштану, сарқылған күштер, – әйел керемет қолдарын төбесіне қойып, күле бастады. Оның айтуынша, мұндай сызықты уақытта өмір сүрудің бір ғана жолы – арақашықтық сақтау, әрбір қимылы уақытты жалғайтын би билеу. Желаяқтар бұл межені еңсереді: бір қадам алға – бір қадам артқа, солға-оңға, мұндай қимылдарды есте сақтау оңай. Әлем кеңіген сайын мұндай бимен ғаламды кезуге – жеті мұхит, екі тіл, тұтас дін үшін көшіп-қонуға болады.
Алайда мен оған мұндай көзқарасқа өзгеше пікірде екенімді жеткіздім. Саяхатшының уақыты біркелкі емес, бір уақыттың ішінде қаншама сәт бар. Бұл архипелаг пен аралдардағы уақыт мұхиттағы сапырылысқан хаосқа реттілік сыйлайтыны тәрізді, әрбір нүктенің өз артықшылығы, меридиандық өзгешелігі бар. Сондықтан бұған қатты мән беруге болмайды. Ұшақта уақыт сағымға айналады – маңдайыңа күн шағылысса, көп күтпей, желкеңе ымырт төнеді. Үлкен шаһарлардағы қасқағым сәтке тежейтін гектикалық уақыт бол-быратып, түннің құлы етеді – иллюминатордан көрінетін елсіз жазықтық секілді.
Тағы айтарым, әлем біздің ішімізде, ми қатпарымызда, домалақ бездерімізде секілді, ал алып глобус тамағымызда сияқты. Ақиқатында, жөтелсек болды, алып глобус атқақтап шығатындай.
Орыс тілінен аударған Берен ШАҒЫРОВ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!