Жұма, 27 желтоқсан, 00:29

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Ахмет Байтұрсынов және Қызылорда

20.12.2022

1316 0

«Ызыңдап, ұшқан мынау біздің маса,

Сап-сары, аяқтары ұзын маса.

Өзіңе біткен түсі өзгерілмес,

Дегенмен қара яки қызыл маса.

Үстінде ұйықтағанның айнала ұшып,

Қаққы жеп қанаттары бұзылғанша.

Ұйқысын аз да болса бөлмес пе екен,

Қоймастан құлағына ызыңдаса?»

Бұл – ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынұылының «Маса» деген өлеңі. Аңдағанға «Масаның» айтар ойы тым терең. Ахметтей алып өзі өмір сүрген кезеңдегі қазақ қоғамын оқу-білім арқылы алға өрлетуді көздеген. «Масаның» негізгі идеялық қазығы – жұртшылықты оқуға, өнер-білімге, рухани көтерілуге шақыру, адамгер­шілікті, мәдениетті уағыздау, еңбек етуге үндеу. Бүгін біз ұлт ұстазы, қазақ тіл білімінің негізін қалаушы, қазақ әдебиеттану ғылымына негіз салушы, журна­лист-пуб­лицист, ақын-жазушы, аудармашы, қазақ филология­­сының атасы Ахмет Байтұрсыновтай алыптың Қызылорда­ның астана болған шағымен байланысын сөз етеміз.

«Ақмешіт апталығы» газетінің тілшісі Айдана Сейіл «Ахметтің Әліпбиі» атты мақаласында талай әліппенің бастауында тұрған Байтұрсыновтың осы бір еңбегінің Қызылордада басылғаны жазылады. Бұдан бөлек жоғарыда аты аталған қалалық газеттің бөлім меңгерушісі Ақмарал Олжабаева Қызылордадағы музей хақында жазған мақаласында Ахмет Байтұрсынұлының Сыр бойымен байланысын айғақтайтын құжат туралы мәлімет келтіреді. Ол – Қазақ институтының сабақ кестесі. Сол тұста Ахмет Байтұрсынов осы оқу орнында жұмыс істеген. Ал сабақ кестесіне Байтұрсыновтың есімі оқытушы ретінде жазылған. Анығырақ айтар болсақ, Ақмарал Олжабаеваның «Ел астанасы Қызылорда «Ақмешітте» сақтаулы» атты мақаласында: «Мені ерекше қызықтырғаны Қызылорда қаласында алғаш рет ғылыми-ағартушылық жұмыспен айналысқан алаш қай­раткерлері Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Темірбек Жүргеновтердің еңбектері болды. Дерек­терге сүйенсек, қазақ халық ағарту институты 1919 жылы Орынборда ашылған. Ең алғаш Қырғыз халық ағарту институты деп аталды. Онда қазақ мектептеріне мұғалімдер дайындады. Мәселен, 1921 жылы 140 оқу­шы оқыды. Оқу жоспары бойынша институтта сабақ тек қазақ тілінде жүрді. Институт оқытушылары мен студенттері елде сауатсыздықты жою ісіне белсене ара­ласты. 1925 жылы институт Қызылорда қаласына кө­шірілді. Тәжірибелі педагогтар, республикада ағарту жұмысын ұйымдастырушы қайраткерлер А.Байтұрсынов, С.Меңдешев, Т.Жүргенов, Қ.Жұбанов, М.Жолдыбаевтар институтта дәріс берді. Музей сөресінен сол кездегі сабақ кестесін, ондағы сабақ берген мұғалімдердің аты-жөнін көруге болады. 1930-жылдары республикада педагог және мұғалімдер институтының көбеюіне орай 1933 жылы 15 қазанда жабылды», – деген дерек келтіреді. Бұл деректі ғалым, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры, фило­логия ғылымдарының кандидаты Аман Абасилов та растайды. Ғалымның облыстық «Сыр бойы» газетіне «Ахмет Байтұрсынұлы қызметінің Қызылордадағы кезеңі» мақаласы басылған. Осы еңбекте Ахмет Байтұрсынұлын Қызылордамен байланыстыратын де­ректер келтіріледі. Абасилов: «А.Байтұрсынұлының уекипе­диялық, энциклопедиялық, ғылыми-танымдық анық­­тамалықтар мен оқу құралдарында берілген өмірі мен шы­ғармашылық жолына назар аударсақ, оны туған жері Торғайдан бастап, білім алған қаласы Орынбор, алғашқы еңбек жолы Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралыда басталғаны, одан Семейде түрмеде болғаны, одан қайта Орынборда газет шығаруы, Ташкентте, Алматыда институтта сабақ беруімен жалғастырып хронология жасайды. Бір қызығы, өмірі мен шығармашылығына арналған мұнан да басқа шағын мақалалардан бастап үлкен көлемді зерттеулерде оның Қызылордада өмір сүрген жылдары туралы айтыл­майды. Ол кезеңді үнемі аттап өтеді не ұмыт қалдырады. Бұл біздіңше, А.Байтұрсынұлының өмір жолы мен шы­ғармашылық жұмыстарын зерттеудің әлі де бір ізге түспегенін, жүйеленіп болмағанын, өмір белестерінің бел­гісіз жақтарының көп болуымен түсіндіріледі», – дей келе соның ішінде А.Байтұрсынұлының Қызылордадағы кезеңі мүлде қарастырылмағанын жеткізеді. Одан әрі ғалым Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығына қа­тысты мәліметтерді жинақтай келе үш кезеңге бөледі. Соның екінші кезеңі ретінде Қызылордадағы жылдарды алады. – Сонда А.Байтұрсынұлының қазақ қоғамы мен ғылымына еңбек етіп, тер төккен кезеңі бірінші және екінші кезеңде болса, екінші кезең ішіндегі 1925-1928 жыл­дары Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қала­сында тұрып, ұлт жұмысының көшбасында болған уақы­ты екенін көруге болады. Сондықтан оны болашақта ар­найы зерттеудің маңызы байқалады, – деген ойымен бөліседі.

Аман Абасилов А.Байтұрсынұлы шығармашы­лығының Қызылорда кезеңіндегі Қазақ халық ағарту институтындағы оқытушылық қызметінен бөлек, өзінің үзбей айналысқан ғылыми шы­ғармашылығының шыңы ретінде танылатын «Тіл-құрал» атты оқулық кітабы бірнеше рет то­лықтырылып, өңделіп, қайта басылып отырғанын да мәлім еткен. Жалпы бұл еңбек алғаш 1914 жылы Орынборда жарық көрген. Көлемі 53 бет. Кейін ол әр жылдарда толықтырылып, жазылып отырған. Мысалы, 1915 жылы (Орынборда,  көлемі  120 бет), 1918 жылы (Ташкентте,  көлемі  32 бет), 1920 жылы (Ташкентте,  көлемі 96 бет), 1920 жылы (Қазанда,  көлемі 104 бет), 1922 жылы (Ташкентте,  көлемі 90 бет), 1922 жылы (Ташкентте,  көлемі  96 бет), 1923 жылы (Орынборда,  көлемі  128 бет), 1923 жылы (Орынборда, көлемі  46 бет), 1923 жылы (Орынборда,  көлемі  68 бет), 1924 жылы (Орынборда,  көлемі  48 бет), 1924 жылы (Орынборда,  көлемі  128 бет), 1924 жылы (Орынборда, көлемі 67 бет), 1925 жылы (Қызылордада, көлемі 39 бет), 1925 жылы (Қызылордада, көлемі 122 бет), 1925 жылы (Қызылордада,  көлемі  73 бет), 1926 жылы (Қызылордада,  көлемі  39 бет), 1927 жылы (Қызылордада,  көлемі 39 бет), 1927 жылы (Қызылордада,  көлемі  122 бет), 1927 жылы (Қызылордада,  көлемі  73 бет), 1927 жылы (Қызылордада,  көлемі 73 бет), 1928 жылы (Ташкент-Қызылордада, көлемі 72 бет).

Осы мәліметтен көріп отырғанымыздай «Тіл-құрал» Қызылорда қаласында 1925 жылы 3 рет, 1926 жылы 1 рет, 1927 жылы 4 рет және 1928 жылы 1 рет, барлығы 9 рет жарық көрген. Бұл деректерді А.Абасилов: «Осылармен қоса А.Байтұрсынұлының «Тілжұмсар» – бастауыш мектепке арналған оқулық кітабы да 1928 жылы Қызылорда қаласындағы «Қазақстан» баспасынан жарық көрген. Сонымен бірге А.Байтұрсынұлының Т.Шонанұлымен бірге жазған «Оқу құралы» хрес­томатиясы Қызылорда қаласында 1926-1927 жыл­дары екі рет басылып шыққан. «Әліпби, жаңа құрал» оқулық кітабы Қызылорда баспаханасынан 1926 жылы жарық көрген. Сондай-ақ  «Әдебиет танытқыш» еңбегі де осы Қызылорда қаласында жазылып, жарық көрген. А.Байтұрсынұлының қазақ халқының басында болған қайғылы оқиға­ларды сипаттайтын өзгеше бір жыр өрнегі 23 жоқ­таудың басын құрастырып, «Жоқтау» деген  жи­нағы да Қызылорда кезеңінде жазылып, ба­сылуы – үлкен маңызы бар тарихи факт», – деп ұлт ұстазының Қызылорда кезеңіндегі шығарма­шылығына тоқталады.

Алаштанушы ғалым, филология ғылымдары­ның докторы, профессор, ҚР Ғылым академия­сының академигі Дихан Қамзабекұлы «Алаш және әдебиет» деп аталатын еңбегінде Ахмет Байтұрсыновтың ағартушылық бағыттағы идеясын сөз етсе, «Алаш арқауы» деп аталатын кітабында ұлт ұстазының қайраткерлік жолын руханиятпен сабақтастырады. Ол: «Ахмет – ең алдымен ағар­тушы. Ол поэзияда да, көсемсөзде де, ғылым-ілімде де ағартушы» – дейді. Ғалымның сөзін Ахмет Байтұрсынұлының 1913 жылғы 16 мамырда «Қазақ» газетіне шыққан «Қазақ оқу жайынан» атты мақаласымен байланыстыруға болады. Ахаң: «Әуелі біз елді түзеуді бала оқыту ісінен бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халықтық та оқумен түзеледі. Қазақ ішіндегі неше түрлі кемшіліктің көбі түзелгенде оқуменен түзеледі» – дейді.

Байтұрсынов бір ғана «Әдебиет танытқыш» арқылы сан-салалы әдебиет табиғатын жан-жақты ашып, талдап-түсіндіреді. Бұл – бағасын жоймайтын, күн өткен сайын құндылығы жоға­рылай беретін ғылыми еңбек. Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқышымен» қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салды. Оның әдебиет тари­хының мұрасын, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаған зерттеуші ғалым екенін айта кеткен жөн. Ол 1923 жылы көркемдігі айрықша «Ер Сайын» жыры және 1926 жылы қазақ тарихының төрт жүз жылын қамтитын «23 жоқтау» жинағын кітап етіп шығарды. Халық мұрасына үлкен жанашырлықпен қараған Ахмет Байтұрсынұлы «әдебиет тіліне негіз етіп ел аузындағы тіл алынбаса, оның адасып кете­тіндігін» айтты. Осыдан-ақ Ахметтің үлкен реформатор екенін аңғаруға болады. Тарихшы-ғалым Манаш Қозыбаев «Тұлғалар тұғыры» атты кітабында Байтұрсыновты ғасырдың ұлы реформаторы ретінде бағалайды. Алаш мұра­сын зерттеуші ғалым Айгүл Ісімақова «Алаш әдебиеттануы» атты еңбегінде: «Ахмет Байтұрсынұлы Қазақ Елінің тарихына зор бетбұрыс жасаған өзгерістердің ұйытқысы болды», – дейді. Оның алаш азаматтарының қата­рында болуы, ұлт ұстазы атануы, есімі Әлихан Бөкейхановпен қатар тұруы осының дәлелі. Ахмет Байтұрсынұлының жаңашыл бетбұрыстары қазақ кәсіби журналистикасын қалыптастыруға жол салды. «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп қазақ журналистикасының іргесі бекіп, қабырғасы қалануына атсалысты. Ол қазақ халқына, зиялы қауымға газеттің қоғамдық қызметін ұғындырып, баспасөздің өркениетті, тәуелсіз елге аса қажет дүние екенін жанкешті іс-әрекетімен көрсетті. Бұл аз десеңіз, Байтұрсынұлы – әлеуметтік мәселелерге, қоғамдық ой-пікірге ықпал жасаған публицист. Оның мақалалары ғылыми байыптауымен, өткір ойларымен сол кезеңнің шындығынан хабар береді. Ол Абайдың қоғам өмірінің құрылысы туралы ойларын дамытып, саяси-әлеуметтік жағдай, оқу-ағарту, халықтың тұрмыс-тіршілігі туралы мәселелерді қозғады. Қазақ зиялыларының жан-жақты білімдар әрі саяси күресте шыңдалған легін қалыптастыруда Байтұрсынұлының публицист, баспасөз ұйымдастырушы ретіндегі еңбегі ұшан­теңіз. Ол – қазақ ғылымы тарихында ұлттық әліпби жасап, жаңа үлгі ұсынған реформатор.Тіпті Байтұрсыновты ғалымдар қазақ тіл білімінің атасы ретінде де мойындайды.

Ахмет Байтұрсынұлының қоғамдық-саяси және ғылыми-ағартушылық қызметінің Қызыл­орда кезеңіне қатысты мәліметтер өте аз және оны арнайы зерттеу де әлі жолға қойылып, жүйеленбеген. Аман Абасилов өз зерттеуінде әзірше қолымызда бар екі нақты мәліметке сүйендік дейді. Оның бірі – Гүлнар Міржақыпқызы Дулатованың «Алаштың сөнбес жұлдыздары» және «Шындық шырағы» атты естелік еңбектері. Екіншісі – Қазақстан Республикасы Қызылорда облыстық мемлекеттік архиві материалы (184 қор. 1-тізімдеме, 17-іс). Ал біз бұл қатарға Қызылорда қалалық музейіндегі Қазақ институтының сабақ кестесін қосамыз.

Енді Гүлнар Міржақыпқызының естеліктері­не ден қояйық: «Қызылордаға келісімен орналасқан үйіміз Ерғали Қасымов төренің үйі болатын – Садовая, 7. Кейін Селиверстова, 17. Үйдің бір бөлігі Байтұрсыновтың семьясына қарайтын да, ал екінші бөлігінде біздер – Дулатовтың семьясы тұратынбыз… Осы үйде біз 1925 жыл­дан 1929 жылға дейін әкем қамалғанша А.Байтұрсыновтармен бірге тұрғанбыз. Астана 1928 жылдың жазында Алматыға ауыса бастағанда Ахмет Байтұрсынов өзінің жұмыс істеп жүрген оқу орнымен бірге көшкен-ді. Босаған үйдің орнына Ерғалидің інісі Ибрагим Елікейұлы Қасымовтың семьясы көшіп келген-ді», – деген Гүлнар Міржақыпқызы естелігінде әкесі Міржақып пен оның досы әрі ұстазы Ахметтің арасындағы диалогты да береді.

«Міржақып:

– Оу, ағасы, осынша кешігіп келуіңізге қара­ғанда, төтеннен қырсық-кедергі болған жоқ па?

Ахмет:

– Ештеңе де бола қойған жоқ. Өзің білесің ғой, Торғай мен Қызылорданың аралығы шалғай, алыстығынан кешігіңкіреп келуіме тура келді. Оқасы жоқ, әйтеуір жеттік қой. Егер Қостанайдан поезбен шықсам, тез жетер едім, бірақ оның ыңғайы келмеді. Өйткені ауылда өзімнің сақтаулы пәуескем (фаэтон) бар-тұғын, соны Қызылордаға жеткізу үшін көлікпен шықтым емес пе! Келешекте қолымда ат арбам болуы қажеттігін ойладым, қыз­метіме жаяу бармай, фаэтоныма мініп жүргенге не жетсін! Оны жүргізуге атқосшыны да ала келдім. Бұл жігіт оқымаған, әке-шешесінен жастай жетім қалып, кім көрінгенге жалданып, күнін көріп жүр­генін естіген соң, өзіме жәрдемі тиер, атымды ба­ғып, жүргізер әрі оқытайын деп ала келгенім ғой».

Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы Қызылорда қала­сында 1925-1928 жылдар арасында тұрып, студенттерге сабақ беріп, ғылыми және әдістемелік жұмыстармен айналысқан. Оның Қызылордада сабақ берген оқу орны Қазақ халық ағарту институты деп аталды. Бұл институт алғашқыда арнаулы орта оқу орны ретінде 1919 жылы Орынборда ашылған. Мұнда қазақ мектептеріне мұғалімдер даярланды. Институт оқытушылары мен студенттері елде сауатсыздықты жою ісіне белсене араласты.  Оқу орны 1925 жылы Қызылорда қаласына көшірілді. 1925-1928 жылдары институтта С.Сейфуллин сабақ берген, кейін ректоры болды. 1925-1929 жылдары А.Байтұрсынұлы осы институтта дәріс оқыды. 1928 жылы Алматыда Қазақ педагогикалық институтының (қазіргі ҚазҰПУ) ашылуына бай­ланысты жабылып, қайтадан Қазақ халық ағар­ту институты (орта дәрежедегі оқу орны) болды.

«Ақмешіт апталығы» газетінің тілшісі Ақмарал Олжабаева «Алғашқы қазақ инсти­туты» атты мақаласында: «Сол кезде институт оқытушылары мен студенттері елдегі сауатсыз­дықты жою ісіне белсене араласты. Сөйтіп, 1920 жылы Өлкелік Халық ағарту бөлімдерінің жанынан сауатсыздардың есебін алуды ұйымдастырумен, педагог мамандарды даярлаумен, курстар мен мектеп ашуды, оқу құралдарын басып шығарумен шұғылданатын сауатсыздық жөнінде комиссия құрылды. Осылайша 1924 жылдың қаңтар айында Қазақстанда «Сауатсыздық жойылсын» ұйымын құру жөнінде жұмыстар жүргізіліп, аталған ұйым құрылды. Олардың негізгі мақсаты сауатсыздықты жою болғанымен жергілікті жерлерде жұмысшы, шаруа, малшылар қатарын құрылысқа тартып, қоғамдық іске араласуға үйрету сияқты насихат жұмыстары жүргізілген», – деген мәліметті алға тартады. 1927 жылы Орталық коммитет сауатсыздықты жою туралы қаулы қабылдап, батыл өзгерістер енгізді. Ал 1929 жылы «Жаңа қазақ орфографиясын бекіту туралы» қаулы жарық көрді. Ол халық ағарту коммиссариаты 1929 жылдың 2-4 маусымында өткізген ғылыми кон­ференцияда қабылданып, ал 20 шілдеде Орталық Атқару комитеті оны бекітті. 1929 жылы кон­ференция Қызылордада өткенін де айта кетейік.

Ахмет Байтұрсынұлы Қазақ халық ағарту институтында сабақ берген уақытында денсау­лығына байланысты 1 рет және басқа да себептерге орай 4 рет студенттерге дәріс бере алмаған екен.  Бұл дерек  1927 жылдың 16-23 қыркүйегінде  Қазақ халық ағарту институтына мемлекеттік қаржы тексеру бөлімі жүргізген актіде көрсетілген. Біз негіз еткен құжат Қызылорда облыстық мем­лекеттік архивінде (184 қор. 1-тізімдеме, 17-іс.) тұр. Аталған құжатта жұмыс орнында белгілі-белгісіз себептермен болмаған жағдайларына байланысты, актінің 8-тармағында көрсетілген ден­саулығына байланысты жұмыс орнында бол­мағанына орай  бұрын төленген 2 сом ақшаны, актінің 9-тармағында көрсетілген іссапарда болған күндеріне төленген 254 сом 17 тиын ақшаны және осы актінің 7-тармағында кезекті еңбек демалысына төленген 165 сом 98 тиын ақшаны Ахмет Байтұрсынұлының институт кассасына қайтаруы керек екені жазылған. Бұл дерек 1927 жылдың 29 қарашасы күні мемлекеттік қаржы тексеру бөлімінің инспекторы Зарихиннің қолы қойылған актіде көрсетілген. Филолог ғалым Аман Абасилов осыған Ахмет Байтұрсынұлы түсінік беріп, тексеру комиссиясының ақпараты жеткіліксіз, толық емес екенін айтқанын алға тартады. Ахмет Байтұрсынов сонымен бірге өзінің институттағы қызметінен бөлек негізгі айналысып жүрген жұмысы туралы да мәлімет берген. Сол кезде Ахаң «Менің жұмысым – шығармашылық жұмыс, яғни қазақ ұлтының әліпбиін дайындап жатырмын, бұл жұмыспен бұрын-соңды ешкім айналысқан емес. Қазақ тілінің жазба әдісін, қазақ тілінің әліпбиін, орфографиясын, грамматикасын, қазақ ұлтының сауатын ашу әдістемесін дайындау жұмыстарымен 30 жылдан аса уақыт бойы ай­налысып келемін. Бұл жұмыспен оқу орнының қабырғасында ғана айналыспаймын, бар өмірімді осы жұмыстарға арнағанмын.Шығармашылық жұмыстарыма көп уақытымды жұмсаймын», – деген екен.

Осы деректердің өзі-ақ Байтұрсыновтың Қызылордамен тығыз байланысы болғанын әрі ұлт ұстазының Сыр бойында өнімді еңбек еткенінен хабар береді. Қызылорда қалалық «Ақмешіт апта­лығы» газетінің тілшісі Айдана Сейіл өзінің «Ахметтің әліпбиі» атты мақаласында: «Алаш арысын халқының білім жолында өзгеден артта қалғаны толғандырды. Ол жас ұрпақтың қазақша сауат ашуы үшін өзіндік жазу таңбасы болу керектігін ұқты. Себебі сол тұстағы мұғалімдер орыс не араб тілінде сабақ үйретіп, хат танытатын. Осы толғаныс оның қазақ балаларының оқуына жеңіл, тілге жатық, әсіресе қазақ тілімен үйлесетін оқулық шығаруға әкелді. А.Байтұрсынов ойлаған оқулық өзі айтқан төрт талапқа сай болуы керек. Онысы тілге шақ, жазуға жеңіл, баспа ісіне және үйренуге қолайлылығы еді», – деп Байтұрсыновтың еңбегі жайлы сөз қаузайды. Аталған туынды хақында ұлт ұстазының өзі: «Бұл әліб-бій кітабы жаңа әдіске көшу жүзіндегі көңіл тілегі мен қол қысқалығын бір-біріне жанастырып жақындату шарасын табу түрде шығарылып тұр. Үйрету жағынан «дыбыс әдісі» мен «тұтас оқу» әдісінің екеуіне бірдей жарарлығы көзделді. Мазмұн жағынан қазақ жағдайына жанастырылып, жаңа проғырамша (Гуус проғырамынша) болуы көзделді», – деп жаңа оқу құралын түсіндірген екен.

Сондай-ақ ол қазақ тұрмысын бейнелейтін су­реттердің болмауынан оқулықта суреттің берілмеуі әліпбидің кемшін тұсы деп атап өткен. Ағартушы ғалым осы ретте мұғалімдерге «Оқу құралы» мен «Жаңа құралдың»  қайсысы үйренуге жеңіл? Қайсысымен оқытқанда балалар оқу мен жазу­ды тез үйренеді? деген сауал тастайды. 90 пайыз хат танымайтын жұртқа оқу мен жазуды үйре­тудің тиімді жолы әліпби екенін де қадап айтады.

Ахметтей тау тұлғаның ұлт үшін жасаған ұшан-теңіз еңбегін бір мақаламен тауысу мүмкін емес. Біз Ахаңның қазаққа сіңірген теңіздей еңбегінің тамшыдай үлесін көрсете алсақ та жаман болмас еді. Осы арадан сөзді үзіп, Ахметтей ұлт зиялысының Қызылордамен байланысын басқа қырынан да қарастырып көрейік.

Біз Байтұрсынов пен Шоқай рухтас, мақсаттас болған дедік. Енді сөзімізге дәлел келтірейік.

Тарихи деректерге сүйенсек, Мұстафа Шоқай ақпан төңкерісіне дейін Алаш көшбасшысы Ә.Бөкейханмен бірге Ресей Мемлекеттік Дума­сының мұсылман фракциясында хатшы қызметін атқарады. Мәмбет Қойгелді, Әбдуақап Қара секілді ғалымдардың еңбектерінде Ахмет Байтұрсынов пен Мұстафа Шоқай осында таныс­қаны баяндалады. Ербол Тілешов пен Дихан Қамзабекұлы секілді ғалымдар құрастырған «Алаш қозғалысы» атты еңбекте 1916 жылы Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов сынды тұлғалардың «Қазақ» газетіне «Алаштың азаматтарына» атты үндеуі жарияланғаны жазылған. Сондай-ақ осы кітапта «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 12 сәуір күнгі санында Ә.Бөкейхан, М.Шоқай, М.Дулатов секілді арыстардың «Алаш ұлына» атты үндеу мақаласы жарық көргені туралы дерек келтірілген. Екі үндеу де алаш азаматтарына арналған. Бірінде Әлихан мен Міржақыпқа Ахмет қосылса, екіншісінде Байтұрсыновтың орнында Шоқай жүр. Ал «Қазақ» газетін шығарушылардың бірі Ахаң екенін ескерсек, Мұстафаның да олармен мақсаттас екенін аңғаруға болады. Екіншіден, «Қазақ» газетінің ұлттың шын мәніндегі үнжариясы болғанын ұмытпаған абзал. Елдің оқыған азаматтары осы басылым арқылы халықты саяси ұйқыдан оятуға ұмтылған. Бұл жолда Мұстафа Шоқай «Қазақ» газетін шығарушылармен бір мүдде ұстанды десек, қателесе қоймаспыз. Әбдуақап Қара «Мұстафа Шоқай» атты еңбегінде: «Ақпан төңкерісі Шоқай және «Қазақ» газеті төңірегіндегі зиялыларда бір ұлттық мемлекет құру үмітін туғызды» – дейді. Ғалымның бұл сөзі біздің тұжырымды айғақтап тұр десе де болғандай.

Шоқай 1917 жылы Ташкентте «Бірлік туы» газетін ашады. «Бірлік туы» «Қазақ» газетінде қалыптасқан ұлт мүддесі үшін күрескерлік жол­ды, алашшыл бағыттағы елшілдік дәстүрді жал­ғаушы басылым еді. «Бірлік туы» жайлы Дихан Қамзабекұлы: «Ол – аумалы-төкпелі 1917-18 жылдары ұлттық, түрікшілдік бағыттан таймаған қазақтың бірегей газеті-тін. Ол – жалпы түркі әле­міндегі ірі тұлға Мұстафа Шоқайұлы бастаған қазақ зиялыларының елді бірлікке шақырған үні-тін. Ол – «Қазақ» газетін большевиктер күштеп жапқан кезде (кейін қайта ашылады) оның жа­лауын жығылтпай іліп әкетіп, өз байрағының жанына қадаған басылым-тын», – дейді. Зертеуші Нұрхат Сапуанов оның ең басты себебін «Бірлік туы» газетіндегі қаламгерлердің барлығының да қаламын қарыштаған, тәй-тәйлеген алғашқы еңбектерін жариялап, әдебиеттің кәусар бұла­ғынан сусындатып, нағыз әдебиетке жолдама берген «Қазақ» газетімен байланыстыра отырып дәлелдейді. Ол: «Біріншіден, ол «Қазақ» газеті­нің жалпы бағытын жұртқа мәшһүр етуге жәрдем­дескен, соған еліктеген, «Қазақтың» деңгейіне ұмтылған. Екіншіден, газетке М.Шоқайұлы, Х.Болғанбайұлы, С.Қожанұлы, М.Дулатұлы, А.Мәметұлы, Б.Майлыұлы сияқты қаламдары «Қазақта» шыңдалған, әрқайсысы бір-бір тұлға арыстар атсалысқан»,– деп «Бірлік туы» хақындағы ойын білдірген. Бұл дерек те Байтұрсыновтың Шоқаймен рухтас, мақсаттас екенін көрсетеді. Мұны аз десеңіз, Мұстафа Орынбордағы Алаш қайраткерлерімен тығыз байланыс ұстағанын, Алаш партиясы құрылатын бірінші жалпықазақ сиезінің де, Алаш автономиясы жарияланатын екінші жалпықазақ сиезінің де ұйымдастыру және өткізу жұмысына белсене қатысқанын алға тартуға болады.

Ахмет Байтұрсыновты Сұлтанбек Қожановтың да рухани ұстазы болғанын ұмытпаған жөн. Бұған Қожановтың «Қазақтан» бастау алған алашшыл бағыттағы идеяны ұстанған «Ақ жол» газетін шығарғанын дәлел ретінде келтіруге болады. Біздің тарихта әттеген-ай деп, сан соқтыратын кезеңдер мен құпиясы ашылмаған сан қилы ақтаңдаққа толы оқиғалар жеткілікті. Рахманқұл  Бердібайдың: «Біз тарихы жазылмаған халықпыз» деуі содан болар. Кеңестік қызыл шекпенділер «Бірлік туына» да «Қазақтың» кебін кигізіп, жауып тастайды. Ендігі халықтың жоқтаушысы Сұлтанбек Қожанұлы ашқан «Ақ жол» газеті болды. «Қазақ» пен «Бірлік туы» көтерген жүк салмағы «Ақ жолға» түсті. Алашшыл бағыттағы елшілдік дәстүрді жалғастыру үшін «Ақ жол» газеті «Қазақ» пен «Бірлік туы» жүрген сүрлеумен жүрді. Себебі бұл басылымның да айналасына «Қазақта» қаламы шыңдалған қаламгерлер жи­налған еді. Дүкенбай Досжанның «Абақты» атты еңбегі арыстарымыздың темір тордағы жан күйзелісінен, сонымен қатар ХХ ғасыр басындағы мәдени өрлеу кезеңінен мәлімет беретін таптырмас дерек көзі екені аян. Осы кітапта арыстарымызды тергеу ісі туралы мәліметтер келтірілген. Аталған мәліметтер біз қозғап отырған жайтқа қатысты болғандықтан үзінді келтіруді жөн санадық.

«Дулатов Ташкентке келісімен Қожановпен тіл табыса кетті. Қожанов Дулатовтай іскер кісі тапқанына қатты қуанып, жаңа газет ашуға тапсырыс берді. Бірнеше күннен кейін «Ақ жол» газеті ашылды. Газеттің жауапты редакторы Қожанов болса да негізгі шаруаның бәрін Дулатов өз мойнымен көтерді» (Дінмұхамед Әділовті тергеу ісінен үзінді). Бұл жерден біз «Ақ жол» газетінің шығуына сеп болған Сұлтанбек Қожанов пен «Қазақтың» редакторларының бірі Міржақып Дулатов екеніне көз жеткіземіз. Ал ары қарайғы жұмысының шындап дамуына кімдер үлес қосты?  Шынымен алашшыл бағыттағы елшілдік дәстүрді ұстанды ма? Тағы да «Абақтыдағы» деректерге үңілейік. «Өз басым Ташкентке жұмыс істеуге 24-жылдың аяғында келдім. Бұған дейін Ташкентте ешқашан болмаған едім. Бұл қалаға қазақ оқу-ағарту институтының шақыртуы бойынша оқытушы болмақшымын. Бұрынғы таныстарымның ішінен жалғыз семейлік Ысқақов Даниялды ұшырат­тым. Аз уақытта Байтасовпен, Кемеңгеровпен, Ғалымжанов­пен, Досмұхамедов Халилмен та­нысып үлгердім. Оқу-ағарту институтында сабақ бере жүріп «Ақ жол» газетінде істедім. Орынборда шығатын «Жас қазақ» газеті мен «Пионер» журналынан басқа өзгедей басылымдарға материал берген емеспін. Мен келгенше «Ақ жол» газетінде Жұмабаев істеген екен…» (Жүсіпбек Аймауытовтың тергеу ісінен үзінді). Сонымен «Ақ жолда» Қожанов пен Дулатовтан басқа Аймауытов пен Жұмабаевтың да болғаны айқындалды. Алайда бұл басылымның бетіндегі жарияланған материалдарға қарап, жоғарыда аты аталған тұлғалармен қатар онда Мұхтар Әуезов, Қошке Кемеңгеров, Бейімбет Майлин, Хайретдин Болғанбаев сынды қайраткерлердің қаламының ізі қалғандығы байқалады. Алашшыл бағыттағы елшілдік дәстүрді жалғастырушы басылым ретінде тану үшін бұдан артық қандай дәлел керек.

Сұлтанбек Қожанов «Ақ жол» газетіне 1923 жылы жариялаған мақаласында: «Қазіргі револю­ционерлердің барлығы да Абай мен Ахметтің шәкірті», – деген ойын білдірген. Бұл деректердің барлығы Қожановтың Байтұрсыновтай азаматтан рухани тәлім алғанын айғақтайды. Демек, Сұлтанбек Қожанов ұлт мүддесі үшін күрес жүргізетін руханият ұстаханасында саяси тұрғыдан жетіліп, алаш азаматтарымен бірге болған.

Тағы бір айта кетерлігі, «Еңбекші қазақ» газетіне бас редактор болған Смағұл Сәдуақасұлының өзі  газет шығаруда «Қазақты» үлгі тұтты десек те болады. Енді бүгінгі «Егемен Қазақстанның» сонау «Еңбекші қазақ» кезінде Смағұл Сәдуақасов басқарған шақтағы мақалаларға үңілейік. 

Ғалым Сағат Тайманның «Ақмешіт апталығы» газетіне жарияланған «Сыр өңірінен шыққан қазақ басылымдары» атты мақаласында «Еңбекші қазақтың» тарихына шолу жасалып, шыққан материалдары жөнінде айтылған.  «Еңбекші қазақтың» 1926 жылғы №219 нөмірінде XIX ғасырдың 30-40-жылдары бүкіл Қазақстан тер­риториясын қамтыған Кенесары көтерілісі жайында Жақан Сыздықұлының «Кенесары» деп аталатын мақаласы жарияланды. Газет беттеріне сол сияқты 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс және 1917 жылғы қос төңкеріс кезеңі туралы мақа­лалар да жиі жарияланып тұрды. «Еңбекші қазақ» 1926 жылы 8 шілдедегі №145 санын то­лықтай 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 10 жылдығына арнады. Осы нөмірге Ә.Байділдиннің «1916-шы жыл», Сәбиттің «1916-шы жылдың ұраны», М.Дулатовтың «Он алтының ойраны», «№8» деген бүркеншік автордың «Байқағандар не білді?», Кәрменұлының «1916-шы жылғы қазақ көтерілісінің Бөкейдегі тарихы», Байтоғайұлының «Тарихи күнге тарихи дерек керек» мақалалары, А.Мәметовтің «16-шы жыл құрбанына» өлеңі жарияланған. 1926 жылдан бастап республикада діни мейрам деген желеумен Наурызды тойлауға тыйым салынғаны белгілі. Бұл мейрамды дін мейрамы ретінде санаудың қателігін дәлелдеген С.Қожановтың «Еңбекші қазақ» газетіне «Наурыз туралы» атты мақаласы басылды.

Қарап отырсақ, бұл мақалалардың барлығы да ұлт ұпайын түгендеуге бағытталған сияқты. Ал бұл жол бір кездері Ахметтер негізін қалаған «Қазақ» газетінен бастау алғанын дәлелдеудің қажеті жоқ деп ойлаймыз.

Жарық көріп келе жатқанына ғасырдан астам уақыт болған «Жас алаш» газеті «Лениншіл жас» кезінде жабылып қала жаздаған. Журналист Арай Сахариеваның «Жұрт білетін «Жас алаш» 100 жылдыққа қадам басты» атты мақаласында Байтұрсыновтың бұл газеттің жабылып қалмауы үшін мүдделі болғаны айтылады. Нәтижесінде «Еңбекші қазақтың» бір беті «Лениншіл жас» атауымен шығады. Бұл да болса Ахметтей тұл­ғаның сол уақытта Қызылордадан шыққан мерзімді басылымдарға көрсеткен қолдауы деп білген жөн.

Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов ел шекарасына қатысты мәселені Қызылордада талқылаған деген мәлімет табылып жатыр. Бұл Алаштанушы ғалымдардың тыңғылықты ізденісінің нәтижесі дер едім. Ақиқатында «Ақмешіт Қызылорда болғанда» айдары бойынша Қызылорда қалалық «Ақмешіт апталығы» газе­тіне мақала жазу үшін бірнеше ғалымға өтініш айтқанбыз. Соның бірі – әлихантанушы ғалым Сұлтан Хан Аққұлы. Ол кісі: «Жалпы бұлтартпас мұрағат құжаттары мен деректеріне сәйкес, Әлихан КСРО ҒА-ның Антропологиялық экс­педициясы құрамында сол кездегі Адай оязы қазіргі Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарын зерттеген 1926 жылы Қызылордаға атбасын бұрып, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, ҚазақАКСР Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы Н.Нұрмақұлымен, халық комиссарлары С.Садуақасұлы, С.Қаратілеуұлымен жүздесіп, біраз маңызды мемлекеттік мәселені (қазақтың жер тұтынуының нормасы, елге Ресей­ден келімсектерді – қарашекпенділерді жібермеу, жоқ жерден құрылған Өзбек КСР, Түркімен КСР, Қырғыз АКСР-мен арадағы шекара мәселесі, Ташкент қаласы ) талдасып, Мәскеуге жүру үшін өзін тосып отырған экспедиция мүшелерімен Ақтөбеде кездескен жерінде тұтқындалып, Мәскеуге кісенделіп жеткізіліп, Бутырка түр­месінде 15 күн отырып шықты…» – деген деректі алға тартты. Ғалымның сөзіне сенсек, Байтұрсынов та, Бөкейханов та жер мәселесін талқылау үшін Қызылордада болып тұр ғой. Ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Баяғы Байтұрсынов» атты архив деректеріне сүйеніп жазылған еңбегінде Ахаңның 1929 жылдың 2 маусымында Қызылорда қаласында өтетін әдебиетшілер мен тілшілердің жиналысына шақырылып, сол жерде қамауға алынып, Алматының түрмесіне жөнелтілгені жайлы да мәлімет кездеседі.

Байтұрсыновтың Қызылордамен байланысын айғақтау үшін бұдан артық дәлел ұсынудың қажеті де жоқ шығар…

Қазақтай ұлттың Ахметтей тау тұлғалы азаматы жалған жаланың құрбаны болады. Кеңестік кезеңде оның кітаптарын оқымақ түгілі, жұрт есімін атауға қорқатын. Тарих бәрібір шындықты жайып салды. Ахметтің есімін бәзбіреулер қаншама бүркемелесе де таудай тұлғасы уақыт өткен сайын зорая берді. 1991 жылы Есенбай Дүйсенбаевтың редакторлығымен Ахмет Байтұрсыновтың «Ақ жол» деген кітабы жарық көрді. Осы еңбекке қазақ әдебиеттану ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, академик Рымғали Нұрғали «Алып Бәйтерек» атты мақала жазды. Ғалым онда: «Ахмет Байтұрсыновтың ақын, публицист, ғалым, қоғам қайраткері санатында жасаған барлық еңбегі, тартқан қорлық, көрген азабы, болашаққа сенген үміт-арманы – барша осы ұлы миссияны орындауға, туған халқы үшін қалтқысыз қызмет етуге арналған» – дейді. Бұл кітап шықпастан бір жыл бұрын, яғни 1990 жылғы 26 ақпанда Қазақ КСР Үкіметінің №78 қаулысымен республикадағы бірнеше көше мен мектепке ұлт ұстазының есімі берілді. Өйткені Байтұрсыновтың алынбас қамалға айналған өзіндік биігі бар еді. Ал Байтұрсыновтың биігіне жету үшін ұлт ұстазының деңгейіне жету керек. Ал ондай пайым мен парасат миллионның бірінде болмаса, мыңның бірінде кездеспейді.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: