Біз қалалық газет арқылы астана болған шақтағы Қызылорданың тыныс-тіршілігіне тоқталғанды жөн санадық. Алғашында
1925-1929 жылдардағы Алаш арыстарының Сыр бойындағы ізін зерттеу нысаны ретінде алуды көздегенбіз. Кейін бұл ойымыздан қайттық. Себебі жүрегі қазақ деп соқса да кеңестік идеологияны қолдаған Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, Бейімбет Майлин секілді басқа да тұлғалардың рухын қадірлеп, арыстардан бөліп-жармайық деген тоқтамға келдік. Осылайша қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінен «Ақмешіт Қызылорда болғанда» деген жаңа айдар ашып, оқырман қауымды 1925-1929 жылдардағы тарихи кезеңдердегі оқиғалардан хабардар еткенді құп көрдік.
Сұлу сырдың бойында орналасқан Қызылордадай әсем қала бір кездері ел астанасы болған. Тарихи мәліметтерді алға тартатын болсақ 1925-1929 жылдары қаламыз ел орталығы болып, қазақтың бүкіл саяси элитасы осы жерде еңбек еткен. Олардың арасында Сұлтанбек Қожанов, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин сынды ұлт руханиятының көрнекті өкілдері болды.
Ақмешітті астана ету оңай болған жоқ. Бұған Сұлтанбек Қожанов сияқты арыстар күш салды. «Егемен Қазақстан» газетінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі Мұрат Жетпісбаевтың «Аbai.kz» ақпарат агенттігіне шыққан «Қожановтың Қызылордасы» атты мақаласында бұл жайлы жан-жақты тарқатылады. Мұрат Ақынұлы бірінші Сырдария губерниялық партия конференциясында делегаттар тарапынан Қазақстанның астанасы ұлттың ежелгі қонысы – Ташкент қаласы болсын деген ұсыныс айтылғанын алға тартады. Осыған қарамастан, 1924 жылғы 27 қарашада Қазобкомның, ал 1925 жылғы 19 ақпанда Қазөлкекомның жауапты хатшысы (республикадағы екінші дәрежелі лауазым) болып тағайындалған Сұлтанбек Қожанов астананы Ақмешітке көшіру керек деген ниетін байқатады. Ол Түркістан орталық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып тұрған уақытында – 1922 жылғы 12 сәуірде арнайы қаулы шығарып, өзі тарихи атауын қайтарып берген Ақмешіт қаласын ел кіндігі етуге күш салды.
Сұлтанбек Қожанов 1924 жылдың 17 желтоқсандағы санында «Қазақтың астанасы орыстың туы тігілген қалада емес, қаласы жоқтықтан, қазақтың киіз ауылында болса да, қазақ ұлты жұртшылығына жуық болуы керек. Қазақ ұлт мемлекетшілігіне әдемі қала, ыңғайлы үйлер керек емес, жаман да болса өз ордасы болуы керек» – деп жазды. Сол тұста басқа да қалалардың астана болуға лайық екені айтылған. Кеңестік Қазақстанның тұңғыш астанасы Орынбор қаласы болған тарихтан белгілі. Ұлт мәселесін ұдайы талқылап отырған билік Бүкілресейлік жұмысшы-шаруа қызыл армия депутаттарының ХІІ съезінде республиканың орталық қаласын қазақ жерінің ішкі аймақтарына ауыстыру мәселесін көтерген-ді. Астананы анықтау жөнінде құрылған арнаулы комиссия Қазақ Автономиялы Кеңестік Республикасының астанасы болуға лайық қалалар қатарында Ақмола, Әулиеата, Шымкент, Ақтөбе, Ақмешіт қалаларын атады. Тарихи таңдау Ақмешітке түсті.
Архив құжаттарын негізге ала отырып, тарихи деректерді сөйлетер болсақ, 1925 жылдың сәуірінде Қазақ АКСР кеңестерінің Ү съезіне сайланған делегаттар мен үкімет мүшелері Ақмешітке келген. Осы қалада сол кезде бес күнге созылған съезд өтіпті. Бұл жайында облыстық «Сыр бойы» газеті бас редакторының орынбасары Г.Жалғасова «Алаштың алты қанат ақ ордасы» атты мақаласында: «15 сәуірде Ақмешіт қаласында бүкіл Қазақстан еңбекшілері өкілдерінің басын қосқан Қырғыз (Қазақ) АКСР кеңестерінің Ү съезі салтанатпен ашылды» деп жазады. Бұл съезде ұлтымыз бен қаламызға қатысты екі тарихи шешім қабылданған. Олар ресми құжаттарда қырғыз аталып келген ұлт атауын қазақ етіп, тарихи қателікті жөндеу және Ақмешіт атауын Қызылорда деп өзгерту болды.
Жалпы ұлт атауына қатысты тарихи қателікті жөндеу жайлы мәселені қайраткерлер бұған дейін де көтерген. Дәлелді алыстан іздемей-ақ ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің еңбектеріне үңілейік. Ол Сәкен Сейфуллиннің тәуелсіздік жылдарына дейін беймәлім болып келген бірнеше мақаласын тапқан. Соның бірі – 1923 жылы жазылған «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» атты мақаласы. Анығырақ айтатын болсақ, 1923 жылы «Еңбекшіл қазақ» газетінің №66 санында осы мақаланы Сәкен Сейфуллин Манап Шамиль деген бүркеншік есіммен жазған. Тарихи дерек ретінде ұсынып отырған соң Сәкендей тұлғаның осы бір мақаласының «Егемен Қазақстан» газетіне шыққан нұсқасын толық бергенді жөн көрдік.
«Бүгінге шейін қазақты орыстар «киргиз» деп келді. Не себепті қазақты орыс «киргиз» деп кеткенін тексермей-ақ, ол «киргиз»-қырғыз деген аттың қалайша жалпы қазаққа жапсырылып кеткенін баяндамай-ақ, енді бұл тарихи қатенің түзетілуі керек екенін жұртқа айтқым келеді. Орыстың патшасы қазақты қаратып алып, жалпы қазаққа «киргиз» деп ат жапсырылған соң, қазақ халқын оңай қаратып алған соң орыс патшасының төрелері, жасауылдары қазақты бір түрлі, құр, мүгедек, мақау жануар деп санап, «киргиз» дегенде бір түрлі менмендік қиянатпен, қорлаған мазақпен айтатын болды. Ақ патшаның «шарапатына» мәз болған мырзалар қазаққа жоғарыдан төмен қарап, тұмсығын көкірейтіп, пысқырып, «киргиз» дейтін болды. Төрелердің қатындары итіне ұрысқанда: «Ах, ты, полкан! «Киргиздан» да жамансың!» дейтін болды. Ақ патшаның жасауылдарының, төрелерінің бұл аңыздары орыстың надан халықтарының араларына да жайылды. Келе-келе тұрмыстың игілігін өзгелермен бірдей ешуақытта қазақтың көруге лайығы жоқ деп ойлайтын болып, қала тұрмысына түсіп, оқып, тазарақ тұра бастаған қазақты көрсе таңырқап: «Қарашы, тіпті өзін «киргиз» дейтін емес!» деп тамсанып жүретін болды. Қазақтың бір қылығын жақтырмаса: «Белгілі, енді киргиз болған соң қайтушы еді!» дейтін болды. Қырға шыққан шабармандары, жасауылдары қазаққа зорлық қылғанда, қазақты қорқытқанда көзін алартып, тісін қайрап: «У, киргиз-з-з!» дейтін болды.
«Киргиз» дегенді әлгі мырзалар бір түрлі ызбарланып, тістеніп айтатын болды. Енді ол күндер өтті. Октябрь төңкерісі қазаққа бұлай қарауды тиды. Енді қазақ та – бір, басқа халықтар да – бір. Қазір әр жерде осындай тарихи қателерді түзетті һәм мұндай түзетілген аттарды Совет үкіметі де қатты ықтиятпен қабыл алды. Мәселен, Хиуаны қазір «Хорезм жұрты» дейтін болды. Сартты «өзбек» дейтін болды. Һәм бұл түзетіліп қойған аттарды Совет үкіметі қолданып кетті. Біз «киргиз» деген атты жоғалтып, «қазақ», «қазақ» деп кетсек, басқа халықтар да бізді «қазақ» деп осы атты қолданып кетпек. Біздің бір үлкен кемшілігіміз – осы күні басқа жұрттан бұрын өзімізді өзіміз «киргиз» дейміз. Әуелі, біздің «Қызыл Қазақстан» журналы орысша «Қызыл Киргизстан» деп аталады. Бұл біздің едәуір әлсіздігімізді көрсетеді. Егер де біздің қазақ жігіттері бұл қатені түзетеміз десе оп-оңай түзетіп әкетер еді. Біздің әр қазақ жігіті «Кир» деген періні тастап, қоймастан «қазақ», «қазақ» деген сөзді жұмсап, басқа жұрттың құлағына сіңдіріп үйрету керек.
Қазақстанның орталық үкіметі «киргиз» деген есімді жойып, «қазақ» деген есімді қолдануға жарлық (декрет) шығару керек. Қазақты «қазақ» дейік, тарихи қатені түзетейік!».
Ұлт атауы зиялы қауымды бей-жай қалдырмады. Бұған Шоқан Уәлихановтың орыс зиялы қауымының алдында «Біз қырғыз емеспіз, біз қазақпыз» деуін және Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов шығарған газеттің басқа емес дәл «Қазақ» аталуын да айғақ етуге болады.
Ұлттың атауына келгенде бәрі түсінікті, ел қамын жеген азаматтар әбден ойланып, толғанып барып қабылданған шешім. Ал Қызылорда атауы ше? Бұл жайында тарихшы ғалым Х.Тұрсын өзінің «Алаш қозғалысының оңтүстік қағанаты» атты еңбегінде архив құжаттарына негізделген мәлімет келтіреді. Бұл деректер «Движение Алаш (сборник материалов судебных процессов над Алашевцами)» деп аталатын Еуразия ұлттық университетінің «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының жетекшілігімен шығарылған үш томдық кітаптың үшінші томында да берілген. Ғылыми еңбекке Дінше Әділовтің 1928 жылы ОГПУ тергеушісіне берген жауабы енгізілген. Онда: «Қожанов, мен, Есболов Табынбаевтың үйінде түскі ас іштік. Съезд аяқталуға таяған еді. Сол кезде үкімет көшіп келген Ақмешіт қаласының атын өзгерту мәселесі көтерілген болатын. Жаңа астананы қалай атау жөнінде ойластық. Қызылорда атауын алғаш ағартушы-ғалым Қоңырқожа Қожықов ойлап тапты. Одан «неге?» деп сұрадық. Бұл қос қатпарлы атау, ол екі жақты да қанағаттандыруы тиіс екенін айтты. «Қызыл» – демек большевиктерге ұнайды, ал «Орда» – ұлттық атау. Демек ол жақ та, бұл жақ та кінә арта алмайды. Бұл ұсыныспен келістік. Сұлтанбек Қожанов съезде кезектен тыс сөз алып, ұсыныс жасады: бірінші ұсыныс Қырғыз республикасын Қазақ республикасы деп атау керек десе, екіншісі – Ақмешіт қаласын Қызылорда деп атау жөнінде. Съезд екі ұсынысты да бірауыздан қабылдады» делінген. Бұдан Қызылорда атауын съезде көпшілікке ұсынған Сұлтанбек Қожанов болса, оны ойлап тапқан Қоңырқожа Қожықов екенін көруге болады.
Тәуелсіздік алғалы бері Қызылорда атауына байланысты түрлі пікір айтылуда. Жалпы Қызылорда сөзін кеңестік заманмен байланыстыратындар аз емес. Сол себепті «Ақмешіт» немесе «Қамысқала» деген тарихи атауын қайтарайық деген де бастама көтерілді. Тіпті облыс атауын Сырдария деп өзгертейік деген ұсыныс та болған. Ақмешітті Қызылорда деп атаған арыстарымыздың бізден әлдеқайда білімді, қай жағынан келсе де он орап алатын қабілеті болғанын ескеруіміз қажет. Осы ретте өткен жылы филология ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата университетінің профессоры Аман Абасиловтың облыстық «Сыр бойы» газетіне жарияланған «Қызылорда атауына терең бойласақ» деген мақаласынан үзінді келтіре кетейік. Ғалым: «Ол заманның зиялылары алыстан ойлайтын ұлылар, абыздар ғой. Алаш арыстарының азат ойлай алатыны, сөз мағынасы тек лингвистикалық білім ғана емес, дүниелік білім беретіндігіне де жіті көңіл аударғаны таңғалдырады. Белгілі әдебиетші-ғалым Ғабит Тұяқбаевтың Әзербайжан еліне барған іссапарында өзін қарсы алған әзербайжан әріптестерінің «Қызылорда» атауын «Алтынорда» мағынасында қолданғанына риза болдым деп айтқаны бар еді. Міне, бұл атаудың түркілік дүниетанымды білдіретіндігінен де хабар береді. Сондықтан «Қызылорда» атауына сол ұлыларымыз сияқты байыппен қарағанымыз дұрыс» деген пайым жасайды.
Қалай десек те Қызылорда атты қаланың жаңа атауы 1925 жылы жұртшылық тарапынан қолдау тапты. Қызылорда уездік қалалық Советі атқару комитеті осы тұрғыда жаңа қаулы шығарып та үлгерді. Бұл қаулыға сәйкес барлық мемлекеттік кооперативтік және тағы басқа ұйымдар, өндіріс орындарын, мекемелер басқа ұйымдар, бір ай мерзім ішінде барлық штамптар мен мөрлерін ауыстыруға міндеттелді.
Астана мәртебесіне қол жеткізгеннен соң түрлі мекемелер мен өндіріс орындарының іргетасы қалана бастады. Орта және арнаулы оқу орындары бой көтерді. Тағы бір айта кетерлігі, ғылыми-зерттеу, жер қыртысын зерттеу, мал дәрігерлік-бактериологиялық және де басқа институттар өз жұмысын осы қалада бастаған.
Сол тұста әуе қатынасы мен байланыс жүйесі іске қосылды. 1926 жылы маусым айында аспанға тұңғыш рет Қызылордадан ПО ұшағы көтеріліп, Мәскеуге бет алды. Бұл ұшақ Қазақ Республикасының астанасы Қызылордадан Мәскеуге әуе жолын ашқан алғашқы рейс болатын. 1925-1926 жылдары білім беру институты, кеңес-партия мектебі, медицина, қаржы, көлік-механикалық, геоботаникалық сала мамандарын дайындайтын техникумдар ашылды. Тұңғыш театрмен қатар «Еңбекші қазақ», «Советская степь» республикалық басылымдары шыға бастады.
Кеңес заманында қалада қатырма қағаз, аяқ киім, механикалық және күріш зауыттарымен қатар бірнеше фабрикалар іске қосылды. Қызылордада педагогикалық институт пен Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институттарының филиалы және бірнеше арнаулы оқу орындары жұмыс істеді. Облыс көлемінде көптеген мектеп салынды.
Атынан айналайын, Ақмешіт, бүгінде ерекше қарқынмен дамып келеді. Соңғы деректер бойынша аймақта 800 мыңға жуық адам тұрады. Сылаң қаққан Сыр мен қарт Қаратауды, Қызылқұм мен Бетпақ даланы қабат қоныстанған облыс аумағы да кең. Оның жалпы көлемі – 226 мың шаршы шақырым. Бұл – бүкіл қазақ жерінің 8,3 пайызы. Еуропаның Австрия, Венгрия, Бельгия, Чехия, Швейцария сынды мемлекеттері облыс төңірегіне түгелдей сияды. Тіпті алпауыт саналатын Германия жері Қызылорданың аумағындай ғана екен.
Біз облыс аумағының кеңдігін ғана сөз еттік. Оның көркемдігін тілмен жеткізу, тіпті, мүмкін емес. Аралдан Жаңақорғанға дейінгі аралық небір кереметтерге толы. Ал енді Сырдың бас қаласы – Қызылорда жайында сөз қозғайық. Бұл қала Ақмешіт, Перовск, Қызылорда, секілді әр кезеңдерде әртүрлі атауға ие болған. Тарихи деректерге сүйенсек, 1818 жылы Қоқан хандығы кезінде Сырдария бойында алғаш қорған ретінде салынған. Оның ішіндегі ақ кірпіштен өрілген мешіттің түсіне сай бекініс Ақмешіт деп аталды. 1853 жылы Орынбор генерал-губернаторы В.А.Перовский қоқандықтармен соғысып, жеңіске жетеді. Қала Перовск аталып, 1867 жылы ол Сырдария уезінің орталығына айналады. 1922-1925 жылдары қала қайтадан Ақмешіт атанды.
Еліміз тәуелсіздік алған соң Қызылорда өз дамуын тоқтатқан емес. Бүгінде халықтың әл-ауқаты артып, қаланың аумағы кеңейіп келеді. Тәуелсіздік жылдары облыс аумағында 300-ден аса білім беру және денсаулық сақтау нысандары салынды. Аймақта Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік және Болашақ университеттері мен бірнеше колледждер жұмыс жасауда. Олардан білім алған шәкірттер еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі салада қызмет атқаруда. Қазіргі заманға лайықталған соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған медициналық, диагностикалық және қайта сауықтыру орталықтары салынды. Бүгінде облыс даму қарқыны бойынша еліміздегі көшбасшы аймақтар қатарына қосылды. Әртараптандыру шаралары белсенді түрде жүргізілді. Нәтижесінде аймақ экономикасының жаңа құрылымы қалыптасты. Тұрғын үй құрылысы бойынша да ауыз толтырып айтарлық жаңалық жеткілікті. Тіпті Сырдарияның сол жағалауынан жаңа қаланың іргесі бой көтеруде. Облыс аграрлық аймақтан индустриалды-аграрлық өңірге айналды. Соңғы жылдары 30-дан астам жаңа мұнай кеніштері ашылды. Уран өнеркәсібі дамытылуда. Әлемдегі ең ірі ванадий кенішінің бірі – «Баласауысқандық», алтын, басқа да бағалы кен орындарын игеру қолға алынған. Әлемдегі ең ірі қорғасын-мырыш кен орны – «Шалқияның» жұмысы қайта жанданды. Шикізаттық емес секторды дамытуға да ден қойылған. Қазір тамақ, құрылыс және химия өнеркәсібін дамыту бойынша жұмыстар атқарылуда. Облыс орталығында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары өңір әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді.
Осы мақаланы дайындау үшін де архив деректері мен бұған дейінгі еңбектерді сараладық. Облыстық кітапханаға барып, бірнеше туындыны оқыдық. Байыптап қарасақ, Ахмет Байтұрсыновтың «Әліп Би» (Жаңа құрал) атты еңбегі 1926 жылы Қызылордада басылыпты. Бұл кітап осы күнге дейінгі жарық көрген басқа да әліппелердің бастауы екенін ұмытпау қажет. Бұдан бөлек Сәкен Сейфуллиннің «Тұрмыс толқынында», «Жер қазғандар», «Экспресс» атты туындылары, Ілияс Жансүгіровтің «Сықақ», «Шәркей», «Сағанақ», «Жаңқа» атты кітаптары да Қызылорда астана болған кезде осы қаладан шыққан. Бүгінгі психологтар негіз ететін Жүсіпбек Аймауытовтың «Психология» атты еңбегі де, Тұрар Рысқұловтың «Қазақстан» атты туындысы да Қызылордадан шыққан. 1929 жылға дейін жарық көрген кітаптардың кейбірі төте жазумен басылған. Бұл еңбектер бүгінде Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапхананың «Сирек қорлар» бөлімінде тұр. Бізге Гүлдерайым Қосназарова мен Жанна Сәрсеновадай кітапханашылар жөн сілтеп, сұраған кітабымызды тауып берді. Бұл жерде Ораз Исаев пен Смағұл Сәдуақасовтың да дүниелері бар екенін айта кеткен жөн.
Қала ахуалына қатысты белгілі бір кезеңді қамту үшін Қызылорда тарихы жайлы кітаптарға ден қою керек. Сыр өңірінің бас қаласы жайында зерттеушілер бірқатар еңбек жазған. Мәселен, «Сыр өңірінің тарихы 1998 жылы көне заманнан бүгінге дейін», М.Кереев пен Қ.Ахметовтің «Ученые записки», қаланың 150 жылдық даму тарихын қамтитын «Город Сырдарье» атты еңбектер мен Қ.Ахметованың «Преображенная земля» кітаптары сөзімізге дәлел бола алады. Мұнан бөлек 1980 жылы баспадан шыққан Ы.Қалиев пен Е.Шілдебаевтың «Дария жағасындағы қала» атты еңбегі, Тәңірберген Мәмидің «Қызылорда астана болғанда» еңбегі 1920-1930 жылдардағы ауызша-жазбаша деректерді сипаттайды. Мәди Кереев пен Бақберген Досманбетовтің қаланың 180 жылдығына арналған «Қызылорда» кітабы, 2002 жылы Жақсылық Рахматулланың «Тәуелсіздік толғауы», Кемелбек Сағымбайұлының «Қазыналы Қызылорда» туындылары қала тарихына бағытталған шығармалар қатарына кіреді. Біз газетіміздің алдағы санында осы және басқа да еңбектерді басшылыққа алып, архив құжаттары мен музей жәдігерлерін негіз етіп, мақалалар топтамасын ұсынатын боламыз.
Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!