Дүйсенбі, 04 қараша, 03:12

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№87-2097
02.11.2024
PDF мұрағаты

Нұрлыбек МЫҢЖАСОВ, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры: «Алаш қайраткерлері халықтың саяси-мәдени деңгейін өсіруге қызмет етті»

21.12.2021

1407 0

Қызылорда – күллі қазақ елінің ортақ мекені. Бұл жерде қазақтың үш бірдей астанасы орналасқан. Сыр өңірі сонысымен де тарих беттерінде қатталып, ұлтымыздың дамуы жолында өз қолтаңбасын қалдырған аймақ болып есептеледі. 1925-1929 жылдары Қызылорда астана атанған уақытта осы өлкеге Алаш зиялылары талай мәрте келіп-кеткені тарихтан белгілі. Осы орайда белгілі ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Нұрлыбек Кәрібозұлы Мыңжаспен газетіміздің «Ақмешіт Қызылорда болғанда» айдары аясында аз-кем сұхбаттасқан едік.

Нұрлыбек МЫҢЖАСОВ, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры: "Алаш қайраткерлері халықтың саяси-мәдени деңгейін өсіруге қызмет етті"

– Аға, Алаш зиялыларының Ақмешітке келуі туралы не айтасыз?

– Алаш арыстары десек, Ақмешіт, иә болмаса, Қазақ Республикасының тұңғыш астанасы, тарихи қазақ атауын қайта иелену десек ойымызға Қызылорда түседі. 1925 жылдың 15-19 сәуірі аралығында осында өткен жалпықазақтың 5-ші сьезі ұлт тарихының жаңа кезеңі еді. Мемлекеттілігімізді сипаттайтын атрибуттардың бірі ретінде астанамыз белгіленді. Ұлтымыздың қазақ деген тарихи атауы қайтарылды. Орталықты Орынбордан басқа қалаға ауыстыру туралы мәселе 1925 жылдың 9 ақпанында Қырғыз Орталық атқару комитетінің президумында қаралды және қорытындысында жаңа қазақ астанасын Ақмешітке көшіру туралы қаулы қабылданды. Қазақ Республикасының бас қаласын ауыстыруға бұдан 2 ай бұрын, яғни, 1924 жылдың 29 желтоқсанында сол кездегі Қазақ обкомының екінші хатшысы, республика орталық атқару комитетінің төралқа мүшесі Сұлтанбек Қожановтың Ресей Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы Сталинге жазған хаты түрткі болды.

Тәжірибелі саясаткер ол хатында «…Тереңдеу керек, қазақ бұқарасына дендеп ену керек, шынайы реңкі бар партиялық қоғамдық пікір туғызу ләзім, қажет кезде тек «бастыққа» емес, бұқараға жүгінуді дәстүрге айналдырған жөн», − деген мәселе көтерді, өйткені қазақтың 20-жылдардағы партиялық ортасына негізсіз егес, ұрыс-қағыс, саясатшыл мен ұшы-қиырсыз ру мүддесін күйттеу жолында теріс істі жанталаса қостай кету әдеттері тым дендеп сіңіп кетті» деп ашық жазған болатын.

Сұлтанбек Қожанұлы 1925 жылғы 19 ақпанда Қазөлкекомның жауапты хатшысы (республикадағы екінші дәрежелі лауазым) болып тағайындалады. Ұлт қайраткерінің сол кездегі бір үлкен еңбегі – астананың Ақмешітке көшуіне мұрындық болуы. «Қазақстан астанасы орыстың туы тігілген қалада емес, қаласы жоқтықтан, қазақтың киіз ауылында болса да, қазақ ұлты жұртшылығына жуық болуы керек. Қазақ ұлт мемлекетшілігіне әдемі қала, ыңғайлы үйлер керек емес, жаман да болса өз ордасы болуы керек. Орынбордан көшпей, қазақ ұлтының ішкі тіршілігі оңдалып, қазақ еңбекшілерінің көпшілігінің қамына керекті шаралар іс жүзінде істелуі қиын» деп табанды ұстанымда болған ұлтшылдардың бірі осы кісі еді.

– Қазақ зиялыларының Қызылордаға келгендегі ең әуелгі жұмысы неден басталды?

– Әрине, Алаш зиялылары Ақмешітпен бұрыннан таныс. Олар саяси қызметтерін жоғарыда сөз болған 5-ші сьездің шешімдерін орындаудан бастады. Өйткені ел тағдырындағы күрмеулі мәселелер осы алқалы жиында талқыланып, оң шешімін тапты. Ел тарихының жаңа беті ашылды.

Ахаң бастаған қазақ ұлтшылдары Советтік Қазақ Республикасын құру кезеңіндегі атқарған саяси қызметтерін жалғастырды. Сол кездегі Ә.Бөкейхан жетекшілік еткен қазақтың саяси элитасы бұған дейін қазақтың дербес Республика атанып, ұлттық автономия болуына қол жеткізді, сондай-ақ Ресеймен және Орталық Азия елдерімен шекараны анықтап алды. Бұл үлкен жетістік еді. Ал мемлекетішілік өзекті мәселелердің бірқатары сьездің күн тәртібіне қойылды. Егер қаралған мәселелерді таратып айтсақ, «1925 жылы 15-19 сәуір аралығында Қырғыз (Қазақ) АКСР Кеңестерінің бесінші бүкілқазақ съезі Ақмешіт қаласында өтті. ҚазОАК төрағасы С.Меңдешев сәрсенбінің сәтті күні съезді салтанатты түрде ашық деп жариялап, бір республика құрамына біріккен қазақ халқын құттықтады.

Съездің күн тәртібінде төмендегідей мәселелер қарастырылды: 1) Қазатком мен Қазхалкомның есептік баяндамасы; 2) ҚАКСР-дегі халық ағарту ісінің кезекті міндеттері туралы; 3) ҚАКСР-дегі жерге орналастыру мен суару туралы; 4) Сауда мен кооперация туралы; 5) ҚАКСР-дегі қаржы жағдайы; 6) Қазатком құрамын және Кеңестердің Бүкілресейлік съезіне делегаттар сайлау. Съезге барлығы 394 делегат шешуші және 52 делегат кеңес беруші дауыспен қатысты. Осы кезден бастап алаш қайраткерлері белсенді қызмет атқара бастады. Олар бір ортаға шоғырланып тек саяси ғана емес, шығармашылық жұмыстарын да жемісті жүргізуге мүмкіндік алды. Мысалы, А.Байтұрсынұлы Қазақ халық ағарту институтын басқарды. Т.Жүргенов Мәдениет саласына жетекшілік жасап, 1926 жылы театрды ашты. Сол жылы инженерлердің жетістігі ретінде жаңа электр стансасы іске қосылды. Бұған дейін Ә.Бөкейхан Мәскеуде, А.Байтұрсынұлы Орынборда, Ә.Ермеков пен С.Сәдуақасов Семейде, Міржақып, Мағжан, Жаһанша, Халел, Сұлтанбек ағаларымыз – Ташкенде болатын. Жалау Мыңбаев 1925 жылдың сәуірінен

Қазақстан Орталық Атқару комитетінің төрағасы болып сайланады. Қызылорда астана болған тұста ол Өлкелік ауылшаруашылығының жәрдемдесу комитетінің және астана құрылысын салу жөніндегі комиссияның төрағасы қызметін қоса атқарды. Алаш қайраткерлерінің қатарында бола жүріп «халық жауы» ретінде ату жазасына кесілген жалғыз қазақ әйелі Шахзада Шонанова 1928-1931 жылдары Қызылорда қаласында мектепке дейінгі балалар тәрбиесінің нұсқаушысы, Сырдария губерниялық партия комитетінде нұсқаушы болып қызмет атқарған. 1938 жылы 9 наурызда Алматы түрмесінде күйеуі Телжан Шонановтан 10 күннен кейін атылды. Сол сияқты Сыр топырағынан шыққан білімдарлардың бірі Иса Тоқтыбаев 1917-22 жылы Ташкенттегі Халық ағарту институтының директоры болып қызмет атқарған. Кейіннен Түркістан АССР Халық ағарту комиссариатының коллегия мүшесі болып сайланған. Қызылордада 1924-1929 жылдар аралығында жұмысшы факультетінің меңгерушісі ретінде ұлттық кадрлар даярлауға мол үлесін қосқан тұлға. Кейіннен, яғни 1932 жылы Ленинград ғылыми-педагогикалық институтының аспирантурасын бітіріп, Ленинград Кеңестік Шығыс халықтары институтын басқарған.

Міне, Алаш қайраткерлері аз уақыттың ішінде қаржы тапшылығына, кадрлық әлеуеттің төмендігіне қарамастан осындай ауқымды жұмыстар атқарып, халықтың саяси-мәдени деңгейін өсіруге қызмет етті. Жоғарыда аталған 5-ші сьезде тағы бір жерлесіміз Б.Аралбаев Орталық Атқару комитетінің хатшысы болып сайланды. Өлкеде Кеңестік құрылысты дамыту, Ұлттық кадр даярлау ісіне ұйытқы болды. 1928 жылы әкесі Жантөренің кәмпескеге ұшырауына байланысты Ақтөбе облыстық банкісінің басқарушысы қызметіне ауыстырылды. 1933 жылы «халық жауы» деп тұтқындалды.

– Қазақ қоғамында ғылыми бағытымызды дамыта түсу үшін бізге не жетіспейді? Ғалым ретінде көзқарасыңыз қандай?

– Жетіспейтін басты нәрсе бар. Ол – ғылымды білім саласынан бөлу. 90 жылдардың басында оңтайландыру деген саясаттың желеуімен бұл екеуін біріктірдік. Одан не ұттық? Менің түсінігімде ғылым саласы дербес дамуы тиіс. Кешегі кеңес үкіметі тұсында солай болған. Бірнеше бағыттағы ғылыми-зерттеу институттары 1946 жылы Қаныш Сәтпаев құрған Ғылым Академиясына шоғырландырылған еді. Сол арқылы ғалымның ғылыммен шұғылдануына жағдай жасалды, мүм-кіндіктер берілді және сапалы ізденістер жүргізіліп, нәтижелер де алынды. Қазір ғалымдарда шығармашылық еркіндік жоқ. Олар нәпақасын колледждер мен жоғары оқу орындарында сабақ берумен тауып жүр. Ғылым ғалым үшін екінші кезектегі мәселеге айналды. Дана Абай «кез келген хакім ғалым бола алады, кез келген ғалым хакім бола алмайды» деп айтады. Мұғалім мен ғалым да сондай. Отандық ғылымның дамуына кедергі келтіретін фактордың бірі – экономикалық даму тенденциямыз. Мәселен, еліміздің экономикасы шикізатты тікелей сатуға негізделгендіктен мемлекет ғылыми нәтижелер мен жаңалықтарға зәру емес. Демек ол өндіріске қажет болмай тұр. Бұған қарап, ғалымдар ізденуді тоқтатқан деген ой тумауы керек. Қазақстандық ғалымдардың әр сала бойынша ауыз толтырып айтатын жетістіктері өте көп. Өкініштісі, сол жаңалықтар халықтың әл-ауқатын көтеруге қажетті деңгейде жұмыс істеп жатқан жоқ. Көпшілігін өндірісін ғылымға негіздеп дамытып отырған шет елдер әкетіп жатыр. Пайдасын солар көруде. Ал әу бастан ғылымның басты функциясы, яғни міндеті – адамдардың өмірін жеңілдетуге қызмет ету еді. Міне, осы себепті де алдағы уақытта ғылымға мемлекет тарапынан қолдау, ғалымға тиісті қамқорлық көрсетілуі керек.

– Ұлттық кодымыздың негізгі тетігі руханиятта жатыр. Ал «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басым бағыттары деп нені атап өтер едіңіз?

– 2017 жылдың сәуірінде мақала түрінде өмірге енген «Рухани жаңғыру» бағдарламасының 6 бағыты белгіленді. Олардың мына бағыты мына бағытынан басым деп бағалауға болмайды. Әрқайсысы бағдарламаның құрамдас бөлігі, соның тұжырымдамасының өзіндік маңызы. Басқалай айтқанда, егер белгіленген 6 бағыттың бір-екеуіне мән бермесеңіз, бағдарламаның стратегиялық межесіне, көзделген мақсатқа жете алмайсыз. Себебі кешенді жоба болғандықтан да онда үлкен-кіші, ұсақ-түйек деген болмайды. Рухани саладағы жұмыстың бәрі маңызды, бағалануы әртүрлі болуы мүмкін. Мен әуелгі екі жарым жылдай уақыт облыстық «Рухани жаңғыру» орталығына жетекшілік жасап, оның талаптарын іске асыру жұмыстарының басы-қасында болдым. Осы кезеңде көздері оттай жанып, жігерленіп, серпіліп жұмыс істеген талай шынайы патриот адамдарды көрдім. Біз бағдарламаның қажеттігіне сендік. Халыққа керек нағыз бағдаршам деп ұқтық. Сол сенімнің күші бізді алға жетеледі. Әрине, оның болашағына сенбегендер де жетіп артылатын. Билікке жақындап, қызмет қуып жүргендердің көпшілігі бұны белгілі бір кезеңде ғана қызмет ететін, кейін ұмытылатын идеологема деп түсінді. Ал санасын тұрмыс билеген бірқатар қарапайым азаматтар материалдық жаңғыруды емес, рухани жаңғыруды көздейтін мұндай нәрсені керексінген де жоқ деп ойлаймын. Расында, біздің рухымыздың әлсіздігінен және ұлттық намысты рулық намыспен ауыстырып алған тегеурінсіздігімізден мемлекеттік идеологияны ауыстыруға саяси-философиялық әлеуеті жететін осы бағдарлама бойынша жұмыстар бәсеңсіп барады.

– Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапхананың «Сирек қорлар» бөлімінде 1925-1929 жылдары жарық көрген басылымдар жинақталған. Осы жайында бірер сөз айтсаңыз…

– Кітапхана қорында Қызылорда қаласы Қазақстанның тұңғыш астанасы болған кездері баспадан жарық көрген 33 кітаптың көшірмесі сақтаулы тұр. Атап айтқанда, Сәкен Сейфулин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, Әбділда Тәжібаев, Асқар Тоқмағанбетов, Жүсіпбек Аймауытов, Тұрар Рысқұлов және тағы басқа да ақын-жазушылардың шығармалары бар. Кітаптардың басым көпшілігі араб қарпімен жазылған қазақ кітаптары. Сондай-ақ 1925-1929 жылдары шыққан «Положение об аульных и сельских советах с разьеснениями по применению его в Казахстане», «Народное хозяйство Казахстана», «Новые поселения в Казахстане», Д.Авксентьевский «Казахский Государственный Университет» және А.Байтұрсынұлының «Әліпби» кітаптары бар. Бүгінгі таңда ұлттық құндылықтарды бағамдаудың маңызы зор деп есептеймін.

Жазба мұраларды сақтау, бүгінгі ұрпақ игілігіне жарату – кітапхананың басты міндеті. Қызылордада жарыққа шыққан басылымдар өз тарихымызды саралауда басты тарихи дереккөз екені даусыз.

– Оқырмандардың басым бөлігін кімдер құрайды?

– Негізінен, оқырмандарымыздың басым бөлігі – ғылыми қызметкерлер, мұғалімдер, жастар, студенттер, балалар мен зейнеткерлер. Кітапханада оқу және шығармашылықпен айналысу үшін қолайлы жағдай жасалған. Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және шығармашылық алаңын қалыптастыру мақсатында кітапханада коворкинг орталық ашылған. Мұнда балалар мен жастардың шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған АРТ-студия жұмыс жасайды. Осында келушілер сурет салу, домбыра, фортепиано және би үйірмелеріне тегін қатысады. Сондай-ақ кітапханада «Жауқазын-ғұмыр», «Рауан», «Кездесу» қызығушылық клубтары және корей тілдерін үйрету үйірмелері бар.

– «Кешегі күн – тарих, ертеңгі күн – құпия, бүгінгі күн – сыйлық» деген сөз бар. Тарих жылнамасын ұрпақ жадында жаңғырту үшін нендей жұмыстар жасалу керек?

– 30 жылдық мерейтойдан кейін Мемлекет басшысы алдағы онжылдықтарға арналған өзінің стратегиялық бағдарламасын жариялайды деп ойлаймын. Сонда біраз мәселелер қайта қаралатын болар. Себебі бізге көп нәрсені қайта қалыптастыру қажет сияқты. Адами капиталды қолға алудың маңызы орасан зор. Жетістіктерге көбірек жеткен, тың жобаларды қолданысқа батыл енгізген Финляндия, Сингапур, Малайзия, Жапония сияқты елдердің тәжірибелері осыған үндейді.

– Тәуелсіздіктің басты құндылығы деп нені атар едіңіз?

– Тәуелсіздіктің басты құндылығы – тәуелсіз ел атанғанымызда. Оны алу бар да баянды ету бөлек. Көне мысырлықтар «уақыттан бәрі айбынады, ал пирамидадан уақыт та айбынады» дейді екен. Бұл уақыттың барған сайын қатая түсетін сынағына, барған сайын рухани шыңдала түсе алатындар ғана төтеп бере алатынын меңзеп тұрғандай. Демек тәуелсізбіз деп көп мақтану артық нәрсе. Ұлт жанашырларының бірі, академик Амангелді Айталы ағамыздың 2008 жылы «Байсалды ел байқаусыз қате жібермес» деген тақырыпта жинағы шықты. Сондағы бір сұхбатында философтың аузымен мынадай пікірді айтады: «жас мемлекеттер кейде мемлекет болғанына мақтанып, сол деңгейде қалып қояды… Және құлдық қамыттан шыққан мұндай елдер мақтаншақ болады. Біз «гүлденіп, өркендеп жатырмыз» дегенді жиі айтады. Мұндай елдер бақытсыз тұрмыстан бақытты қиял жасап алады». Бізге Сыр топырағынан шыққан ғалым, академик Асқар Жұмаділдаев ағамыз айтқандай, «ұлттығымызды сақтап қалғымыз келсе, технократтық дамуға бет бұруымыз қажет».

Сұхбаттасқан

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: