Жексенбі, 22 желтоқсан, 20:59

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Орынбордан басталған керуен

02.03.2021

2479 0

1924 жылы Түркістан республикасы таралып, Жетісу және Сырдария өңірлері Қазақ (Қырғыз) АКСР-іне қосылғандықтан халық саны 35 процентке артты. Осы тұста Орынбордағы қазақ зиялылары орысы көп шет қаладан астананы қалың қазақ ортасына көшіруді қызу талқылап жатты. Жалпы ел астанасы қылуға ұсынылған қала көп.

Негізінде қазақ зиялылары астана етіп Түркістан немесе Ташкент қалаларын таңдамақ болады. Алайда кейбір тарих зерттеушілердің арасында бас қаланы Орынбордан көшіру мәселесінің басы-қасында жүрген Сұлтанбек Қожанов «өз туған жері Түркістанға бүйрегі бұрды» деген әңгіме өрбімес үшін Ақмешіт қаласына тоқтаған деп айтылып жүр. Ал тарихшы Ахмет Тоқтабаевтың «Қазақстан астаналары» (Сен білесің бе?) кітабында қазақ интеллигенциясы Ташкентке көшіп бара жатқанда Сталиннен «тоқтатылсын» деген бұйрық жетіп, жол бойындағы Ақмешіт қаласы астана болып қалады деп жазылған. Тіпті кей тарихшылар астанаға Ақтөбе, Әулиеата, Атбасар ұсынылған делінген. Ақыры, 1925 жылдың наурызында Қазақ (Қырғыз) АҚСР Орталық Атқару Комитеті астатаны Орынбордан Ақмешітке көшіру туралы шешім шығарады.

Орынбордан басталған керуен

Ендігі кезекте қазақ халқының бас шаһары болып саналған Ақмешітті дамыту мәселе жолға қойылады. Бұл тұста арнайы комиссия мүшесі құрылып, қаланы зерттеуді қолға алады. Астананы ауыстыру мәселесін талқылау отырысында зерттеуші комиссияның төрағасы болып Аспандияр Кенжин тағайындалады. Сонымен қатар комиссия құрамында Мұхамеджан Тынышпаев пен байланыс саласының төрағасы С.Ақаев болды. Ол кезде Сыр бойы табиғаты өте бай, қыстан жұтамай шығатын өңір болған. Өзгелер Сыр елі десе тоқшылық пен молшылықты елестеткен деседі. Алайда сол кездегі тек уезд орталығы болған Ақмешітті ел ордасына айналдыру тұсында біраз қиыншылықтар болған. Ал жалпы қала құрылысына елеулі үлес қосқан – қазақтан шыққан тұңғыш инженер-теміржолшы Мұхамеджан Тынышпаев.

Жалпы Мұхамеджан Тынышпаевтың аталған салаға келуіне әкесі себепкер болған. Қарапайым малшының отбасында өскен баланың ерекшелігін Тынышбай байқайды. Баласының бір отар қойды лезде санай алатын қасиетін байқаған әкесі, болашақта малшының өмірі күтіп тұрған балғын баланың тағдырын мүлде өзге арнаға бұрып жібереді. Мұхамеджанды 10 жасында Верный қаласында генерал Колпаковский ашқан «Верный ерлер гимназиясына» оқуға жібереді. Білім ордасында Мұхамеджан математика мен тіл меңгеру сабақтарын оңай меңгерген. Оқу үлгерімі де жоғары дәреже көрсетіп, оқуын І  дәрежемен тәмамдайды. 1905 жылы мектепті  тәмамдағанда гимназия директоры аудармашы қызметін ұсынған. Алайда ол Санкт-Петербургтегі теміржол және байланыс корпусына баруды көздейді. Бұл ойын директор құптап, өтінішіне қол қояды. Кейінірек қызмет бабында ол Түркістанда Орта Азиядағы теміржол құрылысында инженер болып жұмыс істейді. Әмудария көпірі мен Түрксіб теміржолын салуға елеулі үлесін қосады. Онымен қоса Мұхамеджан Тынышбаев жаңа астана Ақмешітте қала құрылысын жоспарлау және оны жүзеге асыруда үлкен із қалдырған.

Орынбордан басталған керуен

Ол мүшелік еткен комиссияның алдында Голощекиннің бірнеше тапсырмасы тұрды. Қазақстан Республикасы Президенті мұрағатында сақталған «Пояснительная записка к регуляционному плану столицы КАЗАКСТАНА» атты архитектор қол қойған құжатта жаңа астана құрылысына қойылатын талаптар жазылған. Біріншіден, Қазақстанның басты әкімшілік орталығының жерін белгілеу және орталық алаңда әкімшілік және комиссариат ғимараттарын салу қажеттілігі жазылған. Кейін орталық көше мен вокзалды шағын бульвары бар көшемен байланыстыру керек. Бұл қаланың болашақ орталық көшесі болатындықтан орталық алаң мен сауда орындарын салу тапсырылған. Сондай-ақ жоспарда жаңа әкімшілік орталық пен қаланың бұрынғы аумағын Карл Маркс, Полгорацко және Першина көшелері арқылы байланыстыру қажеттілігі жазылған. Қаланы жағалаумен байланыстыру, теміржолдың екі жағына да үйлер салу да жоспарға енген. Сонымен қатар қаланы гүлдендіру мақсатында көгал мен гүл егілмек болған.

Осы жоспарларды жүзеге асыру үшін комиссия дайындық жұмыстарына 200 000 рубль ақша бөледі. Vlast.kz сайтында 2018 жылдың 30 қазанында Светлана Ромашкиннің «Красная столица: Как переносили центр из Оренбурга в Кызылорду» атты мақаласы жарық көрген. ҚР Президенті мұрағатынан алынған архивтерге сүйеніп жазылған мақалада Кенжиннің комиссиясы 1925 жылдың 20 ақпанында Ақмешітке аттануы қажет болады. 20 күнде комиссия Халықтық комитеттерді орналастыратын үйлер, монша, клуб, театр мен қойма секілді маңызды нысандарды орналастыратын мекеме немесе үй тауып, комиссия шешімін баяндау қажет болады. Сонымен қатар М.Тынышбаев қаланың санитарлық жағдайын, яғни сумен жабдықтау, жылу жүйесі мен бөгет, суару жүйелерінің жағдайын анықтау керек.

Ол кезде тек уезд орталығы болған Ақмешіттің 1920 жылғы санақ бойынша  9993 тұрғыны болған. Қалада ешбір фабрика, зауыт орны болмағандықтан халық тек саудамен айналысқан. Кенжин бастаған комиссия қала құрылысын жоспарлап, сол құрылыспен өздері айналысу қажет еді. Осы мақсатпен Кенжин бастаған топ Ақмешітке аттанады.

Болашақ бас қаланың келбеті көңіл көншіте қоймайды. Өйткені бұрын орталық сауда жолы болған қаладан еврейлерді көшірген соң коммерциялық сала кенде қалған. Революция мен азаматтық соғыстан кейін тұрғындар құрылыс туралы ойлауды да қойған. 1925 жылға қарай Ақмешітте небәрі 941 үй болса, оның 126-сы муниципалдық болған. Отын тапшылығына байланысты Богданов, Балтабаев және қалалық бақтардағы ағаштардан түк қалмаған. Ақмешітте ауыз су жоқ болғандықтан құдықтан су алып ішуге мәжбүр болған. Телефон жүйесінде тек 12 абонент, ал жарық тек вокзал аумағындағы жерде, емделушілер үшін тек 15 төсек орны бар екі дәрігер жұмыс істейтін бір емхана қызмет еткен. Бұл мәселені баяндаған комиссия дәл осы жерге 83 мемлекеттік мекеме мен 1300 қызметкерді орналастыру үшін барлық жағдайды жасауға міндетті еді.

Ақмешітте қызмет етіп жүрген комиссия әр 3-4 күн сайын  жиналыс жасап, түнгі уақытқа дейін талқылайды. 1925 жылдың 4 қаңтарындағы мәлімет бойынша қалада 225 жұмыссыз адамның тек 10-15-і ғана құрылысшы болған. Бұл көрсеткіш жаңа астана құрылысына тым аз еді. Оның үстіне құрылысқа қажет ағаш, цемент, бояу, әйнек пен қаңылтыр секілді заттар тым жеткіліксіз еді.

Тынышбаев комиссия отырысында қалада 387 080 шаршы метр тұрғын аумағы бар екенін, оларды жөндеуге 240 490 рубль қажеттігін және қаладағы 3 монша болашақ астана тұрғындарына қызмет етуге қауқарсыз екенін баяндайды. Сондай-ақ ол су жүйесін салудың сметалық құжатын ұсынып, қаланы тоқпен қамтамасыз етуге 150 000 рубль кететін жеткізеді. Мәскеу-Ақмешіт байланыс жолын жасақтау керектігін еске салып, отырғызылатын ағаштарды суғару үшін арық қазу керектігін және арнайы ағаш отырғызу күнін белгілеп қойғанын айтады.

Жалпы ол кезде қаладағы арықтар күл-қоқыспен бітеліп, қала шеті тұрмыстық қоқысқа толып қалған. Ал канализация жүйесінің құрылысына 440 мың рубльді қажет ететін жоба-сметалық құжаты дайындалған. «Болашақта солтүстік-шығыс бағытта қаланың дамитын орны белгіленді, одан бөлек қала ішінде бос жатқан жерлер бар. Жаңа ғимараттардың құрылысы үшін 2 340 000 рубль қажет. Саябақтар, бульвар мен бақшалар белгіленген қаланың толық сызбасы уақыт тығыздығына байланысты белгіленбеді» деп Мұхамеджан Тынышбаев өз баяндамасына жазады.

Қала құрылысы кезінде бас инженер көп қиындыққа тап болады. Жұмысшы да жеткіліксіз. Одан бөлек, 1925 жылы 13 мамырда Тынышбаев босату туралы хабарланса да тұрғындар үйлерінен шықпай отырғанын, бұл өз кезегінде жөндеу жұмыстарына кедергі келтіретінін мәлімдейді. Ал өз кезегінде Нұрмақов басқарған Халық Комиссиялары Кеңесі инженерге қала құрылысын 1 маусымға дейін аяқтауды тапсырып, өңірлік бюджеттен 50 мың рубль қаражат бөледі.

Жаңа астананың келбетін жаңарту, ретке келтіру үшін бұл уақыт тым аз еді. Себебі қала көшелері күл-қоқысқа толы болатын. Оны тазалауға шамамен бір ай уақыт кетіп, кейде тіпті өртеу арқылы тазартуға мәжбүр болған. Қаланы жазда шаң мен топырақ басып қалатындықтан тез арада су жүйесін жөндейді.

1925 жылғы 1 маусымда өткен жиында комиссия қала құрылысы біраз қиындыққа тап болғанын айтады. Мәселен, отырғызылған ағаштардың көбісі өспей қалған, Су жүйесіне бөлінген қаражат басқа мақсатта жұмсалған, Мәскеу тікелей телефон жүйесін беруден бас тартқан. Ал Тынышбаев атқарып жатқан құрылысқа баяғыша тұрғындар кедергі келтірген, онымен қоса құрылыс материалдары да жеткіліксіз. Бұған қарамай, ол 25 маусымда үйлердің құрылысы мен жөндеу жұмысы толық аяқталатынын хабарлайды.

Алдағы құрылыс кезінде жұмысшылар өздерінің айлықтарын талап етеді. Бастапқы кезеңде мемлекеттік жоспарда қаражат нормаға сай бөлінеді делінгенмен қала құрылысы кезінде қиын жағдайда жұмыс істейді. 232 үйдің жөндеу жұмысын тез арада бітіру керек, алайда құрылысшылардың айлығын беруге қажетті 35-36мың рубль комиссия еншісінде жоқ.

Міне, осы қиындықтардың барлығына қарамастан 1925 жылдың 10 қарашасында астананы көшіру комиссиясы құрылыс жұмыстарын аяқтайды. Сонымен қатар Кенжин, Тынышбаев пен Ақаевтан құрылған комиссия алдағы 40 жылдық қала құрылысының жоспарын, даму деңгейінің сызбасын дайындап кетеді. Жоспарға қалада партиялық мектеп, мектеп, аурухана секілді маңызды нысандарды енгізеді. Бұл жоспардың құрылу себебі бұған дейін үкімет дайындаған Бас жоспарға ауыл шаруашылық маңызы бар және жеке жерлердің енуі болды.

Қысқасы, комиссия уезд орталығынан бас қала құрылысын жасап, 83 мемлекеттік мекеме мен 1081 қызметкерді орналастыру қажет болды. Сондай-ақ тұрмысқа қажетті барлық жағдай жасалып, әлеуметтік маңызы бар нысандар салу керек еді. Комиссия қала тұрғындарының қарсылығына, қаражат пен материалдық жетіспеушілікке, жемқорлыққа қарамастан қысқа уақыт ішінде өз қызметтерін атқарады. Яғни Кенжин, Тынышбаев пен Ақаевтың командасы Ақмешіт уезд орталығын Қызылорда атты бас қалаға айналдырды.

А.Айдосов, Ы.Қалиев пен М.Кереевтің «Қызылорда» атты кітабында «Қызылорданың Қазақстан астанасы болуымен тарихтың жарқын беттері ашылды. Еліміз жаңа бір қоғамдық құрылыстың ғимаратын қалай бастады. Бұл кезде қаланың тұрғыны 22577-ге жетті» деп жазылған. Сондай-ақ авторлар сол уақытта «Астана» мәртебесі қалада түрлі мекеме мен өндіріс орындарының ашылуының себепшісі болды деп жазады. Қалада батпақтан соғылған соқпақ тамның орнын жаңа үлгіде салынған үйлер басып, қайда барса да қарқынды құрылыс жүріп жатқан. Сондай-ақ кітапта ел астанасы болған Қызылордада оқу-білім мен ағартушылық та дами түскені туралы жазылады.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: