Жексенбі, 22 желтоқсан, 21:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Қазыналы Қышқала

20.08.2022

1523 0

Қызылорда облысының тарихи-мәдени мұралар тізіміне енген ортағасырлық Қышқала қалашығының бүккен сырлары ашыла бастады. Оған қазба жұмыстарының барысында  табы­лып жатқан тарихи жәдігерлер куә. Сыр өңіріндегі Қышқала қалашығы – ерекше сәулет ескерткіштерінің бірі.

XIII-ХV ғғ. өмір сүрген қала орны 1243 жылдан бері  Қышқала аталып келеді. Қышқала аталуының себебі – қала құрылысы күйдірілген қыштан құрылған. Ол Қызылорда облысының Қоғалыкөл ауылының маңында, 30 шақырымға жуықтайтын жерде орналасқан. Жалпы аумағы 40-50 шақырымды құрайды. 2018 жылы мамыр-маусым айларында тарих ғылымдарының докторы Мадияр Елеуовтің жетекшілігімен археологиялық зерттеу жүргізіліп, ортағасырлық сәулет өнерінің жарқын үлгісі аршылды. Археолог мамандардың айтуы бойынша, өз тұсында шаһар келбеті Сығанақ, Сауран секілді сән-салтанаты келіскен шаһарларға ұқсас болғанын айтады. Қышқаладан сәулеті ерекше сегіз қырлы көне ғимараттың орны табылды. Ол құм қойнауына бойлаған сайын археологтарды түрлі жәдігерлерімен тамсандыруда. Сегіз қырлы ғимарат сол дәуірдегі сәулет өнерінің ерекше үлгісіне жатады. Бұл нысанды ғалымдар медресе деп жорамалдап отыр. Бүгінде көне шаһардың екі ғимараты ашылды.  Шаһардағы екі қазбаның бірі – мавзолей болса, екіншісі – шаруашылық орталығына саяды. Батыс бөлігінде орналасқан ғимаратты Қожа Ахмет Яссауидың кесенесіне ұқсас салынған мінәжәт орны деген болжамдар да бар.

Ғимараттың сәулеттілігі өте ерекше, тіпті Қазақстанда аналог жоқ деуге де болады. Себебі сырты сегіз қырлы етіп соғылған ғимараттың ішкі бөлігі де симметрияны сақтай отырып, сегіз қырлы етіп, ортасына бағандар қойылып жасал­ған. Сәулет ескерткішінің дәл осындай ерекше түрі көп кездес­пеген деседі. Экспедиция барысында қабырғасы ою-өрнекпен көмкерілген, бедерленген қыш кесектер, глазурленген  күмбез­дің сынықтары түрлі-түсті мозайкалар қаланың әсем келбе­тін айшықтай түседі. Сондай-ақ араб жазулары стиліндегі өр­нектері сәулет өнеріндегі ислами элементтердің бастау алып келе жатқан байқатады. Геометриялық ою-өрнектер тобына жататын төртбұрыш, домалақ сопақша, ромб тәріздес өрнектер де жиі кездеседі.

Бұл аумақтан қыш өндірген пеш табылған. Тарихшы ғалымдар қазба барысында табылған жәдігерлерге сүйене отырып, қаланың Қазақ хандығына тиесілі болғанын айтады.

Қышқалаға 2018 жылы жүргізілген қазба жұмыстары  Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі қорын құнды жәдігерлермен толықтырды. Қалашықтың тарих сахнасынан не себепті жойылғаны жөнінде әзірге нақты дерек жоқ. Болжам бойынша, Сыр арнасы өзгеруіне байланысты халқы көшіп, қаңырап қалған болуы мүмкін. Тарихи деректерде Х-ХІ ғасырларда оның ірі сауда және қолөнер орталығы болғандығы айтылады. Қала Қышқала деп аталғанымен тарихи атауы ұмыт қалған. Қала орнына өткен ғасырда П.И.Лерх, кейін В.А.Каллаур, 1946 жылы С.П.Толстов бастаған Хорезм археологиялық экспедициясы зерттеу жүргізген.

Қалашықта теңге соғатын сарай болғаны да белгілі. Тарихи жазбаларда Алтын Орда тұсында да ірі саяси, мәдени және білім ордасы болғандығын көрсетеді. Бұл қалашық туралы мәліметтер орта ғасыр тарихшылары мен елшілердің қолжазбаларында көптеп кездеседі. Ғалымдардың айтуынша, Ұлы Жібек жолының бойында орын тепкен қалалардың орталығы болған. Бұл қала Сырдарияның төменгі ағысында кездесетін қалалардан өзгеше. Қазіргі мәдениет осы қаладан бастау алғандай көрінеді. Мұндай болжамды  қала аумағынан аршылған құнды жәдігерлер де нақтылай түскендей. 2020 жылы Қызылорда облысы Сырдария ауданындағы Қышқала қалашығына жоспарланған археологиялық зерттеу жұмыстары қайта жүргізілген болатын. Биыл қалашықтан  Қазба 5,6,7 және стратиграфиялық кесік жүргізіліп, соның нәтижесінде табылған құрылыс заттары, археологиялық заттар есепке алынып, облыстық тарихи-өлкетану музейінің қоры тағы да жаңа археологиялық олжалармен толықты.

Гүлжанар Оразалиева,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің

ғылыми қызметкері

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: