Жексенбі, 22 желтоқсан, 18:03

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

«Қожайын кім?», «Құл кім?» немесе Алтын орда тарихына үңілгенде туған ой

17.05.2022

1989 0

Осы суретті көрген сайын Алтын орданың қаншалықты дәулетті, дәуренді һәм ұлы мемлекет болғанын сезіне түсемін. Бір қарағаннан кімнің құл, кімнің қожайын екенін аңғартып тұрғандай әсер қалдырады. Кейде, тіпті рухтанып, орысша сайрайтындарға “құлдың” тілімен сөйлеме деп айтып салғым да келеді. Әттең…

Осы бір картинаның тарихы жөнінде қалам тербеп, көлемді мақала жазған қаламгер ағамыз Ақайдар Ысымұлы бұл керемет олжа суретті Мәскеуден елімізге жеткізген Сыр мен Балқаш перзенті, техника ғылымдарының докторы, профессор, коллекцияшыл Тәуке Әнесұлы Алтынбеков екенін айтады.  Жазушы: «Назарларыңызға ұсынылып отырған суретке зейін қойып қараңыздаршы. Бұл картинаны В.Орлов-Петров деген орыс суретшісі 1912 жылы салған екен. Еліміз тәуелсіздік алған соң тоқсаныншы жылдардың ортасында алғаш «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланғанға дейін ол жұртшылыққа белгісіз болып келген. Өнер туындысы «Присяга на княжение» («Князьдыққа ант беру») деп аталады. Зерттеушілердің бол­жамынша, «Князьдыққа ант беру» суретінде тарихта Василий соқыр (Василий темный) деген атымен қалған ІІ Василийдің 1425 жылдар шамасында Алтын Орда империясы ханының табаны басылған саз тақтайшаны сүйіп ант беріп, Мәскеу ұлы князы (билеушісі) болып тағайындалып жатқан сәті бейнеленген», – деп біз назарға алған суретке анықтама беріп өтеді.

Жалпы Алтын орда қандай мемлекет болған? Оның іргетасын кім қалаған?  Құрамына қандай ұлттар енген? Енді аз-кем тарихқа зер салайық. Академик Уәлихан Қалижанов Алтын орданың тарихы тек алып империяның тарихы емес, ол біздің мемлекетіміздің бастауы екенін алға тартады. Оның айтуынша, Алтын Орда өзінің географиялық жағынан ұланғайыр өлкені қам­тыды. Бір шеті Венгрия мен солтүстігінде Орыс князьдіктерімен шектесті. Қара теңіздің жағалауларымен Дунай бастауымен бүгінгі Сочиге дейін Қырымды қосқанда Алтын Орда ұлысына кіретін. Талас Омарбеков пен Берекет Кәрібаевтың зерттеулерінде де Алтын Орда тарихына қатысты дүниелер жетерлік. Бір анығы, оның құрамында бүгінгі қазақ рулары болған. Енді осы ғалымдардың жазған-сызғанын ой елегінен өткізіп, Ұлық ұлыстың тарихын баяндап көрейік. Әскери әлеуетімен жарты әлемді дүр сілкінткен Шыңғыс қаған жаулап алған жерлерін өзінің төрт ұлына бөліп бергені мәлім. Қағанның үлкен ұлы Жошының еншісіне Ертістен батысқа қарай және Қойлық пен Хорезм шекарасынан Саксин мен Бұлғардың татар аттарының тұяғы тиген жерлерге дейінгі ұшы-қиырсыз аймақ тиді. Дәлірек айтсақ, Жетісудың солтүстік бөлігін және төменгі Еділ бойына дейінгі жерлерді қоса бүкіл Шығыс Дешті Қыпшақты қамтыды.

1227 жылы Шыңғысхан дүниеден өтті. Ұлы қаған өлгеннен кейін 1235 жылы Қарақорымда өткен моңғол ақсүйектерінің құрылтай жиналысының шешімімен Шығыс Еуропаға жорық жасалатын болды. Моңғол әскерін Жошының екінші ұлы Бату басқарды. Бату әскері 1236 жылы Камадағы бұлғарларды, мордваларды талқандап, 1237 жылы орыс мекендеріне шүйлікті. Рязань, Мәскеу, Владимир түбінде кескілескен ұрыс жүрді. 1239 жылдың басында моңғол әскері Еділ өзенінің ту сыртынан орыс жеріне екінші жорыққа аттанды. Моңғолдар Перяславль қаласын, онан кейін Чернигов қаласын алып, оны өртеп күлге айналдырды. 1240 жылдың күзінде Бату Киевті талқандады. Онымен де тоқтамай, Батудың қалың қолы Польша, Венгрия, Чехияны және басқа да елдерді жаулап алды.

Батудың жеңісті жорығының арқасында моңғолдар кең-байтақ жерге ие болды. Оның шегі батыста – Днестрге, шығыста – Ертіске, солтүстікте – Батыс Сібір ойпатына, Оңтүстікте – солтүстік Кавказға дейін жетті. Бату иеліктерінің құрамына оңтүстік-шығыста Солтүстік Хорезм мен Сырдарияның төменгі жағындағы жерлер енді. Оңтүстік орыс княздіктері де Батуға тәуелді болды. Осындай аса зор мемлекет шығыс деректемелерінде Көк Орда, ал орыс жылнамаларында Алтын Орда деп аталды. Алтын Орда қуатты да айбарлы мемлекетке айналды. Хандықты Бату, Берке, Мөңке-Темір, Төде Мөңке, Төле-Бұқа, Тоқа-Темір, Өзбек, Жәнібек секілді хандар басқарды және осы қағандардың тұсында Алтын Орда қуаты кемеліне келіп, билігі мейлінше күшейе түсті. Егер Жошы мен Бату Моңғолиядағы ұлы ханға белгілі бір дәрежеде бағынышты болса, Беркеден бастап Алтын Орда хандары өздерін тәуелсізбіз деп есептеді. Сол себепті де кейбір тарихи деректерде Беркені Алтын орданың алғашқы ханы санайды. Ол Батыс Еуропамен, Мысырмен, Кіші Азиямен, Үндістанмен, Қытаймен сауда-саттық жүргізді, әртүрлі кәсіппен айналысып, қолөнерді дамытты. Беркенің кезінде Алтын Орда мен Египет сұлтаны Бейбарыс арасында байланыс күшейе түсті. 1262 жылы Бейбарыс Алтын Орда ханы Беркемен өзара достық қарым-қатынас орнату үшін өз елшісін жіберді. Мұнан кейін екі ел арасында әскери, сауда, діни, мәдени байланыстар орнады.

Алтын Орданың даму тарихына үңілген адам оның қаншалықты мықты мемлекет болғанын аңғарар еді.

Тарихта Алтын Орда хандығы Жошы ұлысы (мемлекеті) немесе Қыпшақ хандығы деп те аталады. Өйткені билеушілері Шыңғыс тұқымы болғанымен, мемлекет халқы негізінен түркі тектес, тілдес Дешті-Қыпшақ жұрты еді. Мемлекеттің қолданыстағы басты тілі де қыпшақ тілі болды. Жошыдан тарайтын ұрпақ – билеуші топты құраған моңғол қауымы келе-келе жергілікті халықпен сіңісіп кетті, мұсылмандықты қабылдады, оны мемлекет дініне айналдырды, қазақ халқында олар ақсүйек төре деп аталады. Хандар тек төре сұлтандар арасынан сайланып отырды.

Алтын Орда мемлекетін құрушы Бату баһадүрдің әкесі Жошы ханның зираты қазақ жерінде, Жезқазған қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 50 шақырым,

Ал орыс жұрты Алтын Орда мемлекетіне бодан о заманда біртұтас Ресей жоқ, ол князьдар билеген бөлек-бөлек князьдықтар (жеке-жеке аумақ) еді. Олардың билікке таласушы шон­жарлары арасында қай жеңген мықтысы князьдықтың әміршісі болуы үшін Алтын Орда ханының алдында тізерлеп отырып бас иіп, адал қызмет етуге ант берген, сөйтіп князьдықтың билеушісі – ұлы князь болып тағайындалып жүрген. Негізінде орыс патшаларының бастауы ұлы князьдар болып табылады. Бұл жайында жазушы-журналист Ақайдар Ысымұлы: «Князь, ұлы князь деген не дәреже және кімдер еді? Ол жалпы алғанда ІХ – ХVІ ғасырларда славян халықтарының және кейбір басқа да халықтардың феодалдық монархиялық мемлекеттерінде не жеке саяси құрылымдарында ірі жер иеленуші феодал шонжарларға берілетін ақсүйектік атақ әрі дәреже болған. Өздерін ақсүйек санаған шонжарлар арасындағы бақталастықта жеке-дара билікке қол жеткізген әміршіні князь (ұлы князь) деп атаған, кейін князь текті білдіретін атаққа айналған. Осылай әлемде басқару жүйесі монархиялық мемлекетте ел билігі ауқатты бай тектер арасынан жарып шыққан бір адамға ғана тиесілі болды, билік одан әрі мұрагерлік жолмен әкеден балаға өтіп, ұрпақтары жалғастыратын құқық қалыптасқан. Осы дәстүрмен Рюриковтер әулеті феодалдық Русьті әуелде князь, ұлы князь, кейін патша атанып 862 – 1598 жылдарда 736 жыл билесе, олардан патшалықты қолдарына алған Романовтар тұқымы Ресей империясын 300 жылдан астам уақыт басқарып өтті. Ресей империясы даму барысында князьдықтан патша­лық билікке көшкен соң да ерлерге ұлы князь, әйелдерге ұлы княгиня атағы императорлар әулетіне беріліп отырды, ал 1886 жылдан бастап бұл атақтар тек императорлардың тікелей ұрпақтарына ғана тиесілі болды» – деп жазған «Ханымыздың табанын сүйген князь» атты мақаласында. Біз негізге алған мақаладағы деректерге ден қойсақ.

«Енді сурет тарихына оралайық. Алтын Орданы 1422 – 1427 жылдары билеген Барақ хан Мәскеудің ұлы князын тағайындау салтанатына әлдебір себеппен бармайтын болады. Орыс жұртының қайсыбір қаласының билеушісі болмақшы біреудің ант беру рәсіміне сапар шегуді үстем Барақ хан соншалықты аса маңызды шаруа деп бағаламауы да мүмкін. Бірақ дәстүр солай, ант қабылдау керек. Орыс мемлекетінің қалыптасу тарихын жазған ғалымдар Николай Костоморов, Сергей Соловьев, басқа да зерт­теушілер Алтын Орда билеген дәуірде осындай салттың орнағанын баяндайды. Сол салтанатқа бара алмайтын болғасын, Алтын Орда ханы Барақ суретте көрсетілгеніндей, саз тақтайшаға аяғының табан ізін түсіріп, князь болатын адам осы табаныма ант берсін деп беріп жібереді», – делінген.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Зардыхан Қинаятұлының пайымдауынша, су­реттегі оқиға 1425 жылдар шамасында емес, 1445 (1446) жылы болған. Мәскеудің ұлы князы ІІ Василий соқыр ант беріп тұраған табан ізі Алтын Орда ханы Барақтікі емес, хан Ұлұғ Мұхаммедтікі. Расында да, олар Алтын Ордада мұрагерлік реттерімен хандық билік жүргізген кезеңдерде ІІ Василий соқыр 1425 – 1462 жылдары Мәскеуді билеуші ұлы князы болған. Туыстар арасындағы тақ таласы барысында ара-тұра биліктен айырылып қалып, сәтін салғанда билікке қайта келіп отырған. ІІ Василий соқырдың 1445 жылы қазан айында тағы да таққа қайта оралуына Алтын Орда ханы Ұлұғ Мұхаммедтің көмегі тиген. Тарихшы Зардыхан Қинаятұлының айтып отырғаны – осы.

Мәскеудің ұлы князы атағын беру салта­натында ұлы князь болатын адам әуелі Алтын Орда ханының немесе оның өкілінің аяғына жығылып, бас иіп, бағыныштылығын мойындап ант береді, содан кейін оның тұлпарына да құрмет көрсетеді екен. Он төртiншi ғасырда Мәскеу ұлы князьдары Алтын Орда хандарының әскери қолдауымен орыс жерiн бiртұтас мемлекетке айналдыра бастайды. 1325 – 1340 жылдары билік құрған Мәскеу ұлы князы Иван Данилович Калита Алтын Орда ханының Жарлығына (ярлық) қол жеткізіп, бытыраңқы орыс князьдықтарынан алым-салықтар жинап, Алтын Орда мемлекетiне тапсырып отыру құқығын алады. Иван Калита Өзбек ханның (1312 – 1342 ж.ж.) көмегiмен Тверь (1327 ж.), Смоленск (1340 ж.) князьдықтарын Мәскеуге күштеп бағындырады. Өз билігі өзінде болып келген орыс қалаларын осылай Мәскеудің қол астына бiрiктiру саясаты әсiресе ІІ Иван (1353 – 1359 ж.ж.), Дмитрий Донской (1359 – 1389 ж.ж.) сияқты тарихи тұлғалар кезiнде одан әрі жүргізіледі. Бұл жұмысты Д. Донскойдың ұлы І Василий, одан кейiн немересi ІІ Василий жалғастырды.

Бүгінгі Қазақ жерінен төрт есе үлкен аймақты иеленіп жатқан мемлекет неге күй­реді? Неліктен өз боданындағы орысқа кіріп­тар болды?  Оның жауабын Жалағаш ауданының та­рихшысы, Қазақстан Журналистер одағының мү­шесі Дархан Ілиясовтың «Алтын орда» атты мақаласынан іздеп көрелік. Ол: «Алтын орда билеушісі Жәнібек хан өлгеннен кейін Шыңғыс тұқымынан тараған билеуші топтар арасындағы хан тағына таласқан феодалдық қырқыс өріс алды. Бір кезде күшейіп дәуірлеген Алтын Орда мемлекетін іштегі алауыздық жегідей жеді. 1357-1380 жылдар арасында Алтын Орда тағында 25 хан ауысты. Оған қоса Алтын Орда қарауындағы езілген бұқара халықтың азаттық күресі өрістеді.

Әмір Темір – барлас тайпасынан шыққан Тарағай бектің баласы. Ол 1336 жылы туған. 1370 жылы Мәуереннахрды басып алып, 1405 жылға дейін 35 жыл билік құрды. Шайқастардың бірінде Темірдің екі саусағы кесіліп, бір аяғы жаншылады. Аяғы өмір бойы сырқырап ауырып, ақсақ болып қалған. Ол Темирлан (дұрысы – Темирленг, «ленг» парсы тілінде ақсақ деген мағына береді) Ақсақ Темір атанады. Әмір Темір өзі билік құрған жылдары Ақ Орда, Алтын Орда, Моғолстанға қарсы бірнеше жорық ұйымдастырады. Әмір Темірдің алғашқы басқыншылық жорық Ақ Ордадан басталады. Оған сылтау да табыла қалады. Ақ Орда ханы Ұрыс хан Алтын Орда астанасы Сарай қаласына қарсы жорығы кезінде өзіне көмектеспеген Жошы ұрпағы Түй Қожаны жазалайды. Түй Қожаның ұлы Тоқтамыс Мәуереннахрға, Әмір Темірге қашып барады. Ақсақ Темір Тоқтамысқа әскер беріп, Ақ Ордаға қарсы аттандырады. Бірақ Тоқтамыс жыл бойы жүрген (1374-1375) соғыстың нәтижесінде жеңіліске ұшырайды. Темір Тоқтамысқа әскер беріп қайта аттандырады. Бұл жолғы жорығы да сәтсіз аяқталады. 1375 жылы Ұрыс хан Әмір Темірге Тоқтамысты қайтаруды талап еткен елші жібереді. Сонымен қатар ол өз әскерінің Түркістан жеріне жақындап қалғанын хабарлайды. Мұны естіген Әмір Темір Тоқтамысты ертіп үшінші жорыққа аттанады. Ұрыс хан өз әскерімен Сығанақта тоқтаса, Темір әскерімен Отырар маңына орналасады. Үш ай өткенде Ұрыс хан кейін қайтып кетеді, ал Әмір Темір Ұрыс ханның ұлы Мәлік оғланның 10 мың әскерін талқандайды. 1376 жылы Ұрыс хан қайтыс болады. Артынша оның үлкен ұлы Тоқтақия да қаза болады. Бұл Ақ Орданың жеңілуіне әкеліп соғады. Әмір Темір Тоқтамысты Сауран қаласында таққа отырғызып, өзі кейін Мәуереннахрға қайтады.

1377 жылы Ұрыс ханның ұлы Темір-Мәлік Сауран түбінде болған шайқаста Тоқтамыстан жеңіліс табады. Бұл жолы да Әмір Темір Тоқтамысқа өз әскербасыларын жібереді. Нә­тижесінде Тоқтамыс Ақ Орда астанасы Сығанақты басып алады. Тоқтамыс өзін Ақ Орда мемлекетінің билеушісімін деп жариялайды. 1380 жылдан бастап Тоқтамыс Алтын Ордаға қарсы бірнеше жорықтар ұйымдастырып, Сарайды, Қажы Тарханды, Қырымды, Мамай Ордасын басып алады. Осындай табысқа мастанған Тоқтамыс Әмір Темірге бағынудан бас тартады. Енді Алтын Орда үшін Әмір Темір мен Тоқтамыс арасында соғыс басталды.

1391 жылғы ұрыста Әмір Темір әскері Тоқтамыс әскерін талқандайды. Әмір Темір 1395 жылғы Тоқтамысқа қарсы екінші жорығы нәтижесінде Кавказ тауының солтүстігіндегі Терек өзені бойындағы шайқаста Тоқтамысты күйрете жеңеді. Бұл жолы ол Алтын Орданың астанасы Сарай Беркеге басып кіріп, қаланы тонап, халқын құлдыққа айдайды. Алтын Орда тарихында «дүрбелең кезең» басталды. Осындай қат-қабат қайшылықтар мен тартыстар нәтижесінде әлсіреген Алтын Орда ХV ғасырдың ортасында ыдырап, бірнеше дербес мемлекетке бөлініп кетті. Алтын Орда, Ақ Орда, Ноғай Ордасы, Сібір, Қазан, Қырым, Астрахань хандықтары болып бөлінеді. Хорезм Әмір Темір мемлекетінің құрамына кірді. Сөйтіп экзогенді ішкі және эндогенді сыртқы факторлар нәтижесінде Алтын Орда мемлекеті күйреді» – деген бірнеше дәйекті деректі алға тартады.

Мақаланың әлқиссасынан бастау алған һәм бір суреттің айналасында өрбіген та­рихи баяндауда бірнеше автордың еңбегі пай­даланылды. Біз нысанға алған суретте кімнің қожайын, кімнің бағынышты қауым екені көзге анық ұрып тұр. Алтын Орда өкілдерінің айбарлы әрі  қаһарлы, сонысымен қатар дала даналығын бойға сіңіргендері көрініп тұр. Бүгінгі қазақ баласы да өзін өзгелерден кем еместігін және жеңімпаздардың ұрпағы екенін ұмытпағаны жөн.

Ә.ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: