Академик М.Қозыбаев отандық тарих ғылымын тарихи қайраткерлермен тұлғалау зәру мәселелердің бірі екендігін айта келіп: «Күні кешеге дейін жеке адам мен халықтың қатынасы толық ашылмай келді. «Қайраткерлер» ұғымы қызметкерлер, мансап иесі дәрежесіне төмендетілді. Қайраткер – жасампаз адам, жоқтан бар жасаушы, өз мүддесін халық мүддесімен қабыстырып, өз халқын өркениет көгінде жарастырушы болса керек» – деген ойды одан әрі өрбіткен ғалым «Отан тарихынан кейбір кездейсоқ адамдарды аластап, тарихи тұлғаларды өз тұғырына қондыру керек» [Қозыбаев М. Өркениет және ұлт. Алматы: Сөздік-Словарь, 2001. -369 б., Б.366] деген пікір айтады. Ұлттық тарихтың мазмұнын қайта бағалау тұрғысында айтылған бұл пікірдің көрнекті мемлекет қайраткері Сұлтанбек Қожановқа тікелей қатысы бар деп білеміз. Өйткені С.Қожанов осы кезге дейін жұртшылыққа таныс та бейтаныс тұлға болып келеді.
Отан тарихында осы кезге дейін ғылыми тұрғыда игерілмей келе жатқан тақырыптар да, тұлғалар да аз емес. Ал өзінің тарихи бағасын ала алмай келе жатқан тұлғаның бірі – Сұлтанбек Қожанов. Оның тұлғасын тану мен танытуға қатысты бірқатар арнаулы зерттеу еңбектер жарыққа шықты Атап айтқанда өзбекстандық тарихшы Р.Я.Раджапова, қазақстандық Т.Қожакеев, Р.Бердібай, Б.Қойшыбаев, Ж.Әлмашұлы, А.Шәріп, Ж.Симтиков, Ж.Уалиханова және т.б. ғалымдар мен әдебиетшілердің еңбектері де осы қатарды толықтыра түседі. Әйтсе де қайраткердің қоғамдық-саяси қызметі мен әдеби-мәдени мұрасын зерттеп, зерделеуде кенжелік, соңын күткен кібіртіктеу байқалады. Оның сыры неде болды екен? Бұл сауал әркімді де ойлантуы тиіс. Оның басты себебі С.Қожановтың партия мүддесінен ұлт мүддесін жоғары қойған шынайы ұлтжандылығы болды. Тоталитарлық билік саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға да аса бір сақтықпен қарады. Алғашқы кезекте коммунистік билікке барынша адал қызмет жасаған С.Сейфулин, Т.Рысқұлов сияқты «қызыл сұңқарлар» мен «қызыл жебелер» ақталып, олардың тұлғасы кеңестік тәрбиенің идеалына айналдырылды. Ал пролетарлық интернационализмге ұлттық құндылықтарды, таптық жіктелушілікке ұлттық бірлікті қарсы қойған Алаш қайраткерлері мен алаштық рухтағы С.Қожанов, С.Сәдуақасов, Н.Төреқұлов, С.Меңдешов, Н.Нұрмақов сияқты ұлтжанды қайраткерлер 1956-1957 жылдары құқықтық тұрғыда ақталғанымен олардың туған елімен табысуы кейінге шегеріле берді. Бұл – кеңестік тоталитарлық биліктің ұлтжандылықты ұлтшылдық деп бағалаған зымияндық саясаты еді. Тәуелсіз қоғамымызда осы саясаттың тоңы жібігендей болғанымен Қожановқа қатысты ресми биліктің ықыласы әлі күнге дейін бойкүйездік сипатта қалып отыр.
Неге олай? Бәлкім, әлдебіреулер сияқты С.Қожановтың өз ұлтына қарсы жасаған әрекеттері бар ма?
Қайраткердің соңына қалдырған деректерінде партиялық биліктің ыңғайымен өз қызметіне қатысты бүгіп қалған жайттары бар. Өзге қайраткерлер де өз өмірбаянында қоғамға жақпайтын «қызметтерін» бүгіп қалып отырған. Қожановтың бүгіп қалған «сыры» өзінің Алаш қозғалысына тікелей қатыстылығын айтудан тартынуы. Ал кейбір қайраткерлер алашордашылармен күрескендігін жарнамалап, биліктен шен-шекпен алып, биік лауазымдарға қол жеткізді. Осыған байланысты бұрын бүркемеленгенімен қазіргі кезде ашық айтатын шындық – С.Қожановтың Алаш қозғалысының қайраткері болғандығы. Осы пікірді тереңірек өрбітіп көрейік.
1916-1917 жылдары Ташкент қаласында қазақ зиялыларының «Кеңес» атты астыртын саяси үйірмесі жұмыс істеген. Түркістан қаласында С.Қожановпен бірге 1918-1919 жылдары бірқатар жауапты қызметтер атқарған, Ленинмен кездескендігі жөнінде естеліктер жазған Дүйсенбай Нысанбаевтың деректері «Кеңес» үйірмесінің қызметіне ғылыми талдау жасауға мүмкіндік береді.
Ол 1925 жылдың 31 қаңтарында РК(б)П Қырғыз облыстық Бақылау Комиссиясына мәлімдеме (донос) жасаған [Алаш қозғалысы құжаттар мен материалдар жинағы. Сәуір 1920-1928 ж.ж. -Алматы: «Ел-шежіре». 2007. Т.3.Кн.1.-304 с, Б.173-185]. Өлкелік партиялық басшылыққа, ОГПУ органдарына Түркістандағы алашордашылардың қызметіне қатысты айғақ ретінде түрлі хаттамалар, газет тігінділері сияқты қомақты құжаттық деректер ұсынған құпия хат тікелей С.Қожановты әшкерелеуге арналған.
Үйірменің төрағасы генерал Сейітжаппар Асфендиаров, орынбасарлары М.Шоқай, Садық Өтегенов болатын. Осы саяси үйірме ұлттық идеяларды іске асыруды өзінің бағдарламалық міндеті ретінде алға қойған еді. Үйірменің баспасөз органына айналған «Бірлік туы» газетінің алғашқы редакторы М.Шоқай болса, С.Қожанов редактордың орынбасары әрі жауапты хатшы, кейін редакторы болып қызмет істеген. 1917 жылы қарашаның 26 күні Қоқан қаласында Бүкілтүркістан мұсылмандарының ІV съезі Түркістан мұхтарияты (автономиясы) атты ұлттық үкімет жариялады. Осы съезге С.Қожанов делегат болып қатысқан және ол редакторлық еткен «Бірлік туы» газеті Түркістан Мұхтарияты үкіметінің қазақ тіліндегі ресми баспасөз органы болды. Ол осылайша алаштық идеяны іске асыруға белсене араласты. Бұндай тұжырым жасауға деректік және дәйектік негіздер жеткілікті. Алғаш рет бұл тұжырым Түркістандағы партия-кеңес органдарының ресми құжаттарында «Алаш Орданың» түркістандық бөлімі «Бірлік туы» газеті органымен аттас ұйым болды. «Бірлік туы» газеті 1917 жылы маусымынан Ташкентте шыға бастады. Аталған газетті ұйымдастырушылардың тұғырнамасы дәлме-дәл алашордашылардың тұғырнамасындай еді» [РГАСПИ Ф. 17, ол. 85, д 77, Л.208] деген сипатта негізделді.
Жоғары партиялық инстанцияларға С.Қожановтың үстінен жазылған құпия хаттар бұнымен шектелген жоқ. Мұндай арыз-шағымдарды саяси ұпай жинау мақсатында әсіресе партия-кеңес қызметкерлері – олардың арасында Д.Нысанбаев сияқты үзеңгілес серіктері де бар, көптеп жазды. Олардың мазмұны «ұлтшыл, «алашордашыл», «оңшыл ауытқушы», «топшыл» деген саяси айыптауларға негізделіп, соңы «қожановшылық» айдарына айналды. Арнаулы органдардың мекемелерінде жинақталған бұндай компромат тиянақты талдаулармен БК(б)П Орталық Комитеті Саяси бюросының Құпия бөліміне жүйелі түрде жеткізіліп отырды. Республиканың саяси басшысы болғанымен оның әрбір ізін аңдыған мұндай әрекетті Орталықтың басқарып отырғаны да жасырын емес. Осындай жағдайда С.Қожановтың Қазақстанда қалыпты жұмыс істеуі және ұлттық идеяны іске асыруға еркін кірісуі мүмкін емес еді. Республикадағы саяси басшылыққа Ф.Голощекиннің келуі бұл саяси үдерісті өршітіп жіберді. С.Қожанов Мәскеуге кеткен соң оны айыптайтын саяси науқан кең өріс алды. Осыған байланысты С.Қожанов Қазақ өлкелік партия комитетіне 1926 жылы ашық хат жазып, ақталуға мәжбүр болған. Хаттың жазылу мақсаты оның Қазақстандағы қызметіне қатысты өлкелік партия комитетінің хатшысы Голощекиннің өршіткен саяси айыптауынан басын арашалау болды. Осы хатты деректік тұрғыда талдағанда С.Қожанов Қазақстандағы саяси қызметінің сипаты мен мазмұны туралы өз аузынан баяндалған көп мағлұматқа қанығамыз. Сонымен бірге бұл құжаттан С.Қожановтың ұлтжандылық қызметіне негіз болған қоғамдық-саяси көзқарастарының өзегін танимыз.
Ол аталған хатында былай деп баяндайды: «Мен партияның алдыңғы қатарында жүріп мына мәселелерге белсене қатыстым:
Отаршылдық пен жергілікті ұлтшылдықты саяси тұрғыдан жоюға;
Жерге орналастыру және жер-су реформасын жүргізуге;
«Қосшы» одағын ұйымдастыру науқанына;
Орта Азияда ұлттық межелеуді іске асыруға;
Қазақстанның орталығын Орынбордан Қызылордаға ауыстыруға және Қазақстанның ішкі құрылысында ұлттық мүддені күшейтуге тікелей араластым» [Алаш қозғалысы құжаттар мен материалдар жинағы. Сәуір 1920-1928 ж.ж. -Алматы: «Ел-шежіре». 2007. Т.3.Кн.1.-304 с, Б.250 ]. Ұлтжанды қайраткердің өзі саяси қызметі туралы жасаған бұл қорытындыларының әрқайсына жеке тоқталып, нақты тарихи дәйектер және дәлелдермен кеңінен таратуға болады. Қайраткер қызметінің биік шыңдары болып саналатын ол жетістіктерді ғылыми тұрғыда талдап, тарихи танымның игілігіне айналдыру – таяу күндердің және осы бүгінгі ұрпақтың еншісі болуы керек.
Қай кезде де тарихи танымның рухани өзегі, ғылыми негізі болады. Бүгінгі тәуелсіз қоғамымызда тарихи танымның талабы өзгерді. Қоғам жаңарды, қоғаммен бірге адам да жаңарды. Ендігі кезекте тарихи таным да жаңаруы тиіс. Тұлғаларды танудағы әрекеттің алтын арқауы, жібек желісі – ұлттық мүдде болуы керек. Яғни мәселе тура мағынасында қойылғанда – ол ұлтымыз үшін не істей алды? деген сауалға жауап беруді қажет етеді. Сол сияқты, кейбір зерттеулерде кеңестік дәуірдегі партия-кеңес қайраткерлерін біржақты айыптау тенденциясы бар. Ал олардың қызметінен ұлтқа қандай және қаншалықты зиян келді? деген сауалға жауап берсек, берілер баға шынайы болар еді.
С.Қожановтың Түркістан өлкесіндегі алғашқы саяси қызметі «Бірлік туы» газетінің редакторлығынан басталды. Облатком төрағасы, Ішкі істер Халық ағарту халкомы, Түркатком төрағасы, ТКП ОК хатшысы, РК(б)П ОК Ортаазиялық бюросының мүшесі. С.Қожановтың бірыңғай партиялық саясаттың сойылын соққан кейбір қайраткерлерден ерекшелігі осы қызметтерінде ол алаштық негіздегі ұлттық идеядан бір сәт те қол үзген емес.
Қазіргі кезде Алаш қозғалысының Оңтүстік қанаты деген дербес тарихи тұжырым орнықты. Оңтүстік қанаттың нақты ұйымдық құрылымы болмағанымен оның қызметінің мазмұны қазақ жеріндегі тарихи құбылыстың құрамды бөлігі болып саналады. Алаш қозғалысы Оңтүстік қанаты қызметінің мазмұнында аймақтық, конфессиялық және идеялық сипаттағы ерекшеліктері болды. Отаршылыққа қарсы күрестегі мұсылмандық, түркілік бірлік идеялары Алаш қозғалысының өкілдері М.Тынышпаев, С.Лапин, М.Шоқай, Қ.Қожықов, С.Өтегенов және тб. қайраткерлердің саяси қызметінде жаңа қырынан танылып, қазақ жеріндегі ұлт-азаттық қозғалыстың мазмұнын байытты. М.Тынышпаев, С.Лапин, М.Шоқайдың өлкедегі саяси қозғалыстың және Түркістан мұхтариятының басшылығында болып, Алашорда үкіметімен байланыс жасады, қазақ мемлекетінің тұтастығы мәселесін алғаш рет ұлттық идея ретінде күн тәртібіне қойды. Осы идея 1918 жылдың 4-9 қаңтардында Түркістан қаласында өткен Сырдария облысы қазақтарының съезінде арнайы қарастырылды. Алашорда үкіметінің басшылары Б.Құлманов, Т.Құнанбаев, М.Дулатовтар арнайы қатысқан съезд шын мәнінде Алаш қозғалысы ұйымдастырған ірі саяси шаралардың біріне айналды. Түркістан қазағын алашқа қосу мәселесін талқылаған съезд жөнінде «Сарыарқа» газетінде жарияланған «Алаш һәм Түркістан» мақаласында [Алаш қозғалысы құжаттар мен материалдар жинағы. желтоқсан 1917 – мамыр 1920 ж.ж. -Алматы: , Б.109-111] «Съезде Алашқа қосылмаймыз деген ешкім болған жоқ: кәрі-жас, қарасы-төресі, байы-кедейі бірауыз болды» деп ұлттық идеяның қолдау тапқандығы жазылды.
Елдегі қоғамдық-саяси өзгерістерді мұғажырлық жағдайда жіті қадағалап отырған М.Шоқай большевиктер партиясы қатарына енгенімен өздерінің шынайы ұлттық элитаға тән азаматтық, отаншылдық биіктен төмендемеген қандастары туралы ризалық сезімін білдіреді: «Смағұл Сәдуақас, Қожанұлы Сұлтанбек және Меңдешұлы Кеңес дәуірі орнаған кезде кеңес үкіметін бірден жақтап шыққан адамдар болатын. Бірақ олар өткен тәжірбиелері көрсетіп отырғандай, Кеңес үкіметіне тек қара басының қамы үшін қызмет етпегенін біз жақсы білетінбіз. Сұлтанбек Қожанұлы қара басының қамын ойламайтын, халқы үшін еңіреп туған азамат еді. Ол бұдан былай да осы қасиеттерінен айырылмайды деп сенеміз. Смағұл Сәдуақас та сондай тұлға. Ал Меңдешұлын өз басым білмейді екенмін. Бірақ оның да Сұлтанбек пен Смағұл тәрізді қайраткер екеніне шүбә келтірмеймін» Шоқай М. Таңдамалы. 2 томдық. -Алматы: Қайнар, Т-2.-1999. -520 б., Б.60]. М. Шоқайдың саяси тұлғалар қызметін бағалауда олардың ұлтжандылық әрекетіне баса мән берген бұл пікірін әдістемелік негіз етіп алуға болатын танымдық қағида деп қабылдауға болатындай.
Әрине, «көрнекті мемлекет, қоғам қайраткерінің өмірі дегеніміз белгілі бір адамгершілік және әлеуметтік бағдарлар жүйесіндегі оның нақты ойлары мен әрекеттері ғана емес, ол сонымен бірге тұлғаның өзі саясат сахнасынан кеткеннен кейінгі де қоғамдық үдерістерге жасайтын ықпалы» [Волкогонов Д.А. Сталинизм: сущность, генезис, эволюция: доклад по совокупности работ на соискание ученой степени доктора исторических наук.- М.: 1990. – 47 с., С.4] екендігін ескерсек аталған тұлғалар алдағы уақытта да ғылыми ойдың нысаны болып қала бермек. Осыған байланысты большевиктер көсемі В.И. Лениннің өзіне тән категориялықпен «Пролетариатқа саяси қайраткерлердің тірісі және өлісі туралы да шындық керек, өйткені саяси қайраткер атына шын мәнінде лайық болғандардың тәні бақилық болса да олар саясат үшін өлмейді» [Ленин В.И. Полное собрание сочинения. изд. 5-е. М.: Политиздат, 1973.- т. 20. -532 с., С.8-9] деген тұжырымын қуаттауға болады. Демек, С. Қожановтың тұлғасы саясат үшін де, тарих үшін де қызмет жасайды. Ұлт барда ұлттық мүдде бар. Ұлттық мүдде бар жерде оған қызмет етудің өлшеміне айналған С.Қожановтың тұлғасы менмұндалайды.
Ендігі мәселе қайраткердің қоғамдық-саяси қызметін ғылыми танымның игілігіне айналдыруға байланысты. Бұл үшін ең алдымен С.Қожановтың өмірі мен қызметіне қатысты материалдар мен құжаттардың және шығармаларының жинақтарын ғылыми айналымға ұсыну. Алматы мен Ташкенттің, Мәскеу мен Орынбордың архивтеріндегі құжаттардың басым бөлігі ғылыми жұртшылыққа жетпей жатыр. Сол сияқты оның әдеби шығармаларының өзі қомақты дүние болмақ. Оның соңына қалдырған құжаттық деректерінің арасында бүгінгі ғылыми танымның қажетіне жарайтын, ұлттың рухын көтеруге қызмет ететін дүниелер аз емес.
С.Қожановтың мемлекеттік және қоғамдық-саяси қызметіне әр кезеңде берілген ғылыми, ресми бағаларда уақыт пен қоғамның табы бар. Қайраткер тұлғасының шынайы болмысы мен мәдени-рухани өнегесін тану мен танытудың негізгі бағыттары мыналар болуы керек:
– Алаш қозғалысының көрнекті өкілі;
– Алаш идеясын кеңестік билік жағдайында жалғастырушы;
– Ұлттық баспасөзді ұйымдастырушы және оның жанрларын қалыптастырушы, тақырып аясын кеңейтуші;
– Жоғары білім беру жүйесінің негізін қалаушылардың бірі;
– Кеңестік үлгідегі ұлттық мемлекеттіліктің негізін қалаушы.
Қорыта айтқанда, С.Қожановтың қоғамдық-саяси қызметі ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісі болды. Оның сан-салалы қызметінде топтық, аймақтық тіпті таптық мүдделердің деңгейінде қалып қоймай ұлттық, мемлекеттік биліктен табылды. С.Қожанов сияқты ұлтжандылығы мемлекетшілікпен ұласқан, мемлекетшілігі ұлтының рухына қызмет етуге жұмылдырылған қайраткер халықтың жадынан да, ғылыми танымнан да мәртебелі орын алуға әбден лайық.
Хазретәлі Тұрсұн,
тарих ғылымдарының докторы,
Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, алаштанушы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!