Сенбі, 07 желтоқсан, 19:40

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Тоғанас батыр

08.02.2022

1394 0

Ұлт азаттығы мен бостандығы үшін күрескен елжанды біртуар ерлерді бүгінгі ұрпақ білуі қажет. Тәуелсіздік жылдарында мұрағаттар мен деректер ашық айтылып, тарихқа жаңа баға беріліп келеді. Сыр өңірінің белгілі батыры Тоғанас баһадүрдің болмыс-бітімі де бүгінгі ұрпаққа ашылған көмбедей құнды мұра.

Тоғанас Бәйтікұлы шамамен 1804-1807 жыл­дары дүниеге келіп, 1863-1864 жылдары өмірден озған. Дегенмен батырдың туған жылын әркім әртүрлі жазады. Бір жазбаларда 1812 жылы өмірге келген деген де дерек бар. Тіпті Тоғанас батырдың 1814 жылы өмірге келгені айтылады. Ол атақты Бәйтік батырдың перзенті екені тарихтан мәлім. Тоғанастың әкесі Бәйтік, атасы Бәймембет, бабасы Тойқожа да нағыз батыр атанған тұлғалар. Бүгінде баһадүрдің бабасы бір қауым ел Тойқожа батыр есімін еншілеген. Әкесі Бәйтік Бәймембетұлы Сыр өңірінде шамамен 1762-1841 жылдарда өмір сүрген батыр. Хиуа мен Қоқан хандықтарының жергілікті халыққа жасаған озбырлық әрекеттеріне қарсы тұрған. Бәйтік батыр хақында Балқы Базар ғана емес,Тұрмағамбет Ізтілеуов, Шораяқтың Омары көп жырлағанын аңғаруға болады. Бүгінде батыр ұстаған байрақ әлі күнге дейін сақтаулы. Замандасы Жұмырбай Байғұлыұлы да Бәйтікке арнаған өлеңінде абыройын асырып:

…Қарақалпақ Нұртайдың,

Қамалын алып қаңғыртқан.

Бесқаладан қашырған,

Мекенінен асырған, – дейді.

Көп ішінде Тоғанасты батырлыққа баулып, батасын берген өз әкесі Бәйтік пен Қыстаубай батыр екені айтылады. Замандасы жырау Жұмырбайдың:

«Бәйтіктен туған Тоғанас,

Кесіп түсер көк алмас.

Әруағына ерлердің

Бас иеміз, құлдық бас» – деп жырға қосуы да тегін емес секілді.

Ал батырдың арғы атасы Тойқожа батыр Ақжайық бойындағы құба қалмақпен болған кезекті ұрыста жасағымен қоршауда қалып, сол шайқаста мерт болыпты. Батыр ерлігін баласы Бәймембет, немересі Бәйтік, шөбересі Тоғанас, Бодаштар жалғастырып, халық арасында «Бәйтік-Тоғанас» деген атпен әкелі-балалы батырлардың ерлігі кең тараған. Тіпті Балқы Базар Тоғанас батырды жырына қосып, айбатын әйгілейді:

«Қысқа күнде қырық шапқан,

Жанқожа, Есет, Қыстаубай.

Қасым, Сейіл, Бұқарбай

Сәмет пен батыр Тоғанас,

Солардан да өткен сұм заман» деп тебіренеді шайыр.

Міне, ата жолын қуған Тоғанас та батырлық жолды ұстанып, тағдырын айқындайды. Өмір сүрген кезеңі Ресей патшалығы мен Хиуа және Қоқан бектерінің үздіксіз шабуылы кезеңінде өткендіктен, тегінде бар қасиет қайсар жанға жастайынан қару алғызған еді. Батырдың алғашқы ерлігі де ерекше оқиғаға құрылған. 1830-1831 жылдары 16 жастағы Тоғанас атын іздеп жүріп «Тайкеткен» өзегінің қалың қамысы ішінен жолбарыс кезігеді. Ержүректігімен жолбарыс соғып, терісін жамылып ауылына келген бозбаланың атағы бір сәтте елге тараған екен.

Қоқандықтардың Сыр бойына еніп, елден түрлі алым-салық жинай бастаған кезі болса керек. Хиуа бегі Қожанияз мұндағы жұртты өзіне бағындыру үшін 500 жасағымен шабуылға шығады. Бұл хабарды естіген Шағырай, Қыстаубай, Сарман батырлар да 500-дей әскер­мен қарсы тұрған деседі. Сол жасақтың ішінде Тоғанас батыр да болды. Қос тарап Күміс­қорғанның аралығында кездесіп, майданға енеді. Шайқас нәтижесінде қазақтар жағы жеңіске жетіп, мерейі тасыған екен.

Осылайша Тоғанас Бәйтікұлының даңқты жолы Күмісқорғандағы қоқандықтарды қуған сәттен бастау алыпты. Тіпті ол алаша Түлкібай, табын Бұқарбай батырлармен бірге Бейісбайды шабуға қатысады. Оған қоса Қуаңдария мен Жаңадария бойынан Қоқан, Хиуа бектері Қожанияз бен Бабажан, қарақалпақ Орынбай мен Нұртайды қуып жетіп өлтіргендер арасында қаһарман Тоғанас та бар.

Аңыздарға сүйенсек, Тоғанас батырдың есімі 1829-1830 жылдарда байқалса, жазба мәліметте 1840-1841 жылдар аралығында батырдың есімі жиі кездесті. Яғни Тоғанас батыр ХІХ ғасырдың 40-жылдарында майдан кешкен батыр емес, қолбасшылық дәрежеге жеткен қаһарман деп болжасақ болатындай.

Созақ қамалын алуға Жанқожа батыр қол­басшылық етіп, 12 батырды ертіп апарады. Сол қатарда Тоғанас та болыпты. Мұны ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатының №4 қорындағы 2757 іспен дәлеледеуге болады. Онда: «1841 жылдың қыркүйегінде Кенесары хан шөмекей, төртқара, табын руларынан жасақталған 4 мың әскерімен Ташкентке бет алды» деп көрсетілген. Осы жолы Созақ, Жаңақорған, Жөлек қорғандарын қоршаған екен. Ал Орынбор Шекара комиссиясының төрағасы, генерал-майор Ладыжинскийге хо­рунжий Красноярцев жолдаған (1845 жыл, 22 қазан) рапортында, яғни №4 қордың №2333-ші ісінде ханға Қоқан бекіністерін алуға шөмекей, керей, кете, алтын және әлім руларының басты адамдары көмектескенін айтады: «Шөмекей руының батыры Тоғанас Бәйтіков, Дәрмен Сарманов, Қараш Тұғалан, сұлтан Сәдірмек, керей биі Жұбан және сұлтан Тоғым, алтын руынан Науша, Көшкінбай Мажығұлов, Уәли Итенов, әлімнен Жанқожа батыр бастаған жасақтар негізгі күшке 16 қыркүйекте келіп қосылды» деп жазған. Аталған мәліметтің шын­дыққа жанасатынын ғалым Е.Бекмаханов та растаған еді. «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» атты кітабында Кенесары қоз­ғалысына қатысқан рулардың кестесінде 1839-1845 жылдарда шөмекей руы қазақтарының кестесін көрсеткен. Демек шөмекей руының басым көпшілігі Кенесары Қасымовтың ұлт-азаттық күресіне қатысқаны белгілі болып отыр.

Негізі барлық жазба деректерде Тоғанас батырдың есімі Байқадам, Жанқожа, Бұқарбай, Қыстаубай, Сейіл, Дәрмен секілді айбатты батырлармен қатар аталады. Сонымен қатар сұлтан Елекей Қасымов пен ұлт азаттық күрестің қозғаушысы Кенесары хан, Бекмырза Әлдиев, Алмат Тобабергенов, Пірәлі Өтетілеуов, Сәдір Алтыбаев, Қызылбас Мүсірепов секілді басқа да би-батырлар мен мен хандарға қатысты мәліметте баһадүр туралы ақпар кездестіруге болады.

Халық арасында қаһарман тұлға туралы айтылатын аңыз-әңгіме жетерлік. Соның бірінде Бұхара, Үргеніш және Қостанай жаққа Сырдың төменгі ағысындағы елдер кіре тартып отырған. Сондай сапарда Тоғанас та болыпты. Елге жақындап қалғанда керуеншілердің қырағылығы босаңсып, беймарал күй кешкен шағын аңдыған шапқыншылар тұтқиылдан шабуылдап, керуенді тонапты. Тоғанас батыр сытылып шығып, қарасақал Шағырай ауылының үстінен шығады. Шағырай батырдың шау тартып, жасы ұлғайған кезі болса керек. Бірақ киіз үйдің белдеуіне арғымақ байлап, бес қаруын сайлап, сақ отырады екен. Тоғанас үйге кіріп келіп:

– Ата, атың мен қаруыңызды маған беріңіз, жау шауып кетті, кегімді алайын, – дейді. Шағырай батыр жас жігіттің ыза мен кекке булыққан түрін көріп, ақ батасын беріп аттандырып салады. Жалғыз өзі болса да Тоғанас қарақшыларды тал­қандап, басшысының басын кесіп, керуенді жолға салған екен. Оның осы ерлігіне риза болған Шағырай батыр Тоғанасқа қызын беріпті деседі.

Бәйтікұлы Тоғанастың есімі үшінші рет 1849 жылғы Орынбордың әскери-губернаторы Ладыжинскийге төртқара мен шөмекей рулары билерінің жазған мәлімдеме-арызында кездесті. Өздерін басқарып келген сұлтанды босатып, орнына жұртшылықпен санасатын сұлтандарды тағайындауды (бұрынғы сұлтанның елден ретсіз мал алатынын, басқа да қылықтарын көрсеткен) сұрап 1849 жылдың 11 қыркүйегінде 25 би қолдарын қойып, мөрі және таңбаларымен осы жазғандарын растаған. Бұл тізімде 15-ші болып Тоғанас Бәйтіковтің қолы тұр. Елдің қамын жеп, халқының тыныштығын ойлап, Орынборда отырған генералдарға өтініш-талаптарын біл­дірген қабырғалы билердің арасында оның есімінің жүруінен 1847-1848 жылдардан бас­тап ел билігіне белсене араласқанын бай­қаймыз. Бұл сөзімізді 1852 жылдың 4 нау­рызда Арал бекінісінің бастығына жазған мәлімдеме дәлелдейді. Сондай-ақ осы құжатта шапқыншылардың 7 адамы өлтіріліп, біраз малын қайтарып алғандығы хақында шөмекей руын басқарған сұлтан Елекей Қасымовтың Орынбор Шекара комиссиясына мәлімдеген хаты да кездесті.

Біз мұрағаттардағы құжаттарға тереңірек үңілген сайын ауыз әдебиетінде айтылып жүрген жайларды салыстырып қарауға тура келеді. Мысалы, 1852 жылдың 7 сәуіріндегі №-116-істегі №53 дистанция бастығының Орынбор шекаралық комиссиясы кеңесіне жолдаған мәлімдемесінде батыр туралы тағы бір дерек бар. Есаул, сұлтан Сүлеймен Жиһангеров шөмекейліктердің қолы қоқандықтардан басым түсіп, шапқыншылар талаған 40 мың қойдың 20 мыңын қайтарып алынғаны туралы мұқият жазып, қол қойған Ол: «…Шөмекей руының батыры Тоғанас Бәйтіков бас болып келе жатқан қоқандық шапқыншыларға қарсы тұруға жігіттерін жинаған. Қоқандықтар жолында кездескен 8 ауылды тонаған. Қоқан­дықтар мен шөмекейлер арасында ұрыс болып, екі жағынан да біраз адам жараланған, бірсыпырасы қаза тапты» деп жазған.

Бүған дейін Тоғанас батырдың есімі Сыр еліндегі Жанқожа, Есет, Қыстаубай, Бұхарбай, Сейіл батырлармен қатар аталатынын атадық. Сөзіміздің дәлелін Тұрмағамбет шайырдың «Ел қамын жеген ерлер» атты толғауынан іздеген жөн секілді. Ақын өлең жолдарында:

«…Тоғанас туып Бәйтіктен,

Байланып қылыш, ту алған.

Ізіндегі көп дұшпан,

Қалтырап қолы қорыққаннан,

Жоқ еді белін буа алған» – деп ерекше мән бере суреттейді. Аталған теңеулер оның қайсар тұлғасы мен бөлек бөлмысын дөп басты деуге болады. Тағы бір мысал – Бұхарбай батырдың хаты. Бұхарбай 200-ден астам түтінді құрайтын ағайындарын Сырдың төменгі ағысы бойына орналастыру үшін осы өңірдегі Елекей сұлтан, Дәрман қожаға, Пірәлі би мен Тоғанас батырға арнайы хат жазып, адам жібереді. Орынборға бағынышты қазақтар жеріне өтуіне рұқсат сұраған. Бұхарбайдай батырдың осылайша хабарласуы Тоғанас Бәйтікұлы Сырдың төменгі ағысында ХІХ ғасырда өмір сүрген билер мен батырлар арасында аса ықпалды болғанын білдіреді емес пе?

Қоқан және Хиуа хандықтары орыс шебінен алыстау орналасқан Сыр елінің қазақтарына қысым жасап, үнемі зорлық көрсетіп отырған. Хиуа ханы Мұхаммед Рахимның кезінде орыс еліне бағынышты қазақ ауылдарын шаппауға ант берген уәдесін ұмытып, тонауын тоқтатпағанын генерал Обручевтің мәлімдемесінен оқи аламыз. Сол 1806 жылдан басталған Хиуа, Қоқан бектерінің шабуылы ұзақ уақыт бойы бір сәт тоқтаған емес. Қуаңдария мен Жаңадария бойындағы қазақтарды өздеріне бағындыру мақсатында Жанқала маңынан бекініс салады. Оны қазақтар «Бесқала» деп немесе қорған бастығы Бабажан есімімен атаса, қоқандықтардың 1817 жылдан бастап салған қорғандары Жаңақорған, Жөлек, Ақмешіт, Күмісқорған, Шымқорған, Қосқорғанды қоқан­дық бектер басқарған. Жалпы басшылық Ақмешіт бекінісінің бастығы Якупбек құзырында болды. Қорғандарды Жұбанияз, Уәйіс-Ниязбек, тағы басқалар басқарған. Ал қазіргі Жалағаш ауданы Аққыр ауылы төңірегіндегі «Құртөбе» деген жерден 1835 жылы Хиуа бегі Қожанияз бекініс салған соң мұны қазақтар «Қожанияз» қорғаны деп атаған.Тоғанас батыр – Қожанияз, Күмісқорған, Бесқалаға шабуылдап, берік қор­ғандарды бұзған батырлардың бірі. Қуаңдария мен Жаңадарияны мекендеген қазақтар 1832-1833 жылдан хиуалықтарға бағынып, зекет, тағы басқа алым-салықтар төлеуге мәжбүр болды. Осыған қарсы Сыр еліндегі айтулы батырлар: Жанқожа, Қыстаубай, Есет, Бұхарбай, Тоғанас, Жаназар, тағы басқалар тынбай күрес жүргізіп, қоқандықтардың қорған-бекіністерін бірнеше қайтара бұзғаны мәлім

Сонымен қатар мұрағатта жинақталған 1858, 1859, 1860 жылдардағы құжаттарда таш­кенттік ханның Түркістандағы бегінің жасауылдары Қызылқұмдағы «Арба қалған» жерінде шөмекейлер ауылын шауып, тонағаны көрсетілген. Онда Тоғанас батыр өз жасақтарымен бірге қарақшылардан 150 жылқы, 6000 қойды қайтарғаны айтылған. Ал Сырдария қазақтарын басқарушы сарай кеңесшісі Осмоловский жаз­баларынан 1859 жылы қоқандықтар тағы да тонаушылық шабуылдар жасағандығын байқау қиын емес. Мұнда да Тоғанас батыр Бәйтіков қарақшылардан 20 түйе, 8 жылқы, 1000 қойды қайтарып алғандығы туралы жазылған. Баһадүр туралы соңғы деректер 1861 жылға келіп тоқтаған. Себебі 1868 жылы күзгі түтін-пұл жинауға қатысты құжатта Баяу Бәйтіков, Бодаш Бәйтіков, Әлім Бодашов, Жақсылық, Алдамжар Аққоянов пен Тажығұл Тоғанасовтың есімдері тіркелген. Демек батырдың бұл тізімде болмауы, оның сол уақытта бақилық болғанынан хабар беретіндей. Алайда бұл нақты дерек емес. Бірі Тоғанас батырды 64 жасында өз ажалынан қайтыс болды десе, енді бірі қаһарманның түркімен батырының қолынан қаза болғанын айтады. Оған қоса, кейбір көнекөз қариялар Қуаңдария өзені маңындағы «Тоғанас» атты белгі батырдың мерт болған жеріне қойылған ескерткіш деген ақпар айтуда. Не де болса, тұлғаның беймәлім өмір жолы ұқыпты ізденісті талап етері анық.

Тоғанас батыр хақында қалам тербеген ал­ғашқы адам біз емес және соңғысы да болмаспыз. Бірақ бұл мақалаға Тынышбек Дайрабайдай жазушы-этнографтың деректері қолданылғанын айтпай кету азаматтығымызға сын болар. Тұлғалар жайлы қаншалықты көп жазылса, соншалықты насихаты да кең болады деген үміттеміз.

А.АҚЫЛБЕК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: