Жексенбі, 05 мамыр, 13:36

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35 — 2045
04.05.2024
PDF мұрағаты

Алашшыл бағыттағы елшілдік дәстүр немесе «Қазақ» газетінен басталған жол

01.07.2023

481 0

          Ұлт баспасөзі туралы сөз қозғағанда алдымен «Қазақ» газеті ойға оралады. Сонау 1913 жылдың 2 ақпанында алғашқы саны жарық көрген бұл басылым шын мәнінде ұлттың шамшырағы бола білді. Бұл газетті Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов сынды арыстар шығарған еді.

          Биыл «Қазақ» газетінің ең алғашқы саны жарыққа шыққанына 110 жыл толып отыр. Сонымен қатар 2 ақпан ұлттық басылым күні болып бекітілді. Сүйінші жаңа­лықты Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі әлеуметтік желіге жариялады. «Қадірлі достар! Жағымды жаңалығымыз бар. 2 ақпан – Ұлттық басылым күні болып бекітілді.  Бастауында Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатұлы секілді ұлт зиялылары тұрған «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірі осы­дан 110 жыл бұрын, 2 ақпан күні жарық көргені белгілі. Алаш ардақтыларының қолтаңбасы қалған газет ұлттық ренессанстың қайнар көзіне айналып, халқымыздың ақыл-ойын, сана-сезімін бөлек арнаға бұрды. Мемлекет басшысы бұған дейін Қазақ радиосының 100 жылдығы аясында 1 қа­занды радио қызметкерлері күні деп ресми түрде бекіткен еді. Енді міне, журналистер қауымы үшін тағы бір атаулы күн белгіленіп отыр. Баспасөз саласында еселі еңбек етіп, қалам тербеп жүрген барша әріптестерімізді ұлттық баспасөз күнінің белгіленуімен құттықтаймын!» – деді министр.

          Жалпы «Қазақ» газетінде басталған өзіндік жол бар. Ол елді бірлікке шақыру, ұлтты саяси тұрғыдан ояту, оқу-білімге ұмтылдыру және келешек үшін еңбек ету жолы еді. Бір сөзбен айтқанда, алашшыл бағыттағы елшілдік жол болатын. Біз бүгін «Қазақ» газетінен бастау алған сол жолды жалғаған «Бірлік туы» һәм «Ақжол» басылымдары жайлы әңгіме өрбітпекпіз.

          Осыдан тура 110 жыл бұрын ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы Әлихан Бөкейхан және Міржақып Дулатұлы­мен бірігіп, сондай-ақ қалың қазақ зиялыларының қолдауына сүйеніп, тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығарды. Ұлт тағдырына өздерін жауапты сезінген Алаш қайраткерлері қазақ халқының мүддесін қорғауда білектің күшімен емес, ақыл-ойдың қарымымен есе қайтарудың жолын таңдады. Бұл жол ұлттың мүддесін қорғауда ұлттық-саяси мінберге айналған «Қазақ» газетін өмірге әкелді. 1913 жылдың 2 ақпанынан бастап халыққа жол тартқан «Қазақ» газеті 1918 жылға дейін 266 саны шығып үлгеріпті. Халықтың көзі, құлағы һәм тіліне айналған «Қазақ» газеті рухани жаңғыруға бастаған сана серпілісінен туған басылым болатын.

          Заман ағымы бір қалыпты тұрмады. Төңкерістің дүмпуі сезілген сайын, қарапайым халықтың оған құмарлығы арта түскен. Қазақ даласындағы ат төбеліндей ғана ел оқығандары біріге білді. Жан серіктікке семсердің орнына қаламды таң­дады. Тарих беттерінде халықтың жоқтаушысына айналған «Айқап», «Қазақ», «Серке», «Сарыарқа», «Алаш», «Бірлік туы» секілді басылымдар пайда болды. Бұл басылымдардың әрқайсысының ел тарихындағы алатын орны баға жеткісіз екені даусыз мәселе. Себебі ХХ ғасыр – мәдени-рухани даму ғасыры; ХХ ғасыр – ояну ғасыры; ХХ ғасыр – қазақ әдебиетінің алтын ғасыры болумен қатар, қазақты қазаққа айдап салып, таптық күресті күшейткен ғасыр; ХХ ғасыр – қазақты аштыққа ұшыратып, қырған ғасыр; ХХ ғасыр – елім деп еңіреген ерлерді халық жауы деп, тарих бетінен мүлдем өшіріп тастауға ұмтылған ғасыр; ХХ ғасыр – тарих бетінде екі бірдей дүние жүзілік соғысқа куә болған ғасыр; ХХ ғасыр – қазақтың елдік мақсұттан айнымай, бабалар аңсаған егемендікке қол жеткізген ғасыр екенін естен шығармауымыз керек.

          Қазақ даласын большевиктер өз ықтиярына көндірген­нен соң алаштықтарға оларды мойындаудан басқа амал қалмай­ды. Алайда алашшыл бағыттағы елшілдік дәстүр өз жалғасын Түркістаннан табады. Бұлай айтуымыздың да өзіндік дәлелі бар. ХХ ғасырдың бас ширегіндегі түркістандық әдеби орта өз кезегінде саяси текетірестерге толы төңкерістердің ушығуы, елдегі қарапайым халық жағдайының нашарлауы, отаршылдық саясаттың күшеюі, үстемшіл патша үкіметінің құлауы, үкімет басына саяси биліктердің таласуы секілді қым-қуыт кезеңде елдің болашағы үшін күрескен қайраткер аспантау тұлғалардың шоғырынан тұрады.Олардың қатары түркі халықтарының бірлігін көздеп, үміт туын Түркістанға тіккен Мұстафа Шоқайұлы, Мұхаметжан Тынышбаев, Сұлтанбек Қожанов, Тұрар Рысқұлов, Нәзір Төреқұлов, Хайретдин Болғанбаев секілді қайраткерлермен бірге кеңестік тоталитаризмге қарсы күрес жүргізу үшін, бұрын «Қазақ» газетінде қаламы шыңдалған Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Қошке Кемеңгерұлы, Мағжан Жұмабаев секілді дарынды қаламгерлермен толықты. Бұрынғы «Қазақ» газетінің елшілдік бағытын алдымен Мұстафа Шоқайұлы ашқан «Бірлік туы» басылымы жалғастырады. «Бірлік туы» жайлы академик Дихан Қамзабекұлы: «Ол – аумалы-төкпелі 1917-18 жылдары ұлттық, түрікшілдік бағыттан таймаған қазақтың бірегей газеті-тін. Ол – жалпы түркі әлеміндегі ірі тұлға Мұстафа Шоқайұлы бастаған қазақ зиялыларының елді бірлікке шақырған үні-тін. Ол – «Қазақ» газетін большевиктер күштеп жапқан кезде (кейін қайта ашылады) оның жалауын жығылтпай іліп әкетіп, өз байрағының жанына қадаған басылым-тын», – дейді. Ал Нұрхат Сапуанов оның ең басты себебін «Бірлік туы» газетіндегі қаламгерлердің барлығының да қаламын қарыштаған, тәй-тәйлеген алғашқы еңбектерін жариялап, әдебиеттің кәусар бұлағынан сусындатып, нағыз әдебиетке жолдама берген «Қазақ» газетімен байланыстыра отырып дәлелдейді. Ол: «Біріншіден, ол «Қазақ» газетінің жалпы бағытын жұртқа мәшһүр етуге жәрдемдескен, соған еліктеген, «Қазақтың» деңгейіне ұмтылған. Екіншіден, газетке М.Шоқайұлы, Х.Болғанбайұлы, С.Қожанұлы, М.Дулатұлы, А.Мәметұлы, Б.Майлыұлы сияқты қаламдары «Қазақта» шыңдалған, әрқайсысы бір-бір тұлға арыстар атсалысқан»,– деп «Бірлік туы» хақындағы ойын білдірген. «Қазақтың» туын жықпай, елшілдік бағытты іліп әкетіп, әрі қарай жалғастырса, тіпті оның жалпы халықтық белең алуына бұрын «Қазақта» қаламы шыңдалған қаламгерлер атсалысса, онда қалайша «Бірлік туын» елшілдік бағытты жалғастырушы деп айта алмаймыз? Біздің тарихта әттеген-ай деп, сан соқтыратын кезеңдер мен құпиясы ашылмаған сан қилы ақтаңдаққа толы оқиғалар жеткілікті. Рахманқұл  Бердібайдың: «Біз тарихы жазылмаған халықпыз» деуі содан болар.

          Кеңестік қызыл шекпенділер «Бірлік туына» да «Қазақтың» кебін кигізіп, жауып тастайды. Ендігі халықтың жоқтаушысы Сұлтанбек Қожанұлы ашқан «Ақ жол» газеті болды. «Қазақ» пен «Бірлік туы» көтерген жүк салмағы «Ақ жолға» түсті. Алашшыл бағыттағы елшілдік дәстүрді жалғастыру үшін «Ақ жол» газеті «Қазақ» пен «Бірлік туы» жүрген сүрлеумен жүрді. Себебі бұл басылымның да айналасына «Қазақта» қаламы шыңдалған қаламгерлер жиналған еді. Дүкенбай Досжанның «Абақты» атты еңбегі арыстарымыздың темір тордағы жан күйзелісінен, сонымен қатар ХХ ғасыр басындағы мәдени өрлеу кезеңінен мәлімет беретін таптырмас дерек көзі екені аян.

          Осы кітапта арыстарымызды тергеу ісі туралы мәліметтер келтірілген. Аталған мәліметтер біз қозғап отырған жайтқа қатысты болғандықтан үзінді келтіруді жөн санадық.«Дулатов Ташкентке келісімен Қожановпен тіл табыса кетті. Қожанов Дулатовтай іскер кісі тапқанына қатты қуанып, жаңа газет ашуға тапсырыс берді. Бірнеше күннен кейін «Ақ жол» газеті ашылды. Газеттің жауапты редакторы Қожанов болса да негізгі шаруаның бәрін Дулатов өз мойнымен көтерді» (Әділов Дінмұхамедті тергеу ісінен үзінді). Бұл жерден біз «Ақ жол» газетінің шығуына сеп болған Сұлтанбек Қожанов пен «Қазақтың» редакторларының бірі Міржақып Дулатов екеніне көз жеткіземіз. Ал ары қарайғы жұмысының шындап дамуына кімдер үлес қосты?  Шынымен алашшыл бағыттағы елшілдік дәстүрді ұстанды ма? Тағы да «Абақтыдағы» деректерге үңілейік. «Өз басым Ташкентке жұмыс істеуге 24-жылдың аяғында келдім. Бұған дейін Ташкентте ешқашан болмаған едім. Бұл қалаға қазақ оқу-ағарту институтының шақыртуы бойынша оқытушы болмақшымын. Бұрынғы таныстарымның ішінен жалғыз семейлік Ысқақов Даниялды ұшыраттым. Аз уақытта Байтасовпен, Кемеңгеровпен, Ғалымжановпен, Досмұхамедов Халилмен танысып үлгердім. Оқу-ағарту институтында сабақ бере жүріп «Ақ жол» газетінде істедім. Орынборда шығатын «Жас қазақ» газеті мен «Пионер» журналынан басқа өзгедей басылымдарға материал берген емеспін. Мен келгенше «Ақ жол» газетінде Жұмабаев істеген екен…» (Жүсіпбек Аймауытовтың тергеу ісінен үзінді). Сонымен «Ақ жолда» Қожанов пен Дулатовтан басқа Аймауытов пен Жұмабаевтың да болғаны айқындалды. Алайда аталған басылымның бетіндегі жарияланған мате­риялдарға қарап, жоғарыда аты аталған тұлғалармен қатар онда Мұхтар Әуезов, Қошке Кемеңгеров, Бейімбет Майлин, Хайретдин Болғанбаев сынды қайраткерлердің қаламының ізі қалғандығы байқалады. Алашшыл бағыттағы елшілдік дәстүрді жалғастырушы басылым ретінде тану үшін, бұдан артық қандай дәлел керек. Өйткені бұл қаламгерлердің барлығы да «Қазақтан» сусындап, алашшыл бағытты мақсұт тұтқан ақын-жазушылар екені етенеден белгілі. Ғалым Амантай Шәріптің мәліметіне сүйенсек, С.Мұқанов «Ақ жолды» «Түркістан республикасының басқарушы газеті» – дейді. Олай болған жағдайда халық жүрегіне жол тапқан басылым болды ғой сонда. Халықтың жүрегіне жол тапқан басылымды елшілдік дәстүрді жалғастырушы басылым демеу күнә болар, сірә.

          Асылында, Әділов Дінмұхамедті тергеу ісінде «Ақ жол» газеті жайлы тағы бір құнды мәлімет бар. Зер сала үңілу артықтық етпес. «Бұл кезде барша күш-жігерді баспасөзді жаулап алуға салып жатты, баспасөз арқылы жұртты еліктіру, ілестіру оңай. Бұл ойлары Ташкентте шығатын «Ақ жол» газетінің арқасында толық іске асты деп мәлімдеуге болады». Қайраткердің «бұл кезде» деп отырғаны – бұрынғы «Алаш» белсенділерінің кеңестік үкіметті еріксіз мойындаған тұсы. «Бірлік туы» мен «Ақ жолды» «Қазақ» газетінің ұс­танған бағытын жалғастырушы басылымдар ретінде тағы бір қырынан олардағы жарияланған материалдардың үндес, сарындастығымен де дәлелдеуге болады.«Қазақ» газетінде жарияланған «Г. Дума», «Мектеп керектері», «Оқу мезгілі», «Қазақша оқу жайы», «Оқу жайы», «Бірлік туында» басылған «Иман күші», «Мұғалім және шәкірттер», «Түркістанда орыс сиездері», «Ақ жолдың» бетіндегі «Қазаққа пайдалы жас талап», «Дау тоқтап, іс басталсын», «Тілшілердің міндеті һәм мәнісі» сынды басқа да мақалалар сөзіміздің бұлжытпас айғағы бола алады. Себебі бұл басылымдар әйел теңдігі, оқу-ағарту ісі, білім алу, өнер үйрену секілді әлі күнге дейін еш маңызын жоймаған мәселелерді көтере білді.Осылардың барлығын назарда ұстасақ, онда ХХ ғасырдың басындағы түркістандық әдеби ортаны алашшыл идеяның өміршеңдігін кеңейтті деп айтуға болады. Тіпті большевиктер жеңіске жеткен кездің өзінде де тоталитаризм түтеткен түтінге тұншықпай, елшілдік бағытты биікке самғата көтерді. Сол арқылы отаршылдық бұғауда құрсауланып қалған халық жүрегіне еркіндік сезімін ұялата білді. Олар түптің түбінде алашшыл бағыттағы елшілдік идея қазаққа егемендік алып беретініне, қазақты тәуелсіз ел ететініне сенді. Ал тарих бұл ойды дәлелдеді.

          Тарих қойнауында әлі қанша сыры ашылмаған шындық бар екен? Бұл бізге беймәлім. Алайда тарих алдауға көнбейді. Қанша қолдан жасағанымен келер ұрпақ ақиқатын таныры анық. Академик Дихан Қамзабекұлы: «Қазақтың халықтық қалпын, замана сапырылысының жай-жапсарын бетіне айна-қатесіз түсірген «Қазақ», «Сарыарқа», «Бірлік туы», «Ұран», «Жас азамат» газеттеріндегі деректер ғылыми айналымға түс­пейінше, тарихнамамыздың көсегесі көгермесі хақ» – дейді. Себебі ұлттық құндылықтарды сақтап, тарих қойнауындағы ақтаңдақтардың ақиқатына жетіп, келер ұрпаққа тек шын­дығын жеткізу үлкен мақсұтты іс. Бұл өткен мен бүгіннің ғана емес, келешектің де ісі болып қала бермек.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: