Жұма, 27 желтоқсан, 14:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Үш жүзге пір болған Мүсірәлі Сопы-Әзиз

08.12.2021

1705 0

Бұрынғы қазақтың қоғамдық-саяси бас­қару жүйесі тым ерек болған емес пе. Әсіресе алқалы топта сөз алып, кесім айтқан би-шешендер ұлы даланың өзіндік басқару фор­масын қалыптастырды. Би-шешендер от ауыз, орақ тілді, кез келген дау-дамайдың тігісін жатқызып, соңғы сөзін айта білу арқылы әр өңірдің тәртібін сақтап қана қойған жоқ, бүтін ұлттың тәуелсіздігі үшін тарихта қалар жол іздеді. Олар өз дәрежесіне қарай руішілік, руаралық, тіпті екі елдің арасындағы дауды да соғысқа жеткізбей шешіп отырған. Қазақ қоғамы да ерек құрмет көрсетіп, би сайлау, дау-дамай тәртібін қатаң сақтауға тырысқан. Әр жүзден сенім артқан билер тағайындалып, жүйе күшейген. Мәселен, Ұлы жүзге – үйсін Төле би, Орта жүзге – қаз дауысты Қазбек би, Кіші жүзге – Әйтеке бидің би болғаны тарихтан аян.

Сол сәтте бимен бірге ортақ пір сайлау үрдісі де зор маңызға ие болған деседі. Деректерде үш би (Төле би, Қазбек би, Әйтеке би) халықты билеп, жөн айтқан шақта ақылдасып, пір тағайындауды ойға алады. Пікірлесе келе әр би өз өңіріне барып, пір болуға лайықты тұлғаны таңдап, сынаққа әкелуге уағдаласыпты.

Сондай таңдауды Әйтеке би де жасаған кө­рінеді. Халық аузында сақталған аңызда ол ел аралап, әулие-көріпкел адамды іздеуге кіріседі. Кезекті сапарында түркімендегі жоғарғы діни оқу орнына барып, оқытушы ғұламамен кеңеседі. Әйтеке би ұстаздан «Білім алушы шәкірттер арасында пір болуға лайықты бала бар ма?» деп сұрайды. Ғұлама ұзақ ойланып: «Мен осы балалардың кейде әулиелігін, көріпкелдігін, оқу дәрежесін бақылаймын. Байқағаным, шәкірт­тердің ішінде кішкене ақсары бала басымдау. Бір күні оқу арасында үзіліске шыққанда кіреберіс есік астына Құранды білдірмей көміп қойдым. Балалар есіктен жапатармағай кіріп жатқанда әлгі бала кірмей, есік алдында тұрып қалды. Сен неге кірмейсің дегенімде: «Тақсыр, ана көмгеніңізді ал­саңыз кіремін» деді. Сол кезде шәкірттерге көрсетіп Құранды алып: «Міне, көрдіңдер ғой» дедім. Мұным қастандық болмауы үшін әрі білім таластық болмауы үшін жасаған әрекетім еді.

Бұл жалғыз мысал емес. Тағы бірде сабақ біткеннен кейін балаларға: «Ертең сабаққа келерде бір-бір тауықтан бауыздап әкеліңдер» деп тапсырма бердім. Келер күні шәкірттердің бәрі бір-бір тауықтан бауыздап әкелгенде әлгі бала тауықты бауыздамай әкелді. Мен одан: «Сен неге тапсырманы орындамадың?» деп сұрағаным­да маған ғажап жауап қайтарды. Ол: «Бұл мүсәпірді бауыздайын деп барғанымда көзінен қан мен жас бірдей ағып тұр екен. Сол себепті бауызда­май әкелдім» деді. Сондықтан сіз іздеген адам осы бала болар. Әулиелігі де, көріпкелдігі де ғажап» дейді ғұлама Әйтеке биге. Әйтеке би келісіп, әлгі баланы ертіп әкеткен екен. Кейіннен ғұлама айтқан ақсары шәкірт үш жүзге пір болған Мүсірәлі атанып, Алашқа аты шыққан деседі аңыз сөзі.

Мүсірәлі бабаның үш жүзге пір болуы да аңызға бергісіз деректерге толы. Ұзын-ырғасы былай. Әйтеке би Мүсірәлі Сопы-Әзиз бабаны үш бидің белгілеген уақытында Көңтөбедегі пір сайысына апарады. Сайысқа келген ұлы жүз, орта жүздің үміткерлері қойылған сауалдарға жауап бере алмай, көріпкелділігі мен әулиелігі сай келмейді. Ең соңғы шешуші сайысқа қожа Ер-Сейтпенбет пен Мүсірәлі Сопы-Әзиз баба пір таласына қалады.

Қос әулиеге түрлі талап қойылып, сынақ әзірленіпті. Соның бірі ретінде жанып жатқан отқа киімімен түсу талабы болған екен. Екеуі де Жаратқанға сыйынып, дәреттерін алып, намаз оқып, тәуекел деп келіседі де жанып жатқан отқа түсіп кетеді. Жұртшылық күдер үзіп, абдыраған шақта екеуі де оттан аман-есен шыға келеді. Жиылған халық дүрлігіп қалады. Жалынның ортасынан киіміне де, өздеріне де зақым келмей сау шыққан әулиелерге халық таңғалысыпты. Тек қожа Ер-Сейтпенбеттің шапанының шеті күйген деседі. Сонда жиылған қауым: «Мына Мүсірәлінің киімінде, не өзінде дақ жоқ, сенің шапаныңның шалғайы неге күйді?» деп сауал тасатайды. Сонда Ер-Сейтпенбет: «Кішкентай нәрестенің дәреті тиіп еді. Нәресте деп жуған жоқ едім» деп жауап қайтарған екен.

Бұдан әрі пікірталас жалғасып, сайыс бары­сында кос әулиенің көріпкелдігін сынауға көшеді. Тууға жақындаған сиырды әкеліп: «Мына малдың ішіндегі бұзауы кандай екенін болжаңыздар» деп талап кояды. Ер-Сейтпенбет бабамыз: «Қаратөбел ұрғашы» деп жауап берсе, Мүсірәлі Сопы-Әзиз баба: «Бұл бұзау ұрғашы, бірақ қаратөбел емес. Ақ құйрықты қара бұзау, құйрығы маңдайында жатыр» деп болжапты. Дереу сиырдың шабын жарып, бұзауды алса, Мүсірәлі Сопы-Әзиз бабаның болжамымен бірдей болып шығады.

Осылайша дарынына куә болған жұрт оны пір сайлапты.

Халық пір енді қай жүзде қоныстану керек деген сауалға жауап іздейді. Билер де бір тоқтамға келе алмайды. Сонда Мүсірәлі бала: «Сіздерге пәтуа айтайын» деп рұқсат сұрайды. «Мен – біреумін, сіздер – үшеу. Сіздер мені үшке бөлгенде не болады? Одан кешке далаға жатып, төрт атты бекітіп жайылымға жіберейік. Таңертең төртеуміз бірге атқа барғанда менің атым қайсысыңыздың атыңызбен бірге жүрсе, соған барайын» депті. Барлығы пірдің қалауымен орындалып, таңертең аттарға барса, бабаның аты Әйтеке бидің атымен қосылып тұр екен. Осылайша Әйтеке би мен Мүсірәлі Сопы-Әзиз бірге оралыпты.

Осы орайда Мүсірәлі Сопы-Әзиздің тарихи оқиғалардағы маңызды рөлін айтпай кетпесек болмас. Сондай іргелі істің бірі қалмақпен соғыста болған. Қазақ жеріне қалмақпен бірігіп, Қоқан хандығы шабуыл жасап, зәбір көрсеткенде былайғы жұрт амал қыла алмапты. Сол сәтте Әбілқайыр хан қалмақ пен қоқаннан құтылудың жолын нұсқап, елге ақыл салған екен. Қазақтың ержүрек батырлары әскер жайын қамдап, қалмақ пен қоқан хандықтарына қарсы соғысуға дайындалады. Сонда қанжығалы Бөгенбай, қаракерей Қабанбай, бағаналы Тауасар, Уақ, Баян батыр бастаған басқа да батырлар Әбілқайыр ханға: «Талай осы қалмаққа шабуыл жасадық, бірақ тойтарыс беріп жеңе алмадық. Осы жолы піріміз Мүсірәлі Сопы-Әзизден бата алайық» деп ұсыныс айтады. Айтылған ақылды жөн көріп, Әбілқайыр хан жиылған әскерімен қалмақ пен қоқан хандығына шабуылға баратынын айтып, Мүсірәлі Сопы-Әзизден бата сұрайды. Сонда Мүсірәлі Сопы-Әзиз әулие: «Е, Алла, жорытқанда жолдарың болсын! Жауларың құлдарың болсын, пірлерің жандарың болсын, Алла Тағала әумин десін!» деп бата берген екен. Сол жолы қазақ әскері қалмақ пен қоқанды қырып, елін шауып, жанын, малын олжалап қайтқан екен.

Тағы бірде Әбілқайыр әскері Әмударияның Супхандария деген тұсына келсе бұрқанып, екі бетін су шайып жатқан көрінеді. Өтуге мүмкіндік болмай, Әбілқайыр хан: «Е, піріміз Мүсірәлі, қиналдық, өзің көмектес, жар бол!» деп медет сұраған екен. Сол кезде бұрқырап жатқан дария екіге бөлініп, жол ашылған көрінеді. Бар әскер, мал-жан аман өткеннен кейін дария бұрынғы долданған қалпымен ағып кеткен деседі.

Әзірлеген С.ЖҰМАДІЛДАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: