Сенбі, 20 сәуiр, 19:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

VI съезд қабылдаған қаулы: «Түркістан-Сібір» теміржолын салу туралы шешім

25.09.2021

1990 0

Қызылорда астана болған тұста Сыр өңірінде елдің ертеңіне әсер ететін тарихи шешімдер қабылданды. Сол тарихи шешімнің бірі – «Түркістан-Сібір» теміржол құрылысын салу туралы шешім. Бүгін «Ақмешіт Қызылорда болғанда» айдары бойынша Сыр өңіріндегі шойын жол тарихына шолу жасағанды жөн көрдік.

Өткен ғасырдың басында, дархан даламызда негізі қаланған Түркістан-Сібір теміржолының құрылысы, біртұтас халықтың еңбекқорлығы мен ұйымшылдығын дәлелдеп бергендей болды. Тосын жаңалықтың ел болашағына әкелер орасан зор пайдасынан үміттенген көнбіс халық, машақаты көп жұмысты асқан төзімділікпен, сом балға, құрыш қайланың күшімен атқарды. Осындай жұмыстардың нәтижесінде 20-шы жылдардың өзінде Қазақстандағы теміржолдың жалпы ұзындығы 2500 шақырымнан асып кеткен болатын. Ел мен елді жалғастыратын шойын жол шежіресі осылай басталды.

Қызылорда теміржолының бастапқы даңғылы 1889 жылы 16 маусымда Патша үкіметі Орта Азиядағы теміржолдың құрылысы туралы мәселені талқылау үшін ерекше мәжілісін шақырудан бастаған. Сонымен 1900 жылдың сәуірінде «Орынбор-Ташкент» бағытындағы теміржол құрылысын бастауға шешім қабылдаған. Жолдың құрылысы 1901 жылы басталып, 1906 жылы сәуірде аяқталған. Осылайша Орынбордан Ташкентке дейінгі 1850 шақырым болатын барлық теміржол аралығы іске қосылды.

Сексеуіл мен Түркістан аралығында бірінші болып 1903 жылы Қазалы жол дистанциясы өз қызметін бастады. Одан кейін Қызылорда, Қазалы, Сексеуіл локоматив деполары және Шиелі, Қызылорда, Жосалы, Қазалы жол дистанциялары жұмысын бастаған болатын.

Әр қаланың дамуында белгілі бір серпілісті кезеңдер болатыны белгілі. Сыр еліне Орынбор-Ташкент теміржолының салынуы аймақтық экономикалық-саяси және мәдени өркендеуіне жаңа тыныс берді. Соның нәтижесінде вокзал, депо үйлері салынды. Сондай-ақ құбырмен ағатын су жүйесі пайда болды. Жұмысшылардың әлеуметтік тұрмыс деңгейінің ғана емес, қоғамдық-саяси өй-өрісінің өсуіне себеп болған шеберханалар мен деполар Жосалы, Қазалы, Сексеуілде іске қосылды. Осы-лайша аймақта жұмысшы тобы қалыптасты. Халықтың саны артып, сауда-саттық дами бастады. 1905 жылы теміржол вокзалынан базарға дейін 2 шақырымдық тас жол пайда болды. Күйдірілген қыштан жаяу жүргіншілер жолын салу басталды. 1910 жылы Петербургте қаланың гербі жасалынып, бекітілді. Қазан төңкерісіне дейін Ақмешіт-Перовск Сырдария жағасындағы сол кездің өлшемімен алғанда стратегиялық жағынан қолайлы бекініс ретінде пайда болып қалаға тән алғашқы инфрақұрылымдық белгілер қалыптаса бастады. Халық санының өсуі, тауар-ақша айналымының тұрақты ұлғаюы, шағын кәсіпкерліктің дамуы қала көркеюіне жол ашты. Тұрмыстық нысандармен қатар білім және медицина орындарына қажеттілік артты.

Теміржолдың дамуы 1917 жылы революциядан кейін жалғасып, Қызылорда теміржол бөлімшесі шамамен 1925 жылы құрылған. Ол КСРО халық жол қатынасы комиссариаты Орынбор теміржолына бағынышты болған. Жолдың ұзындығы 285 шақырымды құраған. Қызылорда жол бөлімшесінің аппараты 60 адамнан құралған. Ал екінші даму кезеңінде Ресейде Түркістан мен Сібірді қосатын теміржол құрылысының аса кажеттілігі туады. Сол жылдары Сібір магистралі Новосибирскті қиып өтті, ал Орталық Азия жолы Ташкентке дейін жетеді. Бұл Сібір мен Орталық Азия жолдарын оңтүстік-шығыс және Шығыс Қазақстан арқылы қосудың экономикалық мақсатқа сәйкестігін көрсетті. Түркістан мен Сібір теміржолын қосу орыс мақта-мата өнеркәсібінің дамуына орай олардың Түркістаннан мақта, ал Сібірден ұнды қажет етуінің салдарынан туындады.

Бастапқыда Түркістан-Сібір теміржолы қазына есебінен тұрғызылады деп есептелді. Бірақ үкіметтің құрылысқа қаржысы болмады. Дегенмен Түркістандағы жергілікті буржуазия өкілдері кейінге қалдыруға қызу қарсылық көрсетті. Көп ұзамай Жетісу теміржолының қажеттігі жөнінде мәселе көтеріледі. Бұл уакыт ішінде Түркістаннан Ресейте мақта тасу 1900 жылғы 5,2 млн пұттан 1906 жылғы 9 млн пұтқа өседі. Алайда бұл тасымалдау орыс мақта-мата өнеркәсібінің сұранысын тек жартылай жапты.

Осылайша Қызылорда астана болған тұста «Түркістан-Сібір темір жол құрылысын салу туралы» қаулы қабылданды. Қазақ АССР-і кеңестерінің YI съезі қабылдаған қаулыда өлкенің табиғат байлықтарын жедел игеруге, Орталық Азия республикаларын Қазақстанның және Сібірдің арзан астығымен қамтамасыз етуге мүмкіндік жасаған Транссібір магистралінің экономикалық және саяси маңызы аталды. Кеңестер съезінің қаулысында жазылғандай, Түркістан-Сібір теміржолының Орталық Азия республикаларының экономикасын дамытуда үлкен маңызы ескеріліп, елдің болашағын байыта түсу үшін техникалық дақылдар, ең алдымен мақта, сондай-ақ күріш егуді нақты міндет етіп қойды.

Құрылыстың нағыз қызған шағы 1924 жылдың көктемі еді. Өйткені бұл кезде Қазақстанның оңтүстігінде құрылыс жалпы халықтық деңгейге ұласты. Көктем және жаз айларында мұнда 2300-дей жұмысшы еңбек етті. Олардың басым көпшілігін казақтар мен қырғыздар құрады. Кейіннен құрылыста ұзақ жыл тапжылмай қызмет еткендер осы саладан жаңа мамандық алды. Бұл күндері Түркістан-Сібір теміржолының құрылысын атағанда, қарапайым еңбек адамдарының орасан зор қызметі мен еңбегі айтылады. Себебі олардың көпшілігі сол кездегі қиын да, құбылмалы ауа-райының нашарлығына, құрылысқа қажетті қарапайым құрал-жабдықтардың жоқтығы мен тәжірибенің аздығына қарамастан, белгіленген жұмыстардың біраз

бөлігін 1924 жылдың шілде айының аяғына дейін бітірген. Осылайша барлық жасанды құрылыстар, қазу жұмыстары то-лығымен аяқталды. Ал жолдарды салу Әулие Атадан Қайыңдыға жетті.

Үкімет шешімімен 1936 жылы Қызылорда жол бөлімшесі Ташкент темір жолына берілді. Жол бөлімшесінің шекарасы солтүстікте Жосалы станциясына дейін, ал оңтүстікте Шиелі станциясына дейін болған. Қызылорда жол бөлімшесінде аз қуатты паровоздар пайдаланылған. Олар мазутпен жұмыс істеді. 1943 жылдан бастап паровоздар көмірмен жабдықтауға көшірілген. Ал 1946 жылғы КСРО жол қатынасы министрлігі бұйрығының негізінде 1-ші Қызылорда паравоз шаруашылығы бөлімшесі Ташкент теміржолының Қызылорда бөлімшесі болып бірікті.

1950 жылдан бастап Қызылорда бөлімшесінде жаңа техникалардың енгізілуі басталды. 1953 жылы Шиелі-Жосалы аралығында диспетчерлік орталықтандыру енгізілді. Осылайша 1957 жылы Қызылорда жол бөлімшесінде алғаш рет ТЭ-3 сериялы тепловоздары пайдалануға берілді. 1958 жылы Жол қатынасы министрлігінің бұйрығы негізінде Ташкент теміржолының Қызылорда бөлімшесі, Қазақстан теміржолының Қызылорда бөлімшесі болып қайта аталды. Бөлімше жолының ұзақтығы 782 шақырымды құрады. Қазақстан теміржолының ұлғаюына байланысты 1977 жылы Қызылорда бө-лімшесі Ақтөбе қаласында жаңадан ұйымдастырылған Батыс Қазақстан теміржолының құрамына енді.

Қазіргі кезде «Қазақстан теміржолы» ұлттық мекемесінің «Қызылорда жол бөлімшесі» филиалы 1-ші топ бөлімшесінің ұзындығы 785 шақырымды құрайды. Оның ішінде бір жолдың ұзындығы 315, екі жолды аралық 470 шақырым. Жол бөлімшесінің құрылымында 54 теміржол станциясы бар. Сонымен қатар 3 жүк станциясы, 29 разъезде электрлік орталық, 25-де диспетчерлік орталық жұмыс істейді. Ал бөлімшеде 5 диспетчерлік айналым жұмыс істейді.

Қызылорда жол бөлімшесінің аймағында 26 теміржол мекемесі орналасқан. Олардың ішінде 4 жол дистанциясы, 2 байланыс және белгі беру, электрмен жабдықтау, 2 локомотив пайдалану депосы, 2 айналым локомотив депосы, вагон пайдалану деполары бар. Осы мекемелердің құрамында барлығы 10 мыңнан аса адам қызмет етеді. Облыс аумағындағы барлық теміржол жұмысын үйлестіріп, теміржол көлігін тасымалдау жұмыстарының үздіксіз және қауіпсіз жүрісін қамтамасыз етіп отырған орталық – ол Қызылорда жол бөлімшесі. Қызылода теміржолының кешегісі мен бүгіні тәуелсіздікпен біте қайнасып жатқаны осыдан-ақ көрініп тұр.

Теміржолдың тарихы туралы мәліметтер, осы саланың ардагер теміржолшысы Төлеген Жылгелдиевтің «Жол бойындағы жұлдыздар», «Алаштың Ақмешіті», «Қызылорда», «Темір жол тарландары» атты кітаптардан алынды.

Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: