Сәрсенбі, 16 қазан, 06:03

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№82-2092
15.10.2024
PDF мұрағаты

Желтоқсаншы қыз

16.12.2021

1297 0

«Желтоқсан бірде,

Ел тосқан түрде,

Келетін мүлде жайдарлы.

Сол жылы бірақ,

Әдеттен жырақ

Көрінді шын-ақ айбарлы.

Тоңдырды мені,

Тоңдырды сені

Желтоқсан желі ызғарлы.

Солдырды гүлді,

Оңдырды нұрды

Көңілде мұңды із қалды»

Иә, ақын Әбдірахман Асылбековтің осы өлең жолдары күллі қазақ баласына рух беріп, әлі күнге жұрт жадында жаңғырып тұр.

Сонау 1986 жылы Алматыдағы қазіргі Республика алаңында орын алған желтоқсаншы жастардың көтерілісі ел есінде ескірмек емес. Бұл көтеріліске негіз болған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің І хатшылығына Колбиннің келуі еді. Алаңға жиылған жастардың талап-тілектері аяқасты болып, көтеріліске қатысқан азаматтар қуғын-сүргінге ұшырады. Алды абақтыға жабылды. Сол ызғарлы оқиғаның ортасында болғанның бірі – Сәуле Иманғалиева.

Ол бүгінде қала орталығында Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектепте химия пәнінің мұғалімі. Сол бір сұрапыл сәттің куәгері өзін ел тағдыры таразыға тартылған алмағайып заманда алаңда болып, отандастарымен бірге ереуілге қатысқанын ерлік санамайды. Керісінше оны өзіне міндет деп ұғынады. Ол кезде сол қатарлы жастардың ойында отансүйгіштік сезімі зор болатын.

Желтоқсан оқиғасынан кейін тура бес жылдан соң 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстанның Жоғары Кеңесі «Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы» заң қабылдады. Бұл күн – 1986 жылы алаңға шыққан барлық жастардың күш-жігері мен күллі қазақ жұртының арманы орындалған күн еді.

– Оқиға күні кешегідей көз алдымда. Кешкі асымызды ішіп, сабаққа дайындалып отырғанбыз. Кенет жатақхана іші абыр-сабыр болып кетті. Кім қайда? Неге бара жатыр? Ешкім ештеңе айтпады. Ертеңіне азанда алаңға ағылған жастарда есеп жоқ. Қолдарында отаншылдық рухта жазылған түрлі үнпарақтар бар. Сол топқа ілесіп жатақханада бірге тұратын төрт қыз да бардық. Кеңестік билікке қарсы іштегі өкпе наз жастарды алаңға алып шықты. Осы бас көтеруден кейін КСРО-ның қабырғасы сөгілді емес пе? Бұл көтерілістің негізгі қозғаушы күші болған жастардың көп бөлігі ауылдық жерлерден келген студент жастар. Олар іштегі жанайқайды алаңда жеткізіп, сол кездегі солақай саясаттың дұрыс жүргізілуіне назар аудартқысы келді. Алаңдағы ахуалға алаңдамау мүмкін емес. Өрімдей жастарды шашынан сүйреп, ұрып-соғып жатқанда қарап тұра алмайсың. Ол жерде менің ғана емес сондағы барлық студенттің намысы тапталып жатты. Ол алаңға жастар саналы түрде шықты. Бәрінің көңілінде тоталитарлық жүйемен келіспеушілік бар. Себебі бұл жайт қазақтың ұлттық санасының оянғанының көрінісі болды. Желтоқсан көтерілісін тарихымызда орны бар ерекше құбылыстың бірі деп бағалауға болады. Дініміз бен ділімізге қауіп төніп, ана тілімізде көшеде сөйлесуге ұялатындай жағдайға кетіп бара жаттық. Бір қалада жалғыз қазақ мектебі қалды. Әрине, көтеріліске себеп Қонаевтың хатшылықтан түсіп қалуы дегеннің өзінде, арғы жағындағы мәселелер жастардың ұлттық санасының оянуына алып келді. Оның түбі немен аяқталғанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Бір айта кетерлігі, алаң бос қалмау үшін студенттер алмасып, келіп-кетіп жүрді. Үш күн бойы қақаған қыста далада тұрудың өзі оңай емес қой. Таяқ жегендері бірін-бірі сүйреп әкетіп жатты. Батыр ұлттың қайсар өрендері жарақат алса да, қайта шеруге қосылғанын көрдік. Қолымызға ағаш алып, өзінше қаруланған болдық,– дейді С.Иманғалиева.

Сәуле Төлегенқызы оқуын бітіріп елге келген соң №43 орта мектепке қызметке орналасады. 1987 жылы жұбайы Бекмағанбет Нұрмановпен отау құрып, екі қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді. Ұлағатты ұстаз бүгінде екі немеренің әжесі атанып отыр. Ол желтоқсан оқиғасындағы жастардың ерлігі туралы шәкірттері мен немерелеріне ұдайы айтып отырады.

Иә, расымен де Тәуелсіздік деген ұғым аса қастерлі кие. Бүгінде әлемде шамамен 2000-ға жуық ұлт пен этникалық топ бар екен. Қазіргі уақытта БҰҰ құрамында барлығы 195 тәуелсіз мемлекет тіркеліпті. Бұл 2000 ұлттың ішінде тек 200-і ғана тәуелсіз ел атанғанын білдіреді. Оның ішінде біздің де мемлекетіміз бар. Желтоқсан оқиғасы тәуелсіздіктің қастерлі құндылығын айғақтаған ақтаңдақ кезең.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: