Сейсенбі, 23 шiлде, 00:24

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
#57 – 2067
20.07.2024
PDF мұрағаты

Шыны зауыты іске қосылды

13.12.2021

2188 0

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай Сыр елінде қанша жылдан бері күткен қуаныш болды. Себебі іргетасы қаланғалы жұрттың талқысында жүрген қаламыздағы шыны зауыты жұмысын бастады. Әрине, осы уақытқа дейін зауыттың іске қосылуы жайында біршама әңгімелер болды. Бүгін соған нүкте қойылғандай.

Жалпы бұл шаруа 2015 жылы қолға алынған еді. Зауыт екі жыл ішінде салынып,іске қосу жоспарланғанымен, құрылыс жұмысы былтырға дейін созылды. 2018 жылы Қытайдың «China Triumph International Engineering» компаниясымен келісімге қол қойылған. Бастапқыда 2019 не 2020 жылдың жаз мезгіліне белгіленген еді. Дегенмен коронавирус індетіне байланысты қытайлық мамандар елімізге келе алмай, жұмыс тағы да кешеуілдеген болатын. Былтыр уақыты озыңқырап кеткен құрылысқа Президент те алаңдайтынын білдірген. Сол уақытта «Шыны зауыты құрылысын аяқтауымыз керек. Өндіріс орнының аумағында өз деңгейіндегі өндіріс орны мен бизнес-кластерді дамыту бағытында қолайлы жағдай жасалуы тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Иә, осыған дейін бірнеше облыс әкімінің қолынан өткен бұл жоба биыл ғана ел игілігіне беріліп отыр. Осы тұста, нәті нәзік болса да, айтулы жобаны соңына дейін жеткізіп, зауытты іске қосуда облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың еңбегі зор екенін айта кеткен жөн. Себебі осы уақытқа дейін алып зауыттың іске қосылмауы жауапты бас мердігердің жұмыс барысында жіберген кемші­ліктері мен жоба серіктестерінің өзара туын­даған даулы жағдайларына әкім нүкте қойды десек қателеспейміз.

Еселі еңбек қайтты, нәтиже болды. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында шыны зауытының күйдіру пеші іске қосылды. Аймақтағы ауқымды жобалардың ашылу салтанатына ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысып, зауыт жұмысына сәттілік тіледі.

– Ең алдымен, бұл – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі­нің жемісі. Осы 30 жылдың ішінде барлық салада көптеген жұмыс істелді. Қай облыста болмасын ауыз толтырып айтарлықтай жеткен жетісті­гіміз бар. Қызылорда облысының инфра­құрылымы, экономикасы, өндірісі дамыды. Міне, соның нәтижесі ретінде жаңа кәсіпорынның ашылуының куәсі болып отырмыз. Бұл кәсіпорын осыдан бірнеше жыл бұрын қолға алынды. Бірақ әртүрлі себептерге байланысты құрылыс созылып кеткен еді. Дегенмен алға қойған мақсаттың арқасында кере­мет іс-шараға жиналып отырмыз. Бұл облыстың ғана емес, еліміздің экономикасының дамуы­на үлес қосатыны сөзсіз. Және де Орта Азиядағы көшбасшы үлкен өндіріс­тердің бірі болады деп сенеміз, – деді Сенат төрағасы.

Құны 42,01 млрд. теңгені құрайтын жоба 226 адамды жұмыспен қамтиды. Зауыт жылына 197 мың тонна шыны өндіруге қауқарлы. Ал өнімнің 30 проценті шетелдерге экспортқа шы­ғарылмақ. Шыны зауыты дайын өнім қоймасы, ішкі теміржол, негізгі цехтар және ішкі инженерлік желілер секілді төрт кешенді қамтиды.

– Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерей­тойы қарсаңында жаңа технология­ларды пайдаланып, бәсекеге қабілетті өнім шығаратын, еліміздің және өңір экономикасын дамытуға тың серпін беретін жоба шыны өңдеу зауытын іске қостық. Шыны өндіру барысында 90% жергілікті шикізат пайдаланылады. Шыны бағасының 80%-ін құрайтын негізгі компонент – кальцийленген сода. Сондықтан Аралда салынатын сода зауытының негізгі тұтынушысы осы зауыт болмақ. Зауыт толық қуаттылыққа шыққанда 226 жаңа жұмыс орны, қосалқы өндірістерде 300-ге жуық тұ­рақты жұмыс орны құрылады, бірінші кезекте жергілікті мамандарға басымдық беріледі, – деді аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова.

«Орда Гласс ЛТД» мамандарының айтуынша, бірінші шыны 2022 жыл­дың сәуір айында өндіріледі деп жос­парлануда. Кәсіпорында табақ шыны, энергия үнемдейтін шыны, айна, ламинат­талған шыны, күйдірілген шыны тәрізді өнім түрлері өндіріледі деп күтілуде.

– Тәуелсіздік жылдары өңір эконо­микасына 4 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Жалпы өңірдегі өнеркәсіп өндірісінің үлесі 1991 жылғы 11 проценттен 30 процентке артқан. «Тәуекелдің ісі – игі» деген жақсы сөз бар. Расында, ел игілігі үшін атқарылған әр істе кедергілер мен қиындықтарға мойымай тәуекелге бара білсек қана жемісін көреміз, жетістікке жетеміз. Бүгінгі шара осының бір дәлелі. Міне, енді шыны зауытын дамыту Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын кө­теруге айтарлықтай серпін беретіні сөз­сіз. Облыс халқын көптен күткен зауыт жұмысының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Еліміз тыныш, халқымыз бейбіт, Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын! – деді облыс әкімі.

Айта кететін тағы бір жайт, та­лаптарға сай жоғары сапалы өнім алу үшін пешті үш ай бойы қыздыру керек. Аталған жұмыс бірнеше кезеңнен тұрады. Келер жылдың қаңтар айынан бастап пешті қыздыру және шыны балқытудың негізгі кезеңі іске асырылмақ. Ал ақпаннан наурызға дейін пеш өзінің жұмыс режиміне қо­сылып, температурасы 1600°С жететін болады.

А.БАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: