Сейсенбі, 30 сәуiр, 18:34

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

«Әке әлемі» – мәңгілік құндылықтар мекенінде

09.08.2022

995 0

Мәдениет пен тарих үндескен ортада қызмет етіп келе жатқаныма 10 жылдан асыпты. Осы уақыт аралығында мұражай жұмысының қыр-сырымен танысып, сала мамандарымен біте қайнаса еңбек еттім. Музей қабырғасында жүріп қанша тарихтың, қанша тарихи оқиғаның, бағалы жәдігерлер мен құнды экспонаттардың мұражай қорына табысталуының куәсі болдым. Осы ретте өзім еңбегім сіңген, жаныммен үндес мұражай мұрағатына отбасымыз үшін құнды жәдігерді табыстауды жөн көрдім.

Бала кезімде әкем қайда барса жанына мені ертіп жүруші еді. Сонда есімде қалғаны, сапарға шыққанда, жол жүргенде жанынан тастамай, көлігіне орнатып қоятын шағын теледидары болатын. Оны «жол теледидары» деп атайтынбыз. Салмағы небәрі 3-4 келіні құрайды. Өзі шағын, жолға шыққанда ұстау­ға өте ыңғайлы бұл құрылғы Кеңес дәуірінің қайталанбас құнды техникаларының бірі. Ғылыми атауы «Электроника ВЛ – 100» теледидары. Теледидар 1969 жылы Ленинград­тық «Мезон» және Хмельнинцкдегі «Катион» зауыттарынан қара-ақ түсті үлгіде шығарыла бастаған. Атауын кеңес дәуірінің ұлы көсемі Владимир Ильич Лениннің 100 жылдығына орай «Владимир Ленин, 100 жыл» деп атаған екен. Шаңырағымызда осы күнге дейін сақта­лып, біз үшін бағалылығын жоғалтпаған осынау дүние ендігіде музей төрінде тұрып, құндылық мәні артса деген тілек біздікі. Себебі өзі асқан ұқыптылықпен сақтаған теледидарын әкемнің көзінің тірісінде музейге табыстауға өзім рұқсатын алған едім.

Адам қабілетінің шексіз екендігіне риясыз сенетіндердің бірі менмін. Себебі бала кезімнен әкемнің қолынан шыққан қанша бұйымды көзім көрді. Ол кісі қол­өнерге өте шебер, домбыра, бесік, гитара жасайтын. Әкемнің қолынан шыққан түр­лі жиһаздар, шағын қобдишалар бертінге дейін сақталды. Анам мен әкем 8 ұл-қыз тәрбие­леп өсірген үлкен өнегелі отбасы. Бала кезімізде әкем анамның бесік тербетуден қолы босамай, шаршап жүргенін көргеннен кейін, өз қолымен электрлі бесік жасап берген екен. Ол кезде мұндай бесік еш жерде сатылмайтын, тіпті жасалмайтын, көрші-көлем, туған-туыс қызығып, сұрап та алады екен. Әкемнің анама деген шексіз махаббаты ғой. Әйтпесе, мұндай жаңа технологияның сатылымға шыққаны бертінде емес пе? Әкем кейде жұмысынан шаршап келгенде анамның ті­зе­сіне басын қойып, үйдегі газет журналдарды оқытатын. Сонда, өзі оқи алмағаннан емес, асыл жарының қоңыр, әсем үнін сағынып келеді екен-ау! Сонымен қатар үйде әкем өз қолы­мен ойып жасаған домбырасы сақталған. Күллі қазақ үшін киелі домбырамыз әлі күнге дейін қарашаңырағымыздың төрінде ілулі тұр. Бір кездері әкем электрлі гитара да жасап шыққан еді. Сонда деймін-ау, қазір аса бағалы саналатын мұндай музыкалық аспапты кезінде әкем өз қолымен жасаған екен-ау. Қазір отбасымызда екі бауырыма әкемнің ұсталық өнері дары­ған. Қанмен берілген осы бір қасиет керемет қолөнер бұйым­дарының қазақ мәдени тари­хында ары қарай да жалғаса беретінінің дәлелі емес пе?!

Осы саланың пұшпағын илеп жүрген маған құндылықтарды қастерлеу, мұраны сақтау, өткенге құрметпен қарау сықылды қасиеттер әкемнен дарыған сыңайлы. Тірі кезінде қастерлеп, өзі құндылық санаған жәдігерлер туралы қағаз бетіне түсірмес бұрын, әкеме арнап құран бағыштадым. Ойымда шыра­мытқан бала күнгі естеліктерді жарыққа шығарып, қоғам игілігіне ұсынсам, әке аруағы баласына риза болар деп үміттенемін.

Алтын СӘДІРҚЫЗЫ,

музей экскурсоводы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: