Жұма, 26 сәуiр, 14:08

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Шеңгелдің сакурадан несі кем?

17.01.2023

1317 0

Сурет ашық дереккөзден

Иә, мектеп оқушысы Дінмұхаммед Абзалұлы осылай дейді. Оның айтуынша, алыстағы Жапония­ның сакурасын суреттен көріп қызығып, өзіміздегі шеңгелге мән бермейміз де. Тіпті шеңгелге мұрын шүйіретініміз жасырын емес. Әйтпесе шеңгелдің де далаға сән беретін өзінше бір әдемілігімен қоса пайдасы да жоқ емес.

«Қызылорда облысының орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы»  және «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастырған «Сыр өңірі­нің флорасы мен фаунасы және экологиясы» атты облыстық ғылыми жоба байқауында қаладағы Байзақ Момынбаев атындағы №278 ІТ мектеп-лицейдің 6 сынып оқу­шысы Дінмұхаммед Абзалұлы «Шең­гелдің пайдасы» тақырыбында ғылыми жобасын қорғап, жұрт назарын шеңгелге аударды. Оқушының айтуынша, шеңгелдің біз білмейтін пайдасы көп. Жақса отын, пайдалана білсе дәрі, табиғаттың тепе-теңдігін сақтауға өз үлесі бар шеңгелдің гүлдеуі айналасын ерекше ғажайыпқа бөлейді екен.

– Шеңгелді отын ретінде де қолданады. Тамырынан жүн бояу үшін пайдаланатын сары бояу алады. Шеңгел құм басудан қорғайды. Шеңгел азайса, құнарлы жерлерді құм басуы мүмкін. Шеңгелдің тамыры емдік мақсатқа қолданылады. Іш жүргізуге, бүйрекке, бауырға, қуыққа тас байланса оны ерітіп жіберетін қасиеті бар екен, – дейді Дінмұхаммед.

Ал шеңгелдің гүлдеген кезіндегі сұ­лу­лығын көр­діңіз бе? Айналасын алқызыл түске бояйтын шеңгел гүлінің сұлулығын Дінмұхаммед қалай суреттейді?

– Иә, кәдімгі шеңгелдің гүлдеуі жапонның сакурасынан кем бе екен? Шеңгел де  ежелгі өсімдік. Аяз бидің «шөп жаманы шеңгел емес…» дейтіні де қазақтың жадында. Шеңгел мамыр айында жаппай гүлдейді. Гүлі сакураның гүліндей қызғылт болып келеді. Кейде осы қызғылт түске күлгін бояу араласып кететіні бар. Бұл жердің құнарына байланысты болар. Соры қалың, сусыз жерде өссе де малынып гүлдейтіні ғажап. Алайда бізде шеңгел гүлдегенде жапондардың саку­расына қуанғандай ерекше қуанбайтынымыз шындық, – дейді кәдімгі шеңгелдің пайдасын да, гүлдегендегі ғажап сұлулығын да әбден зерттеген бала Дінмұхаммед.

Шынында, көпшілік шеңгел ғой деп мұрнын шүйіретін тікенекті шеңгелдің біз білмейтін пайдасы көп. Қарапайым мысал, оның түбіндегі қара шірікті бөлме гүлдерін егуге талай пайдаландық та. Шеңгел түбіндегі топырақ дүкендерде арнайы сатылатын қалтадағы топырақтан әлдеқайда құнарлы екенін де білеміз. Біз тікенекті шеңгелдің гүлдегендегі  сұлулығына назарымызды ау­дарған балалардың бұл ісіне сүйсіндік. Бұл жас ұрпақтың қоршаған ортаға, туған топырағына деген сүйіспеншілігі, барды бағалай білуі. Бұл орайда балаларды табиғатқа жақындата түскен, айналадан әсемдікті көре білуге тәрбиелеген ұстазы, жоба жетекшісі Мираш Дәулетиярованың еңбегі ерен. Табиғатты тануға ұмтылған шәкірттер әлі талай белесті бағындырары сөзсіз.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: