Сәрсенбі, 01 мамыр, 03:40

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Мобильді аударымнан қолма-қол төлеуге көшеміз бе?

04.01.2024

635 0

Фото: gov.kz

Жыл басталғалы бері елдің бәрі абыр-сабыр. Таксиге мінсе де, дүкенге барса да бұрынғыдай телефонмен төлем жасай алмай қалды. Жұрт жақсыға тез үйренеді емес пе, цифрлы әлемнің тұрғынына айнала бастап, оның ішінде онлайн саудаға тез бейімделген тұрғындар қолма-қол ақша ұстауды ұмыта бастаған-ды. Жаңа жылдың алғашқы күнінен мобильді аударымнан бас тарта бастаған сауда орындары көбейе түсіп, бұл да бір мәселеге айналды. Бұл жайтты түсінбеген қарапайым халық «біз де салық төлейміз бе?» деп алаңдап жүргені рас.

Мәселенің мәнісіне келер болсақ, Қаржы министрлігінің кірістер комитетінің баспасөз қызметі 2024 жылдан бастап ай сайын 100 түрлі тұлғадан мобильді аударым қабылдаған азаматтар бақылауға алынатынын хабарлаған еді. Баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір кейбір кәсіпкерлер банкте ашылған жеке шотына сатылған тауарлар мен қызметтер үшін мобильді аударымдар арқылы ақы алады. Алайда бұл аударымдар бақылау-касса машиналары мен POS-терминалдарды қолданбай, тиісінше чектер берілмей жүргізілгендіктен заңсыз болып саналады. Оған әкімшілік жауапкершілік көзделген. Осы заң бұзушылықтар қайталанса, салық төлеушінің субъектілігіне байланысты салынатын айыппұл 15 АЕК-тен 50 АЕК-ке дейін жауапкершілік қарастырылады. Мобильді аударым жиі жасалғаны үшін кімдердің салық төлейтінін өткен жыл соңында Үкімет басшысының орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында түсіндерген еді.

– Бұл заң 2022 жылы қабылданды. Кәсіпкерлік қызметтің сипаты бар мобильді аударымдарға салық салынуға тиіс. Туысқандар мен әріптестер арасындағы ақша аударымының кәсіпкерлік қызметке қатысы жоқ. Сондықтан мұндай аударымдарға салық салынбайды. Біз арнайы карта, есепшот ашу қажет екенін айтып жүрміз. Осыны орындағаннан кейін қанша аударым жасайтыныңызды өзіңіз білесіз. Кәсіпкерліктің белгілі бір түрі бойынша тіркеліп, салық төлесеңіз болды. Көлеңкелі экономикада жүрген бизнесті осыған тартып жатырмыз, – дейді қаржы министрі.

Орайы келгенде белгілі экономист Мақсат Халықтың пікірін білген едік.

– Қазір көптеген сауда орны «Каспий» арқылы аударым немесе электронды төлем жүйесінен бас тартып жатыр. Бұл түсінікті жағдай деп ойлаймын. Өйткені биылдан бастап салық комитеті мобильді аударымдарды қадағалауға алатынын мәлімдеген. Соның салдарынан белгілі бір дәрежеде қоғамда даурықпа пікірлер көп. «Бәрі тексеріледі екен. Әсіресе жеке кәсіпкерлердің аударымдары бақылауға алынады. Егер 100 аударымнан асып кетсе, онда ол азаматтарға қосымша сұрақ қойылып, тергеуге алынады» деген әңгімелер айтылуда. Меніңше, мұның барлығы уақытша тенденция. Барлығы да бір жүйеге түскенге дейінгі қадамдар. Салық комитеті тарапынан кәсіпкерлерге үлкен айыппұлдар салып жатса, бұл мәселеге қоғам тарапынан наразылық туындауы мүмкін. Менің ойымша, жұмыс мұндай сипатта жүрмеуі тиіс. Бірінші кезекте түсіндіру жұмыстары жүруі керек. Екінші кезекте ескерту керек. Бұдан нәтиже шықпаса, яғни табысын жасырып қалуды ойлайтын, заңға бағынғысы келмейтін кәсіпкерлерге айыппұл салу, жаза қолдану керек деп ойлаймын. Өйткені бұл жүйеге тез үйрену оңай емес. Егер салық комитеті бірден қатаң шара қолданып жатса, онда қайтадан қолма-қол ақшаға көшіп, көлеңкелі экономиканың үлесі артып кетуі мүмкін. Сол себепті бұл қадамға толық сараланып барып, шешім қабылднауы керек деп есептеймін, – деді экономист.

Бұл мәселенің мәнісін Қызылорда қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары А.Жүсіпов түсіндірді.

– Қазір кейбір кәсіпкерлер банктерде ашылған жеке шоттарына сатылған тауарлар, қызметтер үшін мобильді аударымдар арқылы ақы алады. Алайда бұл аударымдар бақылау-касса машиналары (БКМ) мен POS-терминалдарды қолданбай, тиісінше чектер берілмей жүргізіледі. Бұл ескерту түріндегі әкімшілік жауапкершілік көзделген заң бұзушылық болып табылады. Қайталама заң бұзушылық кезінде салық төлеушінің субъектілігіне байланысты салынатын айыппұл 15-тен 50 АЕК-ке дейін құрайды. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес салық төлеу әркімнің міндеті болып табылатынын еске саламыз. Салық органдары заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығару мақсатында тиісті бақылау жүргізеді. 2024 жылдан бастап банк ұйымдары жеке кәсіпкерлердің мобильді аударымдары бойынша деректерді беретін болады. Күнтізбелік үш ай қатарынан ай сайын 100 түрлі тұлғадан мобильді аударымдар алған азаматтар бақылауға алынады. БКМ қолдануды жеңілдету үшін 2022 жылдан бастап БКМ функцияларын екінші деңгейдегі банктердің POSтерминалдарымен біріктіру бойынша пилоттық жоба жүргізілуде. Бұл БКМ мен POS-терминалдың бір чегін беруге мүмкіндік береді. Пилоттық жобаға «Каспий банк» АҚ, «Халық банк» АҚ және «Банкцентркредит» АҚ қатысуда. Сонымен қатар, БКМ чектерін бермеу фактілерін анықтау бойынша «Азаматтық бақылау – Чекті талап ет» акциясы өткізілуде. Анықталған бұзушылықтар туралы «Wipon cashback» тегін мобильді қосымшасы арқылы хабарлауға болады. Банктерден ақпарат кезең кезеңімен беріледі:

1) 2023 жылдан бастап – мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары бойынша (2022 жылдың қорытындысы бойынша);

2) 2024 жылдан бастап – мемлекеттік мекемелердің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері және олардың жұбайлары бойынша (2023 жылдың қорытындысы бойынша);

3) 2025 жылдан бастап – жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары және олардың жұбайлары бойынша (2024 жылдың қорытындысы бойынша);

4) 2026 жылдан бастап – халықтың қалған бөлігі бойынша (2025 жылдың қорытындысы бойынша). Жоғарыда аталған өзгерістер адал салық төлеушілерге әсер етпейтініне және тек заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағытталғанына назар аударамыз. Яғни жеке тұлғалар, бұрынғыдай, өздерінің жеке мақсаттары үшін туыстарына, достарына, ата-аналары мен балаларына және басқа да өмірлік жағдайларға арналған аударымдарды жасай алады және қабылдай алады. Негізінен, салық органдары бизнесті заңды жүргізу үшін барлық қолайлы жағдайларды жасады, салық мөлшерлемелері төмен режимдерді қарастырды.Бұл жоба жасырын кірістер мен тіркелмеген кәсіпкерлерді анықтауға бағытталған, өйткені көптеген кәсіпкерлер тауарлар, қызметтер үшін төлемді жеке шоттарға (дүкендер, такси жүргізушілері және т.б.) мобильді аударымдар арқылы алады. Сонымен қатар аударымдар көбінесе чек берілмей қабылданады. Сол себепті кәсіпкерлерге кәсіпкерлік қызметке арналған шоттарға (бизнес-шоттарға) төлем қабылдауды ұсынамыз, – дейді маман.

P.S. Қолма-қол ақшамен сауда жасағанды талап еткен кәсіпкерлердің де аптығы басылар. Цифрлы әлемде кері қадам жасау мүмкін де емес. Бұл өзгеріс көлеңкелі экономикаға кедергі жасауға бағытталғаны белгілі.

Г.МАҒЛҰМҚЫЗ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: