Жұма, 03 мамыр, 00:05

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Бизнесмен

27.08.2022

521 0

Мен бизнес саласына ерте келдім. 5 жа­сымда-ақ алғашқы ақшамды таптым. Шынын айтсам, ол бизнеске келуіме бір кісілер се­бепші болды. Сосын ол «маусымдық кәсіп» еді. Қысқасы, бар жаныммен қаламасам да, тәнімнің кіш­кентай ғана бір бөлшегін беріп пайда тапқанмын. Сол бизнестен кейін үйдегілер «сен енді үлкен жігіт болдың» деген соң көбірек ақша табу керек деп ойладым. Содан уақыты келген кездерде «басып-басып» қалып, экономикама оң үлесімді қосатынмын.

Әкем айлық алған сайын маған міндетті түрде 2 мың теңге беретін. Бұл менің жалақым. Одан бөлек мек­тепте оқыған кезде де ақша табатын варианттар көп еді. Бастауыш сыныпта ағаларымның мектепте «хит» болғаны маған көмектесетін. Қыздар «Тұранның қызы бар ма? Кімді жақсы көреді?» деген әр сұрағына жауапты 50 теңгеден сататынмын. Ол 50 тең­геге бір бәліш пен компот алуға болады. Ал үйдің үлкеніне қызығушылық танытатындар кө-ө-ө-п. Төртінші сыныпта ағам мектепті бітіріп, менің бизнесім банкротқа ұшырады.

5-6 сыныпта өзім басқа мектепке көш­кендіктен бизнеске келуім қиындады. Деген­мен жетіншіде жүргенімде жақсы стартап жоба дайындап, қайтадан кәсіп бастадым. Ол кәсіпке келуім де қызық…

Менің шамалы «тормоз» сыныптас досым бар. Сол бір қызды ұнатып қалса керек. «Вконтактенің» дүркіреп тұрған кезі. Маған «Сен приколды күшті айтасың ғой, менің атымнан бір қызбен танысып берші» деген өтінішін жерге тастамай, миссияны бастап кеттім. Күндіз-түні телефоннан түспей онлайн әңгіме айтып, ақыры қызды көндірдім. Екеуі мектепте амандаспақ түгілі көз­деріне тіке қарай алмайды, бірақ «онлайн қыз бен жігіт» болды. Кейін оны естіген сыныптағы балалардан өтініш көптеп түсе бастады. Ба­сында көмектесіп жүр­дім де кейін әр танысқан қызға 1000 теңге­ден алатын болдым.

«- Твои родители случайно не в шоколадной фабрике работают? – Нет, а что? – Тогда почему ты такая сладкая?» деген әңгімелердің түбін түсіріп, ару­ларды еріксіз жымитамын. Кейін таныс­тықты бастап, «Сұлу екенсің, қызығу­шылықтарымыз бірдей екен» деген сөздер кетеді. Қыздың мәз болған смайлигіне біздің ұлдар мәз болады. Оларға да қыздың көңілін табудың аз-маз курсын өткізіп, осылай тиын-тебен тауып жүрдім.

Сөйтіп айына екі-үш жігітке қыз тауып беріп, бизнесімді дөңгелеттім. ИП-сы жоқ шағын кәсіпкер ретінде пайда көріп жүрген кезімде өзім де бір қызды ұнатып қалдым. 9-сынып. ВК әлі бар. Сабақтан шыға сала телефон алып достық өтініш жібердім. Кешке таман қабылдаған соң әңгіме басталды. Басталды деген аты болмаса бітуі тез еді бұл таныстықтың. «Звонили с небес, сказали, что у них убежал самый очаровательный ангел, но я тебя не сдал», «Твои родители не пекари? Тогда откуда у них такая крошка?» деген әңгімелерді жіберіп отырсам әлгі қыз «Даурен, это ты?» демесі бар ма?

Мен қасқа ол қызбен бұрын да сөй­лескен екенмін. Бірақ өз атымнан емес, жұмыс бабымен Дәурен деген досымның атынан. Екеуі ақырында жақсы дос болған еді. Алайда мен қанша жерден Дәурен еместігімді дәлелдегім келсе де «банға» кеттім. Қыз да, бизнес те жоқ. Сол оқиғадан кейін қызбен танысатын барлық идея таусылып, өзім де тежегіші тартып тұратындардың қатарына ендім. Бизнеске де, махаббатқа да жүрек дауала­май қойды. Соған қарағанда мүмкін менде «лимит исчерпан»…

Аслан ЖАЙҚОНЫСҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: