Жексенбі, 18 тамыз, 09:24

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№65-2075
17.08.2024
PDF мұрағаты

Балалар арасындағы әлімжеттік: кек алудың кесірі

11.04.2023

1203 0

Өткен аптада әлеуметтік желіде кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімді аяусыз соққыға жыққан балалардың бейнежазбасы тарап, қоғамды дүр сілкіндірді. Оқиға Қазалы ауданында болған. Жасөспірімдер арасындағы жанжал, ауданда топқа бөлініп төбелесу бұрыннан бар көрінеді. Мұндай төбелестен қанша баланың зардап шегіп, денсаулығына зиян келгені белгісіз. Алайда бүгінгідей ғаламтор желісі дамыған тұста бейнежазбаның таралуы қоғамның ащы шындығын, кемшін тұсын көрсетіп берді.

Оқиғаның неден басталғаны белгісіз. Алайда Қазалы ауданындағы №266 және №70 мектеп-лицейінің оқушылары арасында кек алу мақсатында төбелес ұйымдастырылған – дейді білетіндер. Нәтижесінде 15 жастағы бала аяусыз соққының салдарынан ауруханаға түскен. Бұл туралы ешкім білмес пе еді? Төбелес барысындағы бейнежазба әлеуметтік желіге тарамағанда, бәрі жабулы қазан күйінде қалар ма еді, кім білсін?

Осы оқиғаға қатысты облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев шұғыл жиын өткізді. Тиісті сала басшылары қатысқан жиында құқық қорғау саласының кемшілігі, олардың осындай жағдайға жол беріп, әрекетсіздік танытқандарын қатаң сынға алды. Облыстық полиция департаменті басшысының міндетін атқарушы Шамшидин Амитов пен Қазалы ауданы әкімі, облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағамбетов аталған жағдайға байланысты түсінік берді. Десе де аймақ басшысы жастарды әлеуметтендіру бағытындағы шаралардың жеткіліксіздігін, тәрбие беру жұмысының тек есеп беру үшін өткізілетінін, оқиғаның алдын алудың орнына үнемі салдарымен күресетіндерін сынады.

– Бәріміз де ата-анамыз. Әрбір ата-ана азанда мектепке шығарып салған баласының үйге есен-сау оралатынына сенімді болуы керек. Ал полиция мен мектеп бұған қол жеткізе алмай отыр. Қызылорда қаласы мен Қазалы, Жалағаш ауданы бойынша полиция басқармаларының жауапкершілігі қаралсын. Сонымен қатар аталған мектеп директорлары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары да осы жағдайға жол бергендері үшін тиісті шара көрілсін, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ бала тәрбиесіне мектеп қана емес ата-аналар да жауапкершілікте болуы керектігін де ескертті.

Әлеуметті дүр сілкіндірген бұл оқиғадан кейін жас­өспірімдер арасындағы төбелес төңірегінде біршама жайттың басы ашылғандай болды. Оқиғаға бастапқыда «жаңбырлы күні тайып құлады» деп анықтама берген облыстық полиция департаментінің анықтаушысының келтірген дерегі жағдай ушыққан кейін басқаша өрбіді. Одан бөлек қаладағы №217 мектеп оқушылары арасында суық қару қолданғаны, Байқоңыр мен Жалағаш ауданында да оқушылар арасында жанжал шыққаны белгілі болды.

– Өздеріңде тәртіп жоқ. Әлеуметтік желіні шулатасыңдар. Сосын республика шулайды. Бүгін шұғыл жиыныңды өткізіп, шара көр, – деген аймақ басшысы облыстық полиция департаментінің кадр жөніндегі орынбасары Әміржан Өтегеновке қатаң тапсырма берді.

Бұл оқиғалар тәртіп сақшыларының жұмыс деңгейін көрсететінін айтқан аймақ басшысы, «тәртіп орната алмайтын ішкі істер саласының басшыларына қатысты шешім қабылдаңдар. Шұғыл түрде мықты, елде тәртіп орната алатын маманды жіберіңдер» деді.

Жұртты есеңгіреткен оқиға әлі басыла қойған жоқ. Немен тынарын білгісі келетін жұртшылық әліптің артын бағуда. Көпшілік әу баста бұрмаланып келген жағдайдың анық-қанығы зерделеніп, кінәлілер тиісті жазасын алуы қажет.

«Тәрбие – тал бесіктен» деп бекер айтылмаса керек. Білім алып, жарқын болашаққа қадам басар тұста көше төбелесіне араласып, қатарласын аяусыз ұрып-соғып, өлімші етіп сабағандардың ісін қатыгездік демеске амал бар ма?! Бұған мектептегі мұғалім мен басшыны кінәлауға негіз бар ма? Расында, баланың тәрбиесіне кім жауапты?Даудың басы неден басталса да соңы кек алуға ұласқан мұндай оқиғалар бұрыннан жалғасып келеді. Тек халқымыздағы «кек» сөзінің түп-төркінін дұрыс ұғынбай бет алды өштесе берудің салдары қандай болмақ?

Ешбір ата-ана баласын біреуден таяқ жеп, ес-түссіз ауруханаға түссін, не біреуден әлімжеттік көрсін деп өсірмейтіні анық. Қоғамды ашындыратыны да осы. Отбасын асыраудың қамымен күндіз-түні бір тынбай еңбек ететін ата-ана баласының қауіпсіздігін бір сәт ойламауы да мүмкін емес немесе ешбір ата-ана балаға теріс тәрбие бермейтінін ескерсек, баласынан оғаш қылық күтпейді. Дегенмен баланың сыртқы ортамен байланысын, бос уақытын қалай, кіммен өткізетінін бір пысықтағаны артық болмайтын секілді.

Әлеуметтік желідегі жұртшылық баланың түздегі қылығына ұстаздар қауымы емес ата-ана тікелей жауапты деген пікір айтуда. Расымен, бір әкенің берген тәрбиесін, жүз мектептің бере алмайтынын ұмытпаған жөн-ау, сірә. Тіршілік түйткілінен бір уақыт қол үзіп, ертеңгі ұрпағыңның тәрбиесіне көңіл бөлу әрбір ата-ананың міндеті. Абзалы тәртіпсіз тәрбие болмайтынын естен шығармау.

Аймаққа белгілі психолог Сымбат Әбдірахманова, ДДҰ зерттеулеріне сүйене отырып, білім беру ошағындағы алдын алу шараларын ең тиімді өткізуге болатын орын деп санайды. Себебі мұнда бала көп уақыт өткізеді және өміріндегі түрлі мәселелер талқыланады. Сондықтан оның бойындағы өзгерісті бірден байқауға болады екен.

– Біздің ең әлсіз тұсымыздың бірі – ғылымға сүйенбейміз. Онда дәлелденген зерттеулер, әдіс тәсілдермен таныспаймыз. Елімізде жыл сайын түрлі зерттеулер жүргізіліп, жарияланып тұрады. Жоқ болса “жоқ”деп айтар едік, ал бар зерттеулермен де таныспаймыз ғой шыны керек. Қоғамдағы балаларда болып жатқан проблемалар кеше пайда болған проблемалар емес, бұрыннан бар. Бірақ осы кезге дейін, сол мәселелерді шешуде қандай әдістер нәтиже берді екен, тиімді болды екен, сонымен танысу балалармен жұмыс істеп жүрген әрбір маманға керек сияқты. «Ата-аналармен жұмыс жасау керек» деген пікірлер жазылыпты. Иә, толықтай келісемін. Себебі балада үйден тыс жерде қандай проблема болса да бала үйге барады. Ал үйде жағдай дұрыс болмаса, тіпті қиын. Бала дүниеге келгеннен кейін тек сенің ғана балаң емес, қоғамның бір мүшесі. Оның жақсы, жаман болғанына қарай, ол қоғамға пайдасын тигізуі мүмкін немесе зиянын келтіруі ықтимал. Сондықтан саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыру маңызды. Алайда, білім беру ұйымдары ата-аналармен жұмыс жасағысы келгенмен, ата-аналар жиналысына келетін ата-аналарды саусақпен санауға болады. Көп ата-ананы өкінішке орай келтіре алмайсыз, – дейді психолог.

Психолог түрлі сала бойынша балалар арасында құқық бұзушылықтың, суицидтің алдын алуда арнайы жоспар бекітілетінін, ал сол жоспарды бекітер тұста балалардың пікірі сұралмайтынын айтады.

– Олар қандай шара қалайды, оларға не қызық, не керек, қандай формада ақпаратты алғысы келеді. Бала мүмкін сіздің жоспарыңызда тұрған акцияға қатысқысы келмейтін шығар, ал сіз оны хатпен жүктеп, міндеттеп алып келесіз. Келгісі келмей келген шарадан баланың пайдалы дүние алу ыекі талай. Себебі қызығушылық жоқ, ал қызығушылық жоқ жерде мотивация жоқ. Мүмкін ол, ақпаратты сіздің акцияңыздан емес, Тік Ток арқылы алғысы келетін шығар. Сондықтан жоспар құрған уақытта балалардың қажеттіліктерін ескерсеңіздер деген ұсыныс айтқым келеді. Көп жерде келеңсіз оқиғалардың алдын алуда бір реттік қана шаралар ұйымдастырылады. Бір рет семинар, бір рет кездесу өткенімен мәселе шешілмейді. Мәселе шешілу үшін жүйелі, логикалық басы мен аяғы бар жоба, бағдарламалар қажет деп есептеймін. Іс-шаралар көп ұйымдастырылады. Алайда сол іс-шаралардың қаншалықты тиімді болып жатқанына мониторинг жүргізілмейді. Өзіміз де түрлі шараға барамыз. Сол шараның соңында сауалнама көп жерде алынбайды. Егер сауалнама арқылы келген аудиторияңыздан «шара пайдалы болды ма? Не алды, қандай ұсынысыңыз бар?» деп сұрамасаңыз, ол шара қалай бағаланады? Осыны да ескеру керек, – дейді ол.

Қалай десек те күштінің әлсізге доқ көрсетуі әлімжеттік саналады.

Аталған оқиға бойынша қазір тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Ресми ақпарат алу әзірге мүмкін емес. Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі тергеу жүруіне байланысты ақпарат бере алмайтындарын алға тартады. Тағы да сол әлеуметтік желідегі халықтың жазбасына үңілсек, зардап шегуші баланың да кінәсі бар көрінеді. Ал оның мектептегі тәртібі туралы сынып жетекшісінен, не мектеп психологынан пікір алудың сәті түспеді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 9 сәуірдегі жалпы жағдайы тұрақты, ауыр. Динамикада асқынусыз, жақсарумен. Есі анық, сұрақтарға жауап береді. Аздаған бас ауруына шағымданады, жалпы әлсіздік басым. Дене қызуы қалыпты. Лабораторлық зерттеулерде айтарлықтай өзгеріс жоқ. Тұрақты түрде көпбейінді облыстық балалар ауруханасының дәрігерлерінен кеңес алып, еміне коррекция жасалуда.

Бет қатталып жатқанда…

Аталған оқиғаға байланысты Өңірлік коммуникациялар қызметінде тиісті сала басшылары брифинг өткізді. Облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағамбетов барлық білім беру мекемелерінің басшылары, орынбасарлар мен мұғалімдер, ата-аналардың қатысуымен тәрбие мәселесіне байланысты шұғыл жиын өткізілгенін атап өтті. Сондай-ақ жоғары сынып оқушыларымен түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Оқиға орын алған екі мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары жұмыстан босатылған. Ал мектеп басшыларына алдағы уақытта тәртіптік жаза қолданылмақ. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақовтың айтуынша, аймақтағы білікті нейрохирург, хирург мамандары арнайы барып баланың денсаулығымен танысып, қажетті ем-дом шарасын бекіткен. Сала басшысы «Қазір баланың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Денсаулық көрсеткіші жақсаруда» деді. Бүгінде оқушыға зәбір көрсетті деген күдіктілер ұсталып, уақытша тергеу изоляторына қамалған. Іс облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасының өндірісіне берілген. Оқиға бойынша қазір тергеп-тексеру жүргізілуде. Облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Шамшидин Амитов Қазалы аудандық полиция бөлімі басшысын қызметінен босату туралы ұсыныс берілгенін және тағы 10 қызметкерге қатаң сөгіс жарияланғанын жеткізді.

А.САЙДУЛЛА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: