Дүйсенбі, 09 желтоқсан, 09:42

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Су бар жерде өркениет болады

18.04.2023

823 0

Су тапшылығы бүгіннің де, болашақтың да өзекті мәселесі. Суға ерекше көзқарас болмаса, мәселе тереңдей беретіні шындық. Бұл орайда сөзден гөрі іс керек екені даусыз. Су тапшылығы және климат өзгеріс жағдайында егіншілікті жүргізу бағытында ғалымдар тарапынан қандай тұжырымдар жасалуда деген сұрақ көкейде бар екені рас. Осы орайда Сыр бойындағы ғылым мен білімнің қарашаңырағы – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Су шаруашылығы және жерге орналастыру» кафедрасының профессоры, техника ғылымдарының докторы, ҚР ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі Серікбай Өмірзақовпен әңгімелесудің сәті түсті.

Ғалым университеттегі Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген гидротехнигі Мәделхан Нәлібаев атындағы су шаруашылығы музейін көрсете жүріп, әңгіме тиегін ағытты.

Мәңгі жасайтын сала

Жалпы Сыр өңірі мал шаруашылығымен және егіншілікпен айналысып келе жатқан аймақ. Әсіресе 1965 жылғы КОКП-ның мамыр пленумынан кейін  Қазақстанның барлық өңірінде су шаруашылығы және мелиорация қарқынды дамып, нәтижесінде аймағымыздағы бүгінгі күні пайдаланып отырған күріш суару жүйелері салынып, егіншілік пен мал шаруашылығы қарқынды дамыды. Бүгінгі күнгі Сыр бойының келбеті сол кезеңдерде бастау алып, республикаға мақтан етерліктей елді мекендердің іргетасы қаланды және аймақ экономикасының негізін осы ауыл шаруашылығы құрады. Өңірде құрылыс, су шаруашылығы мекемелері, арнайы жылжымалы механикаландырған трестер мен колонналар құрылып, су және жер ресустарын тиімді пайдалану жүзеге асты. Осы кезде республикада арнайы су мамандарын даярлайтын  жоғары оқу орны ашылып, облыс орталығында  Қызылорда гидромелиоративтік техникумында білікті мамандар даярланды.

Кейін елімізде жүргізілген реформалар нәтижесі су шаруашылығына да әсерін тигізіп, қиыншылықтар тудырды. Дегенмен бұл саланың өзектілігі бүгінгі күні артып, жаңаша мазмұн алуда. Себебі «Су – тіршілік көзі» демекші, аймақтың ауыл шаруашылығының дамуы тікелей Сырдария өзенінің су жағдайына байланысты.

Бәрін тауысып кету мақсат па?

Тарихтан белгілі, көшпелі қазақ суды тиімді пайдалануға аса көңіл бөлген. Мал шаруашылығын дамыту үшін де, өзінің тұрмыс-тіршілігіне қолайлы жер ыңғайын бағдарлап отырған. Қазақ тарихында мұрап – қашаннан да ел арасында құрметті ма­мандық. Қазақ мұраптарды пір тұтқан десек артық айтқандық емес. Себебі бүкіл адамзат баласының тыныс-тіршілігі мұраптардың ісіне тәуелді болды. Ал сол кездегі мұраптар оқыған инженерлерден кем болған жоқ. Жалпы қазақ өнертапқыш халық қой. Бір ғана мысал, көшпенді қазақ түйеге шығыр байлап, төменнен – жоғарыға су шығарып отырған. Бұл қазіргі су насостары ғой. Яғни адамға ой салып, ғылымның дамуына үлес қосқан ата-баларымыздың тыныс-тіршілігінде табиғатқа деген ұқыптылықты аңғаруға болады. Шығыр айдау арқылы су тартудың өзінде суды төгіп-шашып пайдаланбаған, тек керегін ғана алып отырған. Яғни, тепе-теңдікті сақтаған. Ата-бабамыздың табиғат тепе-теңдігін сақтап отырудағы ұстанымы қазір бізге ауадай қажет. Себебі қазір келешек ұрпақты ойлағаннан гөрі, бүгінді ойлау ниеті басым. Бүгіннен қалдырмай тауысу… Мысалы, мұнай қоры таусыла бастағанда, тереңнен бұрғылау мәселесі қозғалып жатыр. Бұл қажет те шығар, бірақ келешек ұрпаққа не қалдырамыз? Барлық ресурсты пайдаланып, зәулім-зәулім сарайлар салып, бүкіл отын-газды тауысып кетеміз бе? Адамзат баласы технология дамыған сайын табиғатты аяусыз қанап, құныға ішіп-жеудеміз. Тіпті мұхитты да ластап жатырмыз. Яғни жер-су ресурстарын пайдалануда өзекті мәселелер өте көп.

Ғылым қолдауға мұқтаж

Жалпы, әлемнің қозғаушы және дамытушы күші – ғылым. Өкінішке орай, ғылымда да шешілмеген мәселелер баршылық. Қарапайым мысал, еліміздегі ғы­лыми-зерттеу институттары, жоғары оқу орын­дарының заманауи құрал-жабдықтармен, лабора­ториялық қондырғылармен жабдықтау деңгейі уақыт талабына сай келмейді. Сол себепті біз көп жағдайда оқуда да, ғылыми-зерттеу жұмыстарында да ескі әдістерді қолданудамыз. Тағы бір мәселе – ғалымдардың ізін қуып, талпынып келіп тұрған леп те аз. Жастар жағы ғылыми зерттеу институтында көп тұрақтамайды. Себебі айлығы уақытылы берілмейді, жалақысы аз, мансаптық өсуі бұлыңғыр. Бүгінде университет оқытушыларының айлығы біршама көтерілді, ал ғылыми зерттеу институттарының жағдайы түзелген жоқ.

Су пайдаланушылар ассоцияциясын құру қажет

Жалпы, соңғы жылдары аймағымызда суды үнемді пайдалану шаралары жүйелі жүргізілуде. Суды үнемді пайдалануда үлкен мүмкіндіктің бірі – жерді тегістеу. Әдепкіде бұған шаруашылықтар көп мән бермеді. Дегенмен  су тапшылығы жағдайында бұл шараны жасау қажеттілігін өмірдің өзі  көрсетті.  Сондықтан бұл бағытта кейінгі кезде ілгерілеушілік бар. Аймақтағы ірі шаруашылықтар егін алқаптарын лазерьлік тегістеу техникаларын көптеп алып,  суды үнемдеп ғана қоймай, гектардың шығымдылығын да арттыруда. Мысалы, бұрын тегістелмеген жерден гектарына 40 центнерге жуық өнім алса, тегістеп егудің нәтижесінде 60-70 центнерге дейін өнім алуда. Бұл тәсіл су шығынын 30-40 пайызға азайтатынына көз жетті. Бір сөзбен айтқанда, ірі шаруашылықтар жерді лазерьлік тегістеудің игілігін көруде.  Сон­дықтан оларға мелиоративтік техникаларды алуға мемлекет тарапынан  қомақты субсидиялар бөлініп, жеңілдіктер жасалуы тиіс. Суды тиімді пайдаланып, ұтымды басқаруды жүзеге асыру және сыбайластық тәуекелдерді азайту үшін су пайдаланушылар ассоцияциясын құрып, құрамына қоғам белсенділері, әкімшілік өкілдері, білікті су мамандары, ғалымдар енсе құба-құп болар еді.

Сыр өңіріне күріш екпесе, экология бұзылады

Кейінгі жылдары күріш егу су тапшылығына әкеледі деген жаңсақ пікір қалыптасуда. Егер де біздің топырақтың климаттық жағдайында күріш егілмесе, басқа дақылдардан өнім алу күмәнді. Себебі біздің топырақ тұзды, құнарсыз. Сондықтан топырақтағы тұзды күріш егу арқылы шая отырып, екі-үш жылдан кейін әртараптандыру дақылдарын егуге мүмкіндік туады. Сондықтан күріш – мелиоративтік маңызы өте жоғары дақыл. Қызылорда облысының табиғаты күріш егуге бейім. Екіншіден, төменге түсетін судың сапасы әрдайым талапқа сай емес, түрлі қосындылармен ластанған. Айтайық, Сырдария өзеніне жоғарыдан 140 коллектор құяды. Демек, түрлі қоспалармен ластанған суды күрішке ғана пайдалануға болады. Себебі күріштің анатомиясы дәніне улы заттарды өткізбейді, сөйтіп, біз таза өнім аламыз. Түйіндей келе, күріш өндірісінің нәтижесінде елдің әлеуметтік-экономикалық мәселелері шешімін табуда.

Жалпы, күріш өндірісін тоқтатсақ, бұл құрлықта екінші Арал проблемасын тудырады. Аймақтағы бүкіл суару жүйесі ауыспалы егістіктерін суаруға арналған гидравликалық есептеулермен жүргізілген. Сондықтан оны реконструкциялау үшін орасан зор қаржы, техника және тағысын тағы жағдай қажет.

Мұрап болу – ердің ісі

Атадан-балаға жалғасқан мұрап маман­дығының сабақтастығы кейінгі кезде үзіліп қалғандай. Бұл – жүректі ауыртатын шындық. Қазір су маманын табу қиын. Мұның бір себебі су маманы қоғамда танымал емес және су шаруашылығы үшін қажет болса да өз дәреже­сінде мән берілмей отыр. Иә, арнайы мамандар даярлап жатырмыз, мемлекеттен грант жылда бөлінуде. Алайда бір мәселе – жыл сайын бұл мамандықтағы қыздардың үлесі өсуде. Бұл ме­нің гендерлік саясатқа қарсылығым емес. Бұл – мем­лекеттен бөлініп жатқан ақшаны тиімсіз пай­далану. Себебі қыз балалар диплом алған соң, атыз басына, өзен жағалап, шлюздерді ретке кел­тіруге бара алмайтыны белгілі. Сондықтан су маманын даярлауда санға емес, сапаға мән беріп, келешек нағыз маман болатын жігіттерді даярлау керек. Бір сөзбен айтқанда, мұрап болу – ердің ісі. Әйтпесе су мамандарының тізімі музеймен аяқталатын түрі бар. Бұл – дабыл қағарлық мәселе. Енді не істейміз? Маман даярлауға мемлекетпен қоса шаруашылықтар да өз үлестерін қосып, ауылға қайтып оралатын өз мамандарын ақылы негізде даярлауды жүзеге асыруы тиіс.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: