Сенбі, 06 шiлде, 21:21

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№53-2063
06.07.2024
PDF мұрағаты

Кісіде кеткенді қайтаратын кез келді

15.04.2023

680 0

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жас мемлекетті дамыту, көшке қосу, іргесін бекіту, керегесін кеңейту, шаңырағын биіктету мақсатында атқарылған іс аз емес. Соның бірі ретінде экономиканы дамыту үшін жасалған қадамдарды, шетелдіктермен екі арадағы келісімдерді атап өтуге болады.

Ұлан байтақ даламыздағы ен байлықты игеру мақсатында 90-шы жылдары шетелдіктердің көмегіне жүгінген кез болды. Қазірдің өзінде олардың ықпалынан арылған жоқпыз. Сөзімізге бір ғана дәлел ретінде мұнай саласындағы компаниялардың басым бөлігін басқа мемлекеттің адамдары басқарып отырғанын айтсақ та жеткілікті. Олар осы кезге дейін Қазақстанның байлығын игеріп, қаржысын пайдаланып қана қойған жоқ, сонымен қатар еңбекақысы ретінде болмашы қаржы төлеп, халқын да жұмсады. Кен орындарындағы бүкіл қара жұмысты істейтін қазақтар. Бұл сөзімізді жалған деп ешкім айта алмайды. Оның үстіне қоршаған ортаның тазалығы мен әсемдігін һәм экологиясын ойлайтындар аз.

Қазақстан билігі бұған көз жұмып отыр деп айта алмаймыз. Үкімет заңдылықтарға сай тиісті талап та қойып отыр. Жуырда ғана ел үкіметі республиканың ірі кен орындарын игеріп жатқан әлемдік мұнай-газ алпауыттарына қатысты халықаралық сот ісін бастады. Бұл ақпаратты АҚШ-тың Bloomberg іскерлік жаңалықтар агенттігі хабарлаған. Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің хабарлауынша, Bloomberg аталған ақпаратты жобаларға қатысы бар дереккөздерден алған.

Bloomberg порталы Қазақстанның батысында екі ірі мұнай кенін өндірумен айналысатын шетелдік компаниялар рұқсат етілмеген шығындар бойынша айыптауларға байланысты ел үкіметінен талап-арыз алғанын хабарлаған. Анығын айтсақ, North Caspian Operating Company және Karachaganak Petroleum Operating BV мұнай консорциумдары төрелік сотқа тартылып отыр. Бұл сотта ұтамыз ба, ұтыламыз ба ол жағы белгісіз. Бірақ талап-арызда миллиардтаған доллар көрсетілген. Күлтегін Бектің республикалық «Жас алаш» газетінде жарияланған «Үкімет 18 млрд долларды қайтара ала ма?» атты мақаласында Қазақстан билігі ел қазынасына 18 млрд доллар қайтаруға ниетті екені жазылған.

«Үкімет Қашаған кен орнын игеру жобасы бойынша серіктестерден 13 миллиард долларға жуық және Қара­шығанақ жобасындағы серіктестерден тағы 3,5 миллиард долларға жуық қаржыны мемлекеттік бюджетке қайтаруды талап етіп жатыр. Билік компанияларды 2010-2019 жылдар аралығында даму шығындарын әдейі арттырды деп айыптайды. Шағымдар сондай-ақ, тендерлік жұмыстарға да қатысты, олардың кейбірі жоғары бағамен жүргізіліп, толық көлемде орындалмаған. Қазақстан екі компания да тендерлік рәсімдерді бұзды, ал Қашаған кен орнына жауаптылар өздеріне тапсырылған барлық мердігерлік жұмысты орындамады деп мәлімдейді», – деп жазды К.Бек.

Ботагөз Әбдірейқызының республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Өнім бөлінісін қайта қарайтын кез келді ме?» атты мақаласында талап-арыздар халықаралық экономикалық сот ісін жүргізудің ең танымал орындарының бірі – Женева және Стокгольм соттарына берілгені жазылған. «Бұған дейін Қазақстан Қашаған кенішінің операторынан 2,3 триллион теңге (5,1 млрд доллар) экологиялық айыппұл төлеуді талап етіп, сотқа берді. Экология және табиғи ресурстар министрлігі NCOC-ты өз өндірісінде рұқсат етілгеннен екі есе көп күкірт сақтады деп айыптады. Ведомство хабарламасында жазылғандай, NCOC-қа 700 мың тонна күкірт сақтауға рұқсат берілген. Ал компания «Болашақ» зауытының алаңына шамамен 1,7 миллион тонна орналастырған. Қашаған операторына қатысты шағым тек күкіртпен ғана шектелмейді. Күкіртті нормативтен тыс орналастырудан басқа, наурыз айының басында Атырау облысы бойынша экология департаменті жүргізген тексеру NCOC күкірт қышқылын сақтаудың уақытша алаңын экологиялық рұқсатсыз пайдаланатынын, тазартылмаған шикі газды алауларға жағып, тиісті тазартусыз ағынды суларды буландырғыш тоғанға ағызғанын, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын толық көлемде орындамағанын, тағы басқа бұзушылықтарды анықтаған. Аталған фактілер бойынша компанияға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің алты бабы бойынша: 324-бабының 1-бөлігі, 325-бабының 1-бөлігі, 326-бабының 1-бөлігі, 328-бабының 1-бөлігі, 331-бабының 3-бөлігі, 332-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды», – дейді Б.Әбдірейқызы.

Ақпарат көздеріне сүйенсек, билік өкілдері сот процесіне қатысты пікір білдірмеген. Кен орындарын игерумен айналысатын екі консорциум да ешқандай түсініктеме берген жоқ. Үкіметтің талабы консорциумдар құрамындағы кейбір компанияларға ма, жоқ әлде тұтастай бірлескен кәсіпорындардың өздеріне қарсы ма, агенттік ол жағын нақтыламаған көрінеді.

Мақаланың әлқиссасында еліміздегі мұнай компания­ларының басым бөлігін шетелдіктер басқаратынын айтқанбыз. Сөзімізді дәйектей түсейік. Қолда бар ақпаратқа сүйенсек, Қазақстан мұнайының 80 пайызы негізінен АҚШ пен Еуропаның мұнай компаниялары игеретін Қарашығанақ, Қашаған және теңіз кен орындарында өндіріледі. Бұл аздай мұнай өндірісінің 65 пайызы, газдың 85 пайызы осыларға тиесілі көрінеді. Сонда қазаққа не қалды? Шындығына келгенде жалғыз мұнай ғана емес, басқа да байлығымыз өзгенің қолында екені екені жасырын емес. Келісімшарттар 40 жылға жасалған болса, инвесторлар Қашағанды қоспағанда, өз салымдарын өтеп үлгерген. Демек енді келісімшартты қайта қарап, оларды еліміз үшін тиімді ететін кез келді. Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров үкіметтің бұл қадамын қолдау керек деп пікір білдірді.

– Үкіметтің бұл қадамын қолдау керек. Тоқаевтың айтқанына сай, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жасалған келісімшарттарда кеткен кем-кетікті қайта қарау қажет. Тек мұнай-газ саласы емес, мәселен, Митталл басқарып отырған болат өндірісі және тағы басқалар дегендей. Біз еліміздің мүддесіне сай қарекетке көшуге тиіспіз, –дейді халық қалаулысы.

Мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов Қазақстан ‒ мұнай державасы бола тұра, қара алтынның жартысынан көбі өзімізге бұйырмай, шетелдік компа­нияларға кетіп жатыр деген пікірді алға тартады.

– 2030 жылдардан кейін бізде мұнай-газ саласында елеулі дағдарыс болады. Осының аясында мұнай-газ келісім­шарттарын ұзартуға негіз жоқ деп есептеймін. Мәселен, 10 жылдан кейін теңізді игеру мерзімі аяқталады. Қашаған негізінен үлкен кідірістермен жүрді және қазір бастапқы мерзімдер кешігіп келеді. Қазақстан ‒ мұнай державасы бола тұра, қара алтынның жартысынан көбі өзімізге бұйырмай, шетелдік компанияларға кетіп жатыр. Біз мұнай-газ келісімшарттары бойынша өз позициямызды қатаң қорғауымыз қажет, – дейді сарапшы.

«Егемен Қазақстан» газетіндегі мақалада Үкіметтің Қашаған және Қарашығанақ кен орындарында мұнай өндіретін екі консорциумға қойған талаптары төңірегінде ой-пікір білдірушілер Bloomberg хабарламаларына тұ­тастай сенуге болатынын, беделді агенттік ақпаратты толық тексермей ұсынбайтынын айтады.

Экономист Мақсат Халық Қазақстан тарапы 18 мил­лиард долларды сот арқылы қайтарса талай жыртық-тесігімізді жамауға болар еді деген пікірде.

– Ретсіз шығындалған 13 миллиард долларға, эколо­гиялық нормаларды бұзғаны үшін айыппұл ретінде салынатын 5 млрд долларды қоссақ, 18 млрд шығады. Бұл аз қаржы емес. Ұлттық қорымызда 53 млрд доллар бар. Ал бұл соның 40 пайыздайы. Өте қомақты қаржы. Сотта қазақ үкіметі жеңіп шыға ма, шықпай ма, мәселе онда емес. Тіпті жеңіліп жатсақ, халықаралық өзге де арбитраждық соттарға беріп көру керек. Артық болмайды. Бір мәселе анық және айқын. Айтайық, 90-шы жылдары жасалған келісімшарттардың бәрі жабық есік жағдайында өтті. Қазақстан мемлекеттік, ұлттық мүдделерін қорғай алмады. Келісімдер корпорациялардың, компаниялардың ыңғайына қарай жасалды. Ұтылып қалған тұсымыз – осы. Енді осыларды көтеріп, қайта ревизия жасап, әлемдік соттардың арқасында Қазақстанның пайдасына сай шешіп алсақ, талай жыртық-тесігімізді жамауға болар еді, – дейді экономист.

Р.S: Қарап отырсақ, өзгеде кеткен есеміз де, байлығымыз да аз емес. Біз «Егемен Қазақстан» мен «Жас алаш» газеттерінде жарық көрген мақалалар аясында тек мұнай саласын ғана сөз еттік. Әйтпесе, табанының астында алтын да, мұнай да, көмір де, мыс та, темір де, күміс те, уран да, бір сөзбен айтқанда Менделеев кестесіндегі барлық элемент жатқан қазақ сол ен байлықтың рахатын көріп отырған жоқ. Шынтуайтын айтқанда, кісіде кеткенді қайтаратын кез келгендей…

Ә. БАТЫРБЕКОВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: