Сәрсенбі, 24 шiлде, 07:31

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№58-2068
23.07.2024
PDF мұрағаты

Қызылордада Конституция күніне орай қызмет бабында ерекшеленген сақшылар марапатталды

29.08.2023

371 0

Ел Тәуелсіздігінің кепілі, келешектің кемелі- Конституция күні. Әрбір азаматтың құқықтарының сақталуына кепіл болып табылады.

Конституция талаптары елдегі заң салаларының негізі, ал оның нормалары басқа заңдар үшін қағида болып есептеледі. Еліміздің заң нормаларының орындалуын қамтамасыз ету жолында еңбек етіп, ел тыныштығы мен тұрақтылығына өзіндік үлестерін қосып жүрген полицейлер Ата Заңымызды ұлықтауда.    

Осы орайда, бүгін Достық үйінде Қызылорда облысы Полиция департаментінің Конституция күніне арналған салтанатты шарасы өтті. Шараға ішкі істер органдарының ардагерлері, департамент басшылығы мен жеке құрам қатысты. Сонымен қатар, салтанатты шараға қызмет бабында қайтыс болған қызметкерлердің ата – аналары мен туыстары шақырылды.   

Салтанатты шара еліміздің көк байрағына құрмет көрсетілуден басталды.  Сонан соң Ішкі істер министрі полиция генерал-полковнигі Ахметжанов Марат Мұратұлының мерекелік жедел хаты оқылды. Ішкі істер министрінің бұйрығымен қызмет бабында ерекшеленген 9 қызметкер марапатталды.

Сонымен қатар,  мерекелік іс-шара барысында Департамент бастығы  полиция генерал-майоры Аблазимов Махсудхан Нұғманұлы қоғамдық тәртіпті сақтауға ерекше үлес қосқан полицейлер мен ардагерлерге марапаттарын табыстады.

«Сіздерді тәуелсіз ел тарихындағы ең басты мерекенің бірі – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн — халқымыз үшін аса қастерлі, ең ұлық мереке. Биыл азамат құқықтарының қорғанына айналған еліміздің Ата Заңының қабылданғанына 28 жыл толып отыр.

Қай елдің болмасын заңға бағынбай өсіп-өркендеуі мүмкін емес. Сондықтан да тәуелсіздік тірегіне айналған Ата Заңымыз, Конституцияны құрметтеу біздің парызымыз. Полиция қызметкерлері халықтың қауіпсіздігін биік қойып, азаматтық борышын өтеу жолында аянбай еңбек етіп, алдыңғы шепте жүреді. Осынау мерекелік күнде барлық қызметкерлерге мінсіз қызмет атқарғандары үшін алғыс айта  отырып, еңбектеріне табыс, барлық бастамаларына сәттілік тілеймін!»  деді  Махсудхан Нұғманұлы.

Қызылорда облысы ПД бастығы  Аблазимов Махсудхан Нұғманұлының бұйрығымен қызметтік міндеттерін адал атқарған, құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ерекше көзге түскен департаменттің 157 қызметкері және 5 ардагер марапатталды.

Айтулы күнмен Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұңғышбай Серікбол Қуатбайұлы және Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Утегенов Амиржан Сермаханұлы  қызметкерлерді құттықтап, азаматтық борыштарын абыроймен атқаруларына тілектестік білдіріп, ыстық ықыласын жеткізді.

Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты. Халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғап, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында абыройлы қызмет етіп жүрген полиция қызметкерлеріне арнап Облыстық филармонияның әншілері өнер көрсетті. Концертте полиция қызметкерлерінің өнерлері  де тамашаланды.

Марапаттау рәсімі аяқталысымен тәртіп сақшылары жұмыстарына кірісті. Аймақ тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында олар мереке күндері күшейтілген режимде жұмыс жасайды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: