Бейсенбі, 04 шiлде, 03:18

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№52-2062
02.07.2024
PDF мұрағаты

Абай күйші болған ба?

30.08.2023

298 0

Қазақ елінің ұлы тұлғасының бірі – хакім Абай. Ақын өз заманында өнерін халыққа паш еткен жан. Жастайынан бастап өлең шығарып, ән шырқап,  шығарма жазған Абай атамыз күйші болған ба? Абайдың әндерін білмейтін қазақ жоқ, ал күйді де өзінің жанынан  шығарғанын біреу білсе біреу білмес.

Қолдағы деректерге сүйенсек, Абай атамыздың «Май түні», «Майда-қоңыр», «Торы жорға», «Абайдың желдірмесі» атты төрт күйі бізге жетіп отыр. Мамандардың айтуынша, бұл күйлердің бәрі үш ішекті домбырамен жазылып, орындалған.

Абай атамыздың күйші болғанын тіптен кейбір дом­бырашылардың өздері білмей қалып жатады. Мұның бірнеше себебі бар:

Біріншіден,  ол күйлерді  жазып алып қалғандардың көзі қалмады.

Екіншіден, оларды насихаттаушылар жоқтың қасы.

Үшіншіден, зерттеушілердің назарынан тыс қалған.

Осы ретте Абай әндерінің зерттеуін шолып шығатын болсақ, ұлы ақынның ән мұрасы кеңес кезеңінде жинала басталған. Бұған негіз салған ХХ ғасырдың басында А.Бимбоэс пен А.В.Затаевич болды. Кейін бұл істі қолға алып, А.Жұбанов, Л.Хамиди, Б.Ерзакович, Е.Брусиловский жалғастырды. Бүгінде жинақталған Абай әндерінің музыкатану саласында тарихи-теориялық, музыкалық-эстетикалық аспектілері тұрғысынан иге­рілгені аңғарылады. Олардың арасында қазақ музыка зерттеушілерінің арнайы жазылған еңбектері де бар. Атап айтатын болсақ, академик А.Жұбановтың, аға буын музыкатанушылар Г.Шомбалова, Б.Ғизатов, Ғ.Бисенова, М.Ахметова, Б.Ерзакович, В.Дернова­ның және т.б. зерттеулері  бүгінгі күнге дейін өзекті.

Абай әндерінің болмысын зерделей келе Ахмет Жұбанов: «Өзінің табиғаты, рухы жағынан Абай әндері ұлттық сипатта, қазақ халық музыкасының дәстүрінде шығарылған. Орыс әндерінің және демократиялық, тұр­мыстық романстарының кейбір белгілері мен элементтерін қолдану арқылы Абай қазақтың музыкалық «сөздігін» кеңейтіп, байытты», – деген екен. Бұл ретте күйдің шарықтау шегі бөлімінде орыс халқының интонациялық элементтері ұшырасатыны аңғарылды. Мұнда кездесетін пунктир (нүктелі) ырғағы ағартушының «Татьянаның Онегинге жазған хаты», «Онегиннің Татьянаға жауабы», «Татьяна сөзі» әндерінің ырғағында көрініс тапқан. Шығарма жазғы жайлаудағы түнгі көріністі, сауық-сайранды елестету арқылы ой тербейді», –деп жазады.

Ал Н.Назарбаев атындағы университеттің профессоры Гүлтас Сайынқызы:  Абайдың  шығарған күйі төрттен де көп деп ойлаймын, тек насихаттаушы болмады », – дейді.

«Абай өзі толық адам дәрежесіне жеткен адам. Толық адам деген сөз «ақыл, қайрат, жүректі бірге ұстаған» дейміз ғой. Оған қоса алған білімі, тәрбиесі және іргетасы имандылықпен қаланған Абай өсе келе әлемдік мәдениетпен, әлемдік әдебиетпен сусындады. Яғни ол орыстың Пушкин, Лермонтов, Крыловтарын ғана емес, сонымен қатар ол сол кездегі батыс, шығыс әндерін де  қатты тыңдап, содан әсер алған адам. Оны енді көп ғалым жазбайды. Егер олай болмаған күнде «Абай жолында» да айтып кетеді. Абай Қарқаралыға барғанда керемет әндер үйреніп келеді. Сол әндерді елге келіп таратады. Сонда сол жердегі сол эмоцияның өзінен Абайдың ән-күйге жүрегінің ашық екенін көреміз. Және егер «Татьянаның әнін» тыңдасаңыз, сол әнде әлемдік деңгейдегі мелодия бар ғой», – дейді ол «tengrinews.kz» сайтына берген сұхбатында.

Қорытындылай келе қазақтың ұлы тұлғаларының шығар­машылығында дәстүрлі музыка жанрларының бір-бірімен байланыста дамығаны байқалады. Дегенмен халықтың санасында шығармашылық мұраның жетекші бағыты басым болып келеді. Абай әндерін айтпайтын қазақ жоқ десек, ал күйлерін көпшілік түгіл мамандар да ескермей, елемей келеді. Түйіндей келгенде, Абай күйлерін орындаушылық, оқытушылық және зерттеушілік бағыттарда қолға алатын кез келген сияқты. Абайдың музыкалық әлемі әлі де үлкен ізденістер мен жан-жақты зерттеулерді қажет етеді.

Зайниддин ЕДІЛҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: