Сейсенбі, 23 шiлде, 20:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№58-2068
23.07.2024
PDF мұрағаты

Қорқыт және Ұлы дала сазы

02.10.2023

836 0

Осы аптады Сыр елінде «Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты түркітілдес елдердің халықаралық форльклордық-музыкалық өнер фестивалі өтті. Бірнеше күнге созылған фестивальдің ашылуы Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық-драма театрында өтті.

Тағылымды шараға Түркия, Тыва, Саха, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен және Қазақстаннан 200-ге жуық өнерпаз қатысты. Бүкіл түркінің ортақ абызы – Қорқыт бабамыздың жаны жай тапқан қасиетті мекен, биыл түркітілдес туыстардың өнер шеберлерін алтыншы рет қабылдап отыр.

Фестивальға құрметті қонақ болып басты әрі рухани серіктес, «ТҮРКСОЙ» ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев арнайы қатысты. Айта кетейік, халықаралық шараны ұйымдастырудың тұрақты қолдаушысы болған «ТҮРКСОЙ» ұйы­мының құрылғанына биыл – 30 жыл. Ұйым түркі әлемінің мәдени құндылықтарын тану, зерттеу, сақтау, дамыту бағытындағы ірі де ізгі жұмыстардың атқарылуына әрдайым ұйтқы болып келеді.

Фестивальді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ашып, ақжарма лебізін жеткізді.

– Баршаңызды түркі халық­тарының мәдениеті мен өнерінің басын қосқан дәс­түрлі фестивальдің ашылуымен, «ТҮРКСОЙ» ұйымын мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Түркі халықтарының руханиятын насихаттаудағы еселі еңбектеріңізге табыс, шығармашылық жетістіктер тілеймін!

Туысқан халықтардың фольклорлық музыкалық өнерін дәріптеу, өзара мәдени байланысын нығайту мақсатында өткізілетін фестиваль арқылы қатысушылар бір-бірінің кешеден бүгінге жеткен мәдени қазынасының сырына қанығып, рухани кеңістігін кеңейтеді. Фестиваль өткізілген жылдар ішінде Қорқыт баба мұралары Біріккен ұлттар ұйымы жанындағы UNESCO-ның ға­лам­дық материалдық емес мұра­лар тізіміне енгізілген. Бұл – Қорқыттан қалған ұлы өнердің, Ұлы дала сазының мәңгілік өмірінің айқын дәлелі. Бастау алған сәттен бері қатысушылар үлкен ықыласпен күтетін фестивальдің биылғы кезеңі тәуелсіз Қазақстан тарихында өзіндік ерекше орны бар Қызылорда облысының 85 жылдығымен тұспа-тұс келді. «Сыр елі – жыр елі» атанған Сыр өңірі ел мәдениетінде жаңа даму үдерісінің көшін бастады. Араға 10 жыл салып, мәдениет саласын дамытуға үлес қосқан өнер және әдебиет өкілдеріне арнайы «Тұран» сыйлығын табыстадық. Бұл дәстүр бұдан әрі жыл сайын өз жалғасын табады.

Археолог ғалымдардың ұсынысымен Сырдария сақтарын асқан көркемдігімен тамсандыратын «Шірік Рабат Алтын адамы» және Алтын Орда кезеңіндегі Ұлы дала көшпенділерінің өркениетін паш ететін «Сығанақ ханшайымының» алтын мүсіндерін қараша айында облыстық музейге табыстаймыз. Жәдігерлер Сыр өңірінің басты брендіне айналады, – деді облыс әкімі.

Айтулы шарада қазақ халқының ұлттық өнерін халықаралық деңгейде дәріптеп жүрген жыраулар Алмас Алматов, Елмұра Жаңаберген, Ұл­жан Байбосынова, «Хас­сак» этно-фольк­лорлық тобы және Сыр елін­дегі жыраулық мек­тептің көрнекті өкіл­дері де өнер көр­сетті. Қорқыт ата мұрасын  насихаттаушы Раушан Оразбаева, Мақсат Мұхаммеджандар Қор­қыт бабамыздың күй­лері мен жырларын нақы­шына келтіріп орындады.

Рухани кеш «Қорқыт және Ұлы дала сазы» фестивалінің гимнімен түйінделді.

Айта кетейік, бұдан бұрын фестиваль қо­нақтары  205 жылдық тарихы бар Қызылорда қаласының көрікті жерлерін аралап, облыстық та­рихи-өлкетану музейіндегі «Тұран таңбалары» атты этно-археологиялық көрмемен танысқан болатын. Мұнан әрі  Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасындағы «Түркі әлемінің бесігі» атты кітап көрмесін тамашалап, жоғарғы және арнаулы оқу орындарында шеберлік дәрісін өткізді. Көрмеде түркі әлемінің бірлігі, теңдігі және бауырластығы идеясын, түркілер тарихы мен ортақ мәдени, ғылыми еңбектер, тарихи-мәдени басылымдар назарға ұсынылды. Дәстүрлі шара Қармақшы ауданында «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» фольклорлық-музыкалық өнер фестивалінің гала-концертіне ұласты.

Сыр өлкесін атажұрт санай­тын түркітілдес ағайындар айма­ғымыздың тарихы мен мәдениетіне, сондай-ақ бүгінгі тұрмыс-тіршілік сипатына ай­рықша ден қойып, жоғары баға берді. Фестивальдің қорытынды кеші Қармақшы жерінде өтті.

Гауһар

ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: