Сейсенбі, 23 шiлде, 01:29

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
#57 – 2067
20.07.2024
PDF мұрағаты

Абьюзерлік тізімді енгізген дұрыс па?

12.03.2024

467 0

Сурет: syrboyi

Қоғамда отбасылық зорлық-зомбылық мәселесі өткір болып тұр. Бұл ашық айтыла бермейтін мәселе десек те болады. Алайда аурудың емі оның бар екенін мойындаудан басталатынын ескерсек, бұл мәселені де ашық айтып, талқыға салудың маңызды екенін түсінеміз. Ресми дерек бойынша, елімізде отбасындағы зорлық-зомбылықтан көз жұматын әйелдер саны жыл сайын орта есеппен 400 адамнан асады екен. Бұл – ресми статистика, ал бейресми одан да көп болуы мүмкін.

Негізі жыл артқан сайын бұл мәселе ушығып барады. Осы орайда заң саласының мамандары елімізде абьюзерлер тізімін енгізуді көтеріп жүр. Жалпы бұл тізім бізге керек пе? Бірі керек десе, енді бірі әлі де зерттеу қажеттігін жеткізді.

Зорлаушылардың тізімін жасауды ұсынған депутат

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек отбасылық зорлықзомбылық қазақстандық қоғамда өте үлкен проблема екенін айтып, жиі көтеріп жүр.

– Өзім отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыстық кодексте ауырлататын жағдайға қосу қажеттігін айттым. Сонымен қатар отбасылық зорлаушылардың тізімін жасауды да ұсындым. Менің ойымша, бұл – тиімді шара. Бізде мұндай тізілімдер көп. Мысалы, алимент төлеуден жалтарған адамдардың тізімі. Бұл тізімдегі адам психологиясына қатты әсер етеді.

Біз зорлаушының психотипін зерттеуіміз керек. Зорлаушылардың өздері – өмірден шаршаған қарапайым азаматтар. Ол не істейді? Әйелі мен балаларына күш көрсетеді. Сондықтан біз балаларды, абьюзге ұшыраған аналарды қорғауымыз керек. Әрине, жауапкершілікті қатайту қажет, – деді депутат.

 Тізімнің тиімділігі бар Мәжіліс депутаты көтерген мәселені еліміздегі мықты заңгердің бірі Бағдат Амандосұлы да мақұлдап отыр.

– Бізде абьюзерлердің тізімі құрылған база жоқ. Бұл база бізге не үшін қажет? Егер ер адам отбасына әлімжеттік көрсететін азамат болса және оның есім-сойы тізімде тұрса, бұл қол көтерушілер санын едәуір азайтады. Себебі алимент істерінде жалтарып жатқан жағдайда тізімде бар екені анықталса, алимент мәселесі тез шешіледі. Немесе екінші рет үйленетін азаматты болашақ келіншегі тізімде бар-жоқтығына қарай таңдайды. Сондықтан абьюзерлер тізімінің де бір тиімділігі бар.

Зорлық-зомбылық кезінде әйел адам құзырлы органдарға қоңырау шалғанда шағымды қабылдап алушы, істі ары қарай жеткізуші – ер адамдар. Мұндай жағдайда ер адамның ер адамға болысатыны айдан анық. Сондықтан бізге тұрмыстық зорлық мәселесіне келгенде бұл іспен әйел полицейлердің айналысқаны жөн. Одан бөлек, әйел полицеймен бірге психологтың да келгені дұрыс. Өйткені психолог істің қаншалықты насырға шапқанын анықтап, әйелдің психологиялық хал-ахуалына баға береді. Нәтижесінде психологтың арқасында іс сотқа дейін жетуі керек, – дейді заңгер.

Мәселе өте даулы

ҚР Адам құқықтары жөніндегі Қызылорда облысы бойынша уәкілдің өкілі Дәурен Шәріпбаев бұл мәселенің даулы екенін айтып, жан-жақты саралау керектігін жеткізді.

– Негізі абьюзер термині зорлық-зомбылық әдістерін пайдаланатын адамды сипаттау үшін қолданылады. Ол мақсатына жету үшін психологиялық, физикалық немесе экономикалық зорлық-зомбылық ретінде болуы мүмкін. Абьюзивті қарым-қатынас – бұл «тиран» мен «жәбірленуші» арасындағы қорлайтын қарым-қатынас, ол ақша бопсалау, қоқан-лоққы және зорлық-зомбылық арқылы үнемі айла жасаумен, сондайақ агрессордың моральдық қорлауымен бірге жүреді.

Абьюзивті қарым-қатынас отбасы ішінде жиі кездеседі. Сонымен қатар мұндай қатынастар кез келген басқа тұлға аралық қатынастарда болуы мүмкін. Ер адам да, әйел де абьюзер ретінде әрекет ете алады, айырмашылықтардың бірі – олардың әрқайсысы серіктесіне әртүрлі жолдармен теріс әсер етеді. Ер адамдар физикалық және жыныстық зорлық-зомбылықты жиі қолданады. Әйелдерден айырмашылығы осы.

Қазақстанда 2023 жылы 80 әйел абьюзер қолынан қайтыс болса, 200 мыңнан астам әйел отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған. Қазіргі уақытта ҚР Парламентінің кейбір депутаттары заңнамалық деңгейде отбасылық зорлаушылардың тізімін әзірлеуді және енгізуді ұсынуда. Бұл тізімге абьюзерлерді сот шешімі негізінде және 10 жыл мерзімге енгізу ұсынылады.

Басқа елдерде де мұндай мәселелер бар. Ол жақта да педофилдер бар. АҚШ-та оларды тікелей жариялайды, тіпті олардың мекен жайын да анық көрсетеді.

Жалпы отбасындағы қақтығыстардың 80 пайызы материалдық негізде болады, яғни толық материалдық жағдайдың болмауынан жиі орын алады. Идеологияны күшейту, стереотиптерді өзгерту қажет. Атап айтқанда, мектептен бастап балалар ерлер мен әйелдер арасындағы гендерлік теңдік туралы сөйлесуі керек, отбасылық және тұрмыстық қақтығыстардың себептерін жою үшін көбірек жұмыс орындарын құру қажет. Бәлкім бізге тізімдерді құру емес, күресті одан әрі күшейту және абьюзермен күресу үшін бірқатар кешенді шаралар қабылдау қажет болуы мүмкін.

Мәселе өте даулы. Шынында да, бұл тізімде біреудің ұлы, ағасы болуы мүмкін. Бір жағынан бздің ұлттық мәдениетімізге сай келмеуі де ықтимал. Сондықтан жан-жақты саралау қажет, – деді Д.Шәріпбаев.

 Психолог пікірі

Абьюз – психологиялық травма деген деректер бар. Ол бала күннен бастау алады. Егер ер адам абьюзер болса, ол әйел адамды төмендетіп, мысқылдауға тырысса, демек оның анасы бала күнінде өте қатал болуы мүмкін. Егер бір адам құрбан не өзін абьюзер екенін байқай бастаса, оны түсініп, маманға жүгінген дұрыс. Адамға бала күнінен ата-анасы тарапынан абьюз жасалуы мүмкін. Ол қалай? Айталық, атаана көп жағдайда: «Осы жұрттың баласы…», «сен-ақ осылай істейді екенсің», «қалған балаларым ондай емес еді. Сен қайдан шыққан бәлесің?», «Тойдырып біттің» деген секілді сөздерді жиі айтады. Мұның өзі үйдегі абьюзерлік іс әрекеттің бір түрі.

Осыған орай біз психолог Гүлмира Ақтаеваға хабарласқанды жөн санадық.

– Психолог маманы ретінде мен тізімді жасап, жариялауға келіспеймін. Неге? Себебі әр адам – жеке тұлға. Қоғамның бір бөлшегі деп қараймыз. Жалпы адам өзінен-өзі абьюзер болып тумайды. Әр абьюзердің астарына үңіліп қарайтын болсақ, бала кезде алған травма болуы мүмкін. Немесе басқа да бір жағдайлар әсер етуі ықтимал. Біз оны білмейміз. Сондықтан олармен де сөйлесіп, зерттей түсуіміз керек.

Сөзімнің басында айтып өткендей, кез келген адам абьюзер болып тумайды. Бірақ кейін өсе келе ол адамды үлкен азамат етіп шығатын да, бұзатын да – өскен ортасы. Тәрбиеленген жері де әсер етуі мүмкін. Менің ойымша, оларды тізімге алмай қайта олармен жұмыс істеу керек деп ойлаймын. Адам өзгереді.

 Айта кетейін, абьюзерлер психологиялық тұрғыдан алып қарасақ, өте әлсіз топқа жатады. Мен олардың қоғамдағы ісәрекетін қолдамаймын. Отбасының шырқын бұзып, әйелдеріне зорлық-зомбылық көрсетіп, балаларына қол жұмсап, қинау, қорлау – дұрыс емес. Әрине, оған қарсымын. Заң жүзінде жасаған істеріне жазасын алғанын құптаймын.

Бірақ маман ретінде айтарым, қоғам болып көмек беруіміз керек. Олармен де жұмыс істеуіміз қажет. Кейде ер азаматтардың психолог көмегіне жүгініп жататындары бар. Өздерінің әлсіздігін мойындап жатады. Әрмен қарай өзгергісі келетіндері кездеседі. Алайда өте аз келеді. Ал шектен шыққандарды заң саласы жазалағаны дұрыс, – деген ойымен бөлісті психолог.

 Тілші түйіні

Абьюзерлік тізім әлі күшіне енген жоқ. Бірақ қоғамда көтеріліп те, айтылып та жатыр. Заңгер Бағдат Амандосұлы айтқандай, тұрмыс құратын нәзік жандар үшін тізімнің тиімділігі бар. Себебі олар болашақ азаматтарының қандай адам екенін жетік біле бермейді. Ал өткені бұлыңғыр болғанын жігіт те бірден ашып айтпасы анық. Соның салдарынан кім зардап шегеді? Әрине, тағы да әйелі, одан кейін балалары. Міне, отбасындағы кикілжіңнің осылай жалғаса бермесіне кім кепіл?

Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, дәл осы кезде таразының бір басында «абьюзерлік тізімді енгізу керек» деген пікір тұрса, екінші басында «әлі де саралау қажет» деген көзқарас тұр. Не болса да, абьюзерлік тізім мәселесін енді уақыт еншісі көрсетеді.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: