Сенбі, 07 желтоқсан, 22:29

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Гүлзия Байдалы, кәсіби профориентолог: Жасына қарамастан мамандығын өзгерткендер бар

27.01.2024

1291 0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы Жолдауында балаларды ерте жастан мамандыққа бейімдеу айрықша маңызды, өскелең ұрпақ өзінің болашақ кәсібін саналы түрде таңдай білуге тиіс екенін айтқан еді.  Расымен мамандық таңдау әрбір оқушының мектеп бітірер тұста бас қатырар мәселесі. Бейімді пәнге сәйкес келетін мамандықты игеру қалыптасқан дүние. Саланы зерттеушілердің ақпаратына сенсек, оқушылардың 80 пайызы өз қалауындағы немесе бейімі бар мамандықты игермейтінін айтады. Бұған көбіне жоғары оқу орнында тегін оқу үшін сұраныс аз мамандықты таңдау себеп болса керек. Ал бала жарқын болашағы үшін мамандықты ерте жастан таңдауы қажет. Бұл ретте кәсіптік бағдарлау яғни профориентология  саласын дамыту маңызды. Профориентология бұрыннан бар сала болса да елімізде енді дамып келеді. Осы орайда көпшілікке тың кәсіптік бағдарлаудың қыр-сырын түсіну үшін кәсіби профориентолог Гүлзия Байдалымен сұхбаттасқан едік.

Гүлзия, профориентология саласына кеңінен тоқталсаңыз…

– Профориентация дегеніміз – адамдардың қарым-қабілетіне, мінезіне, өмірлік ұстанымына сәйкес арнайы әдіс-тәсілдерді қолдана отырып тиісті мамандықты таңдауына көмектесу. Яғни ол оқушы болсын не ересек болсын оның психологиясын зерттей отырып, бағыт-бағдар беру. Сондай-ақ бала­ның қабілеті, сұраныстағы мамандықтармен қоса еңбек нарығын да зерттейді. Статистика бойынша жыл сайын қай сала да маман тапшы және болашақта қажет мамандықтарды да профориентолог мамандар айтады. Профориентология негізі шет елдерде бұрыннан қалыптасқан сала. Елімізде он жылдың көлемінде пайда болды. Алайда енді-енді дамып келеді деуге болады.

– Мектеп бітіруші түлектер үшін қажетті сала екен ғой…

– Тек мектеп бітірушілер емес ерте жастағы бала, саласын ауыстырғысы келетін мамандар үшін де тиімді. Өкінішке қарай ата-аналардың көбі бала­сының бойындағы ерекшелігіне, қабілетіне аса мән бермейді. Кей жағдайда мамандық таңдауда балада еркіндік жоқ. Сондықтан ол ата-анасы қалаған ма­мандықты таңдауға мәжбүр болады. Негізі баланы кішкентай кезінен түрлі үйірмелерге апарып, спортқа баулыған дұрыс. Солай ол өзіне ұнаған, қабілетіне сай келетінін таңдайды. Әрі қарай сол қырын да­мытуға болады. 12 жастан бастап баланың ішкі қалауы тұрақтала бастайды. Нені қалайтынын, нені ұнататынын нақты айта алады. Осы тұста ата-ананың оған бала емес тұлға ретінде қарап, таңдауына қол­дау білдіруі маңызды. Көп жағдайда ата-ана өзінің орындалмаған арманын баласы арқылы жүзеге асыруға тырысады немесе оның қай мамандыққа бейім екенін білмейді. Осы тұста профориентолог маман­мен жұмыс жасаған маңызды. Олар баланың пси­хологиясын зерттей отырып, нарықта сұраныс­қа ие мамандықтарды зерделеп, таңдау жасауына көмектеседі.

– Сонда баланы мамандық таңдау үшін ерте жастан машықтандыру керек пе?

– Әрине. Ата-ана баланың бар жағдайын жасап, мүмкіндік беруі керек. Көбі мұны баланы еркінен тыс жіберу деп  түсінеді. Баланың танымын кеңейтуді ерте жастан бастаған жөн. Ол кішкентай кезінде әрнәрсеге қызығуы, тез жалығуы мүмкін. Бірақ сол арқылы оның ішкі қалауы қалыптасады. Таланты байқалады. Өсе келе өзіне не ұнайтынын, жанына жақын дүниесін нақты білетін болады.

– Сіздің негізгі мамандығыңыз журналист. Одан кейін шетелде білім алдыңыз. Ал бұл салаға келуіңізге не түрткі болды?

– Мен бұл салаға тәжірибе арқылы келдім десем болады. Себебі журналист мамандығынан соң, Польша мемлекетінде халықаралық менеджмент және маркетинг саласы бойынша білім алдым. Сол елде мен профориентолог маманның көмегіне жүгіндім. Кейін елге келгесін «Ustudy» тестілеу орталығының пиар маманы болып қызмет еттім. Ол жерде әр аймақтың мектеп бітіруші түлектерімен кездесеміз. Олардың мамандық таңдауда қиналатынын көзбен көргеннен кейін, әрі өзімнің оқушы бауырларымның да мамандық таңдауда қателеспеуі үшін осы саланы игеруді жөн көрдім. Солай Ресейде кәсіби бағдарлау бойынша оқыдым. Адам өмірде екі нәрседен қателеспеу керек деп айтады ғой. Соның бірі – ма­мандық таңдау. Мектеп бітіретін оқушылар кейде өз қабілетінен гөрі мақтаныш сезімге көбірек мән беріп жатады. Соның әсерімен трендтегі мамандықты таңдауға тырысады. Кейін ол мамандыққа нарықта сұраныс болмауы немесе сол салада өз мүмкіндігін көрсете алмауы мүмкін. Қалай дегенмен әрбір адам өзі қалаған, жанына жақын мамандықты игергенде ғана сол саланы дамыта алады деп ойлаймын. Тағы бір мәселе, көп ата-ана, оқушы нарықта қандай мамандық түрлері барын біле бермейді. Осылайша таңдауы екі,үш мамандық аясында шектеледі. Қазір ақпараттың кең тараған заманы ғой. Мектеп бітіруші түлектер өз саласын таңдағанда оны зерттеп, зерделеп, не болмаса басқа да мамандық бойынша ізденгені жақсы. Сондай-ақ баланы баға үшін оқытатын ата-аналар бар. Мәселен, математика пәнінен көрсеткіші төмен болып, ағылшын тілін жақсы игерсе баланың ақсап тұрған тұсын жетілдіруге тырысамыз. Солай математика пәні бойынша жеке мұғалім жалдап оқытқанды жөн көреміз. Егер оқушы ағылшын тіліне қызығатын болса неге оның осы қабілетін дамытпасқа. Бұл бала үшін де оның болашақта мықты маман болып қалыптасуы үшін де тиімді болар еді. 

– Қазір қандай мамандықтар трендте?

– Бүгінгі таңда нарықта ІТ саласы сұрансқа ие. Себебі қазір барлық саланы цифрландыру іске асырылуда.  Бұл сала бойынша көпшілікке тек бағдарлама жасау және кодтау мамандығы ғана белгілі. Ал негізінде бұл ауқымы кең сала. Оның ішінде көп мамандық түрі бар. Тіпті профориентолог мамандардың өзі қазіргі кезде тек ІТ саласы бойынша ғана бағдар беруге көшкен. Яғни бұл саланың өзінің кәсіби бағдарлаушы мамандары бар деген сөз. Одан бөлек мұғалім, дәрігер мамандығы да сұраныста және оқушылардың көбі осы саланы таңдайды.

Маман тапшылығын жоюға профор­иен­тологтардың үлкен көмегі бар сияқты…

– Солай деуге де болады. Жалпы елімізде қай саланы алсақ та маман тапшылығы бар. Жаңа кәсіп­орын ашылса да, мектеп ашылса да сол саланың мамандарына сұраныс артады. Сондықтан мамандық таңдауда нарықты зерттеу немесе маман көмегіне жүгіну керек.

–    Сізден кеңес алуға келетіндердің жас ерек­шеліктері қандай?

– Тәжірибемде менің көмегіме жүгінгендердің арасында мектеп бітірушілер де, белгілі бір мамандық иелері де бар. Жалпы мектепті енді бітіретін оқушы үшін мамандық таңдау біршама қиындық туғызатыны рас. Оларға барынша бейіміне сай саланы таңдауына көмектесеміз. Ал ересек адамдарға таңдаған маман­дығына жақын басқа саланы таңдауына кеңес береміз. Десе де жас ерекшелігіне қарамастан мамандығын түбегейлі өзгертетіндер де  бар.

– Мамандық таңдаудан қателескендер көп сияқты ғой..

– Кезінде бір үйде бір дәрігер, ұстаз, заңгер, полицей болуы керек деген қағиданы ұстанғандардың кейбірі мамандығын өзгертіп жатады. Жасыратыны жоқ, қазір жоғары оқу орнын бітіргендердің басым бөлігі өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді немесе мүлде жұмыссыз.

Профориентация шет елдерде бұрыннан қалыптасқан дедіңіз. Ол жақта оқушының мамандық таңдауы үшін көмекті оқу орындары көрсететін болғаны ғой…

– Иә. Профориентология – Англия, Америка елдерінде кеңінен қолданыстағы сала. Онда жоғары оқу орнына түсетін оқушының мектеп қабырғасында қандай үйірмеге қатысқанын, қай бағытта белсенді болғанын, жалпы бала кезден осы кезге дейінгі қызығушылығы бойынша қандай мамандыққа түсуіне болатынын айтып, бағыт- бағдар береді.

Бізде профориентолог мамандар аз ба?

– Жалпы профориентология Қазақстан үшін таңсық дүние деуге болмайды. Бұған дейін де кейбір жоғары оқу орындары бұл тәсілді пайдаланды. Тек қоғам бұдан хабарсыз болды. Саланың елімізге келгеніне 10-15 жыл болды десек, соның соңғы бес жылында ғана кеңінен қолданысқа енуде. Десе де бұл туралы әлі де білмейтіндер бар.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Айдана СЕЙІЛ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: