Сейсенбі, 07 мамыр, 22:38

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36 – 2046
07.05.2024
PDF мұрағаты

«Жасыл аймақ» тазалыққа үндейді

27.04.2024

690 0

Бүгінде елімізде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының үшінші аптасы «Жасыл аймақ» тақырыбында жалғасуда.

Қоршаған ортаны таза әрі ұқыпты ұстау – әрбір азаматтың басты парызының бірі. Себебі табиғат – баршамызға ортақ құнды байлық. Қазақта ежелден табиғатты аялауға, жақсы көруге үлкен мән беріледі. Сол үшін де атадан балаға жалғасқан игі іс халық арасында өз құндылығын жоғалтқан емес. Сондықтан да дәстүрін діңгек еткен дана халқымыз көктем шығысымен аумақты көкжелекке айналдыруға атсалысып, тал отырғызуда белсенділік танытып келеді.
Осы ретте қаладағы бір топ ардагерлер және зиялы қауым өкілдері Қорқыт ата ескерткіші маңында сыр талын отырғызып, акцияға өз үлестерін қосты. Бұдан бөлек, ардагерлер ескерткіш аумағына гүл екті. Шара барысында облыстық ардагерлер кеңесі төреағасының орынбасары Өмірбек Шәменов акцияға қатысты өз пікірін білдіріп, жас ұрпаққа табиғаттың жанашыры болуға және айналаны барынша таза ұстауға шақырды. Осы арқылы аймағымыздың экологиялық ахуалын жақсартып, жан-жағымызды жасыл-желекке айналдыруға үлкен мүмкіндік болары сөзсіз екенін тілге тиек етті.
Сонымен қатар туған өлкесін түлетуге атсалысып жүрген аймақтың 100-ге жуық белсенді жасы да осы Қорқыт ата ескерткіші маңында ағаш отырғызып, акцияға қолдау білдірді. Сондай-ақ жастар ескерткіш аумағын қоқыстан тазартып, ондағы ағаш діңгектерін әктеп, сырлауға атсалысты.
Сондай-ақ жастар акцияны қызықты әрі ерекше өткізу мақсатында тұрғындарға тіл үйірер тәтті балмұздақтар таратып, ескерткіш аумағында «Бауырсақ party» ұйымдастырды. Қала тұрғындары жастардың мұндай белсенділігіне ризашылықтарын білдіріп, өз алғыстарын жеткізді.
– Қалада тазалық акциясы қарқынды өтуде. Қарияларымыз да, жастарымыз да атсалысып жатыр. Әсіресе жастар жағы белсенділік танытуда. Арнайы бауырсақ пісіріп, оны таратып, шараны өзгеше етіп өткізуде. Жас ұрпақтың туған жерге осындай қамқорлығын көргенде қуанып қаласың, – дейді қала тұрғыны, зейнеткер Абзал Уәлиев.
Көппен бірге атқарылған жұмыс көңіл қуантады. Игі шара барысында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студент жастары, волонтерлер және республикалық «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының облыстық филиалының мүшелері, Ассамблея жастары да экологиялық акцияда белсенділік танытып, тазалық жұмысын жүргізді.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: