Сейсенбі, 23 шiлде, 00:36

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
#57 – 2067
20.07.2024
PDF мұрағаты

Құрылысы қарқынды Қызылорда

08.06.2024

319 0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қаладағы бірқатар құрылыс нысандарын аралап, жұмыс барысымен танысты.

Аймақ басшысы алдымен құрылысы былтыр басталған «Қорқыт Ата» халықаралық әуежайының жаңа терминалына барды. Түрік компаниясы құрылысын жүргізген әуежайдың бүгінде жергілікті бюджеттен 4,3 миллиард теңгеге сыртқы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы толық жүргізілген. Ал абаттандыру жұмыстарын «Сәт-Сервис» ЖШС мекемесі қолға алған. Қазіргі таңда терминал аумағында орындықтар, жарық шамдар орнатылып, асфальт жабыны мен тас төселген. Сонымен қатар көгалдандыру жұмыстары да қолға алынған. Жуырда облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен терминалдың тапсырыс берушісі «Accent Development Solutions» ЖШС мекемесі арасында қабылдау-беру актісі жасалып, қол қойылған еді. Маусым айының ортасына дейін бітеді деп жоспарланған абаттандыру жұмыстары аяқталса әуежай терминалы ел игілігіне берілмек. Бұл ретте аймақ басшысы қаланың әуе қақпасының тазалығы мен көркемдігіне баса назар аударуды, барлық жұмысты сапалы әрі уақытылы жүргізуді тапсырды.
Бүгінде қаланың сол жағалау аумағы қарқынды құрылыс алаңына айналған. Облыс орталығындағы бірқатар маңызды әлеуметтік нысандар осы маңайда бой көтеруде. Аймақ басшысы ондағы құрылыс жұмыстарын да бағамдады. Қазір сол жағалауда жайлы мектеп, оқушылар үйі, теннис орталығы сынды нысандардың іргесі қаланған. Бұдан бөлек 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық физика-математика мектеп-интернатының, 650 орындық заманауи үлгідегі музыкалық колледж құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жалпы құны 4,8 миллиард теңге болатын соңғы жоба тамыз айында пайдалануға берілмек.
Сондай-ақ жылына 5000-10000 адамға қызмет көрсететін қан орталығы да жақында іске қосылмақ.
Соңғы жылдары облыс орталығы қарқынды құрылыс алаңына айналды. Әлеуметтік салаға қажетті заманауи үлгідегі нысандардың бірқатары бүгінде пайдалануға берілген. Алдағы уақытта тағы бірнеше нысан өз қызметін бастайды деп жоспарлануда.
Қаладағы құрылыс жұмыстарымен танысқан аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев қала әкімі Серік Қожаниязов пен жауапты басқарма басшыларына барлық нысандағы құрылыс жұмыстарының сапасын тұрақты қадағалауды тапсырды.

«Ақмешіт-ақпарат»

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: