Жексенбі, 21 шiлде, 03:34

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
#57 – 2067
20.07.2024
PDF мұрағаты

Ананың қадірі

20.07.2024

150 0

Көзілдірігін шешіп, суланған жанарын сүрткендей болды. Анасына жекіп сөйлеген баланың әрекетіне шыдай алмады, білем. Бойында ата-ананың мейіріміне жүдеп-жадаған жетімектің болмысы еді…

Жұпыны киінген ананың баласының алдында кішірейіп, кінәлі болып тұрғаны оның жанына батты.
– Балам, мұнда келші, – деді жасы отызға таяған жігітке.
Таяғына сүйеніп отырған күйі әлгі кісіні шақырып алып, күрсіне сөз бастады.
– Сен, мені тыңда, балам. Байдың баласы деп, мені анаммен бірге жер аударды. Ол уақытта небәрі алты жаста едім. Әкемді ату жазасына кесті. «Елмен бірге көрерміз» дегеннен басқа шара бар ма?!
– Көке, менің уақытым жоқ. Біреудің тірлігіне араласпай, жайыңызға жүрсеңізші.
– Балам, алдымен тыңда, қажетіңе жарамаса, қоя қоярсың, – деп, құлақ аспасына қоймады.
Сәл үнсіздіктен кейін алысқа көз тастаған күйі әңгімесін қайта жалғады.
– Біреулер тоңып өліп жатты, біреулер аштан қырылды. Тар қапаста ауа жетпей өлгендер көп еді… Тас қабырғаның төбе тұсында саңылау бар-тұғын. Ол жаққа кезектесіп, амалдап ауа жұтуға ауысып-ауысып отырып жатты. Әйтеуір, бір уақытта анам сол жерден орын тауып, отырды да, мені иығына мінгізді. Ал мен анамның иығында тұрып, сырттан ауа жұттым. Көшеде де жетісіп жүрген ешкім жоқ. Жүруге жарамағандарды тұрған жерінде атып кетіп жатты.
Ақсақалдың жанарын жас жуды. Тәуелсіздік жылдарындағы қиын кездің өзін көрмеген әлгі жігіт тіпті не дерін білмей қалды. Оның ойы сан-саққа кеткен еді. Қадірін білмей жүрген мына бейбіт, мамыражай тіршіліктің маңызын енді ғана түсіне бастағандай болды.
– Мен әлгі саңылаудан ауа жұтып тұрдым. Бәлкім, бір сағат, екі сағат па, әйтеуір, әлден уақытта мені көтеріп тұрған анамның иығы мұздай бастады. Қатайып қалған өлі денесі бір жаққа қарай қисайып бара жатты. Сен түсінесің бе, анам маған бір сәт таза ауа жұтқызу үшін өзінің өмірін қиды. Мына менің өмір сүріп, ізін жалғауым үшін. Дәл қазір анамды көріп, құшақтап, бетінен сүю үшін, бауырыма басып, перзенттік парызымды орындау үшін мен жанымды беруге даярмын. Ал сенің істеп тұрғаның мынау. Біздің қолымыз жетпей жүрген бақ сенің басыңда тұр ғой, балам, – деді тамағына өксік тығылып.
Әлгінде ғана өзін өмірге әкелген асыл жанға өктем сөйлеп, оның көңіліне қаяу түсіріп тұрған жігіт қапелімде не дерін де білмей қалды. Саябақтың орындығында состиып, тұнжыраған кейіппен отырған ананың шашы да осы балаларды қайтсем жеткіземін деп ағарған еді. Оның бетіндегі әжімнің әрбір сызығы оның жүріп өткен өмір жолында көрген қиындығындай. Сырттай қарап, тосырқап қалды. Тіпті ақсақалға не алғыс айтарын, не ашуланарын түсінбей дал. Оның жан дүниесінде алай-дүлей болып жатыр. Анасының алдына барып, бірдеңе бүлдіріп қойған баладай басын төмен салып тұрды да, қапсыра құшақтай алды. Аузына сөз де түспеді. Тек құшақтап алды, жібергісі келмеді. Жанарынан тайғанаған ыстық жас жерге тамды.
Ақсақал сәл жымиды да, таяғына сүйеніп, орнынан тұрды. Енді ғана түсініскен ана мен баланың бір-біріне деген сағынышы мен ықыласына риза болды.
Жапырақтары төгіле өскен ағаштар арасында қария кетіп барады. Ол ұзап, нүктеге айналамын дегенше, кінәлі бала одан көз алмады. Солқ-солқ етіп жылап, іштегі шерін шығарып отырған анасын бұған дейін түсінбегені үшін өзін жек көрді…


Аян СПАНДИЯР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: