Жұма, 17 мамыр, 05:13

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№38-2048
14.05.2024
PDF мұрағаты

Махаббат сатылады

30.04.2024

361 0

Сурет:arainfo.kz

Күздің өз жасынан есейе бастағандай сары түстен сұрық­сыз кейіпке, сүреңсіз уаққа айнала бастаған кезі еді. Анам екеуміз ғана тұратын шағын пәтердің ішінде жалғыздығым­мен сырласып отырғанмын.Анам жақын маңдағы колледжде аспаз болып жұмыс істейді.Жұмыстан келіп осыған дейін салған шимай-шатпақ картиналарымды жинай бастадым.Он екі. Барлығы он екі картина бар екен. Даяшылық жұмысымнан алатын мардымсыз айлығым пәтердің ақшасын төлеуге әзер жететіндіктен, қимай тұрсам да, картиналарымды олх сайтына жүктеп, азды-көпті ақша құрап алсам деп ойладым.

«Б/у ноутбук сатамын, алтын сақина сатамын, көлік сатамын…».

Сатылмайтын адам жаны ғана қалыпты-ау деп күбірлей бергенімде бір хабарландыруға көзім түсті.

«Махаббат сатылады, бұрын пайдаланылмаған, жаңа. Бір ғана адамға беріледі. Тек бүгін ғана бағасы жеңілдікпен 3999 теңге!» .

 О, Құдайым, махаббаты несі? Махаббат сатылатын ба еді? Қандай махаббат екені түсініксіз, жанымды жұбатар пенде таппай жүрген мен сайтты ақтарып, әлгі хабарландыру иесін тауып алдым. Анкетасын Қыз Жібек деп толтырған ару кәдімгі қазақ қызы. Суретінде сұлу. Жартылай жалаңаш. Бірақ Жібек болса, Жібектің өзі шығар дерсің. Атының өзі жылы естіліп, жалаңаш тәніне де, сатамын деген махаббатының мәніне де назар аудармадым. Жалғыздығымды бөліскім келді. Ақыры махаббатты сатып алайын деп шештім.Жібекке телефон қоңырауы барып жатыр.

– Аллоу ?

– Сәлеметсіз бе, Жібек.

– Сәлеметсіз бе?

– Олх-тан көріп, хабарласып тұр едім. Махаббат саты…

– Иә, сатылады. Бүгін кешке Бұқар жырау гүлзарына келіңізші. Сағат 20.00-де.

Бүгін кешке. Сағат 20.00-де. Картиналарымды сайтқа жүк­тедім де, анам келер уақытқа қарай газға шай қосып қойдым. Кешқұрым шыттай боп киіндім де, анам сыйлаған француз әтірін сеуіп, тысқа шықтым.

Жадымның төрінен орын алып, алысқа ұзамаған махаббатым есіме түсті.10-сыныбымда көрші қызға ғашық болған едім. Сүйгенімді айта алмай шашын тартып, қайтарда сөмкесін көтеріп, қоңы­рау сайын тек соған қарап отыратынымды сезді ме ол? Өзінен бір жас үлкен мектеп бітіруші түлекпен, қайдағы біреумен қол ұстасып кете барды. Әкемнің жүрегі тоқтаған күннен көп ұзамай қалаға көшіп мен кеттім. Арамызды уақыт пен қашықтық, одан әрі менің қорқақтығым бөлді.

Бұқар жырау гүлзары. Сағат кешкі 20.00. Тізесіне жетпейтін қызыл көйлек киген, көздері қара түндей қою, белінен түсетін ұзын қара шашы бұйраланған ару туфлиі тықылдап жаныма жақындады.«Сәлем, Аңсар!» – деп құшақтағандай жақындап, тез кері бұрылды да: «Кеттік, кафеге отырайық. Анау тұрған сары ғимаратты көріп тұрсың ба? Соған кеттік», – деді.

Белгісіз арумен өмірдің бізге не тапсырыс бергенін білмесек те, даяшыдан өз тапсырысымызды күтіп отырмыз.

– Не үшін махаббатты сатқың келді, Қыз Жібек?

– Менде одан басқа ештеңе жоқ.

– Тілегімді естіп, мүмкін, бізді Құдай жолықтырған шығар. Мә, ақысын ал, – деп даяшылықтан алған 4000 теңгені үстелге қойдым.

– Құдай жігіттерді ғана ести ме сонда?

– Неге олай ойладың?

– Менің бала кезімде әкем біздің көзімізше анамды жиі ұратын. Неге екенін білмейтінмін. Бірақ «сен өлсең, жақсы болар еді» деп Құдайдан тілейтін еді. Ақыры оның қалауы орындалды ғой…

– Жоқ, ол қыздарды да естиді.

– Құдайдың жынысы қандай сонда?

– …………….

– Аңсар, махаббатты сатып аламын деп келдің.

– Бірақ махаббат деген не, айтшы?

– Соны да білмейсің бе? Махаббат деген – басқа бір адамды Құдайдың жаратқан болмысымен қабылдау, екі жанның бірігіп біреуге айналуы.

– Демек, маған дұрыс түсіндірмеген бе?

– Сонда…Сен айтқан махаббат қандай?

– Сосын айтамын . Сен сондай ерекшесің, Аңсар.

Кафедегі ұзақ әңгімеден кейін гүлзарды бойлап Төле биге түстік те, қыздың үйіне беттедік. Менің ешкімге қызық емес оқиғаларымды, Дали жайлы, Магритт туралы мыжың әңгімелерімді үнсіз тыңдап, Жібек құ­ша­ғымда жатқанда менен бақытты адам жоқтай еді.

Таңертең оятқыштың үшінші, әлде төртінші мәрте әндетуінен ояндым. Көзімді аша сала телефонға қарадым. Бір сағаттан кейін жұмыста болуым керек. Артыма бұрылып,  Жібекке қайырлы таң дегім келді. Артыма бұрылсам, қыз түгіл елес те жоқ. Қыздың үйі деп келген үйдің ішінде артық зат жоқ. Қыздың боянатын заттары, киімдері, сөмкесі, басқа зат та жоқ. Ештеңе жоқ.

Шошып кеттім. Сонда қалай? Дереу телефон номерін теріп, қоңырау шалсам, өшірулі тұр.

Бір апта. Бір ай. Қыз Жібек жоқ. Анау қарғыс атқыр, үйге де қанша рет бардым, оның жаңа иесі бар екенін жақында білдім. Көшеден оның көздерін іздеумен болдым. Дауысын естімей қалардай құлаққаппен ән тыңдамайтын болдым.

Жібегін жоғалтқан Төлегеннің екінші айы басталды.Желтоқсан рұқсатсыз кіріп келді. Желтоқсанның бірі. Үйге апаратын жалғыз аяқ жолмен алшаң басып келе жатыр едім, есік алдында әкемнің жыртылған суреттері шашылып жатты. Жүгіре басып төртінші қабаттағы өзіміздің пәтерге көтерілдім. Есікті ашсам, анам жерде құлап жатты. «Анашым, апатайым!» деп аяқ-қолын уқалап, кеудесін басып, бар білгенімді жасадым. Анам әлсіреп, есінен танып қалған екен. Дәрігер келіп тексеріп, керек дәрілерді айтып кеткен соң өзін сөзге тартпақпын.

– Нені уайымдадың ? Ештеңе жасырмашы менен.

–… Балам, бүгін үйге бір әйел келді. Әкеңнің менен өзге көңіл қосқан адамы болыпты. Оның да ұлы бар екен. Көңіл қосыпты. Әкеңмен, – деп әр сөзін қайталаған күйі дауысы дірілдеген анам үнсіз ғана көз жасын төгіп отыр.

Мен сенер-сенбесімді білмедім. Анамды жұбатудан басқа қолымнан келер нәрсе жоқ. Әкемді ақтай алмадым, не бар жүрегіммен жек көре алмадым.

Арада күндер өтіп жатты. Олх сайтына салған суреттерім жақсы бағаға сатылып, қолым бос кезде портреттер салып, жақсы ақша алып жүрдім. Өмірім мен өзім туралы ештеңе салғым келмеді. Салсам да, ол картинаны көрмеге қоюдың өзі ауыр.

Мен енді өзімнен, өмірімнен қашар жол таппадым. Жан түрмесінен еркіндікке шығуды үйрене алмадым.Тағы да жалғыздықпен доспын. Анам жұмыс істемесін деп даяшылықпен де, сурет салумен де айналысамын. Бірақ анама менен ақша керек емес еді.

Жетінші желтоқсан. Бұл жылдың алғашқы қарын жалғыз қарсы алған күні алдымнан Жібек шықты. Өмір ұршығын дұрыс иіреді екен деп таңдандым. Бірақ ол соңғы сөздерін айтып, екінші рет және мәңгілікке қош айтты.

– Аңсар, менен ештеңе сұрама. Тек мені тыңдашы.

– Мені өлтіргенің үшін рахмет.

– Білесің бе, сен махаббатты сатып алам деген күні маған бірнеше адам қоңырау шалды. Бәрі де махаббатты сатып алу үшін. Мен әрқайсысымен кездескенде бала кезімнен білетін махаббат өзгере берді. Балалы болу, әрқашан бірге болу, сиыр сауа білу, жұбыңа қарсы шықпау…

– Сонымен, құрып кеткір, махаббат деген не?

– Еркіндік. Махаббатты сатып аламын демеген жігіттен мен соны сезіндім. Кешір мені. Кеш.

– Жоқ, махаббат деген сүйген адамыңмен қош айтысу.Жадыңның таспасында сәттерді қайта айналдырып кешу, ақымақ.

– Әр адамның Құдайы да, махаббаты да жалғыз, Аңсар. Сол екеуін ғана диктант секілді көшіріп жаза алмаймыз.

Жаныма келді де қысып құшақтады. «Бұдан былай махаббатты сатып алмашы…» – деп сы­бырлады да, артына бұрылмай кете барды.

Телефон қоңырауындағы Земфираның дауысынан селк етіп, сол сәтте мынау оқиғалар өзім оқып отырған жас жазушының әңгімесі ғана екені есіме түсті де, кітапты жаба салдым.

Бағаналы бері қосулы тұрған теледидар: «Бүгін 7 желтоқсан, Алматыда алғашқы қар» деген жағымды жаңалық айтып жатты. Дереу киініп көшеге шықтым. Осынау алғаусыз аппақ дүниеде аяқ басып, қадам жасауды енді үйреніп келе жатқан адамдай тоқтап, баяулап келемін. Үй жақтағы хабарландырулар ілінген тақтайшаға бұрылдым.

«Махаббат сатылады, бұрын пайдаланылмаған, жаңа. Бір ғана адамға беріледі. Тек бүгін ғана, бағасы жеңілдікпен 3999 теңге!»

Аделина Рахман

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: