Жексенбі, 21 шiлде, 03:33

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
#57 – 2067
20.07.2024
PDF мұрағаты

Жол құрылысы қарқынды

20.07.2024

203 0

Жолдың жайын жолаушыдан сұраған біздің өңірде аталған салада даму бар. Биыл қала, оған қарасты кент және ауылдық округтерде ұзындығы 112,8 шақырымға жететін 95 көшеге қайта жаңғырту, орташа және күрделі жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Әлбетте, қомақты қолдау бағытталғанмен, тоқмейілсуге жол жоқ. Өйткені, басталған іс сапалы аяқталмаса, мақсат пен мұратқа жетпегеніміз.

Биылғы жоспардағы 112,8 шақырымның 39,5 шақырымы кент және ауылдық округтердің үлесінде. Нақтыласақ, 38 көшеге орташа жол жөндеу жүргізілуде. Мәселен, осы көлемнің 3,2 шақырымы Қызылөзек ауылдық округінің үлесінде.
– Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, біз ең алдымен өзекті деген мәселелерді бірінші шешуге тырысамыз. Ауылда жыл сайын «неге орталық көшелерді жөндей бересіздер, шалғайда қалған жазығымыз ба?» деп, халық мәселе көтеретін. Биыл біз Қараөзек бекетінен үш елді мекенді қосатын күре жолға тіке шығатын көшені салып жатырмыз. Бұл жерде көшенің ізі ғана болатын, бұрын-соңды асфальт болмады. Осы маңда 20 шақты үй тұрады. Тіпті, халықтың көлік қатынасында да өте күрделі мәселе еді. Биыл ауылдыө округке 424 млн теңгедей қаражат бөлініп, бірнеше көшемізге тас төседік. Әуелі шет аймақтарды қамтамасыз етуге тырысып жүрміз, – дейді Қызылөзек ауылдық округінің әкімі Сәкен Әбдіжаппар.
Таяуда қала әкімінің қоғамдық қабылдауына да Санжар Асфендияров көшесінің тұрғындары жол мәселесін көтеріп барған еді. Көше тұрғыны Садық Рахов қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебайға мәселесін жеткізді.
– Мен бұл көшеде 2002 жылдан бері тұрамын. Сол уақыттан бері көшеге бірде-бір рет жөндеу жүргізілмеді. С.Асфендияров көшесінің вокзал жағында тұрамыз. Жаяу жүргіншілер жолын салып еді, салғаны бар болсын, көшеміздің жай-күйі нашарлап кетті. Енді біз жаққа да мойын бұрсаңыздар екен, – деді тұрғын.
Бұл мәселенің таяу маңда шешілетінін уәде еткен қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай тұрғындар алдында уәдесін де берді.
– Биыл жоба-сметалық құжаттары дайын¬далып, алдағы уақытта міндетті түрде күрделі жөндеуден өткізілетін болады. Халыққа қолайлы жағдай жасалады, – деді әкім орынбасары.
Тақырыпқа тұздық болсын, Белкөл кентінің К.Әбдіқадыров көшесінің кіре-беріс бөлігіне жеке инвестор есебінен қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, атал¬ған көшеге қалалық бюджеттен қаржы қаралып, халықтың жүріп-тұруына жағдай жасау мақсатында жаяу жүргіншілер жолы ел игілігіне табысталды. Бұл – саладағы атқарылып жатқан қыруар істің бір бөлігі ғана.


Аян СПАНДИЯР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: